Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

698 қаралым

Менің сүйікті мамандығым

0

Мендигарина Гаухар Габдол-Газизовна,
Психолог, «Аққұдық орта мектебі» КММ, Хромтау ауданы, Ақтөбе облысы

Эссе

Мен бұл мамандықты неге таңдадым? Бұл мамандық жан-жақты зерттейді. Мен- дем беруші, бағыт көрсетуші, құтқарушы психологпын. Менің басты бағытым, өмірге еш өшпенділіксіз, қорқынышсыз қарауды балалардың санасына жеткізу. Балаларды алға ұмтылуға, алда ғажайып нәрселердің бар екендігін, жақсы өмірдің кілтін аша алатындарына сендіру!
Мен үшін психолог мамандығы не? Ол кең мағыналы.
Мектеп психологы – бұл:
«үйретуші, оқытушы» емес, баланың өз-өзін танып-білуге көмектесуші адам;
бала жанын ұғатын, жанашыр, үлгі- өнеге болар тұлға;
баланың қабілетін ашып, дамытуға мұрындық болатын қамқоршы;
баланың болашағына сеніп, мүмкіндігін арттыру жолын білетін қолдаушы;
мақсатқа жету құпиясын ашуға көмектесетін жетекші;
баланы өз-өзіне сенімін күшейтіп, алға ұмтылдыратын жаттықтырушы;
Мен әр кезде өз әлемімді балалармен бөлісуді, оларға дем беріп,олардың жан-дүниесіне үңіліп, олардың бүгіп, ұялып, сыртқа шығара алмай жүрген ойларын іске асыруға ұмтылдырамын. Мен оқушылардың, балалардың күнделікті өмірден бір сәтке болса да шығып, өздерін жаңа қырдан танып, өздерін жақсы қырдан көрсете алуларын айтып, өмірдің әр сәтін тек жақсылыққа, артынан өкінбейтін жақсы істер жасауына, жастық шақтарын босқа өткізбей, өмірден дұрыс жол таңдап, тек қана алға ұмтылуларын қалаймын. Осы жерде ұлылардың «Өзіңді біл, таны, аш сол кезде әлемді де біліп, аша аласың» сонымен қатар «Жаныңды ұсақ уайым, болымсыз қам-қарекет дертімен былғанудан сақтаңыз» деген нақыл сөзді айтқым келеді.
Мен – жол көрсетушімін.
Қасыңда келе жатқан адам. Біз кей уақытта өзімізді жалғыз қалғандай сезінеміз. Сондай кездерде ойымызды алыстағы адамдарға жүгіртіп, соларды іздейміз. Бірақ менің мақсатым бала тек қана өзінің жанындағы адамды іздеп тауып, сол адаммен өзінің көңіл-күйін, ішкі сезімін, жан-дүниесімен бөлісіп, өзін босқа кінәлай бермей, сол адамнан қолдау тапса деймін.
Мен – мұғаліммін.
Мен күнделікті ұсақ-түйек шаруаға күш жұмсауға дағдыландырып, өзіңнің ішкі дүниеңдегі ғажайыпты көре білуге үйретемін. Әлем айна сияқты, әр күн сайын өз бейнеңді көріп тұрасың, өз мойныңа жауапкершілікті ала білуге, берген уәдеңде тұруды үйретемін. Менің өзіме деген сенімімді жоғалтқандай сезінген кездерімде, жұмысқа деген құлшынысым азайғанда мен «Алланың адамға берген ең үлкен сыйы, оның өмірі» екенін есіме аламын.
Адам кей уақытта өзіне деген сенімін жоғалтып, күйзеліске ұшыраса да,өмірге деген сенімін, құштарлығын жоғалтпай, тоқтамастан тек қана алға ұмтылуы керек екенін ұмытпауы тиіс. Қандай қиын жағдай болсада бар күш-жігерін жинап, алға ұмтылса ғана барлығын жеңіп, жүрегінде де, жан-дүниесінде де тыныштық орнайтынына, барлығы тек жақсы болатынына сенуі керек. С.Торайғыровтың «Адамның ең ұлы қасиеті бақытты болуға ұмтылу» дегім келеді.
Менің өмірдегі басты мақсатым – балалар өмірге еш қорқынышсыз, зұлымдықсыз қарап, олар алдарында бір ғажап жұмбақтың шешімін табатындарына және де алда ашық, жарқын күндер күтетініне сенсе екен деймін.
Психологиялық жұмыс – адам жанымен жұмыс, адам ойымен, жеке тұлғамен жұмыс. Бүгінгі біздің қоғамда жаһандану үрдісімен келген қиыншылықтар көбейіп жатыр. Көгілдір экранды жаулап шетелдік фильмдер, түрлі діни бірлестіктер шетелдік арзанқол музыкасы т.б. жастарымызды улап жатқаны жасырын емес. Олардың бәрі жастардың көңіл-күйіне, психикасына әсер етуде. Яғни, тәрбие жұмыстарындағы мәселелер бәрімізге ортақ. Мұндай келеңсіз істермен күрес жүргізу бірінші кезекте тұр. Халқымыз көне заманнан келе жатқан «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» даналық сөзін ұмытпауымыз керек. Ендеше сіз бен біздің жұмыстарымыз нәтижелі болып, жаңа табыстарға жетейік, сіздерге әрқашан да шығармашылық табыстар тілеймін, береке- бірлігіміз жараса берсін.

Суретте: Г.Мендигарина

Share.

Leave A Reply