Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

1 368 қаралым

Дене шынықтыру сабағының психологиямен пәнаралық байланысы

0

 

Адамды белгілі бір іс-әрекетке дайындау – бұл сол іс-әрекетке жемісті қатысуға дайындықты қалыптастыру процесі деген сөз. Осы дайындық ішінде бірқатар компонентерді атап көрсетуге болады: олар – бұлшықеттік, функционалды, операциялы, психологиялық және т.б. Кез-келген іс-әрекетке адам психологиялық жағынан дайын болуы керек. Әсіресе, өзгермелі жағдайларға, мақсатқа жету кезеңдерінде, секірулерде құнды бағыт-бағдар қажет. Оқушылар іс-әрекеті дәл осындай белгілерге ие.

Енді іс-әрекет нәтижесі де оған риза болу, ішкі психологиялық жағдайы, адамның қобалжулары да оның іс-әрекет процесінде психологиялық дайындығына ғана емес, сонымен бірге, кез-келген іс-әрекетпен жүретін оның шарттарына: нақты күн тәртібіне, жеке тұлға бағалануына, мүмкін болатын жазалаулар мен мадақтауларға адамдардың белгілі бір тобымен араласу ерекшеліктеріне және қуаттылығына қатысты болады.

«Ойын дегеніміз жаттығу, ол арқылы бала өмірге әзірленеді» деген П.Ф.Лесгафттың пікіріне көңіл бөле отырып, ойын арқылы біз дене шынықтыру пәні сабағында оқушылар ұжымын ұйымдастыруға, шапшаң әрі тез қимылдауға, пәнді терең білуге, өз бетінше жүйелі дене жаттығулары сабақтарына қалыпты әдеттенуге, дағдылануға көмегін тигізетініміз анық. Дене шынықтыру сабағында оқушылар кейбір математикалық ұғымдармен танысады: колоннаға (бір-бірден түзу) сап түзеу ұғымымен, екі колоннаға сап түзеу – параллелді түзеулермен, дөңгеленіп тұру шеңбермен, реті бойынша санау – реттік сандармен байланысты: физика – қозғалыс пен күш, дененің салмағы, ауырлық күші, жылдамдық, тепетеңділік.

Теориялық мәліметтер бөлімі оқушылардың табиғаттану мен анатомиядан алған дем алу, жүректің жұмысы, бұлшықеттердің жұмысы мен бекуі, қан айналымы, тамыр соғысы бойынша білімдерін ескере отырып түсіндіреді. Дене шынықтыру сабағында тек қимылды әрекеттерді дамытумен қатар, оқушы ойларын жетілдіруде, танымдық іс-әрекеттерін дамытуда психологиялық байланысын арттыру үшін, төмендегідей ойын эстафеталарын ұсынамын.

«Бәйге» ойыны.

Мақсаты: шапшаң ойлауға, жинақылыққа үйрету, тез, әрі дұрыс жауап беруге дағдыландыру.

Ойын шарты: Бұл ойынның әр қатардан бір-бірден шабандоз шығады. Ойын барысында екі шабандозға бөлек-бөлек логикалық сұрақтар қойылады, осы сұрақтарды тапқан оқушы кедергілерді айналып бағанаға дейін жүгіріп барып қайта келуі қажет. Сұрақты таба алмаған шабандоз орнын келесі ойыншы алмастырады. Ойын осылайша әр топтар оқушылары шабандоз болып бақтарын сынайды. Қай топта көп шабандоз болса, сол топ жеңіске жетеді.

«Жұлдызша» ойыны.

Мақсаты: Сөздік қорларын бекіту, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту.

Ойын шарты: Ойыншылар екі топқа бөлінген соң, топ басшыларына әріптердің орналасуын сақтай отырып, жаңа сөз құрау беріледі. Топ басшысы әрбір тапқан дұрыс жауабы үшін бір қадамнан алға жылжып отырады. Қай топ басшысы көп сөз тапса, сол ойыншы жеңіске жетпек. Бір әріп екі рет қайталанбауы қажет. Мысалы: КҮНБАҒЫС.

«Жұп-тақ» ойыны.

