Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

3 154 қаралым

Психолог маманның беретін көмегі

0

Ербол Армангүл,

10 «С» сыныптың білім алушысы

Петропавл қаласы, химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі


 

Әрбір адам үлкені де, кішісі де «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап іздейді. Кез-келген адам бір мамандық иесі болуды армандайды, біреуге ұқсағысы келеді, саналы түрде өзіне мақсат қояды, бір сөзбен айтқанда әрбір адам  өмірден өз орнын тапқысы келеді. Бір күні менде осыған ұқсас сұрақтың жетегінде болдым, бірақ жауап «өзі келді» деп айтса да болады.

«Мен кіммін?», жауап былай болуы мүмкін: «Мен, өзіме тән ерекшеліктерім мен қабілеттерім бар, қарапайым адаммын. Алдымда үлкен арман тұр. Қоғамда белгілі- бір орны бар, биікке талпынысы бар тұлға болғым келеді».

Мен осыдан екі жыл бұрын басқа мектепке ауыстым. Басқа мектепке ауысу маған «ауыр» болады деген ой болмаған еді.  Алғашқы жылы маған бәрі оңай болатындай көрінді. Өзімді бақытты сезіндім. Қоршаған ортаның барлығын өзімдей жылы шырайлы деп есептедім. Әйтседе, бұл адамшы сезім екен. Өйткені, мен әр түрлі деңгейдегі қиындықтармен кездесе бастадым. Алға талпынудың орнына, мен артқа қарай жылжи бастадым. Өзіме деген сенімсіздік пайда болып, қорқыныш сезімі өсе бастады. Мені ешкім түсіне алмайды деген ой жаңа қарым-қатынас орнатуға кедергі келтірді, сыныптастарымның арасынан жақын дос таба алмадым, сабақта белсене қатыса алмай, өзім ойымды жеткізе алмадым. Ата-анам алыста болғандықтан өзімді жалғыз сезіндім.

Бұдан әрі бұлай жалғаса беру мүмкін емес екендігін білген уақытта «маған психолог маманнның көмегі керек» деп түсіндім. «Психология әлемі» туралы менің хабарым болған, бірақ оның маңыздылығын жетік түсіне бермейтінмін. «Психолог маман сенің мәселеңді шешіп береді» деп естіген болатынмын. Бірақ бұл қате пікір екенін психолог маманмен жұмыс істеген уақытта түсіндім. Психолог түбегейлі мәселемді шешпейді, ол тек қана бағыт көрсетеді, ал шын мәнінде мәселені мен өзім шешемін. Психологтың сол сәтте берген көмегі ұшан-теңіз болды. Өзіңе көбірек позитивті сауалдарды қойған сайын, соншалықты алдыңа қойған мақсаттарың анықталып, түсінікті бола бастайды. Өзіңнің тілектеріңе сәйкес мақсаттар қойып, қандай ресурстар көмектеседі, соны табуға тырысу керек екен.

Ең бір қызығы мен өзімді өзге қырымнан тани бастадым. Бұрын өзімнің өлең жазу қабілетім барын білгенмін. Бірақ бойымда «жалқаулық» атты «тіршілік иесі» бар болатын, дегенмен бір парақ қағаз бен қалам алуға ол не  себепті маған кедергі келтіру керек деген сұрақ пайда болды. Шабыттана мен өлең жазуды қолыма алып, мектеп сахнасына шығып, өнерімді көрсете бастадым.

Бұл мен үшін жетістіктердің бірі болып табыла бастады. Жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие бола бастадым. Ол өзіме деген сенімділікті арттырып, басқа адамдардың алдындағы қорқынышымды реттеуге мүмкіндік берді.

Тығырықтан қалай шығу керек жолдарын психолог өзінің тәсілдерін қолдана отырып, маған жеткізе білді. Мен мәселелерімді шешу барысында психологтың берген көмегінің мәнін түсіне бастадым. Сен үшін ешкім ештеңе істемейді және себептіз ештеңе жасалынбайды. Бір нәрсеге шын ниетпен қол жеткізгің келсе, сол арманның орындалуына өзің белсенді қатысуың керек. Сонда ғана сенің ойлағаның орындалып, алға жылжи аласың. Мен қиындықтарды жеңу арқылы жетістіктерімнің дәмін сезінген уақытта оны түсіндім. Тек қана өзіңе қажет (ішкі қажеттілігіңді айқындауға мүмкіндік беретін) сұрақтарды қоюға ұмытпау керек.

Leave A Reply