Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

11 718 қаралым

Менің сүйікті шәкіртім / Ой толғау

0

Есенбаева Бағила Әуезханқызы,

Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің жоғары санатты мұғалімі, №81 орта мектебінің №81 мектеп директоры, Қызылжар елді мекені, Арал ауданы, Қызылорда облысы


Мұғалімнің бүкіл мақтанышы шәкірттерінде,

өзі шашқан ұрпақтарының өсіп — өнуінде.

Д.И.Менделеев.

«Ұстаз» — ұлағатты салиқалы тағылымды ақпараттарды зерттеуші болса, «шәкірт» — шеберлігі әлсіз күнделікті ізденуді растайтын тұлға деп қарастырамыз.

Шәкірттердің ең сенімді ұстазы,сыр жасырмай ашық айтатын адамы мұғалім деп Ғ.Мүсірепов айтқандай бір-бірімен тығыз байланысатын егіз ұғымның бір арнамен тоғысатыны баршаға белгілі. Ұстаздық пен шәкірттік адам баласы арақатынасының ең бір абзал әрі мағыналы да мәнді түрі.

Ұстаздан жақсылыққа тәрбиелену, өзі бақытты болып,өзгелерді де бақытты ету жолына үйрену дегенге саяды. Жалғыз екенсің, ізіңнен ерген ізбасарың болмаса, онда құның да шамалы,шәкіртсіз ұстаз да бұтақсыз қу ағаш сияқты.

Шәкірт үшін ең жоғары адамгершіліктің үлгісі ол – ұстаз. Сондықтан ол оқушы жүрегінде ұмытылмайтын өшпес із қалдырды. Шәкірт тәрбиелей жүріп, өзіміз де үйренеміз. Өз шәкірттеріміздің әрбір істен нәтиже шығарып, қуана білуіне үйрете білсек, бағыттасақ, ол біздің мерейіміздің үстем болғаны емес пе?

Ана сүтін дене үшін табиғат әзірлесе, шәкірттердің рухын биіктету үшін біздің мұғалімдеріміз де өз үлестерін қосуда. Алдымызда бізге сеніп тапсырылған бала, ертеңгі қоғамның бір белді тұлғасы болмасына кім кепіл?

Шәкірт туралы ой қозғағанымда, ең алғаш ұстаз болғаным есіме түседі.

Жазылмаған ақ парақтай тап-таза, көңілінде еш алаңы жоқ аңғал, сенгіш пәк шәкіртті тәрбиелеп, оған ой салатын, сөзімізбен өрнектейтін біздер -ұстаздармыз. Сиямен ақ қағазға жазғандай етіп, білімімізді үйрету, біліктілігін қалыптастыру біз үшін үлкен жауапкершілікті іс. Сол шәкірттердің ыстық суығына сүйсінбейтін, күйінбейтін ата-ана да, ұстаз да жоқ емес.

Шәкіртім, ақ көңілді ақ балапан,

Ұстазбын қия кетсең қақпалаған.

Кірпіш болып қалансаң бақыттысың,

Томағаңды сыпырып жолға салам.