Ойын шарты: Ойыншылар қатарға сап түзейді. Мұғалім тапсырманы түсіндіреді. Ол хабарлаған кез-келген жаттығуды оқушылар тек қана жұп сан аталғанда ғана орындайды. Егер мұғалім тақ сан атаса, жаттығу орындалмайды. Мысалы: мұғалім «отыру» жаттығуын 8 рет (жұп) деп хабарлайды. Оқушылар отырып- тұруды орындай бастайды. Егер кімде- кім жаттығуды тақ сан атағанда орындаса, ол бір қадам алға шығады. Жаттығулар мен аталған сандар құбылып өзгеріп отырады. Ойын соңында оң ынталы оқушылар аталады. Енді сандар емес, математикалық мысалдар аталады: 74-78=? 29+37= ?

«Музыкалық ырғақ» ойыны.

Ойын шарты: Оқушылар қатарға тұрады. Мұғалім музыкалық үзінділер қосады, оқушылар осы музыканы ырғағына сәйкес қимылдайды. Мысалы: (вальс айтады, полька- екі адым алға қарай секіреді және т.б.) қимылды дұрыс орындамаған оқушылар ойыннан шығады.

«Арифметикалық қимылдар» ойыны.

Ойын шарты: Ойыншылар саны тең екі команда бір-біріне қарама-қарсы 15-20 метр қашықтықта екі қатарға тұрады. Әр команда ойыншылары реті бойынша саналады. Командалардан тең қашықтықта доп жатыр. Мұғалім ойыншыларға кез келген қосу, алу, бөлу, көбейту мысалдарын ұсынады. Оқушылар мысалдарды шешіп (30-24), жауабын тауып (6), әр команданың рет санын осы санға сәйкес келетін ойыншысы допқа дейін жылдам жүгіріп жетіп, оны өз командасына жеткізуі керек. Бұл тапсырманы орындаған ойыншы өз командасына 1 ұпай әкеледі.

«Кемпірқосақтың  суретін сал» ойыны.

Ойын шарты: Оқушылар жеті адамнан командаларға бөлінеді. Команданың әр қатысушысы арақашықтықты секіргішпен және шеңбермен екі кезең етіп өтеді, бір түспен кемпірқосақ салып, оралады және эстафетаны келесі қатысушыға береді. Мәреге бірінші келген және кемпірқосақтың түстерінің орналасуын дұрыс салғаны үшін екі ұпай алған команда жеңеді.

«Қан талапай» — асықпен ойналатын ойын.

Ойын шарты: Оқушылар екі топқа бөлініп сап түзейді. Бұл ойынға нөмірленген асықтар алынады. Нөмірге байланысты үлестірмелер болады. Екі топтан үш оқушыдан шығады. Асық жерге шашылып, «қан талапай» дегенде асықтарды таласып бөліп алады. Алынған асықтардағы нөмірлері бойынша үлестірмедегі берілген есептерді шығару қажет. Қай топ асықты көп алып, үлестірмедегі есептерді дұрыс шығарса сол топ мүшесіне 1 ұпайдан беріледі.

Дене шынықтыру сабағын басқа пәндер бойынша бұрынғы алған білім, іскерлік дағдыларын дамытамыз. Сабақтарды барынша әсерлі өткізуге, оқушылардың жүйелі дене жаттығулары сабақтарына қызығушылығын қолдай отырып және қозғалу қимылдарына белсенділігін дамыта келіп, жоғары деңгейде ойлау белсенділігі қағидаларын таратуға болады.

Көптеген педагогтар мен психологтар пікірлеріне қарағанда, оқушылардың түрлі пәндердегі білімдер мен біліктерді, бейімділіктердің жеке элементтері арасындағы байланыстарды байқап және қабылдануы олардың білімдерін жүйеге түсіреді, ақыл-ойына серпіліс тудырады, таным қызметіне шығармашылық сипат береді. Белгілі психолог Ю.А.Самарин өзінің «Ақыл-ой психологиясының очерктері» деген еңбегінде былай деп жазды: Диалектикалық тұрғыдан ойлай білу дегеніміз – әр құбылыс басқалармен байланысы көп, түрлі фактілердің өзара ықпалы, қайшылықтары мен дамуы барынша күрделі екендігін көре білу деген сөз. Дүниені тануға келгенде диалектикалық әдіс – адам баласы ақыл ойының жоғары деңгейі.

Сәлімов Арман Мазғұтұлы,

БҚО, Сырым ауданы, ЖББ Жырақұдық ОМ психологы

Leave A Reply