Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

1 145 қаралым

Геморрой

0

Нұрлан Ізденұлы Есенғазы,

Ақтөбе медицина колледжінің «Хирургия, акушерия және гинекология» ЦӘК төрағасы


Геморрой — геморрой түйіндерінің патологиялық өзгерістерінің әрқилы клиникалық көріністерін (қан кету, ішкі түйінінің түсуі, сыртқы түйіндердің тромбозы және ісінуі, олардың өлеттенуі, т.б.) атайды. Халық арасында көтеу ауруы деп те аталып жүр. Көтеу (грек. Haemorrhois – қан ағу, haima – қан және rheo – ағу) – тік ішектің төменгі бөлігінде вена қан тамырлары кеңеюінен түйіндердің пайда болуы. Аурудың негізінде артериалдық веналық қан айналымға ие, тік ішектің соңғы бөлімінің шырышты қабаты астында орналасқан қуысты денелердің аурулары жатады. Аурудың пайда болуына әсерін тигізетін себептер: —

— сыра, арақ-шарап ішу,

— құрсақ және жамбас қуысындағы ісік,

— бауыр ауруы,

— тік ішектің тамырларында қанның ұюы,

— көп отырып жасайтын жұмыс,

— гиподинамия,—

— дәмді және ащы тағамдарды шектен тыс мол жеу, —

— көтен, яғни анальдық аймақтың гигиенасын сақтамау,

— үлкен дәретке отырғанда көп күшену,

— қан тамыры құрылымының әлсіздігі т.б әсер етеді.

Жіктелуі.

Ағымына қарай:

— Жіті,

— Созылмалы,

Түйіндердің орналасуына қарай:

— Сыртқы,

— Ішкі,

— Аралас.

Сыртқы көтеу түйіндері қарапайым көзбен, ішкі көтеу арнайы айнамен не ректоскоппен анықталады. Сыртқы геморрой сыртқы түйнектердің ішектің аузын қысып тұрған бұлшык еттердің етек тұсындағы көк тамырдың зақымдануы салдарынан туындайды. Сондықтан оны байқау қиын емес. Ішкі түйнектер керісінше тік ішекті қысып тұрған бұлшық еттің үстіңгі тұсындағы көктамырдың зақымдануы себепті пайда болады. Ішектің ішкі жағында тұрғандықтан олар көзге көрінбейді.  Анатомиялық тұрғыдан алғанда бұл екі түйнектің бір-бірінен айырмасы жоқ. Ішкі түйнек те, сыртқы түйнек те көкшіл-қызғылт түсті, үстінен саусақпен басқанда былқылдап тұрады. Сырттағы түйнек көбіне ішкі түйнекпен бірге пайда болады. Ал ішкі түйнек өз алдына бөлек те түзіле береді.

Ауырлық дәрежесіне байланысты:

— Жеңіл,

— Орташа,

— Ауыр,

— Біріншілік,

— Екіншілік (пайда болуы портальдық гипертензия, ісіктер, кіші жамбас қуысы веналарының флеботромбозы сияқты ауруларға байланысты).

Жеңіл дәрежеде түйіндер шамалы қабынады, тромбозға ұшырап, қан кетуі мүмкін, ауырсыну сезімі айтарлықтай күшті болмайды, сыртқа шығып кеткен түйін өз бетінше орнына келеді.

Орташа дәрежеде перианальдық тері мен түйіндер қабынған және қатты ісінген, шығып кеткен түйіндер өз бетінше қалпына келмейді, тромбозданып қан кетеді. Науқастың көңіл күйі бұзылып, дене қызуы көтеріледі, әлсіздік, мазасыздық пайда болады, тәбеті нашарлайды.

Ауыр дәрежеде — сыртқа шыққан ішкі түйіндер қысылып қалады, өліттенеді немесе іріңдейді. Дене қызуы жоғары көрсеткіштерге дейін көтеріліп, науқас қалшылдайды. Ауырсыну сезімі тек анус аймағында ғана емес, тік ішекте, тіпті іште болуы мүмкін, өздігінен дәрет сындыра алмайды.

Клиникалық көріністері.

Науқастың негізгі шағымдары: ауырсыну, геморрой түйіннің аурудың асқыну кезінде, қысылып және жіті қабынып анустан шығып тұрғандығымен байланысты болады. Тік ішек қышиды, терісі қажалады, ауырады, үлкен дәретке отырғанда қан кетуі мүмкін.

