Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

4 459 қаралым

«Еліктірер субмәдениет» педагогикалық – психологиялық тәрбиелік шара

0

Шукирбаева Индира Жоламановна,
Педагогика-психология пән оқытушысы, Орал гуманитарлық колледжі, Батыс Қазақстан облысы


Мақсаты: білім алушыларды қазіргі жастар арасында кең таралып кеткен субмәдениет түрлерімен таныстыру, ақпараттандыру. Жастарды дұрыс жолға бағыттау, ұлттық нышанды өз бойларына дарытуға үгіттеу. Білім алушылардың субмәдениет өкілдеріне көзқарастарын білу.
Әдісі: түсіндіру, баяндау, сұрақ қою, тренигтер
Көрнекілігі: слайд, арнайы әзірленген суреттер, тақырыпша т.б.
Жоспар:
1. «Танысу» тренингі
2. Білім алушыларға сұрақ
3. Субмәдениет және оның түрлері
4. «Сыйлық» тренингі
5. Қорытындылау

Барысы:
Мұғалім сөзі
Сәлеметсіздер ме, құрметті Орал гуманитарлық колледжінің білім алушылары және оқытушылары! Бүгінгі біздің «Еліктірер субмәдениет» атты педагогикалық — психологиялық тәрбиелік шарамызға қош келдіңіздер!

Ал ендеше білім алушылар, тәрбиелік шарамызды бірден бастамас бұрын, бір-бірімізбен танысып, білісіп алайық. Ол үшін бізге «Шаттық шеңбері» көмектесетін болады. Бәріміз ортаға жиналып, шеңбер бойымен тұра қалайық. Сосын сағат бойымен мына «жүрек» таяқшаны бір-бірімізге аты жөнімізді айтып, өзіміздің бір жақсы қасиетімізді айтамыз. Мысалға, «Мен Индира Жоламанқызы, мен ақылдымын». Ал, кеттік!
1 — жүргізуші:
Ғаламдық жастар арасында жасына, жынысына қарамастан бір-бірін сабақтастырып, біріктіріп тұратын өзгешелеу толқын пайда болды. Жаһандану заманы жастарға жаңа леп, жаңа дем әкелген кезең. Өйткені, әлемнің бір шетінде пайда болған құбылыс, көп ұзамай дүниенің келесі бір бөлігіне оңай көшіп, онда орын тебе дамиды. Айтпағымыз, субмәдениеттер турасында. Соның ішінде, көше мәдениеті деген атау астында топтастыруға болатын субмәдениеттер туралы.
2 — жүргізуші:
Бұл толқын көп кешікпей біздің елге де келіп жетті. Көше мәдениетін ұстанатын адамдарды әлбетте, аты айтып тұрғандай көшеден оңай табасыз. Сонымен қатар, олардың киген киімі, ұстау мәнері, тіптен сөйлеген сөзі арқылы жақсы тануға болады. Аға буын өкілдерінің жастарға көңілдерінің толмауы бағзыдан келе жатқан дүние. «Бүгінгінің жастары» деееп бастааайды әңгімелерін.
3 — жүргізуші:
Құрметті білім алушылар сіздер «субмәдениет» ұғымын қалай түсінесіздер? Жалпы бұл ұғым туралы естулеріңіз бар ма? Немесе қалай елестетесіздер?
Жақсы жауаптарыңға рахмет. Енді нақты терминологиялық тұрғыда субмәдениет ұғымына тоқталсақ. Субмәдениет (лат. sub — төменгі, нем. Kultur — мәдениет) — дәлме-дәл аудармасы «астыңғы мәдениет», ірі мәдени құрылым ішіндегі белгілі бір топтар, бірлестіктер мәдениеті дегенді білдіреді.
