Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

2 771 қаралым

Менің мамандығымның ерекшелігі

0

Нурметова Жанар Мейрамовна,

Педагог-психолог, №31 орта мектеп,

Тұздыбастау ауылы, Талғар ауданы, Алматы облысы


 

Көктем … Ең керемет жыл мезгілдерінің бірі. Суық кетіп, қыстың қаһарлы ызғары басылып, қарлар еріп, әлемнің бәрі өзгеріп жаңаратын уақыт. Таң атысымен орнымнан тұрып, перделерді ашып далаға көзімді жүгірттім …

— Қандай керемет шатырлардан тамшылап жатқан су тамшылары терезенің әйнегін тақ-тақ еткізіп, маған тұр дегендей соғуда. Терезе әйнегін ашып едім, сырттан соққан самал жел ішке кіріп перделерін әлсін-әлсін қималдата бастады. Шиқ-шиқ еткен торғайлар күннің жылуына сүйсінгендей бұтақтан бұтаққа секіріп, бір-бірімен қуаласпақ ойнап жүр. Даладан енген салқын ауа кеудемді керіп өкпемді толтырды. Жан-дүниеме бір қуаныш орнап, ұйқым шайдай ашылып, бір нәзік сезім бойыма ұялады.

Оятқыштың сыңғыры ойымды бұзып жібергендей «жұмысқа бар!» деп бұйрық беріп тұрғандай айқайлады. Тез арада киініп, оқу құралдарын алып, жұмысқа қарай зуладым.

Сыртқы есікті жауып, дәліз арқылы далаға шықтым, аулаға шыққан кезде жарқ еткен күн көзімді қарауытып жіберді. Бірер секундтай көзімді әлсін-әлсін ашып күн жарығына үйретіп тұрдым. Күн сәулелері бетімді аймалап, сипағандай, жылуын шашып тұр. Жолдан өтіп тротуарға шығып мектебіме қарай бет алдым. Жан-жағымда еріген қар, мұзжарқын шақтары, арық арқылы сулар мөп-мөлдір болып ағып жатыр, әр жерлерде жап-жасыл шөптер адамның көзін қызықтырады.

Менің мектепте істегеніме 6 жылға кетіп бара жатыр. Менің сүйікті мамандығым – психолог. Мектеп оқып жүргеннен психолог маманы болуды армандаушы едім, міне, қазір қызу сүйікті мамандығым бойынша жұмыс істеп жүрмін. Мен бақыттымын – себебі өз мамандығым көңіліме қонымды. Атап айтсақ, күнделікті уақыттың 8 сағатын мен мектепте өткіземін. Мектеп табалдырығын аттап бастаған сайын оқушыларым – Сәлеметсіз бе, Жанар Мейрамқызы!- деп амандасқанда, өзіңді өмірде керек екендігіңді, адамзатқа, болашақ ұрпаққа керек екендігіңді сезініп, балалардың сыйлап, жымиған күлкісін көргенде – осыдан артық бақыт бар ма!- деп өзіме есеп беремін.

Әбу Насыр әл-Фараби сөзінде: «Балаға бірінші білім емес, тәрбие беру керек» деген өте дұрыс, ал менің мамандығына қарасаңыз, өте күрделі мәселеге көп тоқталып, зерттеп, шешімін жолын тауып, дұрыс жолға баланы қою оңай шаруа емес. Сол себептен күнделікті қажырлы еңбек етпесең, психолог болу өте қиын. Күнделікті кітап оқып, ізденіп, түрлі тест, анкета, әңгімелер құрастыру, есеп, шешім, қорытындылау машақаты көп.

Біздің ең басты нүктеміз – оқушы. Әр баланың мінезі әр түрлі, тәрбиесі де, жанұя жағдайлары да сан алуан. Сондықтан баламен бала болып отырып, оның жан-дүниесіне ену үшін, әр баланың кілтін табу үшін, ең бірінші сеніміне кіру қажет. Ал, ол уақыт пен сабырлық, имандылық, төзімділік, тіл табыса білу, сөзге, әңгімеге тарту – психологтың ең басты қаруы болып табылады.

Күнделікті әр түрлі балалармен, әр түрлі ата-аналармен сұхбат жүргізіп, сан алуан тағдырларды көріп, жан елегіне өткіземіз. Қазіргі таңда техниканың дамуы, компьютеризация даму процесінде өсіп келе жатқан ұрпақтың санасы, тәрбиесі мүлде қиын, басқа сол себептен баланы білу үшін оның заман талабына сай қолданатын музыкасын, әртістерін, кумирлерін, оқитын кітаптары мен интернетте көп қолданылатын сайттарын қарау қажет. Бір сөзбен айтқанда сол баланың ортасына енуің қажет. Одан кейін жанұясы, достары, қоршаған ортасы, баланың ішкі дүниесіне осылар кілт болып табылады.
Әр түрлі себептермен қаржылы жұмыс барысында ғана баланы біліп, оны дұрыс жолға салған кезде мен өзімді ерекше сезім билеп бақытты етіп санаймын. Мен ұстазбын, тәрбиешімін, психологпын деп мақтанышпен айтамын. Себебі ата-анасы, досының, не ұстаздарының қателіктерін ескере отырып баланы тығырықтан алып шығу ол үлкен сауап іс, игілік іс деп танимын.

Өз ойымша Адам-адам болуы үшін күнделікті адамзатқа жақсылық жасау қажет, жақсылық амал жасап қоршаған ортаға пайдаң тисе, үлкен сауап. Ал менің мамандығымның ең басты принципі, мақсаты жас буындағы балалардың қанаттарын қатайтып үлкен өмір жолына дұрыс бағыт беріп даярлау. Менің мамандығымда қателік жасау – өліммен тең. Көптеген балалардың өмірлері менің қолымда деп ойлап, аса жауапкершілікпен еңбек етуге асығамын.

Сыңғырлаған мектеп қоңырауы ойымды бөліп жіберді. Мектеп есігі ашылып шуылдаған балалар далаға жүгіріп у да шу. Жоғарғы сыныптың ұл-қыздары өздерін ересек санап кербезденіп жүр. Міне, өмір! Мектеп маңайы жанталас. Мен аяғымды жылдам басып жан-жағыма сәлем беріп кабинетіме бағыт алдым. Мен бақыттымын.

Leave A Reply