Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

4 261 қаралым

Қиын бала қайдан шығады?

0

Сулейменова Ж.К.,
Психолог, «Ақжар орта мектебі мектеп жасына дейінгі шағын орталығы» КММ Ақжар ауылы, Алакөл ауданы Алматы облысы

«Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын»
Халық мақалы.

Ұрпақ тәрбиесі қай заманның, қай қоғамның болсын көкейкесті мәселелері болып келгендігі дәлелдеуді қажет етпейді. Тәрбие ана сүтінен басталып, біреудің біреуге ықпалы арқылы өмір бойы қалыптасатын күрделі құбылыс.
Бала тәрбиесі – салғырттыққа, себеп-сылтау іздеуге төзбейді. Оны жүргізу үшін педагогикалық ұжымның кәсіптік білгірлігі, ата-аналардың саналық көзқарасы және осы принциптерге негізделген мектеп және отбасы арасындағы тығыз байланысқан одақ, нәтижелі жұмыс қажет. Соңғы кезде жасөспірімдер, жеткіншектер арасында мектеп қабырғасында жүріп-ақ кейбір келеңсіз оқиғаларға оқушыларымыздың көп ұрынуы, «қиын» бала есебін толықтыруы, сөз жоқ, мұғалімдер мен мектеп ұжымын ойландырады. Осының себебіне үңілсек әр түрлі пікірлер айтуға болады. Атап айтқанда, ересектер тарапынан баланың саналы деген талап-тілек, мұқтаждықтарын өнегелі тұрғыдан ескермеу, олардың жас мөлшері мен балалық психологиясына көңіл бөлмеу сияқты кемшіліктер байқалмай кетіп жатады.
Әсіресе, отбасында қалыптасқан микроклимат (жанұя мүшелерінің бір-бірімен қарым-қатынасы, үй тіршілігін әрқайсысының шама-шарқына қарай бөлісіп атқаруы, адамгершілік қадір-қасиеті, қоршаған ортаға көзқарасы, дүниетанымы, олардан алатын әсерлері мен күнделікті әдет-дағдылары) баланың мінез-құлқының жақсы, не жаман болып өсуіне көп ықпал етеді. Өкінішке орай, жанұя біткеннің бәрі бірдей ойдағыдай емес. Дұрыс жанұя болса да, бала тәрбиесіне қырағылық жасай алмай қалатындары да кездеседі. Біраз жанұяларда мораль принциптеріне сай келмейтін жағымсыз қылықтар орын алады. Ендеше қиын баланың пайда болуындағы объективтік және субъективтік факторлар ретінде мынадай себептерді айтқан орынды. Біріншіден, білім мен мәдени өресі төмен ата-аналар баласының ішкі жан-дүниесіне үңілмей, педагогикалық заңдылыққа сыймайтын талап-тілек қояды, әрі оны сөзсіз орындауын талап етеді. Бұл жердегі қателік балаға қойылған талаптың оның жасына, қабілетіне, іскерлігіне, мүмкіндігіне сай келу-келмеуін ескермеуде. Соның салдарынан бала жанұя ортасында адамгершілік қадір-қасиеттері мен эстетикалық сезім -талғамдары, логикалық ой өрісі жағынан өмір талабына сай өріс ала алмайды. Оған дәлел, педагогикалық зерттеулердің қорытындысы бойынша үнемі ұрыс-жанжал, төбелес, бірін-бірі жәбірлеу кездесіп тұратын жаняұларда өскен балалардың 40-44 пайызы, ішімдік орын алған ортада өскен балалардың 30 пайызы, жезөкшелік пен моральға қайшы әдеттермен айналысатын ата-ана өсірген балалардың 13 пайызы «қиын бала» аталады. Оларға тән қасиеттер – дөрекілік, қатыгездік, ұрлық, жалқаулық, қиқарлық, тағы басқа жағымсыз мінездер.
Көптеген ата-аналар өндірістік еңбектен бала тәрбиелеуге қолы босамайтынын, уақыт аздығын сылтау етеді. Осыны желеу ететіндердің көпшілігі баласының кешкісін және бос уақытында немен айналысатынын, кімдермен бірге жүретінін біле бермейді. Елімізде еңбекпен айналыспайтын адам кемде- кем, өндірістік міндетін атқара жүріп тәрбиелі, іскер, білімді, мәдениетті ұрпақ өсірген ата-аналар да мыңдап саналады. Олардан үйренетін жақсы дәстүр-баланы жасынан өзі қызығатын нәрсеге қарай баулып, бос сенделуге жол бермеуі (музыка, спорт, түрлі үйірме жұмыстары), әрі үйдегі үлкенді-кішілі мәселенің бәріне баланы араластырып, ортақ мүдде үшін міндеттілікке, жауапкершілікке тәрбиелеуі.
