Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Барлық сұрақтарыңыз бойынша хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89

Суицид жайлы не білу керек?

0

Картбаева Гульжамал Тиекбаевна,
№7 орта мектеп педагог-психологы, психолог-кеңесші, Мұнайлы ауданы, Маңғыстау облысы

I. Суицид жайлы не білу керек?

Суицид дегеніміз – бұл саналы түрде өмір сүруді тоқтату, яғни осы тұрғыдан қарағанда өзіне-өзі қол жұмсау адамның саналы мінез-құлық актісі болып табылады. Әдебиеттерде суицидтік әрекеттерді көбінесе «аутожарақат», «аутоагрессия» деген терминдермен байланыстыра қарайды. Егер аутоагрессия актінің соңғы мақсаты – өзіне-өзі қол жұмсау болса, онда оны суицидтік әрекетке жатқызу керек. Сонымен қатар, қасақана дене мүшесін зақымдауды, психоз күйіндегі адамдардың аутоагрессивті актілерін және осындай басқа да іс-әрекеттерді суицидтік әрекетке жатқызуға болмайды. Жәбірленушінің немесе есі дұрыс емес адамның абайсызда өз өмірімен қоштасуы өзіне өзі қол жұмсауға жатпайды. Мұндай жағдайларда өмір үшін қауіпті іс-әрекеттер өзін-өзі өлтіруге бағытталмайды және олардың басқа да себептері мен мақсаттары болады, сондықтан оларды жазатайым оқиғалар санатына жатқызу керек. Осы анықтамаға сүйене отырып, «аутодеструктивті» немесе «мінез-құлықтың өздігінен бұзылуы»- деп аталатын жөнсіз тәуекелдің нәтижесіндегі өлімді де өзіне-өзі қол жұмсау деп есептеуге болмайды.
Суицидтік мінез-құлық – бұл өзіне қол жұмсау туралы ойларға бағытталған психикалық актілердің сыртқы және ішкі нысандары. Ішкі нысандарға суицидтік ойлар (елестету, уайымдау); суицидтік үрдістер (ниет, мақсат) сыртқы нысандарға – суицидтік көріністер, суицидке оқталу (әрекеттену) жатады.
Суицидтік ойлар (елестету, уайымдау) – өмірдің мағынасыздығы, құнсыздығы туралы пассивті ойлар («Өмір сүруге тұрғысыз», «Өмірде бақыт жоқ», «Өмір сүрмейсің тек қана күнелтесің»), сондай-ақ өз өлімі туралы фантазиялар («Өлсем жақсы болар еді», «Ұйықтап содан қайта оянбасам»), бірақ өзіне-өзі қол жұмсамау. Қандай да бір қақтығысты немесе жүйкені зақымдайтын жағдайларды бастан кешкенде әдетте суицидтік ойлар барлық адамдарда кездеседі, бірақ олар суицидтік үрдіске ұласпайды.
Суицидтік үрдіс (ниет, мақсат) – өзіне-өзі қол жұмсауды жан-жақты қарастыру, суицидтің жоспарын әзірлеу, өзіне-өзі қол жұмсау әдістерін, оның уақыты мен жүзеге асыратын орнын белгілеу болып табылады. Бұл ретте суицидттік әрекетті тікелей орындауға ниеттенуге байланысты сыртқы мінез-құлықта қобалжу байқалуы мүмкін. Осы кезеңде суициденттер көп жағдайларда өзінің суицидтік ниеттерін туыстарына, достарына, тұспалдап немесе әзілдеп (суицидтік көрініс) жеткізеді. Суициденттердің ішінде шамамен 15% мұны ашық және көпшілік алдында білдіреді. Қоршаған орта осындай ашық жариялауларды әдетте шындық ретінде қабылдамай, көбінесе көңіл аудармайды. Алайда оларды бағалауға болмайды. Осындай барлық жағдайларда, яғни ашық пікірлер айтылған кезде міндетті түрде психологтың кеңесі қажет.
Суицидке оқталу (әрекеттену) – өзін-өзі өлтіру мақсатында өз өмірін қиюға белсенді әрекеттену. Кейде суицидентке байланысты емес себептерден (жарақаттың ауыр болмауы, жіптің үзілуі, уақытылы көрсетілген медициналық көмек, реанимациялық көмек және т.б.) өзіне-өзі қол жұмсау әрекеті өлімге әкеп соқпауы мүмкін. Соңына дейін жеткізілген өзін-өзі өлтіру мен демонстративтік сипаттағы өзіне-өзі қол жұмсау әрекетін соңына жеткізілмеген суицид ажырата білу керек. Соңғысы өмірмен қоштасуды мақсат етпейді. Оның мақсаты көпшіліктің көңілін өзіне аудартуға немесе жоғалтқан назарын, зейінін қайтаруға қоршаған ортаның сезімі мен аяушылығына, жазалаудан құтылуға бағытталады. Өзіне-өзі қол жұмсау әдісі. Өзіне-өзі қол жұмсау әдісін, орнын және уақытын таңдау жанама түрде суицидтің аяқталуы сатысында суицидтік ниеттің қандай деңгейде күрделі екенін білдіреді. Пайдалану бойынша өзіне-өзі қол жұмсаудың мынадай әдістері:
Асылу;
Қарумен жарақат келтіру;
Химиялық заттармен немесе медикаменттермен улану;
Жоғарыдан құлау, келе жатқан пойыздың астына немесе көліктің астына түсу.
Суицидке оқталу бойынша әдістер мынадай түрде өзгеше бөлінеді:
Улану;
Өзіне-өзі жарақат келтіру;
Асылу.
Суицидтік тәуекел – жеке тұлғаның суицидтік және суицидке қарсы факторларының өзара қатынасы ретінде бағаланатын өзін-өзі өлтіруге ықтимал дайындалу.