Субмәдениет дегеніміз – қоғамнан оқшауланған өзіндік өмір сүру дағдысы бар, өмір сүріп жатқан қоғамдағы мәдениеттен өзгелеу, тіпті кейде оған наразы жастардың белгілі бір тобы жасаған мәдениет. Мұндай топтар өздерінің сөйлеу әдебімен, киім киісімен және басқа да белгілерімен ерекшеленеді. «Субмәдениет» терминін 1950 жылы американдық социолог Дэвид Райзман ғылымға енгізген екен. Субмәдениеттің негізгі тірегі – жастар. Сол жастар арқылы бейәдеп мәдениет жасап, турасын айтқанда «алдыңғы қатарлы озық» мәдениет арқылы қоғамға ықпал ету екен.
Бұл үрдіс көп кешікпей Қазақстанға да келді. Субмәдениет өкілдерін, қала көшелеріне шықсаңыз, міндетті түрде көресіз және бірден танисыз. Өйткені олардың киім киістері де, өздерін ұстауы да, сөйлеулері де өзгеше. Сiздерге бiр топ бейформалды бiрлестiк өкiлдерi, атап айтқанда, басынан аяғына дейiн қап-қара киiнген, бет-келбетiн де қарамен бояп алған адамдар немесе үстi-басы металдан жылтырап тұрған, не басқа да «ерекшелiгi» бар, өзгелерге ұқсамайтын жастар кездестi ме?
2- жүргізуші:
Шынымен де, бұл қызық сұрақ болғанымен, оның астарында үлкен мәселесi бар. Бұл «ерекше адамдар» белгiлi бiр субмәдениет өкiлдерiн құрайды. Осы субмәдениет бiздiң қоғамдағы жастар арасында белең алып барады. Субмәдениет – жастардың өзiндiк қоғам құрып, белгiлi бiр топ iшiндегi бейформалды, яғни, қоғамнан бөлек бiрлестiгi, осы бiрлестiк мәдениетi. Ошағы Батыстан бастау алатын субмәдениет ұғымы қазiр бар әлемде кең таралған. Оған, әсiресе, жасөспiрiмдер көп қызығады.
1 — жүргізуші:
Жалпы алғанда, Қазақстандағы ресми емес қозғалыстарға белгілі бір стильдер мен бағыттардың араласып келуі тән. Соңғы жылдары музыкалық субмәдениет (поп, рок, рэп), гедонистік субмәдениет (байкерлер, рейверлер және т.б.), спорттық субмәдениет (паркуршілер, сноубордшылар, скейтбордшылар) айрықша даму үстінде. Готика, эмо, анимэ табынушылары секілді спецификалық субмәдениеттің түрлері бізде бар болғанымен, Ресей және басқа да шетелдермен салыстырғанда өте сирек кездеседі.
3 — жүргізуші:
Жастардың бейформалдық бірлестіктерге кіруінің бірнеше себептері бар:
Отбасындағы түсініспеушіліктер, отбасына қарсы шығу
Мектептегі үлгермеушілік және мектеп ұжымынан оқшаулану
Барлық адамдар сияқты болуды қаламау
Тұрақталу қалауы, өзіне көңіл аудартқысы келеді
Криминалдың әсер етуі
Мода қуу
Батыстық бейнеге еліктеу
Өмірлік мақсаты болмау
Жас ерекшелік, эмоционалдық қажеттілік т.б.
2- жүргізуші:
Әлеуметтік –құқықтық критерий бойынша бейформалдық бірлестіктер 3-ке жіктеледі:
1. просоциалды(жағымды бағыттағы)- жастарға жағымды, белсенді әсер ететін.
2. асоциалды (бейтарап түрде)- бос уақытты өткізу үшін құрылған.
3. антисоциалды (жағымсыз бағыттағы)- жастарға кері әсерін тигізетін бірлестіктер.