Ең алғаш ұстаз болып өзім бітірген мектепке келген қадамым есімнен еш кетер емес. Өйткені, мен де тұлымшағы желбіреген бір кездегі шәкірт болған, аңғалдығым да, балалығым да, шалалығым да өткен киелі орын еді. Мен үшін ең қымбат көрінетін мектеп ордасына үлкен сенім жүгін арқалап, алдымдағы көздері жәудіреген балаларға ұстаз болып келу мен үшін қайталанбас өмір еді. Түні бойы дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Неге екенін қайдам, біртүрлі бүлдіршіндердің алдына барған кезде қалай өзімді ұстауым керек деп сан рет айтатын сөзімді қайталап дайындалумен болдым. Үлкен айнаның алдына барып, шәкірттерге күлімсіреп бастайтын сөздерімді айтудан жалықпадым. Көптен күткен ұстаздың білім сапарына бастайтын қасиетті күні де келіп жетті. Мектеп алды ығы — жығы халық. Сұр көйлек пен ақ фартук киген қыздар, костюм шалбар мен ақ көйлектерін сықита киіп, қолдарына шоқ гүл ұстаған оқушылар легінен көз тұнады. Менің де шәкірттерім осы топтың ішінде тұрған шығар деп ойладым да, сәлемдесіп өте шықтым. Біртүрлі толқып тұрған тәріздімін. Өмірімдегі ең алғаш толқып, қорыққан сәтім де осы шығар. Кенет жиын да басталып, менің баратын сыныбымның аты -жөні аталғанда, көзім жыпылықтап, аяқ-қолым дірілдеп кетті. Директор мені ертіп бастауыш сыныпқа апарды. Бастауыш сынып балалары үрпиісіп орындарынан тұрды. Сыныпта өзім қалғасын балаларға көз жүгіртіп өттім де, мұғалімге тән әрекеттерді жасадым. Бастапқыдай емес бойым үйренісе де бастаған сияқты. Балалармен балаша тіл табысып, күні бойы солардың айтқан өтінішін, әр түрлі сылтауларын тыңдай бердім.Тіпті біреулері еркелегені сондай, мойныма қолын салып алыпты. Қатты сөйлесем көңіліне келер деп ештеңе демедім. Қолымнан келгенше, балалардың көңілінен шығуға тырысып бақтым. Бастауыш сыныпта жүргенде, өзім де бала сияқты кішкентай нәрсеге тез қуанып, тез ренжіп қалатынмын. Балалармен бірге әңгімелесіп, олар өз отбасындағы хикаяттарды айнытпай айтып беріп, ішек сілем қатқанша күлетінмін. Бірде 1-сыныпта Әліппе сабағын өтіп жатқанмын. Кенеттен менің сабағыма қатысайын деп мектептің директоры келді. Әдеттегідей дидактикалық материалдарымды жайып, сабақты түрлендіріп өткізгелі жатқанмын. Бүгін өтетін әріп Л л дыбысы мен әрпі.

Балалардан «Л» дан келетін сөздерді сұрап жатқанымда, Нұрболат есімді шәкіртім апай, Лақ дегені, -Жақсы, енді осы сөздеріңді қатыстырып сөйлем құраңдар дегенім сол ақ екен. -Апай,- деді әлгі оқушым, жалт қарасам тағы да Нұрболат екен. Бірдеңені ішім сезсе де, айта ғой, балам- дедім. Мен лақты қуып ұстап алдым да, оны сойып жеп қойдым дегені. Артта соны айтуы мұң екен, директор шәкіртіме басын бұрып, «Әй, ол лақтың сойып жеп қоятындай не жазығы бар еді»,- дегені. Бір жағынан шәкіртім директордың немере інісі еді. Директорға қарасам, екі иығы селкілдеп күліп отыр. Балалар мені аңдып отырғандай болды. Мен күлсем, бәрі де күлкіге қарық болатын түрі бар. Сондықтан тек өзімді ұстап қалдым. Үзіліске әрең шыдадым. Сабақ аяқталуы мұң екен, мұғалімдер бөлмесіне барып, әріптестерімді күлдірттім.

