Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

2 330 қаралым

Оқушылардың таным процестерін дамыту

0

Калиева Дина Жақыпқызы,
Педагог-психолог, Өркен ЖОББМ балабақшасы, Өркен ауылы, Зеленов ауданы, Батыс Қазақстан облысы

Бастауыш саты оқушыларына арналған ойын сабақ

Мақсаты:
1. Оқушылардың таным процестерін дамыту арқылы жұмбақ мәселелерді шешуге, мағыналық жағынан ортақ, артық сөздерді табуға, ойлаудағы шапшаңдылыққа үйрету.
2. Оқушылардың сөздік-логикалық, көрнекі-бейнелі есте сақтау қабілетін, өзіндік іскерлік қасиеттерін қалыптастыру, қиял деңгейлерін дамыту.
3. Оларды ұйымшылдыққа, белсенділікке, заман талабына сай ойы жүйрік етіп тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: Ойын сабақ.
Жоспары:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Негізгі бөлім. Психологиялық тапсырма.
1. Тапсырма: «Ұқсас сөздер» ойыны.
2. Тапсырма: «Логикалық есептер» ойыны.
3. Тапсырма: «Санамақтар»
4. Тапсырма: «Сиқырлы дыбыстар» ойыны
5. Жаттығу. “Жылы лебіздер”
III. Қорытынды.

Жүргізілуі:
1. Тапсырма: «Ұқсас сөздер» ойыны
Мақсаты: синонимдерді анықтау дағдыларын дамыту.
Барысы: психолог ойын ережесімен таныстырады. «Балалар бұл ойында мен атаған сөзге, ұқсас сөз айтуларың керек». Мысалы: психолог «үлкен» сөзін ұсынады, балалар: «ірі, дәу, зәулім».
Мейірімді – жанашыр, жылыжүрек, жақсы.
Аласа – кішкентай, биік емес және т.б.

2. Тапсырма: «Логикалық ойын»
Екі сиырдың мүйізі қанша?
Бір мысықтың аяғы қанша?
Бес қойдың басы нешеу?
Үш адамның қолы нешеу?
Үш қоянның құйрығы қанша?
Екі жолбарыстың аузы қанша?
Үш тышқанның басы нешеу?
Бір бұғының мүйізі қанша?
1. Айжан мен Маржанның әкелерінің аттарын ата. Айжан мен Маржан – Асқар мен Мұраттың қыздары. Айжан Асқардың қызынан 2 жас кіші болса, бұлардың әрқайсысының әкелерінің аты кім?
2. Үш ағайынды. Арман, Аян, Аслан ағайынды үшеуі әр сыныпта оқиды. Аслан Арманнан, ал Аян Асланнан кіші емес. Бұл үйдің үлкені, ортаншысы, кішісі кім?
3. Қай ауылдың балалары? Әділет, Еркін, Ерлан үшеуі лагерьде кездесті. Бұлардың біреуі – Өркеннен, екіншісі Қарасудан, үшіншісі –Жұлдыздан келген. Ерлан мен Өркеннен келген Еркін екеуі бір бөлмеге орналасты, бұлардың екеуі де Қарасуда болып көрмегендігі болса, қай бала қай ауылдан келген?
4. Олар қандай баға алды? Әсем, Ардақ, Анар үшеуі математикадан бақылау жұмысынан қандай баға алғанын сұрағанда, мұғалім: “Ешқайсысың жаман баға алған жоқсыңдар, бірақ әрқайсыңның бағаң әр түрлі. Әсемнің бағасы «3» емес, ал Анардың бағасы «3»-те «5»-те емес”, – деді. Сонда әркім қандай баға алған?

3. Тапсырма: «Санамақтар»
Тауық, жөнін тауып,
Он жұмыртқа басты,
Өздерінше мықты
Төрт балапан шықты
Қанша қалғанын
Есептей алмай отырмын.
Он екі үйрек көріп ем,
Үшеуі ұшып кетті
Төртеуі суға түсіп кетті
Айтпауға сөз қалмады.
Қаншасы орнынан қозғалмады?
Үш алманы бақтағы
• Кірпі алып жинады
• Ең әдемі біреуін
• Ақ тиінге сыйлады.
• Ыдыстағы алманың
• Санап көрші қалғанын

4. Тапсырма: «Сиқырлы дыбыстар» ойыны
Мақсаты: ойлауды, берілген дыбыспен сөзді атау іскерлігін дамыту.
Барысы: Мұғалім балаларға сиқырлы дыбыстармен ойын ойнауды ұсынады:
— «Ш, Ж, С» дыбысына басталатын сөздерді атаңдар.
— «Р» дыбысы бар көкөніс, жеміс-жидектерді (жүгері, алмұрт, қарақат), «Л» дыбысы бар заттарды (үстел, гүл, қаламсап) атаңдар.

5. Жаттығу: “Жылы лебіздер”. Оқушылар тұрып бір-бірінің қолдарынан ұстап оң жағындағы достарына жылы тілек, лебіздерін айтып шығады.
Сабақты бекіту: Оқушыларға бірнеше сұрақтар беріледі.
Бүгінгі сабақ сендерге ұнады ма?
Не үйрендік?
Қандай тапсырмалар орындадық?

Leave A Reply