Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

8 517 қаралым

Мектеп бітірушілерді ҰБТ-ға дайындау тренинг-сабағы

0

Тайборина Шынаргуль Әлімқызы,
Педагог- психолог, Құрман орта мектебі Ойыл ауданы Ақтөбе облысы

Сабақтың мақсаты: Мектеп бітірушілерді ҰБТ-ға дайындау кезінде оқушылардың бойында сенімділікті қалыптастыру. Оқушылардың бойындағы теріс күштерді жою, белсенділігін арттыру. Өзін-өзі бағалау деңгейін жоғарылату, қобалжу сезімдерімен күресе білуге үйрету.
Түрі: Тренинг -сабақ.
Көрнекілігі: Интерактивті тақта, стикерлер т.б.

Тренинг барысы:
1. Кіріспе сөз
Құрметті оқушылар! Сіздер сәбилік, балалық шақтан, жасөспірім шаққа келіп жеттіңдер. Әрқайсыңыздың алға қойған басты мақсаттарыңыз бар: бұл білім шыңына талпыну, жүректеріңмен қалаған мамандықтарыңыздың иесі, өз елінің ертеңі, тірегі болу. Алда үлкен сынақ ҰБТ тұр. Адам баласы өмірінде түрлі сипаттағы талай сынақ тапсырады. Әр жас кезеңнің, әр даму шақтың өзіне тән ауыртпалығы болатын тіршіліктегі сынақтан ешкім құтыла алмайды. Топтың алдына шығып, сәби шақта алғаш рет тақпақ айту да – сынақ. Үйге келген қонақты күтіп, разы етіп шығарып салу да – сынақ.
Ал енді қазір біздің республикадағы мектеп бітірушілердің ҰБТ тапсыруына қоғамда тіпті аса маңыз беріледі. Ұлттық бірыңғай тестілеуге оқушылардың психологиялық дайындығы өзекті мәселенің бірі. Емтихан болсын, сынақ болсын, тест болсын бұл – оқушылар, ұстаздар және ата-аналар үшін стресс болып келеді. Оны қиындататын адамның қорқынышы, мазасыздануы, уайымдауы болып табылады. Қатты толқу мен мазасыздану мұқияттылықты төмендетіп, ойын шоғырландыруға кері әсерін тигізеді. Бірақ бұл қалып саналы түрде реттеуге көнеді. Емтиханға байланысты үрей, қорқыныш, қобалжуды ойын — жаттығулар, тренингтер арқылы жеңуге болады.
Оқушылар ҰБТ-ға дайындық кезеңінде қобалжуды болдырмау үшін мыналарды естен шығармау қажет.
— Уақытты тиімді пайдалану
— Жаттығып үйрену
— Сәттілікке сенімді болу
— Тынығу
— Сабырлы болу
— Жылдамдық пен мұқияттылыққа үйрену.
2-кезең. Топқа бөлу.
3-кезең «Таңқалдыра таныстыру». «Екі шындық, бір өтірік» ойыны түрінде өтеді. (тренинкке қатынасушылар өздері жайлы екі ақиқат және бір шындыққа жанаспайтын бір пайымдау айтады).
4-кезең: «Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге» (Абай)
Әр топқа сауалдар беріледі, ортақ пікірге келіп, топтастыру арқылы жауап беру.
1. ҰБТ дегеніміз не? Қалай түсінесің?
2. ҰБТ-ға дайындық тестеріне барған кездеріңде қандай сезімде болдыңдар?
Қорқыныш сезімді қалай жеңер едіңдер?
2. ҰБТ тапсыратын оқушының міндеттері қандай болу керек?
3. Мамандықтың қандай салаларын білесіздер, сіздің топ мүшелері қай салаларын таңдап отыр?
5-кезең: «Талмасын қанат, сөнбесін үміт,
Армандар алға жалғансын» (Мұқағали)
1-топқа. Сіз сертификат алдыңыз. Бірақ құжат тапсырар кезде сіз таңдаған мамандығыңыз бойынша толық ақпарат алған кезде көңіліңізден шықпады. (Оқитын ғимараты ұнамауы мүмкін, оқитын пәндеріңіз қызықтырмауы мүмкін).
Сіз не істейсіз, сол мамандыққа тапсыра бересіз бе, әлде басқа мамандықты таңдар ма едіңіз?
Самат деген оқушы ҰБТ-ға үйіңде үнемі өз бетімен дайындалады, кейбір сұрақтарын ата-анасымен бірлесіп талдап та отырады. Бірақ бақылау сынақтарында өз деңгейінен көріне алмай келді. Ал мектепке келгенде мұғалімнің айтқанын тыңдамайды, артқы партаға барып ұялы телефонмен ойнап отырады. Ата-анасы баласына сенімді, ал ұстаздары Саматтың сынақтан дұрыс нәтиже көрсете алмайтынын айтып, мектепте емтихан тапсыруына үгіттеуде… Саматты қалай түсінесің, орнында болсаң не істер едің?
2-топқа. Сен ҰБТ болатын күні қобалжыдың ба, әлде денсаулығың сыр берді ме, түнімен ұйықтамадың, ата-анаң да қобалжыды. Таңға жақын ғана көз ілдің де мектепке жиналатын уақыттан сәл кешігіп қалдың. Басқа сыныптастарыңның алды. ҰБТ орталығына кетіп қалыпты, сен не істейсің?
