Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

6 300 қаралым

Мен, менің мамандығым және кәсібім (кездесу кеші)

0

Сайхаденова Гүлжан Маратқызы педагог-психолог

Базарбаева Света Шангерейқызы   ұйымдастырушы-педагог,

М.Бегалиева атындағы ОЖББ мектебі, Бөрлі ауылы, Бөкей ордасы ауданы, Батыс Қазақстан облысы

Кештің мақсаты: Мамандық таңдау кезінде тұрған оқушыларға бағыт-бағдар беріп, таңдау мүмкіндіктерін шешу. Оларды өз пікірін еркін айтуға, басқаның пікірін сыйлай білуге, жүйелі ойлауға баулу және адам өмірінде мамандықтың алатын орны, маңызы туралы түсінік қалыптастыру.

Кештің бағдарламасы:

1.   Кіріспе сөз

2.   Қонақтарды таныстыру

3.   Сұрақ бізден – жауап сізден (қонақтармен пікірлесу)

4.   Қонақтармен ойын ұйымдастыру

5.   Студенттермен сұхбат

6.   Оқушылардың  сауалдары

7.   Студент, оқушылармен ойындар

8.   Қонақтарға сыйлық беру

9.   Қорытынды

1. Кіріспе сөз. Құрметті қонақтар, студенттер қауымы, оқушылар, қонақтар. Баршаңыз да бүгінгі «Мен, менің мамандығым және кәсібім» кездесу кешіне қош келдіңіздер! Әдетте мектептен түлеп ұшқалы отырған 11 сынып оқушыларын көбіне қандай мамандықты таңдаймын немесе таңдаған мамандыққа қалай қол жеткіземін деген ойлар мазалайтыны анық. Сондықтан да мамандық таңдау кезеңінде тұрған оқушыларға бағыт-бағдар беріп, таңдау мүмкіндіктерін шешу үшін бүгінгі кешімізге ұстаздарды, кешегі түлек – бүгінгі студенттерімізді, яғни болашақ маман иелерін, және бүгінгі кешіміздің қонақтары, маман иелері, елге елеулі, халыққа қалаулы, ауылымыздағы бетке ұстар ағаларымызды шақырып отырмыз. Бұл ағаларымызбен кездесіп, ой бөлісу, пікір алысудың маңызы өте зор.

Алдымен мамандық, мамандық таңдау деген не екеніне қысқаша түсінік беріп өткенді жөн көріп отырмыз.

Мамандық – қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі. Мамандық таңдау – өте жауапкершілікті және маңызды іс. Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек. Адам өзінің болашақ кәсібіне әр түрлі жолдармен келеді екен. Біреулері үшін – ол ойға алған арманның орындалуы, отбасы дәстүрін жалғастыру, ал келесі біреулер үшін – жаңалыққа, дербестікке талпыныс, үшінші біреулер үшін – әйтеуір бір мамандық алу керек болған соң…

Сондықтан да әрбір мамандықты таңдау үшін, ең алдымен өзін және өз бейімділігін тану қажет және өз-өзіне «Мен кіммін?», «Болашақта қандай маман иесі боламын?», «Өмірдегі менің орным қандай?» деген сұрақтарға жауап іздеу қажет деп ойлаймын. Сондықтан мамандық таңдау – жасөспірімдердің өміріндегі күрделі де маңызды, қиын да қажетті қадамы. Ол мектеп кезінде, жас кезінде орындалады. Дегенмен осы жолда оқушыларға қиын болады: көбісі мамандық түрлерін, олардың қандай талап қоятынын білмейді. Кейбір оқушылар өздерінің іскерліктері мен қабілеттерін дұрыс тани алмай, мамандық таңдауда көптеген кедергілерге ұшырайды. Жеткіншек мамандықты кездейсоқ таңдаса, ол өзіне сай келмейтін жұмысқа оңай тап болады. Осындай әрекеттің нәтижесі неге әкеп соғады? Егер адамда белгілі бір жұмысты орындауға деген алғы шарт жоқ болса, ол көптеген жағымсыз жағдайларға әкеледі. Бұлардың ішінде ең маңыздысы еңбек өнімділігінің төмендеуі, қателесулер және жұмыстағы бөгеттер. Егер сатушы қателессе, бұл өзін немесе сатып алушыны алдап жатқаны. Ұшқыштар немесе автобус жүргізушісі қателессе, онда ол көптеген адамдарды опат болуына әкелуі мүмкін. Осындай келеңсіз жағдайға тап болмау үшін адам өз мамандығын таңдауда өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына үлкен мән беру керек. Э.Ф.Зеер айтқандай «Мамандықты дұрыс таңдау – ол өмір жолының сәттілігінің негізі» дегендей мамандықты дұрыс таңдай білу алдағы өміріңнің сәттілігі деп түсіну керексің.

Мамандық тарихына үңілетін болсақ, олардың саны көп. Бұрынғымен салыстырғанда қазіргі кезде мамандықты таңдауға 100 – 200 есе мүмкіндік бар. Егер 1920 жылы Кеңес Одағында шамамен 10300 мамандық, 1939 жылы – 19000, 1959 жылы – 30000, ал қазіргі уақытта жаңа айтып өткендей бұл сан 40 мыңға жеткен екен. Мамандықты таңдауда барлық мамандықты білу міндетті емес, өз қабілет – қызығушылықтарын, неге бейім, соны білу жеткілікті. Бірақ таңдау дұрыс болу үшін неғұрлым көп мамандықтардың мәнін білген жөн.

