Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

17 102 қаралым

Балалардың бойындағы қорқыныш және оны жеңу жолдары

0

Кентанова Ләззат Қуанышқалиқызы
Маңғыстау облысы Ақтау қаласы №35 «Балдырған» бөбекжай психологы

Қорқыныш – өзін-өзі сақтау инстинктіне негізделген, жүйке жүйесінің белгілі бір физиологиялық өзгерістерімен жүретін, қатерлі жағдайда туындайтын эмоция.
Жас ерекшелігіне байланысты негізгі қорқыныш түрлері:
Жаңа туылған нәресте:
жаңа ортадағы қорқыныш
анасынан алыстау қорқынышы
бөтен адамдардан қорқуы
1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларда:
қараңғыдан қорқуы
түнгі қорқыныштар
жалғыз қалып қою қорқынышы
3 жастан 5 жасқа дейін:
жалғыздық қорқынышы, яғни ешкімнің елемеуі
қараңғылық қорқынышы
тыныш, тұйық ортадан қорқуы
қиял-ғажайып кейіпкерлерінен қорқуы
5 жастан 7 жасқа дейін:
белгілі бір жағдайға байланысты қорқыныштар, мыс: өрт, тереңдік, апаттар, т.б.
ата-аналарының ұрысуынан, ұруынан қорқу
жануарлардан қорқуы
қорқынышты түстерден
ата-анасынан айырылу қорқынышы
кешігіп қалу қорқынышы
өлім қорқынышы
ауруға шалдығып қалу қорқынышы
Осындай қорқыныштардың алдын алу үшін, баланың алаңдаушылығын жою үшін ата-аналарға бірнеше кеңестер:
балаға көбіне еркіндік беріп, оның достарын шақырып, бірге тиімді уақыт өткізуін қадағалаңыз;
баланы жыртқыш аңдармен, полиция қызметкерлерімен, дәрігерлермен қорқытпаңыз, себебі  бізге оның мәні болмаса да, балалар оны шын деп қабылдауы мүмкін;
көбірек сурет салуға баулу;
баланы сол қалпында қабылдап, жақсы көру, оны көршінің әдемі қызымен немесе сабақта үздік інісімен салыстыруға болмайды;
әр бала өзіне деген отбасының жылуын сезінуі керек, балаға жақсы дос бола біліңіз.
Уақыт өте келе бұл қорқыныштардың барлығы жойылады, себебі бұл белгілі бір уақыт арасында ғана болатын қорқыныш үрейлер. Бірақ, осы қорқынышты уақыт еншісіне қалдырмай,  қорқыныш баланың бойында ұзақ уақыт сақталып қалмауы үшін ата-аналар мен тәрбиешілер өз үлесін қосуы керек. Баланың бойындағы үрейді шығару үшін, оның неден қорқатынын білу үшін әр түрлі әдістерді пайдалануға болады.
«Қорқынышымызды қағаз бетіне түсіру». Сурет салу сабағы 30-40 мин ұзақтықта болуы керек. Баламен жақсы қатынас орнатып алып, алдын ала онымен ойнап, көңілін көтеріп, содан кейін жанына отырып әңгімеге көшу керек. Әртүрлі сұрақтардан бастап, мысалы қараңғыдан қорқасың ба? Қасқырдан қорқасың ба? Лифттен қорқасың ба? Мыстан Кемпірден қорқасың ба? Қан көргенде, уколдан қорқасың ба? Осындай сұрақтар арқылы баланың психологиясын дайындап алу керек. Егер бала жоқ деп жауап берсе, қорықпаймын деп алдап жоққа шығарса, оған тиімдірек жолын пайдалану керек. Ия немесе жоқ деп жауап беретіндей сұрақтар қойылуы керек. Бірден бірнеше сұрақ қоюға болмайды, баланың көңілін алдап, ойнап сұралуы керек. Ол өзінің қорқынышын айтқанда, оған ақ параққа сол нәрсені салуды сұраңыз, фломастер немесе акварель бояуын бергеніңіз абзал. Бала бірден салуға келіспеуі де мүмкін, кейін жаттығулар