Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

2 926 қаралым

Суицид — өзекті қоғамдық-психологиялық мәселе

0

Құдайбергенова Бақтыбала Жексенбековна,
Педагог-психолог, Т.Әубәкіров атындағы негізгі мектебі, Тұрар Рысқұлов ауданы, Жамбыл облысы

 

«Өзіне-өзі қол жұмсайтын адам
өлімнен қорықпайды, өмір сүруден қорқады»
В.Франкл.

«Суицид» тақырыбы біздің бүкіл өмірімізге бойлай еніп, өзінің көкейтестілігін жоғалтпай, қайта жас ерекшелігіне қарай оның маңыздылығы күн өткен сайын арта түсуде. «Суицид» латын тілінен аударғанда «sui- өзін-өзі, cadere — өлтіру» деген мағынаны білдіреді. Тағы бір синонимік мағынасы-қасақана өз өмірін қию. Суицид тек адамға ғана тән қасиет. Өзіне-өзі қол жұмсайтын адамдар көбінесе психикалық аурумен ауыратын, стрессте жүретін, өзін-өзі басқара алмайтын адамдар болып келеді. Сондай-ақ, өзіне-өзі қол жұмсау оқиғасы дамуы қалыпты адамдарың да (психопатологиясыз) өмірінде жиі орын алады. Оларға көбінесе көңіл-күйдің бұзылуы, өмірден түңілу, болашаққа үмітсіз қарау, өзіне назар аударту, қорқыныш сияқты қасиеттер тән. Олар – ауру емес, бірақ жан жүниесі жараланған жандар. Мұндай адам әртүрлі жағымсыз сезімдерді сезініп, зарығып, әлсіздік танытады, туындаған қиындық алдында шарасыз болады. Не істеу қажеттілігін білмейді, мәселені шешудің жолын іздеп, «өлімді» таңдайды.

Өз өмірін қиюға бағытталған саналы ерікті түрдегі әрекет қазіргі таңда бүкіл жаһандық қоғамдық мәселеге айналып отыр. Еуропалық елдерде өзіне-өзі қол жұмсау адам өлтіруге қарағанда шамамен үш есе асып түседі.

Өзіне-өзі қол жұмсау мінез-құлқы ішкі және сыртқы түрде көрініс табады. Қоршаған ортаға деген жалпы көзқарасын өзгертуге, өмірге құштарлығын арттыруға үлкен әсерін тигізеді және бұл мәліметті психолог маманмен бөліседі. Ал, психолог баланың жан дүниесіне терең талдау жасай отырып тікелей ықпал ете алады. А.Г.Амбрумова өз ойын былай білдіреді: «Өзіне-өзі қол жұмсау- шынайы суицид, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруге әрекет- аяқталмаған суицид». Ал, А.Е.Личконың пікірі бойынша суицидалдық мінез-құлық жасөспірімде демонстративті, аффекті және шынайы болып келеді.
Жеткіншектік кезеңде суицидалдық мінез-құлықтың кейбір өзгешеліктері болады. Жеткіншектер арасында ересек балаларға қарағанда өзіне-өзі қол жұмсауға әрекет жасау жиі кездеседі. Бірақ, олардың аз ғана бөлігі өздерінің қойған мақсатына жетеді. Бұл жаста көбінесе демонстративті сипат алады. А.Е.Личконың көрсеткеніндей, жеткіншектердің тек 10 пайызы ғана шынайы өмірден кеткісі келетін ниет білдірсе, ал 90 пайызы көмекке шақырған жанайқай мақсатын көздейді.

14-18 жас аралығындағы балаларға зерттеу жүргізген А.Е.Личко мен А.А.Александров жасөспірімдер суицидінің негізгі себебі: депрессия (жан күйзелісі) екенін анықтаған. Сондай-ақ, балалар депрессиясының белгілеріне әрбір ұсақ-түйекке мән берушілік, іш пысу мен шаршағандық сезімдері, айтылғанды тыңдамаушылық және жанжал шығаруға іштей дайын тұрушылық белгілері жататынын атап көрсеткен. Көршілес Ресей мемлекетінің прокуратуралық тексеру нәтижелерінің қорытындысы мектеп оқушылары арасындағы суицидтік оқиғалардың 62% отбасылық дауға, қолайсыз жағдайларға, үлкендер тарапынан болатын қысымдарға, кейбір педагог мамандардың әдепсіз қылықтарына, достары мен сыныптастарының арасындағы дау-дамай мәселесі, өзара реніш, қоршаған адамдардың немқұрайлы қатынасына байланысты туындайтындығын көрсетеді.

Өзіне-өзі қол жұмсаудың себептері сан алуан болуы мүмкін, бірақ, суицидке баратын балалардың бойындағы өзгерістер бір-біріне ұқсас келеді. Оны әр мектеп психологы,әрсынып жетекшісі білуі қажет және ол белгілерді өз білім мекемелеріндегі ата-аналарға таныстыруы шарт.

Потенциалды суицидтерде өзін-өзі кінәлау сезімі жоғары болады. Егер, көмектесуші суицид туралы жаман «аморалды» сөздер айтатын болса, ол тек бұл жағдайды талқылаудан емес, одан әрі депрессияға кіріп кетуі мүмкін. Осы орайда үнемі есте сақтайтын жайт – суицидент үшін өзін-өзі жою теологиялық жағдай болмайды, көңіл-күйінің стрессі болып табылады.

