Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

1 613 қаралым

Мектептегі педагог-психолог маманның нашақорлықтың алдын алу саласындағы қызметі

0

Ешмухамбетова Г.Н.,
педагог-психолог, «Ғали Орманов атындағы орта мектеп мектепке дейінгі шағын орталығымен КМ», Ақсу ауданы, Алматы облысы


ХХІ ғасыр ғылым мен техниканың дамуымен бірге қылмыс дүниесінің де ілгерілеуімен танылып отыр. Қазіргі таңда әсіресе көлеңкелі бизнестің үш түрін ерекше атап көрсетуге болады. Олар: қару-жарақ, есіртке саудасы және жезөкшелік. Атаулардың әртүрлі болғанына қарамастан бұл үшеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Соның ішінде ерекше атап көрстеуге болатыны-есірткі саудасы. Есірткі саудасы – негізінен алғанда Орта Азия елдері мен Латын Америкасында /Колумбия/ ерекше дамыған көлеңкелі бизнес көзі. Осы аталған елдерде лабораториялық жолмен алынған есірткі түрлері өз шекараларынан шыға отырып Батыс және Шығыс Еуропа елдеріне қанатын жайғаны жасырын емес. Одан біздің еліміз де қалыс қалып отырған жоқ. Тіпті қарап отырсақ үлкен қалалар былай тұрсын, орталықтан шалғайда жатқан ауылды жерлерде де бұл індеттең белгілері төбелерін көрсетіп қалып жататыны жасырын емес. Қалалы жерлерде бұл бизнестің негізгі көзіне айналған түнгі клубтар, би кештерін өткізетін арнаулы орындар әсіресе жасөспірімдерді өздеріне арбаған жыландай тартатыны бесенеден белгілі. Ал тексере келгенде солардың көпшілігі кәмелетке толмаған колледж немесе мектеп оқушылары болып шығады. Сонда өмірді әлі бастап үлгермеген балаларды мұндай орындарға тартатын басты себептер не?

Бірінші себеп – бұл әуесқойлық. Өйткені бұл жастағы балалар біреуден естігенін, кинофильмдерден көргендерін өз практикаларында істеп көруге бейім тұрады.

Екінші себеп – еліктеушілік. Жасөспірім бірінші кезекте өзі бірге жүретін жолдастарына, өздерінен үш-төрт жастай үлкендігі бар, өздері пір тұтатын /кумир/ тұлғаларға еліктеулері ол заңды құбылыс.

Үшінші себеп – «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп» жеңіл ақша табу. Жанын қинамай жеңіл өмір сүрсем деген қиял.

Төртінші себеп – Абай атамыз айтқандай «Тамағы тоқтың, жұмысы жоқтың аздырар адам боласын» деген жасөспірімдердің өздерінің алтын уақыттарын немен айналысуға, қайда жұмсайтындарынының білмеуінен. Осы айтылған дүниелер оқушының нашақорлыққа ұрынуына себеп болатын тікелей психологиялық факторлар.
Енді нашақорлыққа жасөспірімдерді ұрындыратын әлеуметтік факторлар болатын аян. Бұл факторларды туындататын да түрлі себептер болады. Бірінші себеп – үйдегі ата-аналарының қарауынан тыс қалған балалар. бұған әсіресе әке-шешелері ішімдікке салынған, тұрмысы төмен отбасында өскен балалар жатады. Осындай жанұяда өскен бала «Өзім би, өзім қожамын» деген ойда болып, теріс жолға түсіп кетуі әбден мүмкін.

Екінші себеп – отбасыларында ұрыс-керіс, дау-жанжал жиі болып тұратын балалар. Мұндай балалардың психологиясында «Ойпыр-ай, сол үйге бармасам екен! Кетсем екен мүлдем басқа жаққа!» деген ойлар орын алады. Осындай ой жетегінде кеткен балалар әке-шешелерімен тіл табыспауы салдарынан күндіз болса күндіз, түнде болса түнде үйлерінен қашатындары белгілі. Мұндай психологиялық стрестің салдарынан қылмыс жолына әсіресе есірткі пайдалану, насыбай ату, темекі тарту, арақ ішу, есірткі сату, кісі өлтіру, өз-өздеріне қол салуға дейін баратынын сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда жасөспірімнің өмірден түңілуінен туады.

Үшінші себеп – мектеп ұстаздарының назарынан тыс қалуы. Мектептегі мұғалімдер тарапынан назарға ілінбеуі. Оқушынының сабаққа, мектептегі іс-шараларға қызығушылығуының төмендігі. Мұғалім мен оқушының арасындағы келіспеушілік. Міне осындай әлеуметтік және психологиялық факторларды ескере отырып, мектептегі психолог-маман жан-жақты жұмыс жасауы шарт.

Бірінші кезекте керек нәрсе – диагностика. Психолог-ұстаз балаларға арнаулы тестілеу, тренингтер өткізе отырып, теріс жолға ұрынуы мүмкін балаларды дәл анықтауы керек.

Екіншіден балаланың әлеуметтік жағдайына, отбасына, тұрмыстық бюджетіне, ата-аналарымен қарым-қатынасын назарға алуы керек.

Үшінші кезекте ескеретіні – баланың араласатын жолдастары, құрбы-құрдастары, дос-жорандары.

Төртінші орында тұрған басты нәрсе – баланың мектептегі сынып жетекшімен, мұғалімдермен, мектеп –әкімшілік мүшелерімен қарым-қатынасы қандай? Жалпы мұғалімдерге деген көзқарасы қандай? Баланың жақсы көретін, пір тұтатын ұстазы бар ма? Осы жағына басты көңіл бөлу керек.

Бесіншіден, бала өмірде нені қалайды, нені жақсы көреді, кім болғысы келеді- осыларды білуі керек.
Алтыншыдан, баланың жақсы қырларын есепке алу, ол неге бейім, оның сүйікті ісі /хобби/, бос уақытын қалай өткізеді. Осылардың барлығын тексеріп, зерттеп, есептеп, негізге алып жұмыс істеген психолог-ұстаздың жұмысында ілгерілеу болатын сөзсіз. Ол үшін баланың өзімен, бірге оқитын жолдастарымен, ата-анасымен, сынып жетекшісімен, пән мұғалімдермен, мектеп әкімшілік мүшелерімен, спорт үйірмесінің бапкерлерімен /тренер/, қажет жағдайда жергілікті құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен байланыс орнатуға болады.

Осы аталған тұлғалармен тығыз байланыс орнатумен шектелмей, балаға дұрыс бағыт-бағдар беру, оларды қадағалау, бос уақыттарын тиімді өткізу үшін мектепішілік шараларға тарту, назардан тыс қалдырмай бақылауда ұстау – міне осылар жасөспірімдердің нашақорлыққа ұрынбауының басты кепілі.

Leave A Reply