II. Суицидентке алғашқы психологиялық көмек көрсету.
Лауазымды тұлғалардың тарапынан суицидентке көмек көрсету өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алудың ең басты кезеңі болып табылады. Суицид туралы ойлайтын адамға психологиялық көмек көрсетудің мынадай негізгі үш әдісі бар.
1. Уақтылы диагностика және суицидентті тиісінше емдеу.
2. Депрессияға шалдыққан адамға белсенді эмоциялық көмек көрсету.
3. Оның жағдайын жеңілдету үшін оның жақсы қасиеттеріне жиі тоқталу.
Адамға алғашқы психологиялық көмек көрсетуге талпына отырып, мынадай ережелерді сақтау керек:
1. Өзіңіздің көмектесе алатыныңызға сенімді болыңыз.
2. Осындай жағдайда тап болғандардан тәжірибе жинаңыз.
3. Шыдамды болыңыз.
4. «Бар ойдағыны жүзеге асыр» деп, адамды қорқытуға тырыспаңыз.
5. «Сіздің осындай күйге тап болуыңыздың себебі…» деп, оның мінез-құлқын талдамаңыз.
6. «Сіз өзіңізге қол жұмсай алмайсыз, өйткені…»деп, адаммен дауласпаңыз.
7. Қолыңыздан келетіннің бәрін жасаңыз, бірақ басқа біреудің өмірі үшін жеке жауапкершілікті мойныңызға алмаңыз.
Профилактикалық әңгімелесуді өткізу әдісі:
Адамның дағдарыс күйінен шығуына көмектесетін негізгі әдіс – ол суицидентпен жеке профилактикалық әңгімелесу тәсілі болып табылады.
Бұл ретте мыналарды назарға алу қажет:
— кез-келген адаммен, әсіресе өзіне өзі қол жұмсауға баруға дайын адаммен әңгімелесу барысында көбінесе белсенді тыңдауға назар аудару қажет;
— белсенді тыңдаушы – ол әңгімелесуші адамды кінәламай, барлық зейінін салып тыңдайтын адам, бұл суициденттің ашық сөйлесуіне мүмкіндік береді;
— белсенді тыңдаушы әңгімелесушінің сезімін толығымен түсініп, оған өзіне деген сенімділігін сақтауға көмектеседі.
Әңгімелесуді өткізу бойынша ұсынымдар:
— Әңгімені бөлмес үшін әңгімелесуді тыныш жерде өткізіңіз;
— бар назарды әңгімелесушіге бөліңіз және қарама-қарсы орналасып, оған тіке қарап отырыңыз;
— Әңгімелесушінің айтқан сөздерін қайталап айту арқылы оны шын мәнінде тыңдап отырғаныңызды білдіріңіз;
— Әңгімелесушінің сөзін бөлмей, оның ашық сөйлеуіне мүмкіндік беріңіз, ол сөйлеуді тоқтаған кезде ғана өзіңіз сөйлеңіз;
— Сөкпей, кінәләмай сөйлеңіз, бұл әңгімелесушінің өзіне деген сенімділігін арттырады;
— Тек қана конструктивтік-позитивті сөздерді (рефрейминг, «қайта тұжырымдау») қолдану.
Сонымен қатар әңгімелесу кезінде мынадай қағидаларды басшылыққа алу қажет:
1. Әңгімелесушіге ешқашанда үшінші адамдар арқылы шақыруға болмайды (ең дұрысы, кездейсоқ кездескен сияқты болып, қандай да бір қиын емес өтінішпен немесе тапсырмалармен сөз бастау керек).
2. Әңгімелесу орнын таңдаған кезде бөтен адамдардың болмағаны дұрыс (әңгімелесу қанша уақытқа созылса да, оған ешкім кедергі келтірмегені жөн).
3. Кездесуді жұмыстан тыс уақытта жоспарлау қажет.
4. Әңгімелесу процесінде қандай да бір жазбалар жазбай, сағатқа қарайлай бермей, сондай-ақ қандай да бір жол-жөнекей жұмыстарды орындамаған жөн. Бұл ретте суицидентке осы әңгімелесуден маңызды ешқандай шаруа жоқ екенін сендіру керек.
Профилактикалық әңгімелесу мынадай кезеңдерді қамтуы тиіс:
Бастапқы кезең – әңгімелесушімен эмоциялық қарым-қатынас орнату. Суицидентпен кейбір жағдайларда келіспесеңіз де, оны сынға алмай шыдамдылықпен және жанашырлықпен тыңдауыңыз керек (яғни, адамға ішкі жан дүниесін ашық түрде айтуға мүмкіндік беру) нәтижесінде суицидент сізді сенуге тұрарлық адам ретінде қабылдайды.
Екінші кезең – дағдарыс күйіне әкеп соққан оқиғаларды рет-ретімен белгілеу, осы проблемадан шығар жолдың бар екеніне сендіру.
Мынадай тәсілдерді қолданудың маңызы зор:
— жағдайдың өзгешелігін жеңіп шығу;
— табыстары туралы ойлармен қолдау көрсету және т.б.
Үшінші кезең – дағдарыс жағдайын бірлесіп жеңу. Бұл ретте мынадай әдістер пайдаланады.
— жоспарлау, яғни суициденттің алдағы уақыттағы жоспарларын сөзбен жеткізу;
— үзіліс – суицидентке бастама көтеру мүмкіндігін беру үшін мақсаттағы бағытталған үнсіздік.
Қорытынды кезең — іс-әрекет жоспарын соңғы рет тұжырымдау, суицидентке белсенді психологиялық қолдау көрсету.
Сонымен бірге мынадай тәсілдерді пайдаланған мақсатқа сай болып табылады;
— логикалық дәлелдеу – ұтымды түрде сенімділікке баулу. «Мен сенің өте жігерлі тұлға екеніңді білдім», «Сен керемет, талапты адамсың» т.б. Егер әңгімелесу барысында адам суицидтік ойларын белсенді түрде айтса, онда психологты шақырту қажет. Егер үрдісі тұрақты болса, оны дереу және еріп жүретін адаммен бірге психиатрға жіберу керек.
Егер де мұндай мүмкіндік болмаса, онда суицидентке:
— қиын эмоциялық күй – бұл уақытша көрініс екенін;
— оның өмірі туыстарына, жақындарына, жанұясына, достарына қымбат екенін және ол өмірден кетсе, оларға үлкен қайғы әкелетінін;
— суицидтік акт жасауға діни тұрғыдағы көзқарасты түсіндіре отырып, оның өз өміріне өзі жауапты екеніне тоқталып, бірақ өзіне-өзі қол жұмсау проблеманы шешу жолы емес және осының бәрін жақсылап ойланып, шешім қабылдаған дұрыс екеніне сендіру қажет.

