Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

1 241 қаралым

Отбасының бала тәрбиесінде алатын орны

0

Ахметова Гүлнар
Нұртас Оңдасынов атындағы Түркістан аймақтық «Дарын» мектеп-интернатының педагог-психологы

Отбасы – адамзаттың алтын ұясы. Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап сол ортаға бейімделіп ер жетеді. “Күллі ғажайыптардың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген адам” деген болатын грек философы Эпиктет. Бала әр ата-ананың болашағы, өмірінің жалғасы. Ата-ана өз баласының тәрбиесі үшін ел алдында жауапты болып балаларының парасатты, өнегелі, білімді азамат болып өсуіне қам жасаулары керек.
Хан ордасы, салтанатты сарайларда талай күн аунап-қунап жатып, өзінің шұрқ тесік құрым киіз лашығына қайтып оралғанда Жиренше шешен: «Айхай, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім», — деп жаны жай тапқан екен. Бұл аңызда үлкен шындық, терең мән бар. Әркімге, оның ішінде балаға өз үйінен ыстық, өз үйінен кең де керемет мекен жер жүзінде жоқ. Кавказ халықтарында «Нағыз жайлы орын: қылышқа – қынабы, отқа – ошағы, ер жігітке – өз үйі» — деген тамаша нақыл бар. Адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік те отбасында шын ықылас-пейілменен баланың көкірегінде орын тебеді. Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін шеше, бұлар – жанұя мектебінің ұстаздары болады. Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап-тілектері – баланың «әдепті бала» болып өсуі.  Сондықтан қазақ жанұясы әрдайым: «Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма» деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып, мейірімділікке, имандылыққа баулып өсіреді. Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды, сонымен қатар  балаларының ер-азамат болып, халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қояды.
Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі – әйел. Әйелдің бұл рөлі отағасының жамағатына, бала-шағаның анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас-қабағынан, жанарынан танығыштықпен нығая, биіктей береді. Әрине, әйел де өзінің аналық борышын ұмытпағанда, әсіресе, ерімен қабағы жарасып, тату – сүйіспеншілікте тұрғанда мәртебесі арта түспек.  Әйелдің еріне қарым-қатынасы балалардың әкеге көзқарасының сипатын анықтайтыны берік есте болуға тиіс. Мұның өзі, бір жағынан, үй ішіндегі әдептің бастау көзі екені анық. Демек, балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы арқылы қалыптасады. Мысалы, ерлі-зайыптылар балалар көзінше бір-біріне қатты, балағат сөздер айтпақ түгіл, дауыс көтеріп, керісуге тиіс емес. Олай еткенде, өз беделдерін жоғалтудың, бала-шағаның жүрегін шошытып, зәресін ұшырудың үстіне, олардың жанына кейін өздері үй болғанда, алдарынан шығатын жаман әдеттің ұрығын егеді. Бұл жағынан аналардың балаларға: «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» т.б. сияқты дәстүрімізде бар сөздерді айтып отыруы қандай ғанибет! Атақты «Абай» эпопеясында халқымыздың осыған орайлас қадірлі дәстүрін танытатын мынадай бір тағылымды эпизод бар. «…Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен, 13 жасар шәкірт бала – Абай аттан түскен бетте, амандасу үшін, шешеге қарай жүреді. Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан: «Әй, балам, анда әкеңдер тұр, әкеңе барып, сәлем бер!» — дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай кілт бұрылып, ортасында әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі». Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы осындай тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, онын тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық.
Ата-ананың бір-бірінің қадір-қасиетін осылайша ардақтап, беделін өсіруі, араларында өкпе-наз, кикілжің туа қалғанда, оны балалардан оңашада, екеу ара шешіп отыруы – шынайы инабаттылық, әдептілік дер едім.
Әрбір бала – дара тұлға. Бала тәрбиесінде ата-ана балаға қысым көрсетуден, бала көзінше дөрекі сөйлеуден, жат қылықтар көрсетуден аулақ болып, үлгі болуы керек. Сайып келгенде, қоғамда әдеп-инабат өлшемдерінің терең тамырланып, қең жайылуында отбасының маңызы орасан зор. Әрбір ұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне әдеп-адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмыстың негізі қаланбақ.
Баланы ең алдымен ата-анасы, сосын ұстазы, сонан кейін қоршаған ортасы тәрбиелейді. Еврей халқы баласына «сен ертең мықты азамат болып шығасың, сенің қолыңнан бәрі келеді» деп тәрбиелейді екен. Балаға бала деп қарамай, тұлға деп қарап, тағдырына жауапкершілікпен мән беріп, ертеңгі күнге ерте бастан даярлайтын болған. Қытайдың ұлы ғалымы Конфуций «Баланы 5 жасқа дейін еркелет, 15 жасқа дейін құлша жұмса, 15 жастан кейін досыңдай сырлас» деген. Ата-ананың өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқаруы, бір-бірін құрметтеп сыйлауы – бәрі де үлкен тәрбие мектебі. Балалардың үздіксіз дамуы, шығармашылық қабілетін іске асыруы отбасынан басталады. Сыртқы ортаның ерекше әсер ететін кезеңі – жасөспірім кезең. Көптеген балалардың мінезінің өзгеруі осы жасөспірім кезі. Жуас, тілалғыш бала бірден дөрекі, бірбеткей болып шыға келеді. Баланың 13 жастан кейінгі өтпелі жасында біршама проблемалар туындайды. Өзіне сенімсіздік пайда болып, мінездері өзгеріп кетеді. Сол кезде ата-ананың біршама шыдамдылық танытып, ақылмен, төзімділікпен жөнге сала білгені абзал. Баланың өзін-өзі бағалауы ата-анасының оған деген қарым-қатынасына байланысты. Егер баланың мінезіндегі теріс жағын байқаған ата-ана шыдамдылықпен, байсалдылықпен, кешіріммен қараса, ол сезініп жақсы жағына қарай бейімделе бастайды. Кейбір ата-аналар баланың үйде болмауына онша мән бермейді, бірақ, бұл қалыпты жағдайға айналып, бала психикасына әсер етеді. Егер баланы үнемі назардан тыс қалдырса, өзін-өзі бағалауы төмендейді. «Мен ешкімге керек емеспін, мен жаманмын» деген ой келеді де, өзіне деген сенімсіздігіне, бойкүйездігіне әкеледі. Оның түбінде қайғы, мұң жатады. Балаға үнемі мақтау сөз айтып, неғұрлым өзіне жақын тартып, жақсы көре білсе, «Менде бәрі жақсы, мен жақсымын» деп өзіне деген сенім пайда болады.
Жасөспірімдік шақ – адам дамуындағы өте қиын кезеңнің бірі. Дәл осы жеткіншек жаста тұлға болып қалыптасуға негіз болушы мінез құрылымы жүреді. Бұл жағдайлар бала ересек болуға ұмтылдырады. Әке-шешенің басқаруынан, мұғалімдерінің қарамағынан тыс шығуға талпынатын шақ та осы жас. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса, оны демеуші, жалғастырушы – ата-ана және отбасы. Бүгінгі жасөспірімдердің қылмысқа бой алдырып жатқандығы жан қиналтады. Жастардың қатыгездікке, қылмысқа бой алдыруы заман проблемасына айналды. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының тигізетін әсері мол. Сондықтан баламен шындап сөйлесу үшін орын мен уақытты таңдай біліңіз. Кіре берістегі, жол-жөнекей айтылған сөз бала көңілінде керекті із қалдырмайды деген парасатты пікірмен түйіндейін.

Leave A Reply