Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

1 726 қаралым

Психолог — болашақтың мамандығы (эссе)

0

Аязбаева Тұрсын Жаркетқызы,
Психолог, «№ 1 мектеп-гимназиясы» КММ, Шалқар қаласы, Ақтөбе облысы

ХХІ ғасыр адамзат баласына көп нәрсені тарту етті. Осыдан екі жүз жыл бұрын аспанға ұшуды армандап, ұшқыр кілемді қиялдап жүрген адам баласына бүгінгі күні ғарышқа ұшу көрші ауылға қыдырғанмен бірдей үйреншікті жайға айналды. Қазіргі технологияның даму барысына қарап болашақта барлық шаруаны компьютерлер атқаратынын аңғару қиын емес. Автоматтандырылған қоғамның келуімен бірге көптеген мамандық өз күшін жойып, олардың керексіз болатындығы сондай әлгі кәсіп атаулары «уәзір», «ұста» секілді архаизм сөздерге айналып кетері сөзсіз. Ал керісінше кейбір мамандықтар үлкен сұранысқа ие болады. Психолог мамандығы сол қажет етілетін кәсіптердің бірі. Оған себеп атом технологиясын ұршықша үйірген адамзат енді Жаратушының өзінің ғана қолынан келетін адам бойындағы құбылыстарды жасауға ұмтыла бастады. Алайда адамның қолынан келмейтін нәрселердің барын мойындау керек. Солардың бірі — адам баласының ақыл-ойы мен жан-дүниесі. Осы жаратылысты жасау тек он сегіз мың ғаламның жаратушысы Хақ-Тәңірге ғана тиесілі болса, сол ғажайыптарды түсіну ерекше мамандық иесі психологтардың ғана пешенесіне жазылған.

Ой-сананың шектен тыс жұмыс жасауы пендені титықтатқан кезде оған осы мамандық иесі қол соза алады. Оның жан тыныштандырар сара сөздеріне әрбір саналы ой иесі зәру болары анық әрі оған өзін мазалаған ойды жеткізуге құштар болып тұрары сөзсіз.
Қазіргі заманда адамның тұтыну құралдарының дамуы артқанменен, адам бойындағы асыл қасиеттердің құндылығы азайып келе жатыр. Күн ұзағына пенделік қым-қуат тірлікпен арпалысқан адам бір сәт жабырқау тартқан жанына рухани қуат іздейді. Сол сәтте оның жағдайын түсініп, көмек қолын созатын адам – психолог қана. Психологпен әңгімелесу сананы сілкіндіріп, тұнық ойлардың тұма көздерін ашары бүгінгі күні дәлелденген шындық.

Тағы бір еске ұстайтын жайт – бала тәрбиесіндегі психолог мамандығының орыны. Бүгінгі баланы еш нәрсемен қызықтыра алмайсын. Барлық ақпарат құралдарымен қаруланған олар ересек адамдардан да өте көп біледі. Және сол білгендерін өзгелермен бөлісуге құштарланады. Осы кезде оның ақылшысы теріс бағытқа сілтеп жіберсе, бұл жайт болашақта өкініші кетпес оқиғалардың бастауы болуы мүмкін. Ал жоғарыда аталып өткен тоқтаусыз тіршілікпен арпалысып жүрген ата-ананың оған уақыты да, мұршасы да келе бермесі анық. Ал психолог маман бұл тұрғыда жас өскіннің жетіліп өсуіне, оның көк тіреген дараққа айналуына септігін тигізер бағбан іспеттес.

Адам баласын мазалайтын тағы бір үлкен жайт – тіршілікке күнбе-күн қауіп төндіріп отырған мүдделер қақтығысы. Адамзат баласының ақырына соқтыратын ядролық соғыстар мен түрлі қанды қақтығыстар осыдан туындайтыны айқын. Ал үшінші мыңжылдықта осындай жағдайлардың орын алуына мүмкіндік тудыратын себептер сәт сайын қайталануда. Осындай адам тағдыры ұстара жүзінде тұрған уақытта әр жүрекке мейірімділік шуағын ұялатып, адамдар арасындағы махаббат пен достықты, адалдық пен шыншылдықты, ақпейілділік пен дархандықты нығайта түсетін жан өте қажет. Осы қасиеттер де психолог бойынан табылады. Сондықтан психолог мамандығы өзінің өміршеңдігін жоймақ емес. Бұл кәсіп адамзат баласы тіршілік етіп тұрған уақытта қай кезде құндылығын жоғалтпайды. Өйткені ол – адам жанының рухани азығы, суалмас нәрі.

Share.

Leave A Reply