Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

3 778 қаралым

Мектеп оқушыларымен бейімделу кезеңінде өткізілетін дамыту ойындары  

0

Нурмуканова Кульзат Ермековна,

педагог-психолог, Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданы, Бұлақ орта мектебі

Оқу бағдарламасының негізі орта буында беріледі, сондықтан осы кезеңде баланың оқуға деген ынтасы, қызығушылығы, пәнге қатынасы, ұжымдағы өзара қарым-қатынас қажетті деңгейде болу керек. Сөйлеуі жақсы оқушылар кез келген ортада өздерін көрсете біледі, тұлғалық қасиеттері де жақсы дамыған болады. Керісінше білімді, терең ойлы оқушының дұрыс сөйлемеуі табысқа жету жолында оған кедергі етеді. Қарапайым мәселе боп көрінгенімен, уақытында көрсетілмеген көмек танымдық саласында кемшіліктердің пайда болуына әкеледі. Ашық сөйлемеген оқушы қиындықтарын 5 сыныпқа бейімделу кезеңіне тұспа тұс келген шақта, көмек көрсетіп, өте жоғары деңгейге көтермесек те, нақтылы жағдайда нәтижеге қол жеткізу үшін төмендегі ойындарды ұсынып отырмын.

Ойын – ерте заманнан бері адам өмірінің ажырамас бөлігі болып келеді. Ойынды өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу және дене тұлғасын дамыту мақсатында қолданады. Ойын бала мен ересектердің өзіндік іс-әрекеті, ол адамның көңіл-көтерудегі, танымындағы, рухани және дене күштерін дамытудағы қажеттіліктерін қанағаттандырады. Қозғалмалы ойындар үшін өзіндік сюжет пен мотивацияланған белсенді шығармашылық қозғалыс әрекеттері сипатты. Бұл әрекеттер қойылған мақсатқа қол жеткізу жолында әртүрлі қиындықтарды жоюға бағытталған. Ойын арқылы сауықтандыру, білім беру, тәрбиелік мақсаттарға қол жеткізуге болады. Ойын сюжеті қоршаған ортаның ақиқатынан алынады,оның барысында шапшаңдылық, икемділік, ептілік, күш, шыдамдылық қасиеттері дамиды. Ұсынылып отырған ойындар сыныпқа келген жаңа оқушымен жақындасу мақсатында да өткізіледі.

Бірінші оқушылардың эмоционалды әрекетін қалыптастыру, айналаны жағымды қабылдау, толық көрінісін құрастыру, өзі үшін маңызды адамдар мен нысандарға байланысты эмоцияларын көрсете білу дағдыларын қалыптастыру көзделді. Ойын кезінде жағымды қарым-қатынас жасай білуден, сабақта және сабақтан тыс уақытта тіл табысуды игеруден, отбасы тәрбиесінде жіберілген кемшіліктерді жеңуден бастадық.

Екінші қадамда затты көріп қабылдаумен қатар дыбыстық қабылдау қосылды. Естігенін сөзбен жеткізу, зейін бөлумен, шоғырландырумен қатар ой ұшқырлығын жаттықтыру мүмкіндігі туындады. Орта буын оқушыларына берілетін тапсырмалар мен бастауыш сынып оқушыларының рөлдік ойындарын біріктіру арқылы біз топтық жұмысты дамытуға, оқушыларды ұжымшылдыққа, бірлесіп әрекет жасауға, басқаның пікірімен санасуға үйретуге тырыстық. Тапсырманы тыңдап, анықтап, қимыл-қозғалыс арқылы орындау қажет болды. Барлық қатысушылар қызығушылық танытып, белсенділікпен ойнады.

Үшінші қадам барысында күрделене түскен ойындар баланың әртістік қабілеттерін дамытып, өзін-өзі бағалау, өзін сырттан бақылау, тәжірибесін көрсету мүмкіндігіне ие болды. Жаңа қырынан ашыла түскен оқушылар жеке, жұппен, топпен жұмыс түрлерін игеріп, көңіл-күйлерін жасырмай, ашық талдау барысында ойларымен бөлісті. Кітаптан, теледидардан көптеген ертегі мен мультфильмдерді еске түсіріп, қайта жаңғыртып жеткізуді жаттықтырды.

Оқушылардың тез шаршағыштығын аңғара отырып, тапсырмаларды кезектестіріп береміз. Үйрену жағдайында үлкендердің, жақын адамның қолдауы оқушы үшін өте маңызды. Айқын көрінетін кері байланыс түрлері үнемі қажет: қол соғу, қошеметтеу, бірге билеу, күлкімен қолдау, сөзбен қолдау көрсету. Қолдау көрмеген оқушы қызығушылығын тез жоғалтады, ондай оқушыны қайта ойынға қатыстыру өте қиын болады. Мұғалімнің көмекші рөлін үнемі қолдану, бірге ойнату, бірге тапсырма беру қажет.