Эмоциялық-ерікті өзін-өзі бақылау практикалық сабақ
Экстрим және стресстік жағдайдағы психоэмоциялық қысымды түсіру үшін релаксациялық жаттығулар. Стреспен күресудің эффективті түрі, өзін-өзі сендіру және босаңсудың рөлі өте маңызды. Егерде босаңсуы қиын адамдар болса, ол өзін сағаттың пружинасындай сезінеді. Терең босаңсуға қабілеттілік – бұл толық, дені сау өмір сүрудің кепілі. Тыныс алу орталығынан нервті импульс бас мидың қабатына таралады да оның тонусын өзгертеді. Тыныс алу жылдам және күшті, ал шығару – жай, тыныс алу тоқталып барып қайта шыққан кезде, орталық жүйке жүйесінің тонусын төмендетеді, қан қысымы бірқалыпты күйге келеді, эмоциялық қозуын түсіреді. Ауаны шығарғанда жай, ал тыныс алу жылдам болған жағдайда жүйке жүйесі бірқалыпты қызметінің деңгейін көтереді. Осы кеңестерді тиімді қолдану үшін келесі тыныс алуға байланысты жаттығулар көмектеседі.
1-жаттығу
Тік тұрыңыз. Диафрагманың қозғалатын бөлшегіне қолыңызды қойыңыз. Дем шығарыңыз да дем алғыңыз келгенде еш қиындықсыз, рахаттана мұрныңызбен дем алыңыз. Демді ауыздан шығарыңыз. Содан соң кәдімгідей дем арасындағы тыныштықты сақтай отырып, дем алып, шығарыңыз. Жаттығуды үзіліссіз 3 рет қайталауыңыз керек. Жаттығу кезінде иықтарыңыз қозғалыссыз болуына, диафрагманың қозғалып тұруына мұқият болыңыз.
2-жаттығу
А) Екі екіден тұрыңыз. Біреуі диафрагмамен дем алады, екіншісі біріншісінің иығы мен кеудесіне қолын қойып, демалысын тексереді.
Б) Тік тұрыңыз. Қос бүйіріңізді таянып (төрт саусақ арқада, бас бармақ алдыға қарайды) тұрыңыз. Дем шығарыңыз. Сосын мұрынмен дем алып, ауыздан шығарыңыз. Жаттығуды 3 рет қайталаңыз.

Share.

Leave A Reply