Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

958 қаралым

Тұлғаны рухани-адамгершілік қалыптастыру үдерісінде мектеп пен отбасылық өзара әрекеттестік

0

Kartbaeva G.Қартбаева Гүлжамал Тиекбайқызы

№7 жалпы білім беру орта мектеп педагог-психологы, Батыс Қазақстан облысы

Білім беру проблемаларына байланысты мектептердің оқу жұмыстарын дұрыс жолға қою әр уақытта шешімін табуды керек ететін мәселе. Бүгінгі күннің талабы – білімді ұрпақ тәрбиелеу. Мектеп – әлеуметтік мәселелердің ішіндегі ең өзектісі, ерекше мән беретін білім ордалары. “Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында” орта білім берудің мақсаты жылдам өзгеріп дүние жағдайларында алынған терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін- өзі іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру деп көрсетеді. Мектеп оқушыларының осы тұлғалық қасиеттерін дамытудағы отбасының ролі үлкен, сондықтан, ата-ана – мектеп – оқушы ынтымағын арттыру. Біз оқыту үрдісін мектеп оқушысын бейімдеп оқыту жүйесі деп қараймыз, ол оқушының жеке тәжірибе мен танымдық күшін қамтамасыз етуге арналған. Педагогикалық ұжымының оқушы отбасымен байланыс орнатудың психо-педагогикалық жағынан қарастыратын болса, жалпы орта мектепте бала тұлғасының қалыптасуына ықпал ететін негізгі әлеуметтік – экономикалық және мәдени – тұрмыстық ахуалы. Осыған байланысты орта мектеп мұғалімінің негізгі мақсаты – өмір сүру қажеттілігіне сенімділігі бар баланың жеке тұлғасын қалыптастыру. Оқушының туған жеріне адалдығын сақтап, қоршаған ортаға белсенді араласып, жалпы мәдени дамытып, білімге деген ынтасын арттыру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, болашақта үлкен ортаға бейімделуге қабілетті тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Бүгінгі таңда мектеп оқушысы ол ертеңгі еліміздің болашағы, сондықтан оқушы тұлғалық қасиеттерін дамытуда отбасы тәрбиесінің мәні өте күрделі екендігін байқатады. Осыған орай оқушыларының тұлғалық қасиеттерін жан-жақты дамыту үшін мектеп пен отбасының ынтымақтастығының болуы қажетті шарт екендігін аңғартады. Орта мектеп өзінің типтік ерекшелігіне байланысты отбасымен ынтымақтаста болуды қажет етеді.Оқушыларының тұлғалық қасиеттерін дамыту үшін орта мектептің отбасымен бірлескен жұмысы жағдайында ғана жемісті нәтижеге жетері анық. Бүгінгі күнгі отбасы тәрбиесінің ролін арттырудың негізгі көзі – мектеп, соның ішінде сынып жетекшілері болуға тиіс. Мектеп педагогикалық ұжымы мен оқушы отбасымен байланыс орнатудың психологиялық — педагогикалық негіздерінде оқушыларының тұлғалық қасиеттерін дамыту үшін отбасы тәрбиесінің орны ерекше екендігі рас. Сондай-ақ, отбасы – қоғамдағы әлеуметтік институт ретінде, оқушылардың жеке басының дамуына екі жақты әсер етеді және негізгі факторы екендігіде белгілі.

Осы мақсатты жүзеге асыруда мектеп пен отбасының бірлескен жұмысының бүгінгі ерекшеліктері, тәжірибелік жұмыстар, мектептің ата-аналармен жүргізетін жұмыстарының мазмұны, мақсаты мен міндеттері, әдіс-тәсілдері мен формалары қарастырылған. Мектептегі мұғалімдерге оқушылардың ата-аналарының моральдық көмегі мен қолдауы аса қажет. Отбасы тәрбиесі мәселелері бойынша ата- аналардың білім қарым-қабілеттері әртүрлі болып кездеседі. Бүгінде ата- аналар өте сауатты. Сондықтан олардың отбасы тәрбиесіндегі білім мен тәжірибесін сабақтан, сыныптан тыс тәрбиелік іс- шараларды басқаруға тарту арқылы пайдалану керек. Мектеп пен отбасының ынтымақтастығы тұрақтылығын ұйымдастырып, бағыт беруші сынып жетекшісі болғандықтан, ең алдымен оның өзі отбасы тәрбиесі мәселелері саласынан жан -жақты білімді болуы тиіс. Отбасындағы тәрбие ата – ананың жеке басының ықпалымен жүзеге асады.Тіпті, баланың мінез – құлқы да отбасында ата–ана ықпалымен, отбасындағы психологиялық ахуал жағдайында байланысты қалыптасады. Мектеп оқушыларын ізеттілікке, адамгершілікке, еңбекқорлыққа және т.б. жағымды адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеуде. Қазақ ағартушылары да отбасы тәрбиесін назардан тыс қалдырған емес. Оның ішінде А. Құнанбаев ерекше орынға ие.

