Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

8 333 қаралым

ҰБТ тапсыратын оқушылар ата-аналарына психологиялық көмек

0

Психолог:
Құрметті ата-аналар! Біз бүгін осы жерге өте маңызды маңызды себеп бойынша жиналып отырмыз. Жақын арада, маусым айында біздің он бірінші сынып оқушыларымыз ҰБТ тапсырады. ҰБТ біздің елімізге осыдан тура он екі жыл бұрын, 2004 жылы енгізілген болатын. Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) — орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім беретін білім беру ұйымдарына түсу емтихандарымен біріктірілетін, жалпы орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттау нысандарының бірі.
Тестілеу мақсаты: Жоғары сапалы білім мен жоғары білімге қол жеткізуде әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін оқытудағы жетістіктердің сыртқы тәуелсіз бағалау жүйесін құру.

Ата-аналар жиналысын бастамас бұрын, алдымен танысу жаттығуын жүргізу үшін барлығыңызды ортаға шақырамын.
1-жаттығу: “Келіңіз, танысайық»
Қатысушы ата-аналар бір-бірімен танысқанда екеуден немесе көп болған жағдайда үшеуден бірігіп, топ құрап, бір-біріне қарап отырып, бір-бірі туралы мәлімет алып, танысады. (парақшаға жазып алуға болады). Мысалы: аты, фамилиясы, жасы, мінезі, мамандығы, отбасы туралы, сүйікті ісі, көңіл-күйі, бос уақытында немен айналысатыны, арманы, жоспарлары, ешкім білмейтін қасиеті (мысалы, кесте тігуі, сурет салуы, ерекше тағам дайындай алуы ) т.б. туралы кеңінен қызықты етіп жазып алып, қатысушыларға таныстырады.
Психолог: Құрметті ата-аналар! Сіздердің назарларыңызға жасөспірімнің ҰБТ-ға дайындығы кезеңінде ата-аналардың мінез-құлықтарына қатысты ата-аналарға арналған негізгі психологиялық кеңестер келтірілген слайд-фильмді ұсынамын. Ата-аналарға психологиялық көмек көрсету проблемасын психологтардың мұқият зерттегендігін айрықша атап өткім келеді. Әр ата-ананы өз баласының тағдыры толғандыратындығын барлығымыз түсінеміз. Әрбір ата-ана өз баласының өмірі жақсы болғандығын, балаларының дендері сау, бақытты болғандықтарын қалайды.

2-жаттығу «Қар қиыршықтары» жаттығуы
Нұсқау:
Бәріміз қолымызға ақ қағазды алып ортасынан бүктейміз. Оның оң жақ жоғарғы бұрышын жыртып аламыз. Тағы да бүктейміз, оң жақ жоғарғы бұрышын жыртып аламыз. Тағы да ортасынан бүктеп оң жақ жоғарғы бұрышын жыртамыз. Осылай мүмкіндігімізше жалғастыра береміз. Енді өзіміздің әдемі қар қиыршығын ашып қараймыз.
Талдау:
— Кімде бірдей, бір-бірінен аумайтын қар қиындысы шықты? Себебі неде деп ойлайсыздар?- не себепті бәрімізде бірдей ақ қағаз бен бірдей әрекет бола тұра әр түрлі қар қиыршықтары пайда болды?

Түйін:
Себебі бәріміз бірдей әрекет жасағанмен, ол бізде әр түрлі шықты. Өйткені біз әртүрлі адамдармыз. Біздің қоғамдағы орнымыз, қызметіміз, жан-дүниеміз бәрі әртүрлі. Ал, біздің бірге жиналуымызда бір себеп бар- ол өмір қиыншылықтарына төтеп беру, одан жақсы жетістікке жету. Қоғамдағы орнымыз бен роліміз әртүрлі болса да, бәріміздің алдымызда тұрған мақсат бір.

