Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

16 682 қаралым

Мүмкіндігі шектеулі балалармен психокоррекциялық жұмыс жасау маңызы

0

Абеуова Риза Бляловна
Мұғалім-дефектолог, Астана қаласы әкімдігінің «Балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі» КММ
Психологиялық коррекцияның негізгі сипаттамасы
Мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуындағы психикалық процестердің, қасиеттердің пайда болу, даму заңдылықтарын, ерекшеліктерін, қарым-қатынасын игеру үшін жалпы және жас ерекшелік психологиясы, жас ерекшелік педагогикасы, жас ерекшелік физиологиясы, дифференциалды және практикалық диагностика пәндерін оқып-үйрену арқылы жүзеге асады.
Тәрбие мен оқытудың күрделі міндеттерін шешу көбіне тәрбиешінің, педагогтың кәсіби шеберлігіне тәуелді. Бірақ қазір аталмыш шеберліктің деңгейі көбіне педагогтың психологиялық дайындығымен, оның арнайы білім беру мекемелерінде – бала бақшаларында, арнайы мекемелерде, мектептерде жұмыс істейтіндермен, психологтармен бірлесіп жұмыс істеуге деген ұмтылысымен белгіленеді. Әр бала жеке тұлға. Біреулер тез дамыса, енді біреулері ақырын дамиды. Әр баланың дамуына байланысты түзету-дамыту сабақтарын жобалап, таңдап өткізген өте тиімді.
Педагог пен психологтың біріккен іс-әрекеті, баланың психологиялық ерекшеліктерін түсіну негізінде, балаға деген жеке ықпал жасауын қамтиды, дер уақытында баланың психикалық дамуындағы және тәртібіндегі бұзылыстарды анықтауға мүмкіндік береді және оған қажетті психологиялық-педагогикалық көмектің берілуін қамтиды.
Психологиялық-педагогикалық коррекция – бұл баланың оқудағы, тәртібіндегі, басқа адамдармен-балалармен және ересектермен қарым-қатынасқа түсудегі мүмкіндіктерін жоғарлатуға, оның потенциалдық мүмкіншіліктерін, шығармашылық резервтерін анықтауға бағытталған психолог пен педагог-дефектологтың біріккен іс-әрекеті.
Педагог-дефектологтар және тәрбиешілер психокоррекциялық әдістердің мүмкіндіктерін дұрыс түсінуі қажет, оларды қолдану салаларын білуі қажет, балаларды тәрбиелеу мен оқыту тәжірибесінде коррекциялық тәсілдер мен әдістерді дұрыс қолдана білуі тиіс.
«Коррекция» терминінің бір мәні, латын тілінен аударғанда – түзету, жартылай түзету немесе өзгерту (лат. correctio). Психологиялық коррекция дегеніміз жас ерекшелік психологияда қабылданған критерийлар (бағалау) жүйесі бойынша нормаға немесе жас ерекшелік бағдарға, онтогенездің бір сатысындағы бала дамуының дұрыс варианты ретінде, аталмыш дамудың гипотетикалық «оптималды» моделіне сәйкеспейтін психикалық дамудың ерекшеліктерін түзетуге бағытталған психологиялық-педагогикалық іс-әрекеттің белгіленген түрі.
Дамуында артта қалудың екі негізгі түрін ажыратады: жүйке жүйесінің органикалық бұзылыстарымен байланысты және арнайы клиникалық-психологиялық немесе медициналық көмек пен зейінді талап ететін артта қалушылық, және психикалық дамуында уақытша артта қалушылық, дені сау балалардың дамуының жағымсыз сыртқы және ішкі жағдайларымен байланысты қалыптан тыс тәртібі.
Психологиялық коррекция психологиялық-педагогикалық іс-әрекет түрі ретінде аномалды дамудың әр түрлі нұсқаларына қолданғанда ең алдымен дефектологияда пайда болды. Бұл салада психологиялық коррекция баланың психикалық дамуындағы кемшіліктердің, ауытқулардың түзетуіне, компенсациясына (орнын толықтыруына) бағытталған педагогикалық әсерлердің жиынтығын білдіреді.
Коррекция мен дамудың бүкіл бағдарламалары психологиялық және педагогикалық бөлімдерден тұрады. Даму мен коррекцияның психологиялық бөлімі практикалық психологпен жоспарланып жүзеге асады. Педагогикалық бөлімі психолог және мұғалім, мектеп директоры, тәрбиеші, ата-аналарымен (баламен жұмыс істейтін адамға байланысты) бірге психологиялық талдау мен ұсыныстар негізінде құрастырылады және психолог көмегімен педагогтармен және ата-аналармен орындалады.
Психология бойынша терең білімдерді игерген мұғалімдер коррекциялық жұмысты дербес жүргізуіне болады, бірақ олар да өз іс-әрекетінің нәтижесі үшін қатаң жауапкершілікті сақтауы қажет.
Сонымен, психокоррекция – арнайы психологиялық әсер құралдарының көмегімен кемшіліктерді жоюға бағытталған шаралар жүйесі.
Психокоррекция арнайы психология мен дефектологияның шекарасында пайда болған.
Психологиялық коррекцияның мақсаты, міндеті, мазмұны
