Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

1 364 қаралым

Психология — болашақтың мамандығы

0

Azizov G.Азизов Гозихон Паччаханович,
1-санатты педагог-психолог, Х.А.Яссауи атындағы мектеп, Түркістан қаласы


Адам баласы үшін таңертең ұйқыдан оянған кезден бастап, немесе шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап психологтың көмегі керек деп ойлаймын. Себебі адамзат әр таңда, әр күні бір кішкене болса да кедергіге ұшырайды.
Мен осы психолог мамандығын таңдағаныма ешқашан өкінбеймін, өйткені бұл мамандықты жанымдан артық сүйемін. Кейінгі уақытта бұл мамандықты көпшілік жастар «Жалақысы төмен немесе түсініксіз мамандық» деп тастауда, ал бірақ бұл пікір басқалардың пікірі. Мен оларға мүлдем қосылмаймын. Мен айналамдағы адамдарға түсіндіру жұмыстары, психологиялық кеңестер беру арқылы осы өмірден ләззат аламын, өмірге деген құштарлығым одан да аса түседі.

Психологиялық құбылыстар бізді қоршап тұрған сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының мидағы әртүрлі бейнелері болып табылады. Психологиялық құбылыс (түйсік, елес, ой, сезім, ерік, қабілет, мінез, әдет, т.б.) көпшілігімізге өз тәжірибемізден жақсы мәлім, күнделікті тілімізде жиі кездесетін ұғымдар. Бір қарағанда бұлардың мәнін әрқайсымыз тез ажырата да білетін сияқтымыз. Бірақ психикалық құбылыстардың мәнін психологиялық тұрғыдан түсіну арқылы жан-жақты ажыратуға болады. Демек, мен өзім біреуге психологиялық көмек немесе кеңес беретін кезде оның жан күйзелісін толығымен өз денеммен, миыммен сезініп содан кейін ғана оған көмек бере аламын.

Бүгінгі таңда ең өзекті мәселе бұл жастар арасындағы аутодеструктивті мінез-құлық (суицид) мәселесі. Адамзат баласы – өзінің әсер етуі жағынан қатерлі дертке тең, бұрын байқалмаған психологиялық күйге душар болып қалса, оны көтере алмайды. Адамзат – жер асты байлығының азаюы немесе жойылуынан, атом энергиясы бақылаудан шығып кеткендіктен немесе табиғаттың бұзылуынан өлмеуі мүмкін. Олар психологиялық ауырлықты көтере алмағандықтан, өзінің өміріне қол салады.
Мұндай жағдайда психологтың, яғни, менің мақсатым – болашақпен келісімге келуге жәрдемдесу. Яғни, оқушылардың түсінігін тереңдете отырып, жеке және әлеуметтік өзгерістердің барлығына да өзгелер секілді жауап қата білуге көмектесу. Мен мектепте оқушылар арасындағы аутоагрессия белгілерін анықтау мақсатында жылына екі рет көктем және күз айларында тест аламын. Айзенктің ТПЖА тесті және «Ағаш суреті» әдістемесі бойынша жұмыс. Бұл жұмыстан оқушылардың агрессия деңгейін анықтауда 80 – 90 % эффект береді, оларды анықтағаннан кейін түрлі психологиялық әдіс-тәсілдермен жұмыс істеймін.

Менің психолог ретінде өз пікірім, ауылда тегін көмек көрсететін психологиялық орталықтар ашуымыз керек.
Бүгінгі таңда жас отбасылардың психологиялық сауаттылығы өте төмен деуге болады. Баланың бірінші тәрбие мектебі – бұл әрине өзінің отбасы болып табылады. Демек дүние танымы төмен еш нәрсеге дайын емес балаларымыз мектепте өте қиналады. Мысалы, осы жылы дайындау тобына 120 бала қабылдадық. Балалардың мектепке даярлығын анықтау үшін параметрлер бойынша тексеріп шықтым. Солардың ішінде 10 бала оқуға жарамсыз. Ол балалардың медициналық қағаздарын ашып қарасаңыз дені сау деп жазылған. Ата-аналарға өз баласының ақыл-ой дамуындағы кемістіктері ешқашан байқалмайды, білген жағдайда да «менің баламның дені сау деп» тұрып алады.

