Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

117 қаралым

Ұлағатты ұстазға инабатты шәкірт бола білу

0

Күнтуғанова Гүлмира Еркінқызы,

Мектеп психологы


Мұғалімдер мен жоғары сынып оқушыларына арналған психопрофилактикалық сабақ

Мақсаты: Педагогикалық ұжымда жағымды әлеуметтік – психологиялық ахуал қалыптастыру .

Міндеттері:

—    Мұғалімдер мен оқушылар арасында жағымды психологиялық қатынас тудыр ;

—    Мұғалімдер мен оқушылардың өзара сыйластықта, сүйіспеншілік пен мейірімділікті сезініп қарым-қатынас жасауына көмектесу .

Көрнекілігі: Суреттер, плакатқа жазылған ұлы адамдардың сөздері, магнитофон, түсті қағаздар, қайшы, желім.

Әдістер: пікірлесу, талқыла, әңгімелеу .

Шарты: қатынасушылардың санына қарай топтарға бөліп, реттік нөмірлерін анықтау қажет.

Сабақтың барысы:

1. Кіріспе

Ұлағатты ұстаз – ең алдымен шәкіртіне өнерді, білімді үйретуші. Ұстаз шәкіртіне үйрететін нәрсесін өзі жан-жақты терең біледі және қалай үйретудің тәсілдері мен әдістерін жақсы меңгереді де шәкіртін білімге қызықтыра, ынталандыра түсіндіріп, оның сезімін ұшқырла, білімін дамытады. Балалық өмірдің ең бір қызықты кезеңдері мектепте өтеді. Сол мектептің тұлғасы – ұстаз. Ұстаз шәкіртінің жан сұлулығы, тән сұлулығын зерделей зерттеп, оның адамдық асыл қасиеттерінің жақсара түсуін қадағала, қамқорлық жасап отырады. Ол шәкіртін өз туған баласындай көріп, адамдық асыл қасиеттерді оның бойына сіңіреді. Шәкірт ата-анасынан гөрі ұстаздардан көбірек білім алады. Ұстаз ата-анамен бірлесе балаға қамқорлығын арттыра түсіп, білім беру, тәрбиелеу ісіне арнайы күш – жігерін, уақытын бөліп, шәкіртіне бар білгені, өнерін үйретіп тәрбиелейді.

Ұстаз — әке, өйткені ол шәкірттеріне алаламай қамқорлық жасайды .

Ұстаз – ана, ол шәкірттерін туған анасындай баурап, өмір өрнектерін ,

тұрмыс – тіршілік мехнаттарын, қиындықтары мен қызықтарын сезіндіріп, баулудан жалықпайды .

Ұстаз – жолдас, ол әрқашан да шәкірттерімен бірге көпшілікпен араласып жүреді, қатар құрбысындай бірге өмір сүреді .

Ұстаз – дос, ол шәкірттеріне тек жақсылық ойлап, қиындықта қымсынбай көмек көрсетеді, жанын сала жақсылық жасайды .

Шәкірт – ұстазының ұлағатты іс-әрекетін үйреніп, одан білім алушы, жаны жақын, ой – мақсаты біртұта, өсіп — өркендеуші өрен. Шәкірт ұстазына инабаттылық, құрмет пен ізгілік, имандылық көрсетіп, әдеп сақтауға міндетті. Ұстазды құрметтеудің бір белгісі – оған ізеттілікпен сәлем беру. Ұстазға сәлем берудің екі жолы бар: жиналып отырған шәкірттер ұстазбен тұрып амандасса , жеке кездескенде, шәкірт ұстазға әдеппен сәлем беріп, басын иеді. Сәлем беру кезінде иманжүзділік,

елжіреген сезіммен құрметтеу нышаны байқалғаны дұрыс. Сәлемдесу кезінде дауыс ырғағы сыпайы, сыйласымды болғаны жөн. Жалпы, осылайша сәлемдесу арқылы жасалатын қарым-қатынас адамның адамгершілік қасиетінің ең жоғарғы көрсеткіші екенін есте ұстаған абзал.