3. Видеоролик: “Құмырадағы ақау” релакс әуені қосылады. (Психолог видеоролик көрсетіліп жатқан кезде берілген мәтінді дауыстап оқып тұруы қажет).
Ертеде егде қытай әйелінің екі құмырасы болды. Құмыралар әйелдің иығында иілген ағашқа ілініп тұрды. Олардың біреуі жарық, ал екіншісі мінсіз әрқашан іші суға лықа толы болды. Егде әйелдің жарық құмыраға толтырылған суы өзен мен үйіне дейін ұзақ жолда жартылай болып қалып жүрді. Екі жыл бойы бұл күн сайын қайталана берді, егде әйел үйіне жарты құмыра су ғана әкеліп отырды. Мінсіз толық құмыра өзінің жұмысын әрқашан мақтан тұтты, ал жарық құмыра байғұс жарты су ғана әкелетіне ұялып, өзінің жарығына, кемстігіне ыңғайсызданды.
Екі жылдан соң жарық құмыра өзінің жарамсыздығына көзі жетіп, егде әйелге былай деді: «Мен сенің еңбегінді еш еткенім үшін ұяламын үйіне жеткенше менен су тоқталмай ағып барады». Егде әйел бұл сөзді естіп, жарық құмыраға жымия қарады. «Сен байқадын ба, сен жүрген жолда гүлдер құлпырып тұр, ал бүтін құмыра жолында гүлдер өспеген. Сенің жарық екенінді ескеріп, жүретін жолына гүлдердін тұқымын сеуіп қойғанмын, сен оларды әр күні үйге қайтқан кезде суғарып отырасың. Екі жыл қатарынан сен суғарған әдемі гүлдерден үйімді безендіріп отырдым. Егер сен осылай болмағанында мұндай әдемілік біздің үйімізге қызмет етпес еді. Әр қайсымыздың өзіндік кемшіліктеріміз бен өзгеше қасиеттеріміз бар. Кемшіліктің де өзіндік берер жақсылығы бар, өйткені біз кемшілігімізді түзеуге талпынамыз. Өмір сонымен қызық!

Талдау жүргізіледі.
1. Бейнебаяннан не түсіндіңіздер?
Ұлттық бірыңғай тестіге қатысатын сіздің балаңыз үшін бұл бейнебаянның тәрбиелік маңызы бар ма?
Ата-аналардың ой-пікірлері тыңдалады
ҰБТ-ға қатысатын балалардың барлығының деңгейі бірдей емес. Бір оқушы жақсы оқыса, екіншісінің үлгерімі орташа болады. Сол себепті құмырадағы ақау видеоролигін ата-анаға өз балаңыздың білім деңгейі төмен болса да, оның кемшілігін айта бермей, баланың ата-ана үшін қымбат екені түсіндірлуі керек. Ақауы бар құмыра секілді бала өзін керексіз сезінбеуі қажет. Оның өз ұрпағы ретінде аман жүруі, бір титімдей тигізген пайдасының өзі ата-анының қуанышы болатының түсіндіре біліңіз.

4-жаттығу
«ҰБТ ата-ана көзімен» тақырыбында постер қорғау
4-топқа ватман қағаздары және түрлі түсті маркерлер беріледі. Әр топқа өз ойларын ақылдаса отырып қағазға түсіру сұралады. Топқа ойларын ортаға салуға 7 минут уақыт беріледі. Болған топ қол шапалақтайды. 4 топтың өкілдері шығып постерлерін қорғайды.