Әрбір шәкіртімнің қимылы, жасаған қылықтары мен үшін қайталанбас бейнелер. Алғашқы ұстаз болған кезімде өзіме ыстық көрінетін осы бір сынып балалары дүниедегі балалардан өзгеше, артық көрінетін. Жұмыста да, үйде де тек шәкірттерімнің қылықтарын ойлап жүретінмін. 16 шәкіртімді әлі күнге дейін ұмытқан емеспін, ұмытпаймын да. Себебі: олардың өмірге деген қызығушылығын ояттым, өз баламдай аянбай тәрбиеледім, жақсылыққа сүйсініп, жамандықтан жиренуге шақырдым. Олардың қуанышына ортақтастым, кемшін тұстарына күйіндім де. Шәкірттік қиялына ой да,сана беретін де ұстаз емес пе? Олардың жүрегіне кірбің түсірмей, мейіріммен қарадым. Барынша әділ болуға тырыстым, әділ болсаң, шәкірт өзіңе жақын болады. Шәкірті жоқ ұстазды мылқау ұстаз деп те жатамыз. Олай айтылатын себебі: шәкіртпен етене жұмыс жүргізбеген, оның жақсы ісіне мән бермеген адам ешуақытта да шәкірт жүрегін жаулай алмайды.

«Ұстазы мейірлі, шәкірті пейілді» деп тегін айтылмаса керек. Өз мейіріміңді күн сәулесіндей аямай төгіп, шәкірт те пейілденіп тұрса, одан өткен бақыт бар ма?! Менің бір қуанатыным, шәкірттерімнің әлі күнге шейін мектеп қабырғасын аяқтағандарына жеті жыл өтіп кетсе де, ұмытпай балалық шақтарын, берген сабақтарымдағы қызықты сәттерді айтып, еске түсіруі мен үшін үлкен дәреже. Әсіресе шәкірттік тілектерін естіген сәтте төбем көкке бір елі жетпей қалады. Бастауыш сыныптағы шәкірттерімнің мені таңқалдырған тағы бір жағдайы бар. Қызмет бабымен ауылдағы «Рауан» бала бақшасына меңгеруші боп ауыстырылған кезім еді. Тәрбиешілермен жұмыс жүргізіп жатқанмын. Сізге қонақтар келіп тұр дегені. Келсін деп ішке кіргізуін тапсырсам, топырлаған сынып болып баяғы бастауыштағы сабақ берген шәкірттерім келіп тұр. Келе «апай, бізді тастап неге кеттіңіз?»,- деп кабинетті басына көтеріп қыздар жылап қоя берді. Бұндай болады деген ой менің басыма келген емес. Балалардың еңкілдеп жылағанына менің де көңілім түсіп, оларды құшақтап жылағаным бар. Басу айтатын адам да жоқ. Сонымен әйтеуір бір тоқтамға келгенбіз. Не деген шәкірттік өтініш десейші?

Шәкірттерімді отырғызыып, жағдайды түсіндіріп, кейін барамын деп шығарып салдым. Бірақ балаларымның «неге тастап кеттіңіз, апай»,- деген сөзі есімнен шықпай, мені әуреге салды. Балалардың көз жасы ма, білмеймін, көп ұзамай- ақ балабақшаға қысқарту келіп, жабылып қалды. Амал жоқ, мектепке қайтып бардым. Барсам, әріптестер күліп қарсы алды. Әсіресе, менің баяғы шәкірттерімнің қуанышында шек жоқ еді. Ол кезде менің сүйікті шәкірттерім 5 –сынып оқып жатқан. Дегендей келдің, өз сыныбыңды ала ғой,- деп шәкірттерімді қайтып алғаным есімнен еш кетер емес. Менің сүйікті ұстаз атануыма да осы шәкірттерімнің көп көмегі тиді. Жүздерінен үнемі білсем, үйренсем деген көзқарасты сезген сайын, еңбегімнің еш болмағанына іштей қуанатынмын, әрі бақытты жандай сезінетінмін. Шіркін, бала бағбаны болудан артық ештеңе жоқ шығар деп кейде ойлайтынмын. Шәкірт бойында ықыласты оята білгенім, менің де аянбай еңбек еткенім деп есептеймін.

Өзіңді шәкірттердің іздеп жүруі, мақтан тұтуы – ұстаз үшін баға жетпес бақыт.

