Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

1 521 қаралым

Балалардың мектепке уәждемелік дайындығын қалыптастырудағы дамыту ойындарының әсері

0

Andir AidanaӘндір Айдана Бозжігітқызы

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті, С.Сейфуллин атындағы №165 мектеп педагог-психологы

Қазіргі Қазақстандағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдай баланың интеллектуалды, жеке және табиғи дамуын қамтамасыз ету жүйесін тұрақты дамытуға мүмкіндік беруде. Оның маңызды жақтарының бірі — мектепалды даярлық балаларының білім беру іс-әрекетіне қолайлы енуіне, оқу қызметін меңгеруіне, белсенділігі мен сенімділігін  қалыптастыруға және  шығармашылығын танытуына бағыттау. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауында атап көрсетілгендей, «Балапан» бағдарламасындағы негізгі міндеттердің бірі 2015 жылға дейін 5-6 жастағы балаларды білім беру ұйымдарында мектепалды даярлықпен толықтай қамтамасыз ету [1]. Демек, жалпы білім беретін мектептерде, мектеп гимназияларда, шағын орталықтарда мектепалды даярлық сыныптарын ұйымдастыру тиімді және нәтижелі жүзеге асырылуда.

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында  жасын және өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып, оның толыққанды қалыптасуы үшін дамыту ортасын құрайтын үздіксіз білім берудің бастапқы деңгейі анық белгіленген болатын. Тұжырымдамадағы негізгі мақсат-мектепке дейінгі білім беруді ұлғайту жолымен балалардың білім алуына бастапқы мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Бұл мектепалды даярлық балаларының бойында оқу қызметін меңгерту, олардың белсенділігін дамытудың басты бағыты болып саналады. Белсенділікті психологиялық-педагогикалық құбылыс ретінде анықтау, бұл мектепалды даярлық кезеңіндегі балалардың тұлғалық сапасының ерекшелігіне талдау жасауға, білім беру мекемелерінің тәрбиелеу және оқыту үдерісінде оны қалыптастыру жағдайлары мен құралдарын қарастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту 1 жастан 6 жасқа дейінгі жастағы балаларды сапалы мектепке дейінгі тәрбиелеумен және оқытумен толық қамтуды, балаларды мектепке даярлау үшін олардың мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың әртүрлі бағдарламаларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету қажеттігі атап көрсетілді [2].

Білім берудің түрлі деңгейлеріне қарай жаңа әлеуметтік сұраныстарының пайда болуы шығармашылық қабілеті бар, саналы, әрі өзбетті іс-әрекетін анықтайтын және осы мақсатқа жету үшін өзін басқара алатын белсенді жеке тұлғаны қалыптастыруды қажет етіп отыр. Бұл талаптарды орындау үшін мектепалды даярлықтағы педагогикалық үрдістердің ең дұрыс бағыты белсенділікті іс-әрекеттік тұрғыдан дамыту болып табылады. Бұл төмендегідей мәселелерді шешуге мүмкіндік береді: баланың қызығушылығын қалыптастыру, ойлау қабілетін дамыту, оқу дағдысын игерту, белсенділігін, мақсат қою біліктілігін және шығармашылығын тәрбиелеу.

Мектепке уәждемелік (мотивациялық) дайын болу әртүрлі классификацияларда мектепке дайын болудың психологиялық, тұлғалық және әлеуметтік дайын болуының құраушысы ретінде жүреді. Баланың мектепке мотивациялық дайын болуының маңыздылығы бұл компонентті дербес етіп шығаруда. Мектепке дейінгі балалар мекемесінде балаларды тәрбиелеу мен оқытудың қайнар көзі – ойын. Ойын арқылы баланың іс-әрекеті ретінде психологиялық, анатомиялық-физиологиялық, педагогикалық уәждемелік маңызы зор қызмет атқарады. Ойын – баланың даму құралы, таным көзі және жеке тұлға ретінде қалыптасуына үлкен ықпал етеді. Ойынды әрбір адам ойнап өседі. Ойынды көп ойнаған адамның дүниетанымы кең, жаны таза, жүрегі нәзік, нағыз сезімтал тұлға болады. Ойын – бала әрекетінің бір түрі, адамзат мәдениетінің қазынасы. Ұлы педагогтар, ғалымдар баланы тәрбиелеудегі ойын рөлін жоғары бағалаған. Бала ойын арқылы өмірге енеді, табиғатпен, қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түседі, түсінігін арттырады, еңбек ете білу дағдысы қалыптасады [3].

Кеңестік педагог А.С.Макаренко: «Баланың ойынға деген құмарлығы бар, сол құмарлықта қанағаттандыра білуіміз керек. Ойнау үшін тек қана уақытты бөліп қана қоймай, сонымен бірге баланың барлық өміріне ойынды бере және сіңіре білуіміз қажет. Оның барлық өмірі ойыннан тұрады», — деген екен [4].

Ойын – балалар үшін күрделі әрекет, ол білімді, ақылыды, ұйымдастыруды қажет етеді. Ал, білімді бала қайдан шығады? Ең алдымен, білімнің бастауы бала ойын арқылы өзі үйренеді, әрине, үлкендер де балаға үйретіп, ақыл айтып отыруы тиіс.

Балалардың негізгі іс-әрекеті ойын болғандықтан, әсіресе ойын арқылы баланың интеллектуалдық және эмоционалдық жағы белсенді дамиды. Ойын балалардың қарапайым сипаттағы түсініктері мен іс-әрекет әдістерін дамытуға ықпал етеді. Балалар ойын кезінде бақылайды, байқап көреді және тәжірибе жасайды, тексереді, талдайды, заттардың ұқсастығы мен айырмашылығын, ерекшелігін салыстыра отырып, сұрақтар қояды және жағдайларға өзіндік қорытынды жасайды, танымдық іс-әрекеттерінің дамуына зор ықпал етеді. Себебі, ойын барысында баланың дене және рухани жан-дүниесі, ақылы, қиялы дамиды, тұлғалық бейнесі қалыптасады. Ойын баланың қоғамдық тәжірибені меңгеру тәсілі, яғни, ол өзгелердің пікірімен санасуға, ортақ тіл табысуға, шешім қабылдауға т.б. көптеген әлеуметтік, өмірлік дағдыларға осы ойын арқылы қол жеткізеді. Ойын үстінде бала оқып-біліп жатырмын деген ойда емес, ойнаудамын деген түсінікте болады. Сонымен «дамытушы орталықтарда» мақсатты ұйымдастырылған іс-әрекеттер нәтижесі қалыптасып келе жатырған бала тұлғасына әлеуметтік, рухани жағынан өмір сүруіне аса керек қажеттіліктерді дер кезінде қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, оның әрі қарай дамуына жол ашады [5].

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Назарбаев Н.Ә. «Нұрлы жол – Нұрлы болашақ бастауы» ҚР президентінің халқына жолдауы.- Астана, 2007.

2. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту. Негізгі ережелер. // ҚР мемлекеттік жалпыға бірдей білім беру стандарты. – Астана. – ресми басылым. – ҚР МЖМБС 1.001-2009

3. Мұсаева С.А., Бегалиев Т.Б. Жас ерекшелік педагогикасы. Оқулық. – Астана: Фолиант, 2006. – 472 бет.

4. Жуковская Р.И. Игра и ее педагогическое значение.–М., Педагогика,-1995.-121с.

5. Леонтьев А.Н. Проблемы развития психики. –М., Издательство Московского университета, 1982. -481с.

Leave A Reply