5-жаттығу
Жағдаяттар.
1-топқа жағдаят
— Балаңыз байқау сынағында математика сабағынан орындаған жұмысын көрсетіп, Қараңызшы, мен «5» алдым»- дейді. Сіздің жауабыңыз?
2-топқа жағдаят
ҰБТ. Айтулы күн жақындаған сайын мектеп бітіруші баланың ұйқысы қашып, мазасыздана бастады. Ең алдымен ол мектептің, ата-анасы мен өзінің абыройын ойлады. Осыған дейін тер төгіп дайындаған еңбегінің еш кеткенін қаламайды. Оның үстіне ата-анасы баласына тым жоғары талап қойып отыр. ҰБТ күні ол төмен ұпай жинады. Баланың ата-анасы ретінде балаға қандай көмек көрсетесіз? Оның төмен ұпай жинаған себебі?
3-топқа жағдаят
Балаңыз 11 сынып оқушысы. Ол мамандық таңдауға қатысты өз шешімін жасап қойған. «Болашақ дәрігермін» дейді. Ал сіз болсаңыз балаңыздың медицинаға еш қабілеті жоқ екенін нақты білесіз. Тәжірибелі, ересек, жанашыр адам ретінде сіз балаңызға қалай кеңес берередіңіз? Оның өз бейімділігіне қарай мамандық таңдауына қалай бағыттар едіңіз?
4-топқа жағдаят
Сіздің 16 жасар қызыңыз және 2 жасар ұлыңыз бар. Сіз екі мезгіл жұмыс жасайсыз. Қызыңыз биыл 11 сыныпқа келді. Алдында ҰБТ күтіп тұр. Әдетте, уй шаруасын тындырып, баланы да бағатын үлкен қызыңыздың күн тәртібін енді сіз қалай өзгертесіз? Қызыңызға өзіңіздің тарапыңыздан қандай қолдау көрсетіп, оның алдында күтіп тұрған емтиханға дайындалуына қалай жағдай жасайсыз?

Психологтар, дәрігерлер мен ұстаздар баланың денсаулығына қамқорлық жасап, әр ата-ана ұстануы тиіс, өте маңызды ережелерді жасады. (ата-аналарға ережелермен таныстырып, таратып беру)

БІРІНШІ ЕРЕЖЕ: Тек ата-ана ғана баланың режимін бақылап, бала ағзасына шамадан тыс күш түспеуіне жол бермеуі тиіс.
Көптеген балалар ҰБТ дайындалу кезеңінде «асыра саналылық» танытып, күндіз де, түнде де дайындалады. Әдеттегі күн тәртібін, дағдылы гигиена ережелерін бұзады. Мұндай шектен тысқарылықты ынталандырмау керек. Шамадан тыс күш жұмсау, жасөспірімнің денсаулығына зиянды.

ЕКІНШІ ЕРЕЖЕ: Ата-аналарға баланың дайындалуына үйдегілердің (әпке-қарындастары, аға-інілері, ата-әжелері) кедергі келтірмеуі үшін, сабақ оқуға арналған ыңғайлы орын ұйымдастыру міндеті жүктелген.
Жасөспірімді бос әңгімегеге, бірлесіп сериал көру мен осы сияқты міндетті емес әрекеттерге тартып алаңдатуға болмайды.

ҮШІНШІ ЕРЕЖЕ: Ата-аналар баланың тамақтануына айрықша назар аударуы тиіс: қарқынды ақыл-ой күші уақытында оған құнарлы, әр түрлі тағамдар мен теңгерімделген дәрумендер кешені керек. Балық, ірімшік, жаңғақтар, кепкен өрік сияқты өнімдер бас миының жұмысын ынталандырады және оқу материалын меңгеруді жеңілдетеді.

ТӨРТІНШІ ЕРЕЖЕ: Қатты шаршау, сабақ пен демалыспен кезектестірілмеген кезде болады. Ата-аналар әдеттегі 40-45 минут (мектептегі сабақтың ұзақтығы) сабақтан кейін, әдеттегі 10 минуттан кем емес үзіліс жасау керек екендігін айтып отырулары тиіс. Осы үзіліс ішінде жеңіл-желпі тамақтанып, терезеден сыртқы табиғат көрінісіне қарап, шағын жаттығу жасап немесе душқа (себезгі) түсіп алуға болады.

БЕСІНШІ ЕРЕЖЕ: Емтихан қарсаңында баланың «қадалып» дайындалу (егер мұндай болатын болса) әрекетінің алдын алу керек. Білімді «өңдеп шығуға» жетпейтін әйгілі «емтихан алдындағы түн», шын мәнінде қиял. Сондықтан емтихан алдындағы түнде ата-аналар баланы тыныштандырып, ұйқысы қанатындай етіп, оған толыққанды демалуын қамтамасыз етулері керек.

