Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

2 775 қаралым

Мен және менің мамандығым (эссе)

0

Абуова Ақжүніс Аманқосқызы
Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Мұнайшы селосы №5 орта мектебі КММ-нің психологы

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Отанның болашағы, мемлекеттің келешегі жастардың қолында, олардың өрісті ойы, өркенді ісі, табанды тіршілігі тек біліммен ұштасқан біліктің арқасында биік белестерге жетеді».
Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез-келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Кімде-кім өзінің ыңғайына қарай өз жолымен қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. Өз орнында істеген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ, Ж.Аймауытов атамыз айтқандай, “Өмірде өз мақсаттарымызға жету үшін қабілетімізге қарай мамандықты таңдай білейік!” деген екен. Мектепте оқып жүргенде мен де мамандық таңдау мәселесіне тап болдым. Мектеп психологы Сән Амангелдіқызы біздерден сауалнама алып, жеке сөйлесетін. Мен осылай психология саласымен таныса бастадым. Осы сәттен бастап мен психология ғылымын ұнатып, психолог маманы болуды жаным қалады.
Мамандық таңдаудың формуласы:
Қызығушылығы
Қабілеті
Бейімділігі
Қалауы
Сонымен білім жолын қуып Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне оқуға түстім. Университетте Анна Құдиярова, Зүбайда Кененбаева, Жұпаргүл Бейсенова, Бақыт Жігітбекова, Жаңагүл Қайырова секілді білімді де, білікті психологтар теория мен практиканы қолдана отырып, психолог маманы болуыма септігін тигізді.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Өз күшіне сенген адам ғана мақсатына жете алады»,- демекші алдыма қойған мақсатыма жеттім. Мен осымен тоқтап қалмай,әрі  қарай өз білімімді шыңдаймын. Психолог маманның ерекшелігі әрбір қабылдауға келген адамды жеке тұлға санап, оларға дер кезінде көмектесу болып табылады. Психолог – жәрдемші, сырлас, жанашыр, тілекші дос деп айта аламын.
“Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың” деген халық сөзіне сүйене отырып, әрбір оқушыны жеке тұлға деп танып, ғылыми, рухани мұраларды игерген, шығармашылық ой-өрісі бар, компьютерлік сауаттылығы мен ақпараттың мәдениеті қалыптасқан жастарды тәрбиелеу бүгінгі күннің ең негізгі мақсаттарының бірі деп ойлаймын.
Психологиялық жұмыс- адам жанымен жұмыс, адам ойымен, жеке тұлғамен жұмыс.
Осыдан бір ай бұрын «Мөлдір бұлақ» журналын оқып отырып, «қазіргі кезде психолог мамандығына сұраныс артуда»,- деген мақаланы көзім шалып қалды. Мақаланы оқығаннан кейін өзім қуанып қалдым, себебі, қоғам қажет етіп отырған мамандықты менің озық ойлы шәкірттерім өз қалауымен таңдады. Олардың осы мамандықты таңдауына түрткі болғаныма қуанамын. Менің шәкірттерім бітіріп шыққаннан кейін нағыз психолог мамандардың көбейетіндігіне сенімді болдым. Психолог маман аса сезімтал, ерекше жанашыр, мықты, шыдамды болу арқылы шәкіртінің сырына бойлай алады. Айталық: маған келген әрбір оқушының, мұғалімнің, ата-ананың ішкі түйсігін түсініп, оларға шешімі бар жолдарды тауып бергеніме риза болып жатады.
Жантанушы ретінде толық адамға айналар тұлғаға жол көрсетер жан болғаныма қуанамын. Психология ғылымының қалыптасып, дамып келе жатқаны баршамызға аян.
Сондықтан, мен өз мамандығымды қоғамға қажеттілігін сезіне отырып, ерекше жақсы көріп, сүйемін және білікті психолог болу үшін барлық ерік-жігерімді өз мамандығыма арнауға дайынмын. Психолог маманы болғанымды мақтан етемін. Эссемді мынадай өлең жолдарымен аяқтағанды жөн көрдім.
Еңбек етсем, ертеңгі – бақытыма енемін,
Мақсатыма жеткізер – уақытыма сенемін.
Достық іс пен қасты да – жеңеріме сенемін,
Ақыл, сана, білім мен өнеріме сенемін.
Арым таза, ақ көңіл – адалдыққа сенемін,
Абыройлы ақ ниет – адамдыққа сенемін.

Leave A Reply