Қан кету тамшы түрінде не қан жолағынан бастап құйылып ағуға дейін барады. Бұл шағымдар дефекациямен байланысты болатын тік ішектің керілу, артқы тесіктің қышуы сияқты, қан кетудің алдында болатын симптомдармен бірге кездеседі. Қан кету, әдетте бірнеше ай немесе жылдар бойы ауыратын науқастарда анықталады. Жиі қан кету анемияны дамытады.

Геморройды емдеу.

Геморройға шалдыққанда ең алдымен ем дәмдік(диета) тәртіп пеп тазалық сақтау керек. Яғни, төмендегі бірнеше түрлі тәртіп бойынша жүру қажет:

Дәретке жүйелі түрде отырып, нәжісті іште сақтамай, ішекті босатып тұру шарт.
Алкогольден, кофеден тыйылып, ащы тағамды жемеуге тырысу керек.
Дәрет жүрмей, іш қатқан кезде іш жүргізетін дәрі-дәрмек ішуге болмайды. Өйткені олар ішекті қабынуға ұшыратуы мүмкін. Оның орнына аздап парафин майын ұрттап жіберіңіз.
Проктолог дәрігерінің емін қабылдаңыз.
Криотерапия немесе криохирургия сырқатты емдеудің негізгі түрлеріне жатады. Ол көтенішектегі түйіндерді суықпен тоңазытып алып тастау. Бұл мақсатқа сұйытылған азот, өте салқын температурадағы басқа да газдар қолданылады. Криохирургияның ең жақсы жері ауыртпай, жанға батпай жасалады әрі ауруханаға жатуды қажет етпейді. Орны 5-6 күннен кейін қызарып, ісінеді, сөйтіп екі аптаның ішінде ғана біржола айығады. Криохирургияны геморройдың барлық түрлерінде қолдануға болмайды, оны емдеуші дәрігер проктолог анықтайды.

Бұл емдерден еш нәтиже болмағанда, түйінді хирургиялық жолмен алып тастауға тура келеді. Геморрой ауруы тым қорқынышты емес, бірақ, сақтанбаса, асқынып кетуі мүмкін, күрделі ауруға апарып соғады.

Операциядан кейін науқас бірнеше күн үлкен дәретке отырмайды. Дәрет алғаннан кейін калий перманганат ерітіндісінен ванна алады.

Көтеудің асқынулары:

Ауырған адам дәретке отырған кезде қатты қиналады. Көтенішек түйіні кеселі асқынған кезде тік ішектен қан кетеді. Аурудың асқынуы көбінесе осылай білінеді. Дегенмен, геморрой зардабы тек қан кетумен шектелмейді. Дер кезінде емделмеген жағдайда көтенішек түйіндері шіріп, ол қан тамырларының қабынуына алып келеді. Мұндай кезде көтенішектегі түйіндер ісініп, қатайып, қатты ауырады, қайта-кайта дәретке отырғысы келгендей алдамшы сезім пайда болады. Дәретке отырған кезде ауырсыну сезімі бұрынғыдан бетер күшейеді, кейде тіпті дене қызуы да көтеріліп кетеді. Асқыну екі бағытта дамиды. Оның алғашқысында көтенішектегі түйіндер біресе қабынып, ісініп, біресе басылып, ақыры іші қанды іріңге толып, кейін ол жарылып, орынын тесік немесе тілік түріндегі жарақат басады. Бұл жарақаттың ауруы бұрынғы түйіннен гөрі жанға батып, азапқа салады. Геморройдың асқынуының екінші түрі, қан аздық(анемия)  сырқатын тудырады. Қан кетуі салдарынан тәндегі темір элементі азаяды. Тағы бір айта кететін жайт, көтенішектің ішкі жағындағы түйіндердің асқынуы оның аузындағы шырышты қабаттың сыпырылып түсуіне, түйіндер орнының құрысып, жиырылуына әкеліп соғады. Мұның аяғы көп қан кетуге ұласады. Сондай-ақ, ішкі жағындағы түйіндер көтенішектің аузынан сыртқа шығып, бұлтиып тұрады. Бұл көтенішек аузын зақымдануға ұшыратады.

Алдын алу шаралары:

1.  Күнделікті денешынықтыру жасауды әдетке айналдыру,

2. Қазақ ұлттық тағамдарын пайдалану,

3. Тазалық сақтау,

4. Проктолог-хирург дәрігерінің кеңесін орындау.

Leave A Reply