Психологиялық тұрғыдан қарағанда баласының ақыл-ойының өз деңгейінде дамымағанын есіту ата-ана үшін өте ауыр жағдай. Мен психолог ретінде олармен барымды салып жұмыс істеп, түсіндіруге әрекет жасаймын. Мен мақсатыма жету үшін яғни балаға көмек беру үшін жылау керек пе жылаймын, күлу керек пе күлемін. Тек қана ойлайтыным осы баланың келешекте өз орнын табуы. 3 жыл бұрын дайындау тобында 1 оқушымның ақыл-ойы өз деңгейінде дамымағаны байқалды. Онымен 8 ай түзету – дамыту жұмыстарын жүргіздім, еш нәтиже берген жоқ. МПК сараптауына алып бардым, олар балаға «Легкая умственный отсталый ЗПР І – ІІ ур» деген диагноз қойып, тек қана көмекші мектепте оқитынын айтып, көмекші мектепке жолдама берді. Мен ол баланың ата-анасына түсіндіру жұмыстарын жүргіздім. Ата-анасы маған неше балағатты сөздер айтты. Мен ол сөздерді өзіме қабылдамадым, шыдадым, өйткені ол ата-ананы да түсінуге болады. Ал мен маман ретінде шыдауым керек. Тек қана ойлайтыным баланың келешегі.

Әрбір ауру баламен, өз маманы жұмыс істеуі керек. Ақырында, ата-анасын көндіріп, баланы көмекші мектепке тапсырдық. 3 айдан кейін әлігі баланың ата-анасы келіп менен кешірім сұрап, баласы көмекші мектепке барғаннан кейін, бойында жақсы өзгерістер байқалғанын айтты. Сол кезде бұл өмірде менен бақытты адам жоқ еді. Әрбір ауылда балалар үшін түзету – дамыту кабинеттері ашылуы қажет. Біз сонда ғана еліміздің әрбір қара домалақ балаларын мектепке қиналмай баратын дәрежеге жеткіземіз.

Кейінгі уақытта ақыл-ой кемістігі, БСА (ДЦП) және әр түрлі психикалық, неврологиялық ауру балалар өмірге келуде. «Не үшін?» деген сауалдың туылуы сөзсіз. Экологияның әсері ме? Немесе құрсағында бала көтерген ананың психологиялық күйзелісінің нәтижесі ме. Мысалы, мен де 4 баланың әкесімін. Кішкентайым 5 жаста. Сол балаларымды босанғанға дейін жұбайымның бір рет психологиялық көмек немесе түсіндіру жұмыстарына қатысқаны есімде жоқ, өйткені ауылдық жерлерде бұндай жұмыстар жүргізілмейді. Жоғарыда айтылған ауру балалардың ата-анасына оңай емес екенін барлығымыз өте жақсы білеміз. Ата-ана үшін 6 – 7 жасар баласының, тілсіз, әрекетсіз, өз тамағын жей алмағандығын көруден артық азап болмаса керек. Осындай ата-аналардың көңіл-күйлерін көтеру мақсатында соларға көмек беретін психологиялық орталықтар ашуымыз қажет және оларды балаларымен бірге «кондуктивті педагогика» әдісі бойынша жұмыстар атқаруымыз керек.

Бала біздің болашағымыз. Сондықтан да мен жас баламен мектеп оқушыларының болашағы үшін өз елді мекенімде психологиялық орталықтар ашу үшін көмек берулерін ауыл және аудандық әкімшіліктерден сұрар едім.
«Балам деген елің болмаса,
Елім дейтін бала қайдан болсын»-деп халқымыз бекер айтпаған.
Осындай қиыншылықтар мен өз жұмысымның нәтижесін ескере келіп, нағыз психолог, білікті маман болу үшін өз кәсібіңе сүйіспеншілікпен қарау керек деп ойлаймын. Психология – болашақтың мамандығы. Келешекте психология мамандығы өз деңгейінде жұмыс істейтініне сенемін.

Share.

Leave A Reply