Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

2 329 қаралым

Баланың күнделікті сабаққа дайындалуындағы ата-ана ескеретін жайттар

0

Ұлжалғас Пралиева,

Педагог- психолог, «№4 Абай ат. жалпы орта мектебі мектеп- гимназияcы» КММ, Мақтарал ауданы, Жетісай қаласы, ОҚО


Балақан өсіру – балапан өсіру емес.

Жер бетінде қазақтан асқан балажан халық жоқ шығар. Неге десеңіз, «Бала бауыр етің», «Балалы үй базар» деген халықтың бір баласын бір ауыл болып тәрбиелейтін өзіндік үлгісі әлемнің өзге де бір жұртында кездеспейтін құбылыс десек артық айтқандық емес. Балаларымыздың мектепке барамын деп қуанғанын көріп, арманыңа да жеттің. Оның балалық ермектеріне енді тіршіліктің жаңа қамы қосылды. Үй тапсырмасын орындау керек, ертеңгі сабақтарға қажет оқулық, дәптер, жазу құралдарын әзірлеп, сөмкесіне салып қою керек. Оның алғашқы үй тапсырмалары, әрине, онша қиын емес. Сонда да оларды күнделікті мұқият орындап отыруы әдетке айналуы қажет.

Ең  алдымен үйде балаңыздың тұрақты жұмыс орны, жинақы үстелі, бойына шақ орындығы болуы, жарық күндіз де, түнде де сол жағынан түсуі тиіс. Оның кітаптары, оқу құралдары үнемі бір орында тұруы, жазу үстеліне жақын сөреде болғаны жөн. Балаңызды ұқыптылыққа баулу үшін өз үстелінің маңындағы көрнекі жерге  кестелер: сабақ кестесін, күн режимін т.б. іліп қоятын арнайы бұрыштар әзірлеген дұрыс.

Бала мектептен шарашап келеді. Ол тамақтанғаннан кейін 1,5-2 сағат ұйықтап тұрып, далада сонша уақыт ойнап келгеннен кейін үй тапсырмасын орындауға отырғызу керек.

Екінші ауысымда оқитындарға да ұйқы ойын уақыты осы айтылған мөлшерде болады.

Ата-ана, үй ішіндегі үлкендер бала сабаққа дайындалатын кезде оны әр нәрсеге жұмсап алаңдатпай, орнықты әрі сергек отыруына жағдай жасаған жөн.

Бала оқу еңбегіне әбден дағдыланғанша ерінбей, жалықпай, ұрсып зекімей шыдамдылықпен күн сайын сабағын түсініп отыруына көмектесу, оның бірте-бірте өз міндетіне айналып, өзін соған қалыптастыруына мүмкіндік жасау керек.

Бала өзіне парасатпен  қарағанды ұнатады және оған көмекті кеңес, ұсыныс түрінде берсе,жекіріп бұйырудан әлдеқайда өтімді болмақ. «Баланы бастан» деген халық ғибраты айтқандай бастауыш сыныпта негізгі берік қаланған дағды өз жемісін берері хақ.

Оқушыны оқу еңбегіне дағдыландыру үшін оның оқу жұмысының  алдында мынадай ережелерді  іліп қою артық емес.

1. Бөлмені желдетіп алу.

2. Компьютерді, теледидарды, телефонды қолданбау.

3. Ертең қандай сабақтар болатынын анықтап үй тапсырмасын күнделігіңе жазып қою.

4. Үстел үстіндегі артық заттарды алып тастау.

5. Оқитын оқулығыңды, дәптер, қаламсабыңды т.б. ал да жазу үстеліңнің сол жағына реттеп қой.

6. Түзу отырып сабаққа кіріс.

Баланың тапжылмай ұзақ отырып алуы денсаулыққа зиян келтіреді. Әрбір тапсырманы орындап болғаннан кейін 10-15 минут бой жазып серігуі керек, бөгде бір іспен айналысуына да болады.

Бұл мақалада  алғаш мектеп табалдырығын аттаған кішкентай шәкірттің бойында оқу дағдыларын қалай  қалыптастырудың қарапайым амалдары туралы ғана әңгімелестік.

Өмірде әрбір жанұяның өзіне ғана тән жағдайы бар, араласатын ортасына қарай қалыптасқан дәстүрлері бар, үй жұмысында орныққан әдет- салты бар. Бірақ баланың оқуға ынта — ықыласын қалыптастыруға күнде көңіл бөліп отыру, тиісті уақытта тапсырма орындап, сабақ пысықтауға  отырғызып, оның нәтижесін қадағалау, күн режимін орындауды баланың дағдысына айналдыру  баласы мектеп табалдырығын аттаған барлық ата-ананың ортақ міндеті. Бала әр отбасының бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік.

Leave A Reply