Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

5 938 қаралым

Менің мамандығымның ерекшеліктері / эссе

0

Асаубаева Замзагуль Тауфиховна,
Психолог, «Кеңгір селосының №2 ЖОББМ» КММ


Қиындықсыз өмір жоқ, алға қарай батыл қадам жасасаңыз бәрін де жеңуге болады. Менің жылдар бойғы тәжірибем осыған кәміл сенуіме ықпал етті.
Арман қуып, қашан мектеп бітіремін, қай оқуға түсемін, кім боламын деуші едім. Неге екенін білмеймін, сол кезде менен басқа бала мұғалім мамандығына қызықпайтын. Сол кезеңдегі мұғалім жұмысының ауырлығы ма, нәтижесінің алыстығы ма, әлеуметтік жағынан әлсіреуі ме, білмеймін.
Керісінше, көпшіліктің осы пікірі менің ұстаз болуға деген ынтамды арттыра түскендей. Ұстаздарымның ұлағатын, қайсарлығын, мамандығына деген құрметті көргенде, қызығы мен қиындығы бірге жүретін мұғалім мамандығына деген ықыласым арта түсетін.

Сөйтіп 2008 жылы Қостанай қаласындағы ҚМПИ-дің филология факультетін бітірдім. Сырттай оқып жүріп, 2005 жылдан бастап еңбек жолымды ұстаздықпен бастадым. Жұмыс жасай жүріп, дипломымды қолға алып мектепке келгенде: «Енді сен нағыз мұғалімсің, халықтың баласын тәрбиелейсің, бала деген жас шыбық сияқты, қалай исең, солай икемделеді, яғни өте жауапкершілігі зор мамандық иесі болдың, шәкірттеріңнің болашақ өміріне жол салушысың, осыны ұмытпа» деп ағалық ақылын айтып, мені мектепке жұмысқа қабылдаған мектеп директоры болатын.
Аз ба, көп пе ұстаздық еткен 11 жылдан астам уақытта алдымнан түлеп ұшқан шәкірттерімді көргенде менен асқан бақытты адам жоқ сияқты.
Ұстаздық қызметіме көңіл толып, өз мамандығымды мақтан етіп өмір сүріп келемін, өмірге деген көзқарасым жарқын. Маған үнемі ағалық-апалық, құрбылық өсиеттерін айтып, қолдап жүретін әріптестерім де көп.
Қызығы мен қиындығы қатар жүретін осы мамандыққа мен қалай келдім деген сұрақ көп мазалайтын. Сол сұрағымның жауабын іздеумен жүретінмін. Ал осы 11 жылдың алғашқы 3 жылын өз мамандығым қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып, одан кейінгі 7 жылды мектептегі әлеуметтік педагог қызметін атқарып, соңғы 1жылын педагог-психолог мамандығына арнаған екенмін.Мектеп қабырғасында жүргеннен кейін мен үшін бұл мамандық етене жақын десем де болады.
Ұстаз – мектептегі білім мен тәрбиеге аса назар аударса, ал психолог бала жанының емшісі, қолдаушысы, көмекшісі. Психолог мамандығының ерекшелігі осында. Біздің болашағымыз жас ұрпақ десек- олардың еш алаңсыз жеке тұлға болып қалыптасуы үшін психолог мамандардың атқарар қызметі ерекше деуге болады. Психолог өзгелердің жанын ауыртпайды, керісінше күйзеліске түскен жандардың жанына дауа іздейді. Міне, осыншама жақсылық атаулыны жүрегіне, ақылына, санасына жинаған ізгі жан иесі психология мамандығын таңдауымның басты себептері осындай. Себебі мен өз басым адамдарға жақсылық жасағанды қалаймын. Сол жасаған жақсылықтарымның қайтарымы бола ма, жоқ па деген ой да мазаламай қоймайды.
