Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

947 қаралым

RWST психология және дамыту жұмысында

0

Султанова Ардак Хамидуллаевна,

Психолог, «Балдырған» бөбекжай-балабақшасы

Кажымуратова Дария Загыпрановна,

Психолог, «Балдырған» бөбекжай-балабақшасы

Инклюзивті білім беру кабинеті, Қаратөбе ауданы, Батыс Қазақстан облысы


Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті ұлтты және адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдарға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу; білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп, білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделген. Бұл міндеттерді шешу үшін, әр педагогтың күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құрулар, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа тәжірибеге, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттілігі туындайды. Қазіргі кезеңде білім ғылым саласында инновациялық педагогикалық технологиялар қаншалықты маңызды болса, мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде де инновациялық технологиялар ұғымы кеңінен қолданылатын ұғымдардың біріне айналды.

Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі. Сондықтан мектепке дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеудің негізгі мақсаты – баланың жеке басының қалыптасуы мен дамуы болып отыр. Жаңа заман қоғамдық және интеллектуалдық жағдаяттардың кең спектарына бейімделу қабілетінің, қарым-қатынастың және ойлаудың жоғарғы деңгейін талап етеді. Жаңа заман педагогикасының міндеті баланың білім және біліктерді жеке дара меңгеруі емес, оларды бір жүйе ретінде меңгеруін қамтамасыз ететін білім берудегі компетенті бағытты жүзеге асыру болып табылады.

Жаңа заман баласы ертеңгі еліміздің болашағы. Жаңа заман баласын қалыптастырып, дамыту үшін, тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр сырын анықтап, мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағдай туғызу қажет.

Яғни, инновациялық технологияны қолдану негізінде келешек ұрпақтың еркін дамуына, жан-жақты білім алуына, белсенді, шығармашыл болуына жағдай жасау қазіргі таңдағы әрбір педагогтың міндеті. Осы міндетімізді жүзеге асыруда өз тәжірибемізде СТО технологиясының тиімділігіне көзіміз жетіп, қолданып келеміз. Атап айтсақ, СТО технологиясының түзеу-дамыту жұмысындағы орны ерекше. Қазіргі заманда бала дамуындағы ауытқушылықтардың көп кездесуі және ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы баланың когнитивті сферасының дамуын тежеп отыр. Когнитивті сфераның дамуына жауапты танымдық үрдістердің жетілуі өзара тығыз байланыста жүзеге асады. Осы дамудағы байланысты қамтамасыз ететін бірден бір технология. Мектеп жасына дейінгі балалардың ойлау үрдісін дамытуда «Миға шабуыл», «Венн диаграммасы», «Кубизм» әдістері тиімділігіне көзіміз жетіп келеді.

Қазіргі таңда гиперактивті балалардың саны артып отыр. Бұл өз кезегінде баланың жан-жақты білімі мен тәрбие алуына кедергі келтіреді. Гиперактивті балалар аңғырт, әрі ырықсыз болып, қызығушылығы тез басылатындықтан олар кездейсоқ жағдайға жиі ұшырайды. Гиперактивті бала тәртіптің бұзылуына жиі кінәлі болады, бірақ олар оны қасақаналықпен жасамайды. Ол тәртіптерді қабылдауға қабілетсіз болғандықтан оны орындай алмайды. Гиперактивті балаларға ашушаңдық, қыр көрсетушілік, ал ең соңында ұқсатушылық көріністерге тап болады, өзін қоршаған ортадағыларға жек көрінішті болып, соның нәтижесінде жан толғанысы проблемасына ұшырайды. Балаларда қорқыныш, жабырқаулық пайда болып, еш себепсіз біреуді жек көре бастайды. Мінез құлқында шектен тыс белсенділік пен ырықсыздықтың болуы ең өкініштісі, оның оқу іc-әрекетіне де жағымсыз әсер етпей қоймайды. Мұндай балалардың өз ырқын бағындыра алмауына байланысты танымдық қабілеттері де тежеледі. Әсіресе зейін үрдісі зардап шегеді.

Осы орайда түзеу-дамыту жұмыстарында СТО технологиясын қолданған нәтижелі. Мысалы: суреттерді, муляждарды, ойыншықтарды тақырыпқа байланысты топтастыру жұмыстары («Кластер» стратегиясы), мәтін, ертегілерді, әңгімелерді бөліктерге бөліп оқу арқылы, бөліктерден кейін «Қалай ойлайсыңдар, әрі қарай не болады?», «Неге олай ойлайсыңдар?» сұрақтарын қою арқылы біріншіден баланың зейінін шоғырландыруға ықпал етеміз, екіншіден мидың жұмыс жасауына ықпал етіп ойлау үрдісін белсендендіреміз. Соңына дейін әңгімені аяқтап балалардың нұсқауларымен шынайы нұсқаның ұқсастықтары мен айырмашылықтарын талдау баланың логикалық ойлау үрдісін арттырады, сонымен қатар балалардың өз пікірлерін дәлелдеуі, әңгімелеуі нәтиежесінде тілдік дамулары жетіледі. Жаңа технологияның тағы бір артықшылығы бала тілін дамытудағы қолайлылығы болып отыр. Атап айтсақ «Синквейн» әдісі арқылы вербалды тілін дамытуда лексикалық грамматикалық құрылымдарды дұрыс қолданып, байланысты сөйлеуге дағдыландырамыз. «Синквейн-жұмбақтар» мектеп жасына дейінгі баламен жұмыста тиімді болып табылады. Бірінші сөз айтылмайды. Қалған жолдар «синквейн» стратегиясы бойынша айтылады. Мысалы: 1. ?????????.

