Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

3 629 қаралым

Менің мамандығымның ерекшелігі

0

Утарбаева Ақмаржан Еркінбекқызы,

Педагог-психолог, №31 орта мектеп, Тұздыбастау ауылы, Талғар ауданы, Алматы облысы


Тәрбие біздің жүрегімізге ең

алдымен жеке адамға да,

қоғамға да пайдалы әдеттердің
ұрығын себуі керек.

К.Гельвеций.

«Педагог болу үшін оған әуел бастан бейімделіп туу керек» дейді ертедегі педагогтар. Бірақ ешкім іштен педагог болып тумайды, ол үшін қабілет, ниет қажет екені даусыз. Мен адам жанын түсініп, демеу үшін, бағдар беру үшін осы мамандықты таңдадым. Менің өмірдегі басты мақсатым – әрбір оқушының жеке адамдық қасиеттерін жан-жақты жүйелі зерттей отырып, оның дамуына қолайлы жағдай туғызу. Ал басты бағытым, өмірге еш өшпенділіксіз, қорқынышсыз қарауды балалардың санасына жеткізу. Балаларды алға ұмтылуға, алда ғажайып нәрселердің бар екендігін, жақсы өмірдің кілтін аша алатындарына сендіру!

Психологтарға тән қасиеттердің ішінен, оның өз еркіне ие болып, ұстамды келуі ерекше орын алады. Психолог мамадығының ерекшелігі сол, ол зейінін бірнеше объектілерге бөліп, көп нәрселерді есіне сақтап, сөзімен, ісімен, білікті білімімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, оқушылармен тіл табысуындағы қасиеттерімен асқақ. Мен әр кезде өз әлемімді оқушылармен бөлісуді, оларға дем беріп, олардың жан-дүниесіне үңіліп, олардың бүгіп, ұялып, сыртқа шығара алмай жүрген ойларын іске асыруға ұмтылдырамын. Мен оқушылардың, күнделікті өмірден бір сәтке болса да шығып, өздерін жаңа қырлардан танып, әр сәтін тек жақсылыққа, соңынан өкінбейтін жақсы істер жасауына, жастық шақтарын босқа өткізбей, өмірден дұрыс жол таңдап, тек қана алға ұмтылуларын қалаймын. Осы жерде ұлылардың «Өзіңді біл, таны, аш сол кезде әлемді де біліп, аша аласың» деген нақыл сөзін айтқым келеді.

Психологтың қарым-қатынас жасау әрекетіндегі тағы бір жағдай шығармашылық тұрғыда өзінің психологиялық күйін меңгере білуі, әр алуан психологиялық кедергілерді жеңуі, өзінің шығармашылық сезімін шабыттандыру, әрқашан шат көңілді, әрі оптимист бола білуі керек. Бала үшін психологтың орны ерекше. Әлем айна сияқты, әр күн сайын өз бейнеңді көріп тұрасың, өз мойныңа жауапкершілікті ала білуге, берген уәдеңде тұруды үйретемін. Менің өзіме деген сенімімді жоғалтқандай сезінген кездерімде, жұмысқа деген құлшынысым азайғанда мен «Алланың адамға берген ең үлкен сыйы, оның өмірі» екенін есіме аламын. Бәрін үйренуге талпынған оқушы оны заң сияқты қабылдайды. Сондықтан да психолог әр айтқан сөзіне жауапкершілікпен қарауға міндетті. Психолог болудың қиындығы да осында. Басқа адамдар айтқан сөзден психологтың айтқан сөзінің әсері ерекше және өте күшті болып табылады.

