Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

1 832 қаралым

Сенім сыйлаған ана жүрегі / Эссе

0

Ережепов Дидар,
Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептің 7 «В» сынып оқушысы


Адам баласы шыр етіп дүниеге періштені әкелгенде, нәрестенің маңдайына өмірін жазатын секілді. Адамға қиындық пен сынақ береді. Сол сынақтан адам қалай шығады деп сынайтындай. Өмірдің дүние есігін ашқанымнан бастап сол қиындық пен сынақты басымнан өткеріп келемін. Ал анам болса сол сынақтан өтуге ықпалын жасап келеді.

Қазіргі кезде медицинаның дамып, үкіметіміз, мен сияқты науқас балаларға көмек беріп, қоғамымыз қолдап отырғанына қуанамын және алғыс білдіремін. Есімді білмейтін нәресте болсам да, өмір мені өмір сүруге жетеледі, қолдады, қорғады. Жаным ауырып қатты қиналып жатқан сәтімде, анам жаныма келіп, күлімсіреп қарап «Сен мықтысың денсаулығың жақсаруына Алладан шипасын сұрадым» деп жүрегімен жылап тұрса да, бетіңе қарап күлімсіреп, маңдайымнан сипалап, көңілімді табуға тырысатын. Ауырғаным жаныма батып, қиналып жатсам да анамның дауысын естігенде ,өзіме бір күш бергендей сезінетінмін. Анам қанша қиналса да, қиналғанын білдіртпеді, сонда да сеземін ғой. Мені уақытымен емдетіп, медициналық ем-шараларды үзбей алды. Денсаулығым жақсару үшін дәрігерлермен үзбей кеңесіп отырды.

Астана қаласындағы «Балаларды Оңалту орталығында» көптеген жаттығулар жасап үйрендім. Менің қатарым мектепке барып білім алып жүргенде, мен үйде отырып оқыдым. Далаға шығып емхана басқада жерлерге баратын болсақ, анам мені арқалап алатын. Осы қиындықты жеңу үшін: жақындарым өз үлестерін қосты. Құласам қолтығымнан демеп тұрғызды. Жаным қанша қиналып тұрса да, осы қиындықтың артында жақсылықтар болатынын сезіндім. Армандар орындалатынына сендім. Мұғалімдер мен дәрігерлер және айналамдағы көптеген адамдардың көмегі тиді. Өмірге деген сүйіспеншілігім арта түсті. Еңбектеніп білімді болуды армандадым.

Алдыма мақсат қойып көптеген жақсы нәрселерді армандайтын болдым. Басымнан өткен ауыр кезеңдер мен қиындықтардың бәрі артта қалып, үнемі денсаулығымның жақсаруын тіледім. Есімнен кетпейтін ең қуанышты сәтім Қызылорда қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебіне» қабылданған сәт!!! Сол сәтте тек Аллаға шүкіршілік айттым және сенімге жетелеген ана жүрегінің махаббатына тәнті болдым. Армандар орындалатынына көзім жетті. Және осы мектепті жақсы оқып,қатарыммен алда болғым келеді. Осы кезде еңбектенсең көптеген жақсы нәрселерге қол жеткізуге болатынын түсіндім және маған қол ұшын беріп көмектескен әрбір пендеге алғысым шексіз. Аналарымыз аман, елбасымыз еңселі, еліміз тыныш болсын.
Терезе алды, отырмын, ойға шомып,
Тамашалап, табиғатқа көз жүгіртіп,
Қиял ғажап жетелейді көп арманға
Тұр ғой, әттең, мүмкіндігім шектеліп.
Табиғатты тамашалап, еркін жүріп,
Не жетеді, шіркін-ай, ойнағанға.
Балалармен алысып аунағанға,
Бал дәурен бала көңіл шаттанғанға.
Алланың сыны берген, бұл тағдырым,
Шектеулі, болса-дағы денсаулығым.
Тәңіріме шүкір деймін осы күнге
Оқимын, мен, ел басымның мектебінде.

Leave A Reply