Психолог мамандығы- ғажайып мамандық. Өйткені біз- психологтар жабырқаған көңілге қуаныш сыйлаймыз. Мазасызданып, қорқынышқа тап болған жандар болса, болашаққа сеніммен қарауға жетелейміз. Өз бойындағы осы бір жағымды сезімдер өз мамандығыңа деген құрмет пен қызығушылықты оятады екен. Жасөспірім шақта ата-анасына, құрбы-құрдас, дос-жаран, туысқандарына ашыла алмаған бала сенің алдыңа келіп ашылып жатады. Бұл да болса психологтың басқа мамандарға қарағандағы ерекшеліктерінің бірі. Бұл дегенің алдыңа келген жанның саған деген сенімінің жоғары екенін көрсетсе, сен үшін осы жандар үшін мен тағы да не істей аламын деген ниетпен өз мамандығыңа үңіле қарап, құлшына жұмысқа кірісу деген сөз. Қазір мен мектепте психолог бола жүріп, әр бір күн сайын мектеп оқушыларында, ата-аналарында, ұстаздарда кездесетін қиыншылықтар мен проблемаларымен бетпе-бет кездесіп өз білімімді шыңдау, іздену үстіндемін десем артық айтпаған болар едім. Бұл мен үшін психология мектебі. Мектеп психологының негізгі жұмысы оқушымен, ата-анамен, мұғалімдермен екені белгілі. Сондықтан ата-анамен, мұғалімдермен жұмыстың дұрыс бағытын тапсаң ғана еңбегің нәтижелі болмақ.
Заман талабына сай жан-жақты тұлға тәрбиелеп оқыту жолында өзімді психолог маманы ретінде атқаратын жұмыстарымның негізгі бағыттарына тоқталып өтсем деймін.
Мектептегі психолог баланы мектеп қабырғасына алғаш келген күннен бастап мектеп бітіргенге дейін зерттеп, сүйемелдеу жасайды. Өз жұмысымда әрбір оқушының жан-жақты білімді, білікті және тәрбиеленген тұлға болып жетілуіне барынша ықпал жасаймын. Баланы жеке тұлға ретінде қалыптасыру мен дамытуда мұғалімдерге, ата-аналарға, оқушыларға психолог көмегі шексіз. Сондықтан да көбіне ұстаздармен де тығыз байланыс жасап отырамын.
Осы білім ошағында еңбек етіп, өзімді таныстырып, оқушыларды өзіме тартып, әр оқушының психологиялық ерекшеліктерін тани бастадым. Балабақшадан бастап балалардың ерекшеліктерін, қасиеттерін күнделікті жоспарлы жұмыстарда бақылап, дамуына жағдай жасаймын.
Мектепте педагогикалық ұжым ондағы қызметі, отбасындағы түсінушіліктің алдын-алу, оқушылардың эмоциялық қарым-қатынасын жақсартуға бағыт беру, 1-ші сыныптың мектепке, ал 5-ші сыныптың орта буынға бейімделуіне қолдау жасай отыра, әр өтпелі кезең балаларымен жұмыс бағытын жоспарладым. Сондай-ақ жаңадан келген оқушылармен, дарынды және үлгірімі төмен оқушылардың ерекшеліктерін ескере отырып , ғылыми негіздерге, ғалымдардың әдістемелеріне сүйене жұмысымды атқарып жүрмін.
Бүгінгі күнгі барлығымызға ортақ мақсат- жасөспірімге білім мен мәдениеттің негіздерін беру және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдайлар жасау.
Баланы әлеуметтік қорғау, психологиялық қызмет көрсету бағытында жұмыс жасай отырып ата-аналарға көмек көрсететін үйлестірушілік қызметтер атқарамын. Бұл қызметтер ата-аналармен телефон арқылы немесе бетпе-бет әңгімелесу, сауалнама, тренинг сияқты әртүрлі формадағы жұмыстар арқылы жүзеге асырылады.
Мектептегі психологиялық қызмет әр оқушының жеке қабілетін анықтауға, оған дұрыс бағыт-бағдар беруіне бағытталған. Әр жеке тұлға өзіне, өзінің мінез-құлқына, істері мен әрекеттеріне жауапкершілікпен қарай білу деңгейіне жетуі керек.
Адам баласы өмірге «көрсем», «білсем», «үйренсем» деп келеді. Бұл ұғым бара-бара «алсам», «берсем», «қанағаттансам» деген ұғымдармен күрделене түседі. Адамның өмірді тек түзу жолмен жүріп өтуі мүмкін емес. Өмір бірде сені аспанға көтеріп бақыт шыңына жетелесе, бірде өзінің соқпақ жолдарына бұрып жібереді.