Адам кей уақытта өзіне деген сенімін жоғалтып, күйзеліске ұшыраған кезде, өмірге деген сенімін, құштарлығын жоғалтпай, тоқтамастан тек қана алға ұмтылуы керек екенін ұмытпауы тиіс. Қандай қиын жағдай болса да, бар күш-жігерін жинап, алға ұмтылса ғана барлығын жеңіп, жүрегінде де, жан-дүниесінде де тыныштық орнайтынына, барлығы тек жақсы болатынына сенуі керек. С.Торайғыровтың сөзімен айтқанда «Адамның ең ұлы қасиеті бақытты болуға ұмтылу» дегім келеді.  Қазіргі таңда топта әрекет ету қабілеттілігі кәсіби жағынан қажетті және жеке қасиеттердің бірі болып табылады. Психологиялық ойындар мен жаттығулар ынтымақтастыққа тәрбиелеуге бағытталған. Психолог – жеке бастың үлгісі. Өйткені, ол өз шәкірттерін білімге ғана баурап қоймай, оларға өзін-өзі ұстауы, жүріс-тұрысы, киінуі, сөйлеуі жағынан ықпал етеді. Психолог қиын да қызықты, жауапты жұмысты атқарып жүргендіктен, білімнің жан-жақты болуы артық етпейді. Ал психологиялық білім өз жұмысының жемісті болуына жетелейді. Мектептегі білім баспалдағының қазыналы тұтқасы болу үшін, баланың мектептегі оқуға психологиялық дайындығын дұрыс айқындау қажет. Жеке тұлғаны қалыптастыру үшін ең алдымен баланың жасаған іс-әрекеттерін таразыға сала отырып, баламен бірге жұмыс жүргізу қажет.

Мектеп психологы үшін баланың қызығушылығы, бейімі, қабілеті, зейіні, түйсігі, ойлау қабілеті, сөйлеу мәнері секілді ерекшеліктері басты орында болуы тиіс. Осы ерекшелікті ескеру мен дамыту оқушының жеке тұлғасын қалыптастыруда маңызды фактор болып табылады. Психолог психологиялық іс-әреке түрлерін атқара отырып, адамға білім ғана емес, сондай-ақ ішкі адамгершілік қасиет қажет екенін, ақыл-ой өрісі ғана емес, сонымен қатар мәдени қазыналарға құлшыныс, салт-дәстүрді сыйлау мен құрметтеуге ұмтылыс қажет екенін әр балаға түсіндірсе, осы бағытта жұмыс жасаса нұр үстіне нұр болар еді. Бір сөзбен айтқанда, психолог өзінің қызметін бүге шүгесіне дейін жетік білуімен бірге, жаңашыл болуы қажет. Қазіргі уақыт жан-жақтылықты талап етіп отыр. Өзінің рухани әлемін күнделікті толықтырып отырмаған психолог шәкірттері алдында кібіртіктей береді. Оқушы қабілетінің әрқилы болатыны белгілі. Оқушыларды байқағыштық пен байсалдылыққа, зейінділік пен зеректілікке, тапқырлық пен ойланғыштыққа баулып, тәрбиелейтін- психология.  Психолог бала жанының терең түкпіріне үңіле білсе, баланы тыңдай білсе, өзіне де тыңдата алса, бала құқығына қол сұқпай тәрбие ісіне басшылық жасаса, дұрыс нәтижеге жетеді.

Психолог өзінің де дүниетанымы кең болып, баланы дүниені танып білуге, байқампаз болуға, білімге қызығушылығын арттыруға күш салып, бүгінгі шешуі қиын деген мәселенің ертең түкке тұрғысыз жеңіл болып қалатынына сендіре біліуі керек. Оқушылармен арадағы қатынас адамгершілік негіздеріне сүйенсе ғана нәтижелі болмақ. Бала көңілі сезгіш, оның өмір жолын таңдауға өз құқы бар. Сондықтан біз оларға үлкен өмірдің таңдауын жасарда көмек қолын созсақ, сәттілік әкеледі. Бала жаны әрқашан жылу мен мейірімді қажет ететінін естен шығаруға болмайды. Біздің өзіміздің адамгершілігіміз, өз жұмысымызға берілуіміз, оқушыны сыйлап қадірлеуіміз, әділ шешім шығару арқылы қатаң да дұрыс талап қоя білуіміз маңызды. Психологтың барлық міндеттерін, этикалық және эстетикалық талғамдарын сақтай отырып, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, зияткерлігін арттырып, мен өз қызметімнің алға басуына күшімді саламын. Себебі, мен өз мамандығымды қызығушылықпен орындап, басқалары қызыға қарайтындай деңгейге жеткізгім келеді.

Leave A Reply