Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

2 576 қаралым

Мектеп жасына дейінгі балалардың танымдық әрекетінің ерекшелігі

0

Түйін сөздер: мектепалды даярлық, танымдық белсенділік, шығармашылық белсенділік, педагогикалық үрдіс

Қазіргі Қазақстандағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдай баланың интеллектуалды, жеке және табиғи дамуын қамтамасыз ету жүйесін тұрақты дамытуға мүмкіндік беруде. Оның маңызды жақтарының бірі – мектепалды даярлық балаларының білім беру іс-әрекетіне қолайлы енуіне, оқу қызметін меңгеруіне, белсенділігі мен сенімділігін  қалыптастыруға және шығармашылығын танытуына бағыттау.

Елімізде білім беруді дамыту тұжырымдамасында айқындалған негізгі мақсат – мектепке дейінгі білім беруді жетілдіру жолымен балалардың білім алуына бастапқы мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Осыған орай, мектепалды даярлық балаларының бойында оқу қызметін меңгерту, белсенділігін қалыптастыру, дамытушы ортада баланы ынталандыру басты бағыт болып саналады.

Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетілген «Балапан» бағдарламасында 2015 жылға дейін 5-6 жастағы балаларды білім беру ұйымдарында мектепалды даярлықпен толықтай қамтамасыз ету негізгі міндеттердің бірі ретінде айқындалып отыр. Демек, жалпы білім беретін мектептерде, мектеп гимназияларда, шағын орталықтарда мектепалды даярлық сыныптарын ұйымдастыру тиімді жүзеге асырылуы тиіс.

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында жасына және өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып, оның толыққанды қалыптасуы үшін дамыту ортасын құрайтын үздіксіз білім берудің бастапқы деңгейі анық белгіленген.

Тұжырымдамадағы негізгі мақсат – мектепке дейінгі білім беруді ұлғайту жолымен балалардың білім алуына бастапқы мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Бұл мектепалды даярлық балаларының бойында оқу қызметін меңгерту, олардың белсенділігін дамытудың басты бағыты болып саналады. Белсенділікті психологиялық-педагогикалық құбылыс ретінде анықтау, бұл мектепалды даярлық кезеңіндегі балалардың тұлғалық сапасының ерекшелігіне талдау жасауға, білім беру мекемелерінің тәрбиелеу және оқыту үрдісінде оны қалыптастыру жағдайлары мен құралдарын қарастыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Үкіметі 1999 жылы 22 қарашада (№1762) “Балаларды мектеп алдындағы даярлаудың міндетті мәселелері” деген қаулы қабылдады. Осы қаулыны жүзеге асыру үшін әзірленген тұжырымдамада мектепалды даярлықтың мақсаты 5-6 жасар балалардың жалпыға бірдей ақыл-ой, дене тәрбиесін дамытып, олардың жалпы білім беретін мектептердің басқа буынындағы білімді, біліктілік пен дағдыны меңгеруге даярлықты қамтамасыз ету болып табылатындығы көрсетілген.

Білім берудің түрлі деңгейлеріне қарай жаңа әлеуметтік сұраныстарының пайда болуы шығармашылық қабілеті бар, саналы, әрі өзбетті іс-әрекетін анықтайтын және осы мақсатқа жету үшін өзін басқара алатын белсенді жеке тұлғаны қалыптастыруды қажет етіп отыр. Бұл талаптарды орындау үшін мектепалды даярлықтағы педагогикалық үрдістердің ең дұрыс бағыты белсенділікті іс-әрекеттік тұрғыдан дамыту болып табылады. Бұл төмендегідей мәселелерді шешуге мүмкіндік береді: баланың қызығушылығын қалыптастыру, ойлау қабілетін дамыту, оқу дағдысын игерту, белсенділігін, мақсат қою біліктілігін және шығармашылығын тәрбиелеу.

Белсенділікті педагогикалық, психологиялық құбылыс ретінде анықтау, бұл мектепалды даярлықтағы балалардың тұлғалық сапасының ерекшелігіне талдау жасауға, мектепалды даярлықтың педагогикалық үрдісінде оны қалыптастыру жағдайлары мен құралдарын қарастыруға мүмкіндік береді. Педагогикалық-психологиялық зерттеулер мектепалды даярлық балаларының белсенділігін қалыптастырудың тиімді құралы дамытушы орта екендігін дәлелдеп отыр.