2. Кішкентай, жұмсақ

3. Ұйықтайды, мияулайды, ойнайды

4. Үй жануары

5. Ертегі кейіпкері

«Венн диаграммасы» стратегиясының көмегімен балада заттарды ұқсастықтары мен айырмашылығын және ортақ қасиеттерін іздестіру арқылы салыстыру сияқты күрделі операцияны белсендіреміз.

«Кубизм» стратегиясы арқылы балада қандай да бір затпен таныстыруда жан-жақты түсінік қалыптастыра аламыз. Кубиктің жан-жағы балаға: Ол не? Неге ұқсайды? Түсі, пішіні, көлемі. Қалай жасалады? Не үшін керек? Жағымды және жағымсыз деген сияқты ақпарат береді.

«Білемін. Білдім. Білгім келеді» стратегиясында мектеп жасына дейінгі балаларға кестелік суреттер және түрлі-түсті жұлдызшалар көмегімен бейімдеп қолданып келеміз. Тақырыппен танысқаннан кейін балалардан тақырып бойынша не білетіндіктері сұралады. Балалардың жауаптарын түртіп аламыз немесе кестелік суреттер арқылы тақтаға ілінеді. Баланың әр жауабына қызыл жұлдызша беріледі. Тақырып бойынша не білгілері келетіндіктері сұралады. Балаларға жасыл жұлдызшалар беріледі. Балалардың сұрақтарына қатысты ақпарат берілгеннен кейін тақырып бойынша жаңадан не білгендігіміз сұралады. Әр білген ақпарат үшін балаларға сары жұлдызша беріледі. Қорытындысында жұлдызшалар саналады. Жасыл жұлдызшаға қарағанда сары жұлдызша көп болса тақырып меңгерілгендігі, жасыл жұлдызша көп болса тақырып келесі күні қайталанады. Осылайша бұл стратегия арқылы баланың тақырып бойынша білім және білігін толыққанды бекітуге мүмкіндік мол.

«Тірек сөздер» стратегиясын мектеп жасына дейінгі балаларға «Тірек суреттер» немесе «Тірек символдар» түрінде тиімді қолдануға болады. Балаларға тірек сөздердің ретін бұзбай әңгіме немесе ертегі құрастырту арқылы сөздік қорын, тілін және қиялын дамытамыз. Өлеңнің әр жолына суреттер көмегімен кесте жасай отырып баланың өлең жолдарын тез жаттауға көмектесеміз. Бұл өз кезегінде есте сақтау қабілетінің дамуына негіз болады.

Баланың ой өрісі кеңейіп, сын тұрғысынан ойлай отырып, дәлелдер және тұжырымдар жасайды, өз ойын еркін білдіреді, өз ізденісі мен қызығушылықтары артып шығармашылық қабілеттері шыңдалады. Жеке, жұптық, топтық жұмыстар нәтижесінде өз ойын ашық айтатын, өз пікірін білдіре білетін, ойланып жауап беретін, ортаның ойын тыңдай білетін, өз бағасын бере білетін тұлға қалыптасады. Осының нәтижесінде түзеу- дамыту жұмысын қажет ететін баланың өзінде қызығушылығы артып, шығармашылық қабілеттері ояна бастады. Осының нәтижесінде балалар республикалық «Үркер» атты зияткерлік сайыстарына қатысып жүлделі орындарға қол жеткізді. Сондай-ақ аудандық «Айгөлек» фестивалында, «Қуыр-қуырмаш» байқауында мәнерлеп оқу жарысынан, ертегілерді сахналау, ән-би жанрлары т.б. салалары бойынша балаларымыз шығармашылық шеберліктерін көрсетіп, жеңісті орындарға қол жеткізді.

Дамыту жұмыстарын сын тұрғысынан жоспарлап өткізу мынадай нәтиже береді:

  • балаларды бір-бірімен қарым-қатынас жасай білуге үйренеді;
  • басқаларды тыңдауға;
  • өз ойын топ алдында ашық айтуға;
  • өмірге жеңіл бейімделуге;
  • шығармашылық қабілеттерін шыңдауға;
  • эмпатиялық сезімдерінің артуына;
  • Ең бастысы қоршаған ортасының қызығушылығы артып, балалардың белсенділігі өте жоғары болады.

Инновациялық технологияларды қолданудың нәтижесінде баланың қоршаған ортасын танып білуге деген қызығушылығын арттырады, нәтижесінде оқу мотивациясы артады.

Share.

Leave A Reply