Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

14 975 қаралым

Танымдық қабілеттерді дамытуға арналған ойындар және жаттығулар

0

Қалыбекова Алтынбике Ыждахатқызы
Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның педагог-психологы, Алматы қаласы

Зейінді дамыту және тәрбиелеу жаттығулары
1. Зейінді аудару қабілетін дамыту жаттығулары
Балаға әртүрлі сөздерді атаңыз: үстел, кереует, кесе, қарындаш, дәптер, кітап, тоғай, шанышқы және т.б. Ол келісім бойынша белгілі бір сөздерге қимылмен жауап беруі керек. Бала мұқият тыңдайды да, мысалы, жануарды білдіретін сөздерді естігенде, алақанын соғады. Егер бала шатасып кетсе тапсырманы қайталаңыз.

Осындай және осыған ұқсас жаттығулар зейінділікті, зейіннің бөлінгіштік және аударылу жылдамдығын дамытады, ал сонымен бірге баланың ой-өрісін кеңейтіп, танымдылық белсенділігін арттырады.

Мұндай ойындарды жарыс түрінде балалар тобымен жүргізген қызықты.

2. Зейіннің тұрақтылығы мен жинақтылығын дамыту жаттығулары
Оқи білетін балаларға ұсынылады.

Қағазда (1-сурет) кездейсоқ ретпен әріптер басылған (5 жол). Әр жолда шамамен 30 әріп бар. Бала әр жолды мұқият қарап, әріптер арасынан сөздерді құрауға тырысады. Ол осы сөздерді іздеп табуы (үш, төрт, бес әріпті) және астын сызуы керек.

Табыстылық көрсеткіші – табылған дұрыс сөздер саны және тапсырманы орындау жылдамдығы.

Зейінді одан әрі жаттықтыру үшін өзіңіз осыған ұқсас ынталандыру материалын дайындаңыз.

Әріптер мен сөздерді машинкада немесе компьютерде теруге немесе қолдан жазуға болады. Күлкілі сөздер ойлап табыңыздар, балаларға бұл әрқашанда ұнайды.

Kalybekova A.

1 сурет

Қабылдауды дамыту және қалыптастыру жаттығулары
1. «Дыбыстарды анықта» жаттығуы
Фонематикалық айыруға қабілетін дамытуға арналған. Бұл қабілеттер оқуға, жазуға, шетел тілдеріне табысты оқытудың негізінде жатыр.

Балаға түрлі заттар бейнеленген суреттер ұсынылады (2-сурет). Баланың бұл затты білетіндігін тексеріңіз. Содан кейін сіз кез-келген сөзді айтыңыз және баладан сол дыбыстан басталатын затты көрсетуін өтініңіз. Мысалы, сіз «сүт» сөзін айтасыз, бала «сиыр» суретін көрсетеді, өйткені екі сөз де «с» әрпінен басталады.

2 сурет

2 сурет

2. Геометриялық пішіндерді қабылдауды дамыту
Балаға түрлі геометриялық фигуралар бейнеленген суреттер ұсынылады.

Баладан білетін пішіндердің атын сұрап, ал білмейтін пішіндердің атын өзіңіз айтып беріңіз.

Келесі жолы одан сіз атаған пішіндердің суретін салуды өтінесіз (дөңгелек, шаршы, төртбұрыш, үшбұрыш, эллипс).

3 сурет

3 сурет

3. «Пішіндерді аяқта» қабылдау дәлдігін дамыту жаттығуы
Балаларға аяқталмаған, сызықпен бейнеленген түрлі геометриялық пішіндердің суреттерін көрсетеді, бірақ олар аяқталмаған. Оны баланың аяқтауын өтінесіз (4-сурет).

4 сурет

Ойлауды дамыту және қалыптастыру жаттығулары
1. «Заттарды салыстыру» ойлау тәсілдерін дамыту жаттығулары
Салыстыру үшін балаға келесі сөз жұптары ұсынылады:

1. ШЫБЫН ЖӘНЕ КӨБЕЛЕК

2. ҮЙ ЖӘНЕ ҮЙШІК

3. ҮСТЕЛ ЖӘНЕ ОРЫНДЫҚ

4. КІТАП ЖӘНЕ ДӘПТЕР

5. СУ ЖӘНЕ СҮТ

6. БАЛТА ЖӘНЕ БАЛҒА

7. ПИАНИНО ЖӘНЕ СКРИПКА

8. ТЕНТЕКТІК ЖӘНЕ ТӨБЕЛЕС

9. ҚЫТЫҚТАУ ЖӘНЕ СИПАУ

10.  ҚАЛА ЖӘНЕ АУЫЛ

Бала салыстыратынын көз алдына елестетуі керек. Оған сұрақ қойыңыз: «Сен шыбынды көрдің бе? Ал көбелекті ше?» Осындай қысқа сұрақтардан кейін, балаға жұптың әр сөзін салыстыру ұсынылады. Тағы да сұрақ қойыңыз: «Шыбын мен көбелек ұқсайды ма, жоқ па? Олар несімен ұқсайды? Қандай айырмашылықтары бар?» Баланың жауабына талдау жасаңыз. Сөздердің неше жұбын ол дұрыс салыстырды? Балаға не оңай: ұқсастығын іздеу ме әлде айырмашылығын тану ма? Балалар әсіресе ұқсастығын іздеуде қиындық көретінін байқаймыз.

6-7 жасар бала салыстыруды дұрыс жүргізе білуі керек: ұқсастық белгілерін де, айырмашылық белгілерін де айыра білуі керек, бірақ кездейсоқ, мағынасыз белгілері бойынша емес (мысалы, балға мен балта сарайда жатыр), басты белгілері бойынша.

2. «Сөзді аяқтау»ой жылдамдығын дамыту жаттығулары
Балаға мынадай ойын ойнауды ұсыныңыз: сіз сөзді бірінші буынын айтып бастайсыз, ал ол аяқтайды. «Менің не айтқым келеді, ойлап тап! Ба …» — осылай сіз ойынды бастайсыз.

Барлығы 10 буын ұсынылады: 1) ба, 2) са, 3) ша, 4) та , 5) да , 6) жа, 7) же, 8) ше, 9) ке, 10) бе.

Егер бала тапсырманы жеңіл де жылдам орындаса, оған бір емес шамасы келгенше бірнеше сөз ойлап табуын ұсыныңыз. Мысалы, ба-ла, ба-тыр, ба-қа, ба-лапан, ба-рабан және т.б.

Жауаптардың дұрыстығын ғана емес, уақытты да белгілеңіз. Бұл ойлау үдерісі жылдамдығының, тапқырлығының, тілдік, сөйлеу белсенділігінің көрсеткіші.

Leave A Reply