Абай отбасында баланы тәрбиелегенде оның жас және психологиялық ерекшелігін ескеріп отыру керектігін түсіндіріп талап етеді. Оның көзқарасынша, баланың ең бірінші, әрі ең негізгі тәрбиешісі – бұл ата – ана болуға тиіс. «Әне, оны әперем, міне, мұны берем» деп, басында балаңды алдағаныңа мәз боласың. Соңында балаң алдамшы болса, кімнен көресің? – деп дәріс тәрбие беретін ата-аналарды қатты сынға алады. (10 – шы қара сөзі).

Отбасы тәрбиесін жақсарту мәселелерін қарастырған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі – С. Көбеевтің отбасы тәрбиесіндегі баланың бойында жағымды адамгершілік қасиеттерін дамытуға көбірек көңіл бөлген. Оның «баланы семьяда тәрбиелеу» кітабы осының айғағы. Онда ата – аналарға баланы жастайынан отбасында тәрбиелеудің нақтылы жолдарын көрсетіп береді. Бала тәрбиесі – отбасының жүйелі түрде жүргізілген жұмысының нәтижесі. Өйткені баланың уақытын дұрыс ұйымдастыра білу, оның мектепте алынған тәлім -тәрбиенің қалыптасып, отбасыда жалғасын табуы бәрі де ата- анасының басшылығы арқылы жүзеге асады.

Ата-ананың әсерлі болуына қажетті жағдайдың бірі — олардың баламен әділ сөйлесіп, ашық пікірлес болуы. Осылай өзара қарым -қатынас баланы еріксіз ата- анаға жақындатып, олардың айтқандарын шын ықыласпен қабылдауға мәжбүр етеді. Балаларды ізеттілікке, адамгершілікке, еңбекқорлыққа және т.б. қасиеттерге тәрбиелеуде отбасының мүмкіндіктері ерекше,отбасының тәрбиелік мүмкіндігінде бірнеше факторлар әсер етеді.

1. Биологиялық фактор. Бұл ата-анадан берілген баланың жеке басының ерекшелігін білдіретін қасиеттер: балажандық, ақкөңілділік, сабырлылық, ұяңдық және т.б. қасиеттер бола алады.

2. Қоғамдық фактор. Бұл қоғамда болып жатқан өзгерістер мен сұраныстардың отбасына тигізетін әсері. Отбасындағы өмір сүру салты мен қабылдаған дәстүрлердің қоғам талабы мен белгілі бір мөлшерде сәйкес келуі болып табылады.

3. Әлеуметтік фактор. Бұл қоғам талабына сай өмір сүруде материалдық жағдайдың мүмкіндіктері адам денсаулығының күйімен жеке басты даму құралдарының жеткіліктігі және т.б. жағдайлар болып табылады.

4. Психологиялық фактор. Отбасында бала тәрбиесі үшін қолайлы психологиялық ахуалдың болуы, ондағы әрбір отбасы мүшлерінің өзіне және өзгелерге деген екпінді көзқарасы мен ынтымақты қарым -қатынастың болуы.

5. Педагогикалық фактор. Балалардың жас және дара, психологиялық, қалыптасу ерекшеліктері туралы ата- аналардың жалпы педагогикалық білімдерінің болуы. Отбасыдағы жағдайлар мен ықпалдардың бала тәрбиесіне оң әсер етерліктей мүмкіндігі. Мектеп – отбасының, жұртшылықтың ынтымақтастығына тікелей басшылық ететін бірдін бір орган. Ынтымақтастықпен жұмысты жүргізудің формалары көп. Біз тек солардың бірнешеуін ғана атап өтейік. Олар:

— ата-аналар жиналысы;

— мұғалімдердің оқушылардың үйіне барып, тұрмыс-тіршілігімен танысу;

— педагогикалық насихат, ата-аналарға педагогикалық білім беру, т.б.

Осы жұмыстарды ойдағыдай жүргізу үшін мектеп жанындағы үлкен кеңестің жұмысына дұрыс басшылық жасау, кеңес беру керек. Осыны ұйымдастыратын – мектеп ұстаздары.

Сынып жетекшісінің шәкірттердің ата-аналарымен қызметі де үлкен ізденісті талап ететін тақырып. Сынып жетекшісі отбасымен жиі қарым-қатынас жасаушы тұлға. Ата-аналарға шәкірттердің оқу жұмыстары, тәрбиесін мәлімдей отырып, ата-аналармен бірлесіп сол кемшіліктерді жоюға атсалысады. Ата-аналармен жүргізілетін жұмыстың түрлері көп; отбасына барып тұру, жағдайын білу, ата-аналармен сөйлесу, пікір алмасу, педагогикалық тұрғыда сауаттандыру, сұрақ-жауап кештерін өткізу, т.б. Оқушылар бойында жоғары интеллектуалдық, рухани-адамгершілік қасиеттерді дамытуда әрбір баланы қоғамның ең жоғарғы құндылығы деп санап, “мұғалім®ата-ана®оқушы” шарты бойынша мектеп пен отбасылық өзара әрекеттестігінің белсенділігін, шығармашылығын арттыруды демократияландыруды қолға алайық.

Share.

Leave A Reply