Адам өзінің айрықша сыйлайтын, сенетін, тәнті болып, мақтан тұтатын кісінің айтқанын екі етпейді, тапсырмасын ауырсынбайды, оны шын пейілі, ықыласымен, бар ынтасымен және шабытпен орындайды. Менің шәкірттерім де дәл осындай еді. Шәкірт бойында ынта- ықылас оянбаса, онда еңбегіңнің зая кеткені.

Түсінгендіктің шын белгісі «иә» деген жауап емес, шәкірттің жүзіндегі қуаныш табы деген ұлылардың сөзі де осыны дәлелдегендей.

Ұлы педагог Ян Амос Коменскийдің: «Бірақ осылайша мұғалімнің де оқушыға өзінің тәлімдерін үйретуден бұрын, алдымен оның бойында білім алуға деген талпынысты оятып алуы қажет екенін ойлайтын біреу бар ма екен», — дегенінен шынайы ұстаздық еңбектің мәнді жағы неде екені ғана емес, әдетте, нақ сол мәселеге көңіл бөлінбейтіні кей кезде аңғарылады.

Бұрынғылар «Ұстазды атаңнан да әзіз тұт» десе, өз заманының әйгілі қолбасшысы Ескендір Зұлқарнайұлының Аристотельді, Абылай ханның Төле биді, ғұлама оқымысты әрі ұлы ақын Шәкәрімнің Абайды, Бердақтың Күнқожаны, Шыңғыс Айтматов пен Орта Азиядағы туыстас түрік елдерінің осы заманғы көптеген дарынды өкілдері мен қазақтың аса көрнекті ақын жазушылары, ғалымдарының Мұхтар Әуезовті ұстазым деп шексіз ардақтағаны және ардақтап келе жатқаны соның айғағы. Шәкірт жасау нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді.

Шәкірт тәрбиелеу – өте күрделі процесс. Олардың жеке бас қасиеттерін тәрбиелеу олардың қабілетінің дамуының шешуші шарты. Шәкірттерімнің бойына еңбексүйгіштік, табандылық тәрізді қасиеттерді сіңіру үшін аянбай еңбек етуіміз қажет ақ. Еңбек қуаныш пен шаттықтың көзі. «Мұғалім өз ісіне жан — тәнімен берілген артист, суретші болуы тиіс»,- деп А.П.Чехов айтқандай шәкірт тәрбиелеуде мақсат қою, жоспарлау, оны орындау сияқты кезеңдер қамтылады. Шәкірт- өміріміздің жалғасы, халық мұрагері.

Шәкірт- ұстаз алдында ғана мәңгі шәкірт болса, өз үйінде ол ата-анасына бала болып қала береді. Балаға, мектептегі шәкіртке берілетін шексіз адал махаббат бар. Ол үйде – ана махаббаты, ал мектепте – ұстаз махаббатына бөлену емес пе?

Сезімсіз жандар – ол жаралы аңмен тең, ол табиғат қатесі, сезімсіз ана, сезімсіз ұстаз сирек кездесетін ерекшелік деп білемін. Ең ауыр жарақат қартайған шағыңда ер жеткен балаларыңның үйінен де, оның жүрегінен де саған орын табылмағанына жүрегің сыздап, жаның ауыратыны сияқты, мектептен өз алдыңнан білім алып шыққан шәкірттеріңнің саған селқос қарағанынан өткен қатыгездік жоқ шығар.