Талғат бір үйдің жалғыз ұлы. Ол ешқандай кемшілік, таршылық көрмей өсіп келеді. Себебі оның ата-анасы бай, ауқатты. Бірде анасы оған ҰБТ-ден ең жоғары ұпай сатып әперем деп ант етті. Бірақ кездейсоқ жағдайлармен білім сатылмайды. Талғат сол себепті оқуға түсе алмады. Ол дайындалса, білімі, ынтасы жетуші еді. Ата-ананың бос сөзі балаға әсер етті. Баланың өміріне балта шапты.
Сұрақ: 1. Талғат ата-анасына сенді, бірақ білім сатылмады.
6-кезең. Қол – мидың жалғасы.
Сан алуан мамандық бар. Ал, біздің табиғи бейімділігімізге үңілейік:
Алақан бойынша мамандық саласын анықтау. Саусақтарымызды кеңірек ашып, ақ параққа алақанымызды түсірейік. Бас бармақпен шынашақтың ортасын О нүктесімен белгілеп, әрбір саусаққа түзу сызық жүргіземіз. О нүктесін білезіктің оң жақ, сол жақтарын да қамтимыз. Осы жүргізілген сызба бөліктерін сызғышпен өлшеп шығарыңыз.
Қорытынды:
1. Егер сіздің алақан сызығыңызда бас бармақ пен О нүктесі арасында сызба бөлігі ұзын болса, сіз – басқарушысыз.
2. О нүктесі мен сұқ саусақ нүктесінің арасындағы сызық басқаларынан ұзын болса, сіздің – қорғаушы әскери қабілетіңіз мол.
3. Ортан қол сызығы ұзынырақ болса, сіз – дін адамы, саясаткер болуға бейімсіз.
4. Аты жоқ саусақ сызығы үлкенірек болса, сіз өнерге бейіміңіз мол, суретші, музыкант, архитектор, дизайнер болуға қабілеттісіз.
5. Шынашақ сызығы үлкенірек болса, сіз – дәрігерлік шипагерлікке бейімсіз.
7-кезең. «Жаңғырық туралы аңыз» әпсана әңгіме
Әкесі баласымен бірге тауға барады. Содан келе жатып аяғын тасқа ұрып алған ұлы:
— АААААААА! – деп айқай салады.
— АААААААА! – деген жауапты естіп таң қалады.
— Сен кімсің?- деп сұрайды ұлы.
Ал оған:
— Сен кімсің? – деген жауап келеді. Мұндай жауапқа ашуы келген бала:
— Қорқақ! – дейді. Ол оған:
— Қорқақ!- деп жауап береді.
Бала әкесінен: — Не болып жатыр? – деп сұрайды. Әкесі жымиып күледі де, былай жауап береді: «Мені мұқият тыңда» Әкесі тауға:
— Мен сені сыйлаймын! – деп айқайлады. Ол оған:
— Мен сені сыйлаймын! — Сен кереметсің!
Ол оған: — Сен кереметсің!
Бала сонда да таңдануын қоя алмады, содан оған әкесі түсіндіріп берді. «Бұл құбылысты жаңғырық деп атайды. Шындығында бұл өмір деп аталады. Ол сен не айтсаң да, не істесең де, соның бәрін өзіңе қайтарады».
8-кезең. Тілек шары. Жақсы тілектер жазылған парақ салынған шарлар үлестіріледі. Шарлар адамның денесін бейнелейді, ал оның ішіндегі ауа – сезімін.
Енді өз сезімдеріңді қалай шығарар едіңіздер?
Шарды жарғанда қандай сезімде болдыңыздар?
Ашудың осылай шыққаны дұрыс жол ма?
Шарды жармай жай ауасын шығарғанда қандай сезімде болдың?
— Бұл қатты жарылған шар ол агрессияны білдіреді, ол – қатерлі жол. Сондықтан әр кезде қандай жағдай болса да, сабырлы күйде, ақылмен қай кезде де мәселелерді шеше білу керек.
«ҰБТ-да жетістікке жетейік!» әні
(«Біз дәуірдің түлегіміз» әнінің әуенімен)
1. Арман, мақсат бір болған соң тілегіміз,
ҰБТ деп бірге соққан жүрегіміз.
Білім болған бастау алар тірегіміз,
Әннен шашу шашайық.
Қайырмасы:
Болашаққа қанат қаққан түлегіміз, Орындалсын үміт толы тілегіміз.
Бәріміз де дайым
Көрмей қайғы-уайым,
ҰБТ-дан жетістікке жетейік.
2. Жанымызға сенімділік серік болсын,
Бірлігіміз әрқашанда берік болсын.
Басымызға бақыт құсы келіп қонсын,
Асулардан асайық.
Қайырмасы:
Болашаққа қанат қаққан түлегіміз,
Орындалсын үміт толы тілегіміз.
Бәріміз де дайым
Көрмей қайғы-уайым,
ҰБТ-дан жетістікке жетейік.
9-кезең. Рефлексия.
Бүгінгі сабақтан өздеріңізге не алдыңыздар?
Құрметті оқушылар! Өз еңбектеріңіз бен білім жолында төккен терлеріңіз алдарыңыздан жарқырап шығатынына сеніп, шаршамай, талмай еңбектене отырып, ҰБТ-да жоғары нәтижеге жетулеріңізге тілектеспін, сәттілік тілеймін!

Leave A Reply