Ұлағатты ұстаз алдында шәкіртінің орындайтын міндеттері мен парыздары өте көп. Ең әуелі шәкірт ұстаз сөзін ықыласпен тыңдауға, ісін ілтипатпен үйренуге ұмтылуы тиіс деп ойлаймын. Сондықтан да бүгінгі сабаққа қатынасқалы отырған құрметті ұстаздары мен шәкірттер сіздерге іске сәт демекпін !

2. Пікірлесуге арналған сұрақтар .

1) Ұстаз бен шәкірттің қарым-қатынасының бастауы не деп ойлайсыз?

2) Ұлағатты ұстазым деп кімдерді айтар едіңіз?

3) Инабатты шәкірттеріңіз бар ма?

4) Инабаттылық тәрбиеден бе әлде туа біткен қасиет пе? Осы сұрақтар бойынша оқушылар мен ұстаздарымыз өз ойларын ортаға салды.

3. Мұғалімдер мен шәкірттердің сезімдеріне психологиялық бақылау.

Тапсырмалар: (Сурет салынған үлестірмелер беріледі.)

Бұдан не көріп тұрмыз?

1-Тапсырма. Ақ қағазға сызылған төртбұрыш ішінде қара нүкте орналасқан ( топ мүшелерінің қысқартылған жауаптары келтірілген ) .

Мұғалімдер: «Ортасында қара ноқаты бар үлкен ақ кеңістік. Бұл бала алғаш дүниеге келгенде осы ақ қағаздай, сол қағазға ата-анасы мен біздер ұстаздардың салған бейнеміз қаншалықты дұрыс болса, соның нәтижесінен болатынымен салыстыруға болады » …

2-Тапсырма. Оның болашағы да соншалықты жарқын шуағын төккен күн астында әр ұлттың үш баласы қол ұстасып тұрғаны бейнеленген .

Мұғалімдер: «Сыртқы түстері әр түрлі болғаны болмаса, бұл балалардың жан дүниесі бірдей , сондықтан да ұлағатты ұстаз оларға күн сәулесіндей, бірдей мөлшерде мейірім шуағын төгеді » …

3-Тапсырма. Біреуді нұсқап тұрған сұқ саусақ.

Оқушылар: «Біз сұқ саусағымызбен өзгені көрсетіп тұрғанда , өзге үш саусағымызбен өзімізді көрсететінімізді аңғара бермейміз. Ендеше, біз әлдекімді кінәлағанда, өзіміздің кінәміз бар ма, әлде жоқ па осы жағына шындығында көңіл бөлуіміз қажет. Әрбір ағаттық үшін кінәні өзгеден емес, әуелі өзіңнен іздеу керек шығар» …

4-Тапсырма. Түнгі аспан, жымыңдаған жұлдыздар , жарығы сөнбеген бір үй бейнеленген .

Оқушылар: «Түн. Айнала жым – жырт. Аспанда жымыңдаған жұлдыздар. Түгел ел ұйқыда. Бірақ, ояу бір кісі бар. Бұл – мұғалім. Ол қанша жыл ұстаз болғанымен мектепте де, үйде де ертеңгі сабағына үлкен жауапкершілікпен дайындалып келеді» …

4. Ізгі ой ойлауға дағдыландыру (тапсырма музыка әуенімен орындалады)

1 тапсырманы оқушыларға береді: бір адам туралы сүйіспеншілікпен, ізгілікпен ой ойлап көріңіздер, оны қағазға түсіріңіздер.

2-тапсырманы мұғалімдерге береді: Сіз үшін киелі немесе жұбаныш әкелуші болып саналатын әрбір есімді немесе сөздерді іштей ойланып қағазға түсіріңіз.

(Осы тапсырмалар бойынша берілген қысқаша жауаптарды келтірейік)

…бізді бір нәрсе білсе екен, оқыса екен, үйренсе екен деп алға сүйрейтін жан – ұстаз …

…жанымызды жақсылықпен жадыратар, білім нәрімен сусындатар жақсы жандардың бары қандай жақсы …

…сіздің бойыңыздағы кішіпейілдік, мейірімділік, біліктілік, қарапайымдылық, талапшылдық, кешірімділік сияқты жақсы қасиеттеріңізге қызығамын …

Ал ұстаздарымыз болса, киелі есім «Алла» деп, ал жұбаныш әкелуші жанұялары, еңбек етіп жүрген ұжымы мен өз оқушылары екендігін жазыпты .