Д.Б. Эльконин көрсеткендей «даму үдерісі, белгілі мағынада, айналмайтын үдеріс, бұл жерде «рекламациялар» — жасөспірімді, жастарды «жетілдіру үшін» қайрадан мектепке қайтару мүмкін емес. Сондықтан да баланың дамуындағы ауытқудың алғашқы белгілерін байқау маңызды. Арнайы оқу-тәрбиелік мекемелерде оқып тәрбиеленетін мүмкіндігі шектеулі балалардың психикалық дамуының динамикасын бақылау дер кезінде дамуды коррекциялауға (түзетуге) мүмкіндік береді. Оның мақсаты әлсіз, оқуда артта қалған, дамуы тежелген балаларға оптималды мүмкіндіктер мен жағдайларды жасап олардың кейінгі дамуына мүмкіндік беру болып табылады.
Коррекцияның (түзетудің) мақсаты мен міндеттерін белгілеу үшін мүмкіндігі шектеулі баланың жас ерекшеліктері мен потенциалды мүмкіншіліктеріне көңіл аудару қажет.
Л.С.Выготскийдің айтуы бойынша, коррекциялық (түзету) жұмыстың негізгі мазмұны ретінде баланың іс әрекеті мен тұлғаның жақын арадағы даму аймағын тұғызу қажет. Сондықтанда психокоррекциялық жұмыс жас ерекшелігінің мәнді сипаттамасын құрастыратын психологиялық жаңа туындыларды мақсатты қалыптастыру ретінде құрастырылуы қажет.
Мүмкіндігі шектеулі балалармен психокоррекциялық жұмыс үлкендердің психологиялық-педагогикалық іс–әрекетінің негізгі міндеті болып саналады. Күрделі болып мектепке дейінгі кезеңнен мектептегі балалық шаққа ауысу кезеңі саналады. Мектепке дейінгі кезеңдегі қажетті психологиялық туындылардың, талап ететін оқу икемділіктері мен дағдылардың қалыптаспаушылығы, баланың оқуға деген мотивациялық және интеллектуалдық дайын еместігі түрлі мектеп дезадаптациясына, басқаша айтқанда оқу іс-әрекетіндегі, қарым-қатынасындағы, мінез-құлқындағы қиындықтар мен күрделі проблемаларға әкеледі.
Мүмкіндігі шектеулі бастауыш сынып оқушыларындағы дезадаптацияның белілері болып қойылатын талаптарды игерудегі және орындаудағы қиындықтар, үлгерімнің төмендігі, тәртібінің бұзылуы болуы мүмкін. Бұның психологиялық себептері болып функционалдық дайындығының төменгі деңгейі – жетілмеуі (мектеп жасына сәйкеспеуі), басқаша айтқанда белгіленген ми құрылымдарының, жүйке-психикалық функциялардың даму дәрежесінің мектептегі оқу міндеттеріне сәйкеспеушілігі. Мектеп жасына сәйкеспеуі, жетілмеуі келесі функциялардың төмеңгі деңгейінде байқалынады: ұсақ моторикасының, «көз-қолдың» реттелуінде, іс-әрекетінің, тәртібінің және т.б. үлгіге сүйенуінде. Мектеп дезадаптациясының жиі кездесетін себебі болып еркіндік аумағының әлсіздігі немесе жеткіліксіз дамуы саналады (үлкеннің нұсқауларын тындай алмауы және дәл орындай алмауы, ережелерге сүйеніп әрекеттене алмауы, еркінді зейіннің дамымауы, еркінді есте сақтай алмауы). Аталмыш бұзылыс оқудағы қиындықтардың, тәртібінің бұзылуының, сыныпта және үйде және т.б. дербес жұмыс істей алмауының негізінде жатыр.
Әр балада-өз мектеп проблемалары мен қиындықтары бар, ал сыртқы бірдей қиындықтардың ішінде олардың пайда болуының түрлі себептері жатыр. Сондықтанда коррекциялық жұмыстың бағытын таңдау күрделі және жауапты.
Мүмкіндігі шектеулі балалармен психокоррекциялық жұмыстың негізгі мақсаты — мүмкіндігі шектеулі балалардың психикалық және тұлғалық дамуын қамтамасыз ету.
Негізгі міндеті — әр бала тұлғасының потенциалдық мүмкіндіктерін дамыту үшін оптималды психологиялық-педагогикалық жағдайларды туғызу негізінде, мүмкіндігі шектеулі балалардың психикалық дамуындағы (ақыл-ойындағы, эмоцияларындағы, мотивацияларындағы, мінез-құлқындағы, ерік- жігеріндегі, қимылындағы және т.б.) ауытқуларды психологиялық-педагогикалық коррекциялау (түзеу).
Коррекциялық жұмыстың мақсаты мен міндеті мүмкіндіктері шектеулі балаларға деген қатынастың психологиялық-педагогикалық позициясын көрсетеді: арнайы білім беру жүйесіне баланы келтіру, түзеу емес, ал аталмыш арнайы білім беру жүйесін, мүмкіндіктері шектеулі балалардың дамуын, тәрбиеленуін, оқуын қамту үшін, коррекциялау, түзеу (бейімдеу) қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Дубровина И.В. Психокоррекционная и развивающая работа с детьми. – М., 2001.
2. Дубровина И.В. Об индивидуальных особенностях школьников. – М., 1975.
3. Бейсенбекова Г.Б. Кіші жастағы оқушы тұлғасының психологиялық-педагогикалық диагностикасы. Оқу құралы. Қарағанды: „САНАТ–Полиграфия“, 2008.
4. Захаров А.И. Психотерапия неврозов у детей и подростков. — М., 1982.

Leave A Reply