Әрине, Сіздерге бұл ережелердің барлығы тым қарапайым әрі айқын нәрседей болып көрінуі мүмкін. Бірақ, көбіне ең қарапайым нәрсе назардан тыс қалатындығын естен шығармаңыз. Біз кейде ұмытуға болмайтын нәрсені, ұмытып жатамыз емес пе?!
Ал енді, бірінші «Қ» — жағдайды құрметтеңіз» ережесіне қайта оралайық. Бұл 6 нөмірлі ережені сақтаудан көрінеді.

АЛТЫНШЫ ЕРЕЖЕ:
Баланың ата-анасының эмоционалдық көңіл-күйін мұқият аңғарып, сезінетіндігін ұмытпау керек. Егер ересектер өзін-өзі ұстай алмай, қобалжу мен үрей тудыратын болса, онда балаға ата-анасының осындай құрылымсыз көңіл-күйі «жұғып», ең жауапты сәтте эмоционалдық күйзеліске ұшырауы мүмкін.

ЖЕТІНШІ ЕРЕЖЕ: Ата-аналар өздерінің талаптары мен балаларының мүмкіндіктерінің қаншалықты арақатыстылығы туралы ойланулары тиіс. Баланы оның мүмкіндігі үшін қол жетімсіз шыңды «алуға» бағыттамау керек. Одан да балаға жоғары баға алу мүмкіндігі бар пәндерді анықтауға көмектесіңіз.

СЕГІЗІНШІ ЕРЕЖЕ: Егер бала көп күш-жігер жұмсап, тырысатын болса, мақтаудан аянып қалмаңыз. Тіпті ҰБТ жоғары бағамен аяқталмаған болса да, бала өз ата-анасы үшін оның іждағаты мен табысты болуға деген ниеті маңызды екенін білуі тиіс. Өз балаңыздың табысын, басқа балалардың табыстарымен салыстырмаңыз! Оның жеке жеңістеріне, кешегіге қарағанда, бүгінгі істерін жақсы істегеніне назар аударған жөн. Ең жоғарғы балдарға тым масаттанып, төмен балдарға қатты ренжуге болмайды.
Міне осындай сегіз ереже. Мен оларды естеріңізде сақтап қалғандарыңызға сенімдімін!

6. Бейнебаян: «Күріштің қасиеті» көрсетіледі.
Ата-аналарға сұрақ:
1. Бейнебаяннан не түсіндіңіздер?
2. ҰБТ тапсыратын балаңызға ата-ана тарапынан қолдауды қанша пайызбен көрсете аласыздар?
3. Талдау: Видеороликтен көргендей дәрігер Эмото үш банкідегі күрішті ата-ананың баламен қарым-қатынасы ретінде тәжірибе жасап көрген. Біріншісіне –алғыс айтып, жақсы сөз арнағаннан күріштің жақсы иісі шығып, көтерілгенін, екіншісіне — “дурак” –яғни “ақымақсың” сөзінен – күріштің қарайып кетуі, ал үшіншісінен – мүлдем назар аудармағандықтан- көгеріп, құрып, пайдасыз болғанын көруге болады. Бұл тәжірибенің сіздің ҰБТ тапсыратын балаңыз үшін де көп маңызы бар. Себебеі, үнемі қолдау көрсетіп, жақсы сөзіңізді арнасаңыз-балаңыз ажарланып, алға ұмтылады, ал үнемі “оқымайсың”, “білмейсің”, “алға ұмтылмайсың” т.б. ауыр сөздермен жаншып отырсаңыз, жаншылып, алға ұмтылысы болмайды. Ал үшінші жағдайда – тіпті назар аудармау – балаңыздың ҰБТ тапсыру кезіндегі психологиялық қиындықтарға төтеп бере алмай, өз-өзімен болып кетуін түсіндіреді.

