Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

3 876 қаралым

Ойын арқылы балалардың сөздік қорларын дамыту жолы

0

Апендина Гульмира Кабдрахмановна, Жолданова Айшолпан Балғабекқызы

«Балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі» КММ
тәрбиешілері

Балабақшадағы тәрбиелеу-оқыту жұмысында балалардың тілін дамыту, сөздік қорларын дамыту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдану, әрі оны күнделікті іс-әрекет кезіндегі тілдік қарым-қатынаста қолдана білуге жаттықтыру ісіне ерекше мән берілген.

Мектеп жасына дейінгі кезеңдегі балалармен сөздік жұмысын жүргізу ісі- тіл дамытудың негізгі бір міндеттері болып есептелінеді. Біз балалармен сөздік жұмысын жүргізе отырып, оларды айналасындағы заттармен таныстырып, атын атай білуге, қасиеті мен сапасын, түр-түсі және пішінін ажырата білуге, өмірдегі, қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар жайындағы ұғым, түсініктерін дамыта отырып, белсенді түрде тілдік қарым-қатынас жасай білуге үйретеміз.

Мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорларын дамыту ісінде тәрбиешінің:
— балалардың сөздік қорларын дамыту;
— жаңа сөздерді меңгерту;
— үйренген сөздерін тиянақтап, анықтап, әрі байытып отыру басты міндет саналады.
Осы аталған міндеттерді тәрбиеші үнемі сөздік жұмысын жүргізуде басшылыққа алып отыруы тиіс. Балалардың сөздік қорын дамытуда ойын, тапсырма, жаттығулардың орны ерекше. Соның ішінде ойын – баланың шын тіршілігі. Ойын арқылы бала айналасындағы нәрседен өзіне қызықтысына ықыласы ауып, таңдап алады. Баланың бір ерекше қасиеті сөйлеуден еш жалықпайды. Ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің артуына жол ашады. Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Ойын үстінде бала еш нәрсеге тәуелсіз. Ол өзін еркін ұстайды. Ал еркіндік дегеніміз барлық дамудың баспалдағы, бәрін білуге деген талпынысы мен құлшынысы. Баланың білуге деген құштарлығы, сөйлеуі ойын үстінде қалыптасады. Сөздік қорды дамыту ісін ұйымдастыру жұмысында ойын сабағы ең негізгі орын алады. Тәрбиеші бақылау, заттарды қарау, сурет қарау, жұмбақ шешу және құрастыру, саяхат, ойын-сабақтарын ұйымдастыру барысында балалардың сөздік қорларын дамытады.

Арнайы ойын-сабақ және сабақ мазмұнына қарай танымдық, дамытушы ойындарды, тапсырмаларды қолдану, балаларды заттарды бір-бірімен салыстыруға, оларды қасиетіне қарай ажыратуға және оны танып білуге үйретеді. Сөйтіп бала топтағы жасына сәйкес бағдарламалық міндетті меңгереді. Ойын ұйымдастыруда тәрбиеші өзі жетекші бола отырып, балаларды ойнай білуге, ойын ережесін сақтауға, әрі оларды ойната отырып, ойлануға бағыттайды, заттың атын немесе қасиетін есінде сақтап қалуға жол ашады, ойынға қызықтыра отырып зейінін, қиялын дамытады.

Сонымен балалардың сөздік қорларын дамытуда ойындарды, тапсырма-жаттығуларды қолдану үлкен нәтиже береді. Ойын арқылы балалардың сөздік қоры дамып, ауызша сөйлеу машығын игереді, таным белсенділіктері қалыптаса түсіп, ақыл-ойы өсіп жетіледі, әрі адамгершілік қасиеттер бойына сіңіреді. Міне, сондықтан да оқу-тәрбие үрдісінде әр түрлі ойындар арқылы баланы жан-жақты дамыту ісіне ерекше көңіл бөлеміз және бұл біздің ең негізгі алдымызға қойған мәселеміз. Сонымен, баланың сөздік қорын дамытумен қатар, тілін дамыту да ойын арқылы жүзеге асады.

Фото: firestock.ru

Leave A Reply