Ойындар орыс тілі, ағылшын тілі, математика, география пәндерінің алдында өткізілді, соған байланысты тапсырмалар өзгертілді: сабақпен байланысты ағылшын, орыс тілдерінде заттардың атаулары айтылды, үш тілге аударылып, көрсету тапсырылды, география пәніне байланысты кеңістікте бағдарлану, орналасу, т.б. Ойын өткізгеннен соң міндетті түрде сұрақтар қойылып, кері байланыс орнатылу тиісті: өз рөлің, әуен, орындаған әрекетін т.б. саған ұнады ма, келесіде кімнің рөлін сомдағың келеді, сен өзіңнен өзгерістерді байқадың ба, көңіл-күйің қалай өзгерді? т.б. Психологтың алдына қойған мақсатына байланысты тереңдетіп түрлі сұрақтар қоюға болады.

Бірінші қадам мақсаты: Ұжымда жағымды ахуал қалыптастыру үшін, оқушыларды өз эмоциясын сезінуге және сөзбен жеткізуге үйрету.

1.   «Түрлі амандасу» ойыны. Амандасу тәсілдері: сол қолмен, оң аяқпен, маңдаймен, арқамен, шынтақпен, сол табанымен, оң табанымен.

2.   «Сөйлемді жалғастыр» ойыны «Сен де мен сияқты… (тапқырсың, көңілдісің, көріктісің)»

3.   «Жағымды қасиетін табу» Берілеген әрекеттің, жағдайдың немесе пәннің жағымды жақтарын, қырларын атау. Оқушыларға кеспелер таратылады: емтихан, дене шынықтыру, сурет, ән-күй, туған күн, бірінші қоңырау, мерекелік кеш.

4.   «Серуен». Оқушы басқа бөлмеге серуенге барады. Жүргізуші барлық заттарды атап көрсетеді, қолға ұстауға береді, жан-жағына мұқият қарауды ұсынады, заттардың орналасуына мән беру ескеріледі. Серуеннен келген оқушылармен келесі сұрақтар бойынша әңгіме жүргізіледі: бөлме үлкен бе, кіші ме, төбесі биік пе, аласа ма, жарық па, қараңғы ма, электр қуатын қосатын нүкте қай қабырғада, бөлме ыңғайлы ма, көңілсіз бе? Ең жұмсақ нәрсе, әдемі, үлкен, кіші, қызыл заттарды ата. Терезеге қараймыз: далада жел бар ма, суық па, жылы ма, аспанда бұлттар бар ма, тұман ба, ауа таза ма?

Өз бөлмесіне келген оқушылардан серуеннің реттілігі, кездескен заттар, адамдар, терезедегі көрініс, кеңістікте бағдарлану біліктері анықталады, серуеннің әсері туралы әңгімелесеміз, барынша эмоцияларын қосып, есте сақтағандарын айтып беру, қайта жаңғырту біліктіліктері шыңдалады. Рет-ретімен еске түсіру, жалпылау, талдау, біріктіру қалыптасады.

Екінші қадам мақсаты: затты көріп қабылдаудан дыбыстық қабылдауға көшеміз.

1.   «Ненің дыбысы?» ойыны. Музыка жіберіледі (жаңбырдың дыбысы, толқындардың соғылуы, құстардың әндері т.б). Оқушыларға үстелде жатқан суреттерден музыкаға сәйкес суретті әкелу, естіген әуенді қимылмен, сөзбен сипаттап беру тапсырылады.

2.   «Әуенге сай қозғалайық» ойыны. Үш түрлі әуен тыңдалады. (баяу, жылдам, салтанатты) Шеңберде тұрған оқушыларға естіген әуенге сай қимыл-қозғалыс көрсету тапсырылады, өзінде туындаған эмоциямен бөлісу, сөзбен, қимылмен жеткізу мүмкіндігі беріледі.

Үшінші қадам мақсаты: өз әрекетін бағалай отырып үйренген тәжірибесін бекіту мақсатындағы ойындар.

1.«Шағын театр» Оқушылар кеспедегі рөлді сомдайды: қарт ата, әже, дүкенші, дәрігер, мұғалім (әр оқушы жеке рөл ойнайды, содан соң бірлесіп диалог құрастырады, содан соң топтасып сахналау тапсырылады)

Ұсыныс: топтасып бір көрініс ұйымдастыру (мысалы әже дүкенге келді, ата дәрігермен сөйлесті, мұғалім дүкеншімен кездесті т.б.)

2.«Ертегі терапиясы» ойыны. Оқушы ертегіні өз ойымен жалғастырады. Ертегінің басы қағазда жазылған, әр оқушыға жеке беріледі. Ойлануға 5-10 минут беріледі. Ертегіні баяндау барысында бет әлпетімен, дауыс өзгертумен, дене қозғалысымен көрсетіп береді. Оқушы өз эмоциясын еркін айта алады, үйткені ол ертегідегі кейіпкердің эмоциясы боп саналады. Ертегі кейіпкерлерінің көңіл-күйі, әдеттері туралы әңгімелесу.

3.«Мені тыңдап, жасырғанымды анықта» Ертегі, мультфильм атаулары жазылған кеспе, сол ертегіден бір кейіпкерге сипаттама бересің, қалғандары кім туралы екенін анықтау керек. Сөзбен, әрекетпен, қозғалыспен, мимикамен кейіпкерді көрсетуге болады.

Leave A Reply