Мектепке дейінгі балалардың танымдық және шығармашылық белсенділіктерін қалыптастырудың тұлғалық негізділігін психологтар Л.С.Рубинштейн, Л.И.Божович, Л.А.Венгер, Л.С.Выготский, П.Я.Гальперин, А.В.Запорожец, Д.Б.Эльконин, Т.Тәжібаев, М.Мұқанов, Қ.Жарықбаев, Ә.Алдамұратов, Х.Шерьязданова және т.б., мектепке дейінгі балалардың анатомиялық-физиологиялық, танымдық және эмоциялық-еріктік сипаттамаларында белсенділікті А.М.Леушина, А.А.Люблинская, Н.Н.Поддьяков, А.П.Усова т.б., танымдық әрекет, жеке тұлғалық даму, белсенділікті арттыру Ш.А.Амонашвили, Т.И.Шамова, Ә.М.Мұханбетжанова т.б., мектепке дейінгі тәрбие мәселелері жөнінде ғылыми-теориялық және әдістемелік зерттеулер Б.Б.Баймұратова, А.Меңжанова, М.С.Сәтімбекова, М.Т.Тұрыскелдина, Ә.Әмірова, А.Е.Манкеш, Қ.Меңдаяқова, Ф.Н.Жұмабекова, Ж.С.Хасанова, Ж.Рысбекова, А.Т.Искакова, А.Х.Казетова т.б., мектепке дейінгі білім беру теориясы және әдістемесі Ұ.Т.Төленова, Н.С.Сайлауова, Г.З.Таубаева, К.М.Метербаева, Шолпан Сапарбайқызы т.б. еңбектерінде зерттелінген.

Нарықтық қатынастар орныға бастаған егеменді еліміздегі білім мекемелерінің алдына болашақ ұрпақтың білім және тәрбие сапасын жақсарту міндеттері қойылуда. Соңғы уақытта заман ағымына байланысты білім мазмұнында көптеген түбегейлі өзгерістер болуда.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы заңында», «Қазақстан Республикасы мәдени-этникалық білім беру», «Қазақстан Республикасы орта білімді 2015 жылға дейіенігі дамыту тұжырымдамасы» мектепке дейінгі білімге жаңа рухани-мәдени құндылықтарды игеруге, ұлттық сананың қалыптасып, ақыл-ойының, интеллектуалдық дамуын қамтамасыз ететін танымдық белсенділігін дамыту қажеттілігі туындайды.

Біздің зерттеуіміздің өзекті мәселесі мектепке дейінгі кезеңнен оқыту арқылы танымдық белсенділігін дамытудың жолдарын қарастыруда. Ұлы ғалымдар Әл-Фараби, Я.А.Коменский, Г.Пестолоции, А.Дистерверг, К.Д.Ушинский, Ы.Алтынсарин оқытудың негізінде балалардың ақыл-ойын арттырудың, танымдық белсенділігін дамытудың жолдарын тұжырымдаған.

Мектептегі оқушылардың танымдық әрекеттерінің түрлерін психолог, педагогтар еңбектерінде Б.Г.Ананьев, Ю.К.Бабанский, И.А.Лернер, Л.В.Занков, Л.С.Выготский, А.Н.Леонтьев, В.В.Давыдов, Н.Ф.Талызина және т.б. зерттеу объектісіне қарай жүйелі талданған.

Мектепке дейінгі балалардың танымдық әрекетінің дамуы және ерекшелігін Н.К.Крупская, М.Монтессори, Е.Тихеева, М.М.Рубинштейн, А.И.Сорокина, Д.Поддьякова, Куликова, Козлова зерттеулерінде бала дамуындағы мәнін және маңызын саралап көрсетті.

Әдебиеттер

1. Қазақстан Республикасының Президенті.Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы «Жаңа он жылдық – Жаңа экономикалық өрлеу Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері». – Астана,

2. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы //Жайық ұстазы. – Орал, 2004. -№1

3. Баланың міндетті мектепалды даярлығы тұжырымдамасы. – Алматы: Қазақстан мұғалімі, 1999.

4. Тәжібаев Т. Жалпы психология. – Алматы: Қазақ университеті, 1993.

5. Мұқанов М. Ми және психика //ҚМБ. – Алматы, 1956.

6. Жарықбаев Қ. Психология. – Алматы: Мектеп, 1982.

Үсенбекова Нұргүл Маратқызы

Педагогика, психология пәндерінің оқытушысы

Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы

Жүктеп алу

Leave A Reply