1- жүргізуші:
Қазақстанда белең алып келе жатқан субмәдениет түрлеріне тоқталсақ:
Көшенің сәні — көше биі
Көше биінің кірпіші АҚШ-та 70 жылдардан бастап қаланды. Міне, бүгін бүкіл әлемді жаулап, өнердің осы түріне табынушылардың қатары күн санап көбеюде. Хип-хоп, локкинг, брейк-данс, тектоник, техно, нью стаил деп ұзын-шұбақ бөлімдер кете береді.
Степ-ритм би тобы Атырау облысында ұйымдастырылған бірінші жастар, көше биінің мектебі болып есептеледі. Құрамында жүзден астам қыз-жігіттерден құралған бұл топ өз өнерлерінің арқасында Ресейде, ТМД елдерінде өткен сайыстарда жүлдегер атанып жүр. Студияда негізінен биді енді үйреніп жатқан жасөспірімдер көп екен. Алдыңғы лектің бұл биді үйренгендеріне 8-9 жыл болған. Бірнеше жасөспірімдер мен жастардың басын біріктіріп, күніге сан қимыл үйреніп, дайындық жасайтын «Степ ритм» би мектебінің жетекшісі Ерболат Рыспаев жас та болса, өзінше заманауи бастама көтеріп жүр.
Ерболат Рысбаев, «Step ritm” би тобының жетекшісі
«Біздің би тобымыз алғашында өзіммен жасты 5-6 жігіттің мүше болуымен құрылған болатын. Міне, өзіңіз көргендей бас – аяғы 9 жылдың ішінде 100ге тарта жастар осында би үйреніп, топтың мүшесі атанып жүр. Шығармашылық қорымызға көше биі стильдерінің оннан астам түрін жинақтадық. Жалпы, американдық би бағыты бүгінде сәнге айналып барады. Ұлттық өнерімізді жоймай, заманауи биді қатар алып жүру артық етпейді деп есептеймін»
Көше мәдениетінің бұл түрі бишілердің көзқарасы бойынша жастардың бос уақытын тиімді пайдалануын әрі ортақ тақырыпта тіл табысуын көздейді екен. Жат қылықтарға бой ұрғанша осындай дене қозғалысына өте пайдалы өнермен айналысқан дұрыс болар.
2 — жүргізуші:
Білім алушылар сіздердің араларыңызда қазақша рэп тыңдаушылар бар ма? Несімен ұнайды?
Ендігі осы қазақша рэпқа тоқтала кетсек…
Қазақша рэп…
Бастауын қара құрлықтан алатын өнердің бұл жанрын білмейтін жан жоқ шығар. «Не деген тасыр-тұсыр, айқай дүние?» деп үлкендер ашына қарайтын, «шіркін, ән деген осы емес пе?» деп жастар тамсана мақтайтын өнердің бұл түрі біздің өлкеде де күн өткен сайын даму үстінде. Рэп атамыздан қалған терме секілді мұра болмаса да, жастар ағымының заманауи өнер үлгісіне айналғандай. Жалпы, рэп – өткен ғасырдың орта шенінде қара нәсілділердің шығарған өнері. Яғни, әуен ырғағына ілесе отырып, тақпақ сынды оқылатын жанр. Алғашында көше стилінде айтылатын рэп, бүгінде шоу-бизнестің басты бөлшегіне айналып отырғандығын мойындаймыз. Тіпті, қазіргі кезде қай әнші болмасын, өз әніне осы жанрды қосып, араластырып айтатын болған. Оның ішінде мағынасы бары да, құр тақпақ та жеткілікті.
Иә, әркімнің өзіндік пікірі бар, оған әрине талас жоқ. «7122» тобы осы рэп өнерімен айналысып жүрген қаламыздағы топтардың бірегейі. Олар облыс деңгейінде өтетін байқаулар мен мерекелік концерттерге шақыртулар алып тұрады екен. Топ орындайтын негізгі тақырыптары Атырау қаласына, оқушылық өмірге, махаббатқа арналған. Бүгінде үш жігіт өз шығармашылықтарын шыңдау үстінде.
3 — жүргізуші:
Паркур толқыны
Сіздер кинолардан немесе деректі фильмдерден ағаштардан, биік қабатты үйлер мен ғимараттардан, қабырғалардан неше түрлі қимылмен айналып секіріп жүргендерді көрген боларсыз. Бұл көркемөнер спорттың бір түрі – паркур деп аталады. Жазықтықта берілген бөгеулерден еркін өту екен мақсаты. Спорттың бұл түрі экстрималдылықты және шапшаңдықты қажет етеді. Паркур өнерінің негізін қалаушылар француздық актерлер Себастьян Фукан мен Давид Белль. Бұл өнер бүкіл жер шарына кеңінен тарап, жастар арасындағы әуесқой спортқа айналды. Оның ерекшелігі айтып кеткендей алуан түрлі тосқауылдарды бағындыру. Биік-биік жерлерден ерекше қимылдарды жасай отырып секіру, айналу. Бұл өзімнің ойымша кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Паркуристтер өз стильдерін әртүрлі қимыл-қозғалыс арқылы дамытып отырады. Атырулық жас паркуршылардың айтуынша көше ауасымен тыныстап, көшеде өспеген, көше өмірін сезіне білмейтіндерге бұл өнерді игеру қиынға соғуы әбден мүмкін. Бүгінде паркур өнері жастарды еліктіргіш, қызығушылығын оятатын субмәдениеттің кеңінен танымал саласы болып табылады.