АТА-АНАЛАР ҚОЛДАУЫНЫҢ БІРІНШІ СТРАТЕГИЯСЫ: Өз балаңызға көбірек жымиыңыз! Бір кездері америкалық «Кип смайлинг» (аудармасы «күлкіні ұстаңыздар!») ұраны кекесін туғызған еді. Бірақ қазір балаға түнерген бет әлпетімен айтылған сөз қаншалықты жақсы болса да, оның жанын жадыратпайтындығы барлығына мәлім. Адам жанының қақпасы – оның көздері, ал оны күлкі ашады! Сондықтан күлуді ұмытпаңыздар! Әрқашан сіздердің көздеріңізден өз балаларыңызға деген махаббат жылуы төгіліп тұратын болсын!

ЕКІНШІ СТРАТЕГИЯ. Балаңызбен көбірек сөйлесіңіз! Оның барлық сұрақтарына жауап беріңіз! Оның үрейлері мен қорқыныштарын талқылаңыз! Баламен әңгімелесуге уақытыңызды аямаңыз! Өйткені тап қазір бұл оған аса мұқтаж. Бала сіздің ілтипатыңызды өмір бойы естен шығармайтындығына және ол үшін әрдайым риза болатындығына сенімді болыңыз.

Ата-ана қолдауының ҮШІНШІ СТРАТЕГИЯСЫ. Балаңызды құшақтауға сараңсымаңыз! Балаңызды құшақтаңыз – физикалық байланыс тыныштандырудың сенімді құралы болып табылады; белгілі американдық отбасылық психолог Вирджиния Сатир: “Баланың жай ғана өмір сүруі үшін күніне төрт рет, ал дұрыс дамуы үшін, — он екі рет құшақтау керек”,-деп жазған.
Қарасаң барлығы қарапайым нәрсе сияқты! Ал бірақ өмірде «жүгіріп», «әбігерленіп» жүріп, туған баламызды құшақтауға да үлгермей жатамыз!

Ата-ана қолдауының ТӨРТІНШІ СТРАТЕГИЯСЫ. Баланың бойына дұрыс, уәждемелі, тыныштандыратын және өз-өзіне деген сенім ұялататын ата-аналық бата-тілек жасай біліңіздер! Ата-аналық бата-тілектің жақсы үлгілері: «Мен сенің барлығын жеңе алатындығыңа сенімдімін! Барлығы жақсы болады! Абыржыма, байсалды бол! Ұстамды бол! Сен – ақылдысың әрі күштісің! Мен сені мақтан тұтамын! Не болса да, біз сені жақсы көреміз! Сен біз үшін – ең тамашасың!».

7-жаттығу:“Балама тілек” ашық хаты
Жиналысқа қатысушы барлық ата-аналарға түрлі-түсті қағаздан гүл, жүрек, күн т.б. суреттерінде ашық хат жасау тапсырылады. (Алдын ала дайындап қоюға да болады)
Дайындалған ашық хат екі беттен құралуы тиіс. Ата-аналар ашық хаттарды өздері таңдап алып, алғашқы бетіне “Балама тілек” ашық хаты деп әдемілеп жазылады. Ал екінші бетіне әр ата-ана өз баласының есіміне жақсы қасиетін, еркелететін есімін қосып жазып, әрі қарай ата-аналық тілегімен жалғастырады.
(11 сынып оқушыларымен өткізілген кезекті тренинг барысында әр оқушының ата-анасының дайындаған ашық хатын балаларға сыйға беруге болады).
8-жаттығу. Май шаммен тілек айту
Барлығымыз бір-бірімізбен бірігіп жұмыс жасағанымыз үшін бір жылы сөз айтып май шамды беріп отырмыз.
Майшамды алған себебім, жарық деген әрқашанда жақсы нәрсе, сондықтан да алдарыңыз ашық, жарқын болсын деген тілек білдеремін.

Психолог:
Сөзімді түйіндей отырып, жиналғандардың барлығына АЛҒЫС білдіргім келеді! ЖАДЫНАМАЛАР мен бүгін осы жерден алған ақпараттар, Сіздерге және Балаларыңызға көмегін тигізетіндігіне сенемін!
Осымен жиналысты жабық деп жариялауға рұқсат етіңіздер.

Жексенова Әйгерім Тасболатқызы
№ 9 орта мектеп психологы
Сағыз селосы, Қызылқоға ауданы, Атырау облысы

Leave A Reply