Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

199 қаралым

Менің мамандығым – тәрбиеші

0

Тилеухан Ергенгүл

Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінің білім алушысы

Мыңдаған мамандықтың ішінен жаным қалағаны — мектепке дейінгі мекеме тәрбиешісі. Бала кезімнен тәрбиеші болуды армандаған едім. Осы арман мақсатпен Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінің «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығына оқуға түстім.

Тәрбиеші мамандығын таңдау себебім, ол өте қызықты мамандық: балалармен ойнау, олардың қылықтары жаман адамның жүрегінің өзін жібітіп жібереді ғой, және оларға жақсы тәлім — тәрбие беру. Әрине ата-ананың тәрбиесіне ештеңе жетпейді ғой, бірақ балалардың жақсы азамат пен азаматша болуына кішкене болсын өз үлесімді қосқым келеді. Мен өз мамандығымды мақтан тұтамын.

Біз болашақ тәрбиешілер, тәуелсіз еліміздің болашағы үшін құстың қанатындай су болса да көмегімізді тигізсек деген, мақсатымызды алға қоюдамыз. Менің өмірдегі ұстанымым — жүрек қалауымен таңдаған мамандығыма жауапкершілікпен қарау.

Тәрбиеші болу жай ғана мамандық емес. Ол — адам бағдарын жасаушы, келешек ұрпақтың сәулетшісі. Тәрбиеші болу үшін, тәрбиеленген болуың керек. Сол үшін мен сабағыма және өзімнің тәрбиеме аса маңызды назар аударамын. Сабағымды жақсы оқысам өзіме жақсы, ал тәрбием жоғары болса кішкентай бүлдіршіндердің де болашағы жарқын болмақ. Өйткені кішкентайлар бізден не көреді, соны бойына сіңіріп өседі емес пе?!

Ұстаздың қасиеті — ол балаларды жақсы көру. Балалар әр түрлі болады, бірақ біз олардың әрқайсысына түсіністікпен қарауымыз керек. Егер адам өзінің мамандығын жақсы көрсе, онда ол қуанышпен және ықыласпен жұмыс жасайды, іске асырады, арттыра түседі, кәсіби түрде өседі және жақсы нәтижелер мен табыстарға қол жеткізеді, ал бұл мамандық таңдаудағы ең маңызды шешім. Өзіңнің жүрегіңе жақын істі бастағанда көзің жанып, ұшқын атып, жаның жарық сәулемен толатыны ешкімге де құпия емес. Неге тап сол тәрбиеші…? Себебі, балабақшада жалықпайсың. Әрбір күн — ол қызықты оқиға. Баламен күнде әңгімелесу.

Балалар — біздің ертенгі болашағымыз. Оларды тәрбиелеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әрбір баланың тілін тауып, онымен дос болу оңай іс емес. Тәрбиеші балалардың қызығы мен шыжығын көріп, еркелігін көтеріп, анасындай бауырына басады.

Отбасы мен балабақша бірлесіп тәрбиелеген бала – жеміс берген ағашпен тең. Бұлай деуімнің себебі – жаңа отырғызылған бұтақ пен бала бойындағы қасиеттер ұқсас келеді. Ең алдымен бұтақты отырғызбас бұрын, топыраққа үлкен мән беру керек. Сол сияқты мықты отбасы пайда болмас бұрын, екі жастың бойында бір-біріне деген сүйіспеншілік, сыйластық, құрмет болу керек, міне, осылардың барлығы құнарлы топырақ сынды. Жаңа отырғызылған бұтақ нәзік секілді, отбасында да аппақ, кіршіксіз, таза сәби дүниеге есігін ашады. Бұтақ – ағашқа айналып, қисық бұтақтарын шығара бастайды, онымен қоса, жан – жағына арам шөптер өседі. Сол сияқты, сәби балабақша жасына жеткенше өз бойына бірнеше қасиеттер жинап үлгереді. Олар: жылауық, қырсықтық, еркелік т.б. дәл сондай күйде көптеген бала балабақша табалдырығын аттайды. Яғни, ағаш өсіруші бір ғана бағбан болса, бала тәрбиесіне жауапты отбасы мен балабақша болып есептеледі. Бағбан ағашының қисық бұтақтарын кесіп баптаса, тәрбиеші де дәл сол сияқты бала бойындағы теріс әрекеттерін, кейбір қасиеттерін түзеуге кіріседі.

Ағашқа су құйып, жылуын беріп, баптаған секілді, балаға тәрбие беру жұмыстарын жүргізеді. Оның ішінде: тәртіпке баулу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету т.б. Ағашымыз өсіп, қатайғаннан кейін өз кезегінде жапырақтар шығара бастайды, яғни бүлдіршіндер жақсы қасиеттерді бойына жинап, өзгелерге үлгі көрсете бастайды. Үлкен еңбектен кейін ағаш жеміс берген секілді, тәрбиешінің атқарған жұмысының нәтижесі көрініс табады. Бұдан шығатын қорытынды: «Ағашты қалай ексең, солай өседі. Қисық ексең — қисық, түзу ексең — түзу шығады». Яғни, балаға кішкене күнінен тәрбиені бойына сіңіріп берсең, ол оған өмір бойына азық болады.

Сөзімді қорыта келгенде, «Бағбанның ағашы, балабақшаның баласы», яғни, біз балаларымыздың болашағына, тәрбиесіне жауапты жандармыз.

Leave A Reply