Табиғаттың ең бір үлкен сыйы- ұстаздың шәкірт жүрегінде мәңгі ойып орын алып қалуы. Егер шәкірт жүрегінде мәңгі қалсаң, онда сол бала жүрегінің кілтін дұрыс тапқаның. Ондай құпия кілтті табу үшін асқан қабілеттілік, байқағыштық, елестету, әдептілік өте қажет. Парасаттылықпен өз сеніміңе құрметпен қарай білсең ғана шәкірт құрметтісіне айналасың, өз ісіңнің хас шебері атанасың. Шәкірттерімнің ішінде есімде қалғаны, өмір бойы сол шәкіртімнің көзқарасы жадымнан еш шығар емес. Өмір- өзен, аумалы да төкпелі. Сондай кезеңдердің бірінде орта буындағы сыныптарға қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ бере бастағанмын. 8- сынып оқушыларына аптасына үш — төрт рет қана баратынмын. Ол оқушымның қызығушылығы, өмірге құштарлығы тек қана көзінен білінетін. Сабақта соңғы партада елеусіздеу болып көрінгенмен, оның ұшқыр ойы, үкілі үмітінен көп нәрсені күтуге болатын. Ауылда ең қарапайым отбасында тәрбиеленген ол, өзі қатарлы балалар құсап, жарқырап киіне де алмады. Сонысынан ба, жүзін төмен салып,төменшіктей беретін. Бірақ тіл дамыту сабағында оның жазған шығармасын тыңдап отырған жан құлағын түрмей қалмайды. Себебі: өмір толғаулары туралы жазған мақала, өлеңдерін оқып бергенде, сынып сілтідей тынатын. Үнемі тұнжырап отыратын шәкіртімнің сондағы жүзін көрсең, танымастай өзгеретін. Шабыттанып оқыған шығармасы оған қанат бітіргендей. «Адамды киіміне қарап емес, біліміне қарап бағала»,- деген де осы -ау деп ойлайсың. Назым есімді шәкіртімнің бойындағы өмірге құштарлығын сабақ беру барысында байқап, өзіме жақын тарттым.

Ынта қойып, тапсырылған іске ерекше ықыласпен кірісетін шәкіртіме жауапты жұмыс тапсырдым да. Ол ғылыми жоба байқауына қатысу мүмкіндігі еді. Тақырыпты бірлесе отырып таңдап, аймақ, аудан, облыс көлеміне дейін шарықтап шығуына өзінің адал еңбегі арқылы жетті. Таңдаған тақырыптың өзектілігі, мақсаты, проблемалары, ұсыныстар туралы ой тұжырымдап, ерекше мән беруі оның қанаттанып биік белестерден көрінуіне бірден — бір себепші болды. «Тамшыдан теңіз құралады» демекші, өз шәкіртімнің де мектеп қабырғасын бітіргеніне жылдың жүзі болды. Бірақ сондай табандылықпен әр іске кірісетін шәкіртім, ақыры өзі таңдаған мамандықтың ізінде білімін жалғастыруда. Тамшының тас тесетіні сияқты талай еңбектің арқасында осы дәрежеге жеттім, «сіздің мен үшін еңбегіңіз зор», — деген сөзі әлі күнге құлағымда. Өткен заман ғұламаларының бірі айтқандай, «жақсы мұғалім жақсы шәкірт жасайды» дегендей сүйікті ұстаз болу үшін, шәкірт жүрегінен орын алуымыз қажет-ақ. Салмағы ауыр осы бір сөзден көп ой түюге болады. Елдің ертеңі, келешегі – біздің қолымызда. Халық сенімінен шығу үшін алдымыздағы шәкірттерді ұлттық мінез-құлықпен тәрбиелеп шығаруда аянбай еңбек етуіміз керек.

Шәкірттерім талмасын қанаттарың,

Таудай болсын қолға алған талаптарың.

Өмір – дастан өрелі болсыншы деп,

Өрнектеймін сөзімнің парақтарын. Шәкірттерімнің ертеңінен үміт күтемін. От жалынды мінездерінен, үкілі үміттерінен, тау қопарар қиялдарынан, екпінінен бұлт үркетіндей, тау ықтырар жүректі де, сүйікті шәкірттеріммен мақтанамын.

«Ұстазы пейілді болса, шәкірті зейінді келер» — деген халық мақалы да осыны құптағандай.

Сурет ғаламтор беттерінен алынды.

Leave A Reply