1-жүргізуші:
Графитти – көркем өнер
Қала көшелерінің қилы бұрышында немесе жағалау жақтау тастарында өзіңізді еріксіз қарататын әдемі түстерге толы жазулар мен суреттерді көріп жүрген боларсыздар. Бұл да субмәдениеттің бізге жеткен бір түрі. Жазбалардың жаманы да, жақсысы да, әдемісі де бар. Бұл түрлі қабырғаларға әшекейлеп салынып, қашалатын көше өнерінің көкжиегін кеңейткен граффити өнері болып табылады. Аудармаға сүйенсек «қашау» деген мағына да екен. Граффити үлгісімен сурет салатын райтер-жастарды өкінішке орай өлкемізден көп кездестіре бермейміз. Дегенмен, олар қалдырған қолтаңбалар баршылық. Бір қызығы, Астана мен Алматы қалаларында осындай райтерлерге арналған фестивальдер жиі өткізіліп тұрады екен.
2- жүргізуші:
Байкерлер – мотоцикл әуесқойлары және табынушылары. Байкерлердің кәдімгі мотоциклисттен айырмашылығы, олар үшін мотоцикл өмірінің бір бөлшегі болып табылады. Байкерлік қозғалысы 1950 жылдары АҚШ-та пайда болды.
Байкерлердің сырт келбеті: бандан (пираттық үлгіде басқа тартатын қара түсті орамал), немесе қара түсті тоқылған бас киім, сырғымасы бар былғары күртеше немесе былғары мотокүртеше, былғары шалбар.
Байкерлер көбінесе шаш, сақал, мұрт қояды. Желден сақтану үшін көзілдірік тағады.
3- жүргізуші:
Алғашқы кезде субмәдениеттiң қалыптасуына музыкалық топтар әсер еттi. Мәселен, 1980 жылдан бастап Америкада роктың жаңа бағыты готик-рок өмiрге келдi. Нәтижесiнде готтар субмәдениетi қалыптасты. Бұл мәдениеттi ұстанатындар готикалық әуендерге және мистикаға жақын келедi.
«Готика» — мәдени өмір салты мен өзіндік өмірлік ұстанымдары бар, белгілі бір мәдениетке бағытталған кешенді (ән, музыка, фото т.б) құрайтын адамдардың субмәдениеті. Мысалы, готтардың келбетi олардың өзiндiк символы қара түнек іспеттес. Әрбір киген киімінде қара түсті элемент болуы және көздерін қара түске бояу – готты айқындайтын басты белгілер.
Әйел-готты басқалардан ажырату да қиынға соқпас, яғни «вамп» (вампир) стиліндегі киім киіс. Ал ер-гот классикалық қара киімді таңдайды.
Готтар – XX ғасырдың 70-жылдары Англияда пайда болған – субмәдениет.
Олар өмірден түңілген, сары уайымға салынғыш, өмірдің көлеңкелі жағына бейім, ал өмірлік ұстанымдары – өліммен байланысты. Тіпті готтардың музыкасын тыңдасаңыз, дүниеден түңіліп, көңіліңіз құлазып кетеді. Гот субмәдениетіндегі жастар, басқа ағымдармен салыстырғанда суицидқа бейім екені дәлелденді.
Готтардың жақсы көретін түсі – қара түс. Бірақ «шынайы» гот өзіне кез келген түске ерік бере алады. Олар көбінесе қара киім киіп, шаштарын кез келген үлгіде қойып, көздері мен еріндерін қара бояумен бояп, беттеріне «мэйк-ап» жасауы, готтардың басқа ағымдардан  айырмашылығын көрсетеді және готтар адамның бас сүйегі бейнеленген және күмістен жасалған бұйымдарды ұнатады.
Әйткенмен, готтардың субмәдениетiн қоғам жылы қабылдамады. Себебi олар суицидтi, депрессияны, сатанизмдi насихаттайды. Психологтардың пiкiрiнше, аталған топ өкiлдерi үнемi психологиялық күйзелiсте жүредi