3-тапсырма. Мұғалім қандай болуы керек және оның еңбегі қалай бағаланады деп ойлайсыз? (Әр ұстаздың пікірін осы жауап төңірегінде тоқайластыру ) .

1. Мұғалімге қажетті қасиеттер:

— оқушыға адам ретінде қадірлі болу;

— сабағының әр кез қызықты әрі пайдалы болуы;

— сабағында әр уақытта оқушыны шабыттандыра білуі;

— әр сабақты шығармашылықпен өткізу;

— бойынан әр уақытта жылылықтың сезіліп тұруы;

— оқушыға түсіністікпен, сезімталдықпен қарауы;

2. Мұғалім еңбегінің нәтижесі:

— шәкірттерінің бағдарламаны толық меңгеруі;

— сабағының оқушы үшін қызықты әрі пайдалы болуы;

— оқушыларының шығармашылық ізденіспен оқуы;

— түрлі сайыстарда оқушыларының жақсы жетістіктерге ие болуы;

3. Мұғалімнің түпкі мақсат, мұраты:

— оқушының жеке тұлға болып қалыптасуына басшылық жасау;

— оқушының рухани өсіп жетілуіне басшылық жасау;

— оқушының шығармашылық қабілетін дамыту;

— оқушының ғылыми дүниетанымын кеңейту;

4. Мұғалім еңбегін саралау.

— пәні бойынша білім сапасының көрсеткіші;

— өз біліктілігін көтеруі;

— мұғалімнің шығармашылық ізденістерінің деңгейі;

— әр түрлі шаралар мен сайыстарға қатынасуы;

— жаңа технологияны меңгеруі;

— оқушыларының жетістіктері және т.б. бойынша мұғалім еңбегінің мониторингі шығарылып отырады.

5. Сабақты қорыту .

а) әр топқа екі түсті қағаз таңдау ұсынылады.

ә) таңдап алған қағаздардан бүгінгі сабақты белгілі бір бейне арқылы түйіндеу тапсырылады.

1-топ . 11-сынып. таңдаған түсі: қызыл, жасыл.

Қалампыр гүлін жасау (Ұстаздарымыздан алған біліміміз бен тәрбиенің арқасында Отанымызды сүйетін патриоттар болып өсеміз. Осы гүлді ұстаздарымызға сыйлаймыз ! ) .

2 – топ . 9-сынып. Таңдаған түсі: көк, сары.

Қазақстан туын бейнелейді. (Ұстаздардың еңбектерін ақтап, егемен еліміздің дамыған 50 елдің қатарында болуы үшін тілімізді, дінімізді құрметтей отырып, жақсы білім алып, еліміздің туын биікке көтеруге ұмтыламыз.)

3-топ. Жаратылстану бағытындағы пән мұғалімдері. Таңдаған түстері: көк, сары. Теңізде жүзіп бара жатқан желкенді қайықты бейнеленген. («Мектеп – кеме , білім – теңіз », біз балалардың білім алуына бағыт беруші – желкенбіз … )

4-топ. Гуманитарлық бағыттағы пән мұғалімдері. Таңдаған түстері: көк, ақ.

Көк аспанда ұшып бара жатқан қыран құсты бейнеледі. (Біз жыл сайын өз түлектерімізді мектептен ұшырып тұрып, олардың білім кеңістігінде қырандай самғауына тілектестігімізді білдіреміз …)

6. Психологтың қорытынды сөзі.

Күнде өсіп – қарап, зерттеп бағады,

Зерттеген соң, зердеге сап алады.

Не тілесе соны біліп, түсінер,

Білген сайын іштен жиі күрсінер.

Ілім білген дана атанар ақыры,

Білім елге пайда берер, ашығы!

Туғаннан-ақ білімге ынта болмаса,

Оқу іздеп қиналмаңдар онда аса …

Бала білім жолын қусын десеңіз ,

Бесігінде – ақ ілім шоғын көсеңіз …

Бала миы – дақ тимеген қағаз нақ,

Миға сөзін ұмытпасқа жазар бақ.

 

Жүсіп Баласағұни

Share.

Leave A Reply