Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

6 338 қаралым

Сынып жетекшілеріне арналған тренинг

0

Қибашова Ғалия Ғалымжанқызы,

Педагог-психолог, Алтықарасу мектеп – балабақшасы, Темір ауданы, Ақтөбе облысы

 

 

Мақсаты: ұжымда жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру: сергек қимыл, ширақ ой, сезімтал жүрекпен өз кәсіптеріне деген, өзіне деген қызығушылықтарын жандандыру.

Көрнекілік: доп, май шам, слайдтар.

Барысы:

I.   «Дәстүрлі емес амандасу» жаттығуы.

Қатысушылар екі-екіден топтасып тұрады. Берілген нұсқау бойынша тапсырмаларды бірге орындаймыз.

1. Бір-біріне күлімсірей қарап алақанның ішін және сыртын тигізіп сәлемдесу.

2. Оң жақ тізелерін түйістіру арқылы сәлемдесу.

3. Оң жақ, сол жақ иықтарын тигізіп сәлемдесу.

4. Маңдайларын бір-біріне тигізіп сәлемдесу.

II.   «Мен сізден үйренемін» жаттығуы

Қатысушылар бір-біріне еркін түрде «Мен сізден үйренемін …» сөзін айтып доп лақтырады (айтып тұрған адам допты бағыттаған адамының бойынан өзі ерекше бағалайтын құнды кәсіби немесе жеке қасиетін атайды). Допты қабылдаған адамның міндеті – айтылған ойды құптамас бұрын «Иә, менен … (ұқыптылықты) үйренуге болады» немесе «Иә, мен … үйрете аламын» деу. Сосын допты басқа қатысушыға бағыттап ойынды жалғастыру.

III.   «Кім зерек» жаттығуы

Шектеулі уақыт ішінді алдарыңыздағы бей-берекет жазылған әріптер арасынан жасырынған сөздерді тауып жазып шығу керек. Кәне, кім көп сөз тауып жазады екен.

Аашпгоппартайвнртерезевнааптпшоопкклыгсағатлыгсабақоыгборпаукесіккрандбаспалдақинакпотақтағқеоқушыоанмұғалімкиноыгадиректорвпыкумаманжэтуцқызметкервепагнгоһрпсихологиятобьнқарылғашчсфмиитбастықвапрроютілекпрлдгшдцбақытлркужрзшарылбчяшаттықенйхмдвопрлчяжзючкдсәттілікэвфчяа

IV.   «Естіп есте сақтау» жаттығуы

10 сөз оқылады, орындарын ауыстырмай жазып шығу керек. Мысалы: жарық, демалыс, жұмыс, кітап, әйнек, көру, сенімділік, қасқыр, машина, ағаш.

Нәтижесі: егер 10 сөз жазылса – есте сақтауы өте жақсы.

8 – 9 сөз болса – есте сақтауы жақсы.

6 – 7 сөз болса – есте сақтауы орташадан жоғары

4– 5 сөз болса – есте сақтауы орташа.

V. «Сіз кімсіз?» тесті

Қатысушыларға жай адамның бойында кездеспейтін керемет қабілеттердің бірін таңдау ұсынылады.

1. Биікке ұша білу қабілеті.

2. Өткен ғасырларға саяхат жасай алу қабілеті.

3. Көрінбей қалу қабілеті.

4. Басқа адамдардың, аңдардың, заттардың бейнесіне айнала алу қабілеті.

5. Басқа адамдардың ойын оқи алу қабілеті.

1. Биікке ұша білу қабілеті

Сізге болған жағдайды сол қалпында қабылдау оңай, іс-әрекетте тәуелсіздікті ұнатасыз, өз бетіңізбен шешім қабылдағанды жақсы көресіз, оның ішінде қауіпті шешімді де. Сізден жақсы ұшқыш немесе саясаткер шығады.

2. Өткен ғасырларға саяхат жасай алу қабілеті

Сізді болған жайттың себептері қатты қызықтырады. Өткен қателіктерден сабақ алып, үйренуді ұнатасыз. Сізден жақсы сарапшы, тарихшы, жазушы, археолог, ғалым шығуы мүмкін.

3. Көрінбей қалу қабілеті

Көлеңкеде қалып, айналада не болып жатқанын білуге құмарсыз. Проблеманың түбірін тауып, мән – жайдың себебін анықтауды жөн көресіз. Басқалар тіпті ойламаған істің шешімін табуға қабілеттісіз. Физика, математика, саясат, медицина – назар салар кәсіп салалары.

4.     Басқа адамдардың, аңдардың, заттардың бейнесіне айнала алу қабілеті

Сіз кез келген ортаға, жағдайға оңай сіңісіп кете аласыз. Басқа адамның көңіл-күйін, қайғысын ұғу, өзіңізді соның орнына қою оңай. Жазушы, актерлік мамандықтары сізге сай.

5.     Басқа адамдардың ойын оқи алу қабілеті

Сіз сөздің артында нақ не тұрғанын сезе білесіз. Адамды жарты сөзден түсіну, басқа адамның мінез-құлқын есепке алып, оның әрекетін алдын-ала көре білесіз. Басқа адамдардың не сезіп, не ойлайтыны сіз үшін маңызды. Мамандықтары – заңгер, психолог, мұғалім, социолог.

VII.     «Мен – ол мен» жаттығуы

Арқаңызды жазып, ыңғайлы отырыңыз. Көздеріңізді жұмып, терең дем алыңыздар.

«Мен» — таза сезім орталығымын.

«Мен» — өзімнің барлық психикалық үдірістерімді, эмоциямды, интеллектімді меңгере аламын.

Менің барлық жеңісім мен жеңілісім, дұрыстығым мен қателігім өзімдікі.

Мен өзіме жеткіліктімін, мен өзімді жасай аламын. Мен өте тамаша адаммын.

VIII. «Тілек шамы» жаттығуы. ( рефлексия)

Мақсаты: тренинг туралы пікірлерін ортаға салу.

Құрметті сынып жетекшілер! «Тілек шамы» жаттығуын бір-бірімізге тілек айта отырып жүргізейік. Бір-бірімізге мына шамды бере отырып бүгінгі тренингтен алған әсерлеріңізбен бөлісіп, тренинг барысында айта алмай қалған ойларыңыз болса барлығыңыз да осы жерде айтуларыңызды сұраймын.

Leave A Reply