Готтар ағымы Қазақстан қалаларында да бой көрсетіп келеді. Оған дәлел Алматы қаласында готтарға арналған «www.gothikportal.kz» сайтының ашылуы, Орал қаласында готикалық субмәдениетті насихаттаушы «FOR YOU» группасы. Ал Көкшетаудағы готтар қаладағы қорымдарда жиі бас қосатын көрінеді. Егер осылай жалғаса беретін болса, Готтар ағымы Ресейдегі сияқты бізде де өркен жаюы мүмкін.
1 — жүргізуші:
Эмо – жастардың субмәдениеті. Оның өкілдерін эмо-кидтер (emo + англ. Kid – жас адам, бала) немесе жынысына байланысты эмо-бой (англ. Boy – жігіт, бала), эмо-гёл (англ. girl – қыз). Эмоцияның көрінуі – эмо-кидтердің негізгі ережесі. Олардың ерекшелігі: өз ойын білдіру, қарсыласу, ерекше сезімтал дүниетаным. Көбіне эмо-кидтар – жәбірленген және депрессивті адам.
Эмоның дәстүрлі шаш үлгісі бір көзін жауып тұратын, артқы жағы қысқа, жан-жаққа тартылған, алба-жұлба болып келеді. Тіке, қатты, қара түсті шаш үлгісі ішіндегі дұрысырағы. Көбінесе эмо-кидтар сырға тағу үшін құлақтарын теседі. Беттерінде, денесінде пирсинг болуы мүмкін.
Эмолар үшін қызғылт –қара түсті жолағы бар және стильді белгілері бар киімдер тән. Киімдерінің негізгі түсі қызғылт және қара, бірақ басқада ашық түстерді де қолдануға болады.
Эмоларға тән аяқ киім – Converse типіндегі кедылар немесе скейтерлік кедылар, сонымен қатар флип, слипондарды айтуымызға болады.
Әдеттегі киімдері:
Тар, жабысып тұратын футболкалар;
Тар қара немесе көк түсті джынсы, жамалған немесе жыртылған түріндеде болуы мүмкін.
2 -жүргізуші:
Панктер-жасөспірім субмәдениеті, олар 70-жылдары Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Австралияда пайда болды.
Панктер өзінің эпатаждық киімімен ерекшеленеді. Көптеген панктер шаштарын өте ашық жасылды түстерге бояп гель, лак немесе пивоны тіке тұруы үшін жағады.
Аяқтарына ауыр бәтеңкелер мен кеды киеді. Панктер бас сүйек пен белгілері бар киімдер мен әшекейлерді тағады. Былғарыдан жасалған тікендері бар қарғыбаулар тағып жүреді. Сонымен қатар жыртық, өңі кеткен джинсыларды киеді. Иттердің бауларын сол джинсиға қадап қояды. Әдетте панктер сөмкелерін таза ұстайды.
3 — жүргізуші:
Ал енді білім алушылар, ортада кішкене үзіліс жасап, көңіл-күйімізді көтеру үшін «Сыйлық» тренингін ойнайық.
Мақсаты: Жеке тұлғаға жақсы эмоциялық қуанышты көңіл-күй туғызу. Сөздік емес қарым-қатынас орната білуге жаттықтыру.
Мазмұны: Топтағы қатысушылар екі-екіден бөлініп, біреуі сыйлықты ұсынады. Екіншісі сыйлықты алушы. Сыйлық алушы мен ұсынушы мимика арқылы қандай сыйлық ұсынғанын, екіншісі қандай сыйлық алғанын тауып айтып, әрі ілтипатты да ризашылықты ым-ишара мимикасымен түсіндіру керек.
Қорытынды.
Білім алушыларды біз сіздерге мақсатымызға сай қазіргі қоғамда өріс алып келе жатқан субмәдениет түрлерімен, олардың өмірлік ұстанымдарымен таныстырдық. Естімегеніміз болса, ақпарат алдық. Ендеше біз сіздердің көзқарастарыңызды білгіміз келеді. Не ұқтыңыздар? Көзқарастарыңыз қандай? Келісер ме едіңіз? Сізде осы жолды таңдар ма едіңіз? Әлде қара топырақта аунап өскен қазақ баласы үшін ұлттық рух, намыс, қызға тән қылық пен жігітке тән ержүректікті биік қояр ма едіңіз?
«Жастық шақ» деп аталтын өткінші кезеңін есте қалалырлықтай, қызықты, ерекше өткізуі әркімнің өз қолында. Бірақ, кірме дәстүрлерге еріп, ұлттық санадан арылудың да қажеті жоқ. Біз қозғаған субмәдениеттің аз ғана парасы біреулерге қызығушылық тудырар, ендігілерге жағымсыз боп көрінуі де бек мүмкін. Таразылау өз еріктеріңізде. Сонымен, жастар арасындағы һәм көше мәдениеті оларға просоциальді әсерін берсін дейміз. Тоқетері, субмәдениет – жастар белсенділігінің алаңы.
Осымен «Еліктірер субмәдениет» атты педагогикалық — психологиялық тәрбиелік шарамыз соңына жетті, назарларыңызға рахмет!

Leave A Reply