Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

635 қаралым

Эссе «Мен және менің мамандығым»

0

Номинация: «Мен психологпын».

 ЭССЕ «МЕН ЖӘНЕ МЕНІҢ МАМАНДЫҒЫМ»

 

Мусаханова Аяулым Ерлановна
Педагог-психолог
«Мыңбұлақ жалпы орта білім беретін мектебі» КММ
ШҚО, Аягөз ауданы, Мыңбұлақ ауылы

«Адам баласы өмірде екі нәрседен қателеспегені абзал: бірі- жар таңдау, екіншісі- мамандақ таңдау»,- дейді. Мамандық таңдаудың маңыздылығы осы ұлағатты ойдың астарында жатса керек. Мамандық сөзі латын тілінде «жұрт алдында сөйлеу, жариялау» дегенді білдіреді екен. Өмірге қадам басқан барлық адамның ең басты мақсаты- өзіне лайық мамандық таңдау. Солардың көбі психолог мамандығын таңдайды. Бұл мамандық біреулер үшін  өз-өзін тану, енді біреулерге марапат көзі, кейбіреулер тек адамдарға көмектесуді мақсат етеді. Ал менің ерекшелігім өмірде адамдарға қол ұшын беруге қашанда дайын тұрамын. Бәлкім осы қасиетім әсер еткен болар, мамандық таңдауда психолог мамандығына басымдық бердім. Неге психолог мамандығын таңдадым?
Біріншіден, «кім болам?» сауалын  көп адамдар сияқты мен де өз-өзіме сан мәрте қойдым, әке-шеше үніне құлақ астым. Анам дәрігер болуымды қалады, әкем анаммен келіспей ұстаз болуды ұсынды. Анам ұстаз болғандықтан күні бойғы мектептегі жұмыс, дәптер тексерумен өткен ұйқысыз түндер бізге таңсық емес болатын, сондықтан әуелде ұстаздықтан ат тонымды ала қаштым. Өмірімді темір жолмен байланыстыруды шешіп, теміржолшы мамандығын таңдадым. Жыл өтпей-ақ өзімнің мамандық таңдауда оңбай қателескенімді сезіп, оқумен біржола қош айтысып, педагог мамандығын таңдап, ұстаздық жолға ойыстым. Міне, содан бері 10 жыл ұстаздықтың қара қазанында қайнап келемін. Өз ішкі әлемімді зерттеу, іс-әрекетімді бағалау арқылы  өзге адамдарға да көмектесу мүмкіндігімнің бар екеніне көзім жетті. Педагогика мамандығының сан тарауынан жаныма жақын психолог мамандығын таңдадым. Жоғары оқу орнында оқып жүріп, мамандық таңдаудан аузым күйгендіктен бе, «осы менің таңдауым дұрыс па?» деген сауалды сан мәрте қойдым. Мен оның жауабын тек мектепте психолог болып қызмет атқара бастағанда ғана тапқандай болдым. Басты ұстанымым: «ештеңені бүлдіріп алмау». Жаныма «әр оқушының өмірге қалыптасуы, жеке тұлға ретінде танылуы енді басталғанын ұмытпа» деген жадынамаларды шегелей бердім. Психология – бұл адамның ақыл-ойы мен мінез-құлқы туралы білім беретін күрделі ғылым саласы. Ал психолог көп қасиеттерге ие адам. Зияткерлік, тәрбиелілік, эмоциялық табандылық, сыншылдық, ұстамдылық, белсенділік- оның басты қасиеттері. Таңдау жасауыма әуелі бүлдіршіндерді жанымдай жақсы көретінім ықпал еткен болар. Бүлдіршіндерді күліп қарсы алып, жан жылуыммен жылытуға тырысамын. Оқушыларда туындаған әрбір мәселені назардан тыс қалдырмай, түбегейлі жою жолдарын қарастырамын. Өз жұмысымды оқушы, ата-ана, мұғалім үштігінің ықпалды жұмысына негіздей жоспарлаймын. Жұмыс барысында оқушы мен ата-ананы үнемі нәтижелі жұмыстарға жұмылдыруды, олардың қызығушылықтарын үнемі назарда ұстауға тырысамын. Мен үшін ең бастысы- жанарынан ұшқын атқан оқушылар. Олардың психологпен кездесуді тағатсыз күтетіндіктері, оқыту үрдісі мен сыныптан тыс іс-шаралардағы белсенділіктері мені үнемі  оқу үрдісін нәтижелі етуге ықпал ететін шығармашылық жұмыстар мен тәрбие ісіндегі жаңа әдіс-тәсілдерді іздеуге, қолдануға итермелейді. Қызығушылықтарын арттыру арқылы ойлау дағдыларын, белсенділіктерін арттыру олардың оңды көңіл-күйлерін қалыптастыруға мүмкіндік туғызады. Мен үшін оқу үрдісіндегі ата-аналармен, әріптестермен, ең маңыздысы- осы тізбекті жалғастырушы басты тұлға оқушымен байланыс, ең бастысы. Баланы түсіну, оның жағдайын бағалау, шынайы сөйлесу-басты құндылықтар.
Екіншіден, В.А. Сухомлинский: «егер бала достықпен, түсіністікпен өмір сүрсе, онда ол бұл өмірде махаббатқа бөленеді…»,- деген екен. Тек білімді психолог қана тәрбиеленушісін жақсы өмірге жетелей алады. Сондықтан да өз кәсіби біліктілігімді ұдайы көтеріп отыру- басты межелерімнің бірі. Әдістемелік бірлестікте, семинарларда, вебинарларда өз біліктілігімді көтерумен айналысамын. Жеткіншектермен жұмыс- өмір бойғы жастық қана емес, өмір бойғы даму. Психолог – шығармашыл, балаларға сүйіспеншілікпен қарайтын тұлға. Өмір жолы қиын жол. Ал психологтың жолы да- қиындықтар мен кедергілерге толы жол. Бұл жолдағы оның құралы- ғылым мен болашаққа деген сенім.
Мен өз мамандығымды шексіз сүйемін. Мектеп-балалар әлемі. Жауапкершілікті сезіну, балалармен әрекеттесу- зор бақыт. Барлық қиындықтарға қарамастан психолог адал, еңбекқор,  тәрбиелі, адамгершілігі мол жас жеткіншектерді өмір жолына бағыттайды. Бұл- мен үшін зор бақыт. О. Уайльд: «Баларды жақсы көрудің жолы — оларды бақытты ету»,- деген екен. Менің мамандығым- менің бақытым.

Leave A Reply