Американ ақыны Томмас Эллиот: «Сәуір- ең қатыгез ай» деп көрсеткеніндей, сәуір айындағы суицидтік оқиғалардың көрсеткіші жыл бойғы көрсеткіштен 120 % жоғары болып келеді. Бұл күз және көктем айларында бала бойындағы өзгерістерге ерекше мән беру қажеттілігін көрсетеді.

Мектеп жасындағы оқушылардың өзіне-өзі қол жұмсауының бірнеше себептері болуы мүмкін. Атап айтсақ:
Болашаққа шарасыздықпен қарау, арман-мақсаттарының болмауы;
Ішкі эмоциялық жағдайдың бұзылуы;
Әлеуметтік шеттетілу;
Жанұядағы жайсыз психологиялық ахуал;
Өзіндік «Менінің» жоғалуы;
Сыртқы ортаның қысымы: күш көрсету, ақша сұрау т.б.

Өзіне-өзі қол жұмсауға бейім балаларға көрсетілетін әлеуметтік-психологиялық көмектер төмендегі факторларды түзетіп-дамытуға бағытталады:
Баланың өзіне деген бағасын жоғарылату;
Баланың өзіне деген сенімін туғызу және нығайту;
Эмпатия сезімін қалыптастыру;
Баланың ата-анасына деген жағымды көзқарасын арттыру;
Ішкі жан күйзелісі мен дағдарысты жеңуге үйрету;
Суицидтік мінездің түрін анықтау;
Баланың өміріндегі қиындықтарды шешу жолдарын көрсетіп, болашаққа үмітін ояту;
Баланың ата-анасымен әңгімелесу, кеңестер беру;
Баланы жеке қалдырмай, күйзелісті жеңуіне көмек беру;
Психологиялық бақылау картасын жасап, бала бойындағы өзгерістерді күн сайын тіркеуге алу;
Қоғаммен байланыс орнатуға итермелеу: сыныпта, мектепте, отбасында;
Баланың өзіне деген сенімін арттырып, жетістікке қол жеткізу үшін мүмкіндіктер туғызу: еңбектерін баспада жариялау, сабақ үлгерімінің артуына ықпал ету т.б.;
Өмірге деген қызығушылығын туғызу үшін мектепішілік іс-шаралар түрлеріне үнемі қатыстыру қажет.

Өзіне-өзі қол жұмсауға бейім оқушының сөздік қорында жиі кездесетін сөздер:
Мені ешкім түсінбейді;
Менің қолымнан ешнәрсе келмейді;
Өлімнен басқа жол жоқ;
Менің проблемам ешкімге керек емес;
Мен ешкімге керек емеспін;
Маған ешкім де көмектесе алмайды;
Мен өмірден шаршадым;
Мен жолы болмайтын адаммын;
Бәрі бітті, енді мен өмір сүре амаймын;
Менсіз басқаларға жақсы болады т.б.

Өзіне-өзі қол жұмсауға бейім оқушымен жүргізілетін жұмысты жүргізу сатылары:
Оқушыға сенім білдіру, өз ойын ашық айтуына жағдай жасау, шынайы жанашырлық таныту, мұқият тыңдау;

Суицидтік ойдың туу себептерін анықтау, кім немесе қандай жағдай әсер етті?
А) «Өмірде» сіздің қандай міндеттеріңіз бар?
Ә) «Өмірде» сіздің қандай мақсаттарыңыз бар?
Б) Мақсаттарыңызға қалай жетесіздер?
В) Сіз өз күшіңізге сенесіз бе, әлде, ата-анаңызға сенесіз бе?

Ойластырылған суицид белгілері:
суицид туралы әңгімелер, өлім туралы кітаптарға қызығу, қоштасу мазмұнындағы хаттар жазу т.б.
Сөйлеу мәнерінің баяулауы, қысқа жауап беруі;
Іс-шарасыздық, әрекеттенбеу.
Эмоционалды бұзылыстар:
Қоршаған ортаға деген көңілсіздік;
Кекшіл, жылдам ашуланғыш;
Қобалжу, негізсіз қорқу.
Қарым-қатынаста:
Оқшаулану, қоршаған ортамен қарым-қатынастан қашу;
Келешекке жоспардың болмауы;
Өз күйзелісі жөнінде дәрігер, психолог, педагогтарға шағымдану.

Психикалық бұзылыстар:
Жылауықтық;
Ауыздың кебуі;
Тахикардия, демнің жетпеуі;
Бас аурудың жиілігі;
Дене салмағының түсуі;
Тәбеттің қашуы;

Психологиялық кеңес жұмысын қорытындылау.
«Өмір»-дің қарапайым 3-заңымен таныстыру:
А) Күн сайын таңертең аман-есен оянғаныңа қуана біл!
Ә) Қандай қиындық кездессе де саған көмектесетін адам бар екенін біл, олар сенің жаныңда, тек оларды көре білсең болғаны.
Б) Түннен кейін таң ататындығын ұмытпаңыз!
«Өмір – бақыт, сен өмірге дені сау адам болып келгенің үшін бақыттысың!».

Пайдаланылған әдебиеттер
Ягудина И.И. Суицид: школа и семья. 2000.
Синягина Ю.В. Детский суицид. Психологический взгляд. Санкт-Петербург, «Каро», 2006.
«Мектептегі психология» журналы. №4, 2010,
Романов А.А., Сухаров И.П. Психология суицида. 2001.
Павлов П.Р., Кузнецов Т.Р., Лукашина О.О. Профилактика суицида среди школьников. Душанбе, 1998.

Leave A Reply