Баланың жас ерекшелігіне мән берудің зор маңызы бар. Олардың 13-14 жасқа аяқ басқандағы бір ерекшелігі, жора-жолдастарымен оңаша сұхбаттасуға, әсіресе кешке қарай қыдыруға әуестігі басталады. Сондай сәтте жолдастары кім, қай жерде болады, немен айналысады, түнге қарай мектеп режимінде белгіленген уақыттан аспау сияқты тәртіпті ескермеген ата-анаға баласын уысынан шығарып алу қиын емес. Ал бетімен жүрген, әсіресе түн жарымға дейін көше торыған қаңғыбастар қоғам, заң тәртібін бұзуға бейім келеді, немесе баланың сондайлардың ықпалына тез түсуі де ғажап емес.
Тағы бір айта кететін мәселе, ерлі-зайыптылардың ажырасуының бала психикасына қатты әсері, соның салдарынан әсіресе ұл баланың тәрбиесіне нұқсан келуі.
Алдында үлгі- өнеге алатын, сырласатын, үлкен адамға тән қадір- қасиет, жүріс- тұрыс, мәндері мен әдеттерін үйрететін, шаруашылыққа икемдейтін әкенің рөлі ер балаға ауадай қажет. Оның жетіспеуі көңілін құлазытып, ананың талап- тілектерін құлықсыз орындауға, немесе жүре тыңдауға, томаға- тұйықтыққа, оқушылар ұжымынан оқшалануға душар етеді. Осындай көңіл- күйдегі ер бала өзін жұбатудың жолын темекі тартудан, шарап ішуден, бос қыдырудан іздейді. Сөйтіп барып мектеп тәртібін бұзып қана қоймай, теріс жолға икемделуі де ғажап емес.
Ата-аналар көңіл аударатын мәселенің бірі жанұяда бір не екі, немесе көп бала болудың тәрбие ісіндегі орны. Белгілі педагог А.С. Макаренко жанұяда жалғыз баланы тәрбиелеуден бірнеше баланы тәрбиелеу әлдеқайда жеңіл екенін дәлелдеген. Өйткені көп балалы үйде ұжымдық, бір-бірімен санасу сияқты жанұя дәстүрі ұсталып тәрбие жүйесі жинақталады. Ағалы-қарындасты, іңілі-сіңілі бауырластар бір- біріне көмектесіп, сүйеніш болу арқылы бауырмалдық сезімде, шаруаны араласып атқару арқылы ұжымшыл ниетте бір-бірінің кемшілігін көргіш жақсы өнегесінен үйреніп өседі. Ал жанұядағы жалғыз бала менменшіл өркөкірек, ішінара еңбекке құлқы жоқ, енжар болып қалыптасады. Мұндай балалар алдауға тез түседі, «алақаны ашық», керек болса жолдастарына қажет нәрсені үйінен тасып береді. Сөйтіп жүріп «қиын» балалардың ықпалына түсіп қалады.
Жанұяда қандай, қай жастағы бала болсын онымен санасып, оның жеке ерекшілігін ескеріп, ақылдасып отырған мақұл. Жеткіншек бала өзінің өмір тәжірбиесінің аздығына, білімнің әлі таяздығына қарамай «ересектерден кем білмеймін , қолымнан бәрі келеді» деп есептейді. Бұл кезеңде айтылған құрғақ ақылға құлақ қойғысы келмейді. Баланың осы кездегі ерекшелігін педагогикалық талапқа сай басқара білмеген адам оны түзеп алудың орнына бұзып алу қиын емес. Мысалы, әке ұлының, шеше қызының жан дүниесіне үңіліп, жан сырын аша білсе, баланың үлкенге деген сенімі күшейеді. Сол сияқты әр баланың өз ерекшелігі бар, оны байқай білу де соны орайына қарай дұрыс бағытқа сүйрей білу де шеберлікті қажет етеді. Қандай қиын бала болса да оның ар- ожданына тимей жеке ерекшелігін ескеріп, икемі бар жаққа қарай баули білу, тындырған ісіне баға беруде де қырағылық таныту, оның алдында айқын мақсат қойдыра білу және оған жетуге көмектесу сияқты сан-саналы, тынымсыз тәрбие жұмыс арқылы ғана мақсатқа жетуге болады. Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады, «біріншісі-ата-ана, екіншісі-ұстазы,үшіншісі-құрдасы»- деп айтып кеткен екен Абай атамыз.
«Баланы бастан» демекші, әуел бастан-ақ балаға дұрыс ықпал, түзу бағдар беру, тәрбие жұмысын бір минут та ұмыт қалдырмау баршамыздың борышымыз.

Leave A Reply