Ән: «Ақ Бөрлі». Орындайтын 11 сынып оқушысы Досқалиева Балжан.

2. Қонақтармен таныстыру.

3. Сұрақ бізден – жауап сізден (қонақтармен пікірлесу)

Әрине таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және ағаларымыздың ақыл-кеңестерін тыңдағанда артық етпейді деп ойлаймыз. Олай болса бүгінгі кешіміздің қонақтарынан төмендегі сұрақтарға байланысты өздерінің ойларын білдіріп отыруларын сұраймыз.

1. Адам болашақ өз мамандығын таңдаған кезде нені басшылыққа алу керек екені жөнінде ой бөлісу.

2. Жақсы маман болу үшін адам нені біліп, нені үйрену қажет деп ойлайсыз?

3. Ауылымызды өркендету үшін бүгінгі таңда қандай маман иелері керек деп ойлайсыздар.

4. Адам өз еңбегінің жемісін қай уақытта көре алатыны жөнінде түсінік беру

5. Ауыл шаруашылығын дамытудағы мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулар жөнінде түсінік беру.

6. Бүгінгі таңда ауылымыз үшін атқарылып жатқан игі істер жөнінде мәлімет беру.

4. Қонақтармен ойын ұйымдастыру

1. «Сүйікті мамандығым» ойыны

2. «Мамандық қасиеттері» ойыны

5. Студенттермен сұхбат

Адам өміріндегі алтын әріппен жазылар кезең – мектеп – ана құшағында өткен оқушылық күндер және қиындығы мен қызығы мол студенттік кезең екені сөзсіз. Ол басыңда мәңгі тұрақталып қалар дәуренің емес, ол сенің патшаның алтын тағына да айырбастамас балалық, жастық шағың, көзді ашып-жұмғанша өте шығар сиқырлы күндерің. Міне, осындай күндердің иелері алдымызда отырған оқушыларымыз бен болашақ жас мамандарымыз, яғни студенттеріміз. Ауылымызда бүгінгі таңда әр түрлі саланың мамандықтарын игеру үшін 90-ға жуық кешегі мектеп бітіріп кеткен оқушыларымыз – бүгінгі болашақ жас мамандар екен. Солардың бірнешеуі қазір ортамызда отыр.

Студент ертеңіне жол ашады,

Асқақ та нұрлы болар болашағы

Дәл осы мектебімде білім алып,

Арманға аласармас қыр асады,- деп бүгінгі студент, ертеңгі маман иелері сіздерге де сөз кезегін берсек. Өздерінің оқып жатқан оқу орындарыңыз, мамандықтарыңыз жөнінде айтып өтсеңіздер және алдымызда айтып өткен ағаларымыздың ойларына қандай пікірлеріңді қосар едіңіздер.

Мысалы:

1. Адам өзін белгілі бір мамандыққа қашан, қалай дайындауы керек деп ойлайсыз? Өздерің қай уақыттан бастап дайындалдыңдар?

2. Бұл мамандықты таңдауға не себеп болды?

3. Жақсы маман болу үшін адам бойында қандай қасиеттер басым болуы керек?

4. Осы мамандыққа жүрек қалауыңызбен бардыңыз ба?

5. Әттеген-ай деген шақтарың болды ма?

6. Оқушыларымызға қандай кеңестер берер едіңдер?- деген сұрақтарға өз ойларыңызды білдіріп отырарсыздар.

6. Оқушылар сауалдары.

Ендігі кезекте оқушыларымыздың толғандырып, білгісі келіп жүрген сұрақтарына береміз.

7. Студенттермен, оқушылармен ойындар.

1. «Мамандықтар тізбегі» ойыны.

2. «Мамандықты тауып ал» ойыны.

8. Қонақтарға сыйлық беру.

Қонақтарға айтылған мәнді ой-пікірлеріне, ақыл-кеңестеріне ризашылық білдіріп, бүгінгі кездесу кешімізден естелік ретінде сыйлық таратылады.

9. Қорытынды

Күн сайын биіктеген әр сатымыз,

Біздің бір тілегіміз, мақсатымыз.

Әрдайым ашық болып аспанымыз,

Еңбекпен шыға берсін жақсы атымыз.

Қоғамның жүрек дүрсілі, өзегі бүгінгі жастар екені белгілі. Ендеше сол еліміздің жастары, мына сіздер, Қазақстанның болашағын бұлыңғырлатпай, сенімдерін селдіретпей, көк байрақты тік ұстап, еліміздің абыройын асқақтата берейік.

Мемлекеттің «2030» бағдарламасын орындауда ерінбей, экономикалық талапқа сай еңбек ететін, игілікті іске бар ынтасымен кірісетін, ізгілікпен ел – жұртына көмектесетін, рухани жан дүниесі бай, ілтипатты да кішіпейіл, мейірімді жастар болып өсейік деп кешімізді аяқтаймыз. Бүгінгі кездесу кешіне уақыттарыңызды бөліп келіп, өздеріңіздің ой-пікірлеріңізді бөліскендеріңізге баршаңызға алғысымызды айтамыз. Сау болыңыздар!

Leave A Reply