Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

3 038 қаралым

Мен психологпын

0

Ақбаева А.А.,
№1 мектеп-гимназия, Шалқар қаласы


Жантану ғылымы жүрек қалауыңмен таңдап, жан-жүрегіңмен қалап жасайтын мамандық иесі. Әсілінде психолог — ұстаз болу жай ғана мамандық емес. Психолог – ол, дәнекерші…, ол- адам бағдарын жасаушы…, ол- ұрпақтың сәулетшісі…, адам жанының инженері!
Білмеймін, мен осынау психология мамандығын жасымнан қаладым. Университет қабырғасында физика мамандығына бейімделіп жүргенде де психология мамандығына деген қызығушылығым күн санап арта түскендей болатын…
Тіпті ең алдымен жантану ілімін игеріп алмайынша, өзге мамандықтың қыр-сырын ұғыну мүмкін еместей көрінетін. Сонан ішкі дүниеммен сырласып, салыстыратынмын?! «Физика» — табиғат жөнінде жетекші ғылымдардың бірі болса, психологияны – барлық ілім мен ғылымдардың жетекшісі деп есептейтінмін. Ол өріс пен заттың жалпы қасиеттері мен қозғалыс заңдарын зерттесе, ал жантану – адами құндылықтардың қасиеттерін зерттеп, олардың қозғалыс заңдылықтарына бағыт берер Темірқазық жұлдыз секілді көрінетін.
Демокрит пен Аристотель, Архимед пен Галилей де психология ғылымына бағынып өткен ұлы ғалымдар. Олар психология – физикалық сана – сезім, ал физика – психологияның ақыл – ойы деп бағалаған. Кейін келе мен психология мамандығын кәсіби түрде игеруге шешім қабылдадым. Ойыма ұлы Абайдың «Жүрегімнің түбіне терең бойла, мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» жыр — шумақтары орала беретін. Бұл психология ғылымы да жүрегіме терең бойлап, сол жерден ерекше орын алып, жұмбақ әлемнің жұмбақ адамдарына қарай жетелей жөнелді…
Кейде уақыт озған сайын өз қызметіме сырттай, айталық суретке түсіргендей қарап отырамын. Әлдебір кезде менің жұмысымда тынышсыздық пайда болады. Ол оқушыларға берілер бағыт, тәрбие негізі т.б туындайды. Өйткені, олар тым көп болғанда өлшеусіз әрі тасқын тәрізді тұншықтырып жіберердей. Ал менің негізгі міндетім – балаларды тынымсыздықтан қорғау болмақ, себебі олар мектептің негізгі құрамды жүйесі. Әр шәкіртімді өзінше бақытты етудің формуласын ойлап тапқым келеді. Бірақ ол табылмайтыны сөзсіз. Себебі, ол абстракциялық ұғым. Бір бала үшін бақыт – шынайы достық болса, бір бала үшін үздіктер қатарынан көріну, енді бірге отбасындағы береке мен бірлік болуы мүмкін.
Тіпті кейбір бала шын бақыттың аялы алақанын сезінсе де, аялы алақанды сезінбеген өзге балалар үшін шын жабырқап, шын мұңаюы мүмкін. Психолог – мәңгі нұрдың қызметшісі іспеттес, ол барлық ой мен қимыл –әрекетіне ақыл дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз оттың көзі. Біз, әу бастан тәрбиеліден – тәлім, білімдіден – ғибрат, өнерліден – өнеге алып, баланы болашағымызға балаған, ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлген елміз. Бұл ғасыр немқұрайлылықты көтермейтін, немкеттілікті қаламайтын бәсекелестік ғасыры. Біздің жас буын осынау акме – қоғамға бейімді тұлға болып қалыптасуы шарт.
Психолог – шәкірт үшін үлгілі оқытушы, ұжым үшін жетекші әрі ұйымдастырушы, ата-анамен байланыс орнатушы, тәрбиеші, жаңалық енгізуші, болжаушы, жүзеге асырушы болуы шарт. Сонда ғана психология саласында бірізділік пен біліктілік үнемі үздіксіз артып отырады. Бұл орта қоғам өмірінің анық көрінісін бере алатын лакмус қағазы сипаттас болуы да кедергі келтірмесі анық.
Бізге ең басты қажеті ой-сана тазалығы, ниет тазалығы, гигиеналық дене тазалығы, сөз тазалығы, іс-әрекет тазалығы, адамдар арасындағы қарым-қатынас тазалығы, экологиялық сана негізіндегі қоршаған орта мен табиғат тазалығы. Жалпы, әр бала «Homo sapiens» түріндегі саналы пікір иесі. Сондықтан балаға берілер психологиялық тәрбие жүйелі болғаны қажет.
«Ел ішіне сау келсең, тағылым айтпас ер ме едің, Жол көрсетіп сонда өлсем, арманым бар ма дер ме едім?» Бұл – менің кәсіби ұстанымым. Бала жанының тамыршысы ретінде жантану әлемінің әр кірпішін қажетті уақытта қажетті жеріне қалай беретініме сенімдімін!.. Мейірім мен шапағаттан, қайырым мен қанағаттан; Ізгілік пен адалдықтан, ай- тұмарлы адамдықтан бастау алған мамандықты таңдағаным үшін шынымен де бақыттымын!..

Leave A Reply