Осыған қарамастан, өмір сүрудің ерте тұру, жұмысқа көңілді келу, өз ісінің нәтижесін көру, еңбекақысын алу, басшылардан марапат алу сияқты өз салттары бар. Осыларды жүрекпен қалау, сезіну- ол әр адамның бойына сенімді болу, қоғамға, ортаға қажеттілікті сезіну сияқты түсініктерді ұялатады.
Ал өмірде кездесіп қалатын ұрыс-керіс, күйзеліс, қайғы немесе біреуге бағынышты болу –адамның өмір сүру сапасын төмендетіп жібереді. Міне осындай ерекшеліктерді өзің түсіне білсең, өзгелерге түсіндіре алсаң адамның жан-дүниесін сезіне аласың дегенді білдіреді.
Әсіресе айналаңа деген қызығушылықтың жойылуы, ашуға берілу, уайымға салыну, жүйкенің тозуы, өзін-өзі кінәлау- бұл әлеуметтік-психологиялық факторлар болып саналады.
Кімге болса да күнделікті ұйқыдан оянғандағы «Қайырлы таңның» жылы шыраймен айтылуы, таңғы астың мейіріммен ішілуі, қарым-қатынастың шынайы болуы, жылы сөздің тек жүректен айтылуы, өзің жасаған қамқорлықты жақын жандардың сезінуі- бұл адамның өзіне деген сенімділігінің артуына үлкен әсер етеді.
«Өзгелерді үйретіп жүріп, өзіміз де үйренеміз», дегендей өмірдің түрлі соқпақтарын психологиялық тұрғыдан қабылдап оны шешу жолдарын іздену психологтың басты міндеттерінің бірі.
Психолог маманы өз құзырлығына басымдық жасамайды. Психолог кеңесінен кейін кім болмасын, өзіне сенім артып, тығырықтан шығу жолын тапса, қанағаттанып алға ұмтылыс жасаса, бұл үлкен жетістік. Міне, психолог маманының бір ерекшелігі осындай.
Өз жұмысында психологтар атқаратын қызметін жіктеп алып жұмыс жасайды. Мен де сол қағидаға сүйенемін:
Ақпарат беру, дамытушылық жағынан ойлауы, елестетуі, тілді дамытуы, істің, тапсырманың, жаттығудың орындалуын қадағалап отырамын;
Сабақтарда қалыптастырушылық, яғни сыныптан тыс іс-әрекетті, өз бетімен жұмыстар орындатқызу арқылы, ата-аналармен, мұғалімдермен қарым-қатынасын нығайтуға ат салысамын;
Жеке тұлға ретінде әдістемелерге сүйене отырып оқушыны зерттеймін. Психологиялық кеңестер беру, жеке жұмыс жасау арқылы өз жұмысымды нығайтамын. Толықтай айтар болсам коррекциялау, диагностикалау, психопрофилактика және т.б. іс-шараларды жүргізу арқылы оқушы тұлғасын дамытуда әртүрлі жұмыстар жасаймын.
Психология мамандығының беделінің күннен күнге артуына болашақ психолог мамандар өз білімдері мен біліктерін қолдана алатын салалардың күннен күнге артып, кеңейе түсуі әсер етті деп ойлаймыз. Психологияның зерттеу пәні – адам психикасы екендігін ескерсек, психология әрдайым және әрқашан қызығушылық тудыратын мамандық екеніне еш күмән тудыра алмаймыз. Сондықтан да психолог мамандығының болашағы зор екенін бүгінгі уақыттың талап-тілегінен туындап отыр. Өзім еңбек ететін
Кеңгір селосының №2 жалпы білім беретін ұжымының зор табыстарға жетіп, береке бірлігінің мықты болуына, оқушыларының сапалы білім алып, саналы тәрбиеде болуына үлес қосамын. Осы жолда өз күш жігерімді арнаймын. Бұл орайда өзімнен үлкен тәжірибелі ұстаздардан үлгі ала отырып, талмай ізденіп, мықты психолог маман болып шығу – алға қойған мақсатым, көздеген арманым.
Сөзімізді қорытындылай келе, оқу мен білім алу инемен құдық қазғандай болса, жақсы, жаман маман болу әркімнің өз қолында. Қай мамандық болсын өзінің қиындығы, ізденісі бар. Жақсы мамандық қашанда жас талапкердің өзі таңдап, білім алған оқу орнында. Демек мамандық таңдау талапкер үшін маңызды нәрсе.

Leave A Reply