арасында, ойын арасында салып беруі мүмкін. Суретін салып болғаннан кейін, онда не салынғанын сұрап, ол туралы басқа не білетінін айтып беруін сұраңыз. Содан кейін баланы міндетті түрде мақтап, мадақтауыңыз қажет, онымен ол жеңіске жететіндей ойын ойнап, көңілін көтеріңіз. Бұл жаттығуға 1-2 апта уақыт кетуі мүмкін. Ол әлі толық қорқыныштан арылмауы мүмкін, сондықтан оған «сенің сол қорқынышты женгенің туралы» сурет сал деп өтініуіңізге болады, мысалы бала қасқырдан өзі емес, қасқыр баладан қашып бара жатқаны туралы салуы мүмкін Осы уақыт ішінде көбірек ойын ойнап, баланың сергек болуын қадағалап, ұрыс-жанжалдан аулақ болғаныңыз жөн. Қорқынышын қағаз бетіне түсіру арқылы өмірде жоқ, бірақ баланың өзіне болатындай қорқыныштан, елестен арылуға мүмкіндік береді.
Бала бойындағы қорқынышты жеңуге сюжетті-рөлдік ойындар ойнау да көп көмегін тигізеді. Баланың білетін ертегісінің кейіпкерлерін ойнап, бала ертегі арқылы өзі жаман да, жақсы да кейіпкерлердің рөлін сомдағаннан кейін, бойындағы ұзақ уақыт арыла алмай жүрген қорқынышын жеңе алады. Күнделікті балалардың ойнайтын «тығылыспақ» ойынын алатын болсақ, бұл ойын арқылы бала қараңғыдан, жалғыз қалып қоюдан, тым-тырыс бөлмелерден қорықпайтын болады. Сіз тығылып, бала сізді іздесе, оның жеңіп, ойынды жақсы ойнайтынын айтып, мадақтап қою керек немесе сіз баланы іздеп, ол тығылып қалса, оны таба алмағаныңызды айтып, жеңіліп, оны жақсы ойнайтынын айтып баланың көңіл күйін көтеріп қою керек. Осылайша баланың қорқынышын жеңуге үйретуге болады.
Баланың бойындағы қорқынышыты жеңу үшін, ең алдымен оның бастауы қайда екенін білу керек. Ата-ана ретінде, тәрбиеші ретінде алдымен өзіңіздің  сөздеріңізді ой-елегінен өткізіңіз. Мысалы: балаңызға ойыншығын жинауды сұрасаңыз, ал ол тыңдамай, еркелеп отырса, сіз оның өз еркімен жинауы үшін: «ойыншығыңды Нұржанға беріп жіберем, ол бәрін алып кетеді» немесе «есік алдына сені шығарып қоямын», «жуынатын бөлмеге, қараңғыға қамап қоямын», «дәрігер апайды шақырып, укол салдырамын» т.б. себептер айтып, баланы қорқыту арқылы өз дегеніңізге жетуіңіз мүмкін. Отбасындағы ұрыс-жанжалдар балаға қатты әсер етеді, бала шошынады, энурез, тұтығып сөйлеу, жалғыздық қорқынышы пайда болуы әбден мүмкін. Сондықтан баланың бойындағы үрейі мен қорқынышынан арылу үшін, ең алдымен үлкендер өз істерін ойлауы керек.
Тағы бір айта кететін жағдай, кішкентай бүлдіршін мына өмірде бәрін біліп, көргісі келеді. Ол айналадағы өзіне таныс емес әр нәрсені не екенін сұрап: бұл не? Неге олай? Ол кім? Не үшін? т.б. сұрақтар қояды. Көбіне ата-аналар балаға түсіндіріп айтудың орнына, болмайды, ол жерге барма, ұстама, тиме деп бұйырып сөйлеп баланың тыныш отырғанын қалайды. «Неге болмайды» деп қайталап сұрағанда, «болмайды, демек болмайды!» деп ұрысуы мүмкін. Осыдан баланың ойында сол нәрселерге жаман ойлар қалыптасуы мүмкін.
Ата-аналар өздерінің кішкентай кезіндегі қорқынышын айтып, одан қалай арылғанын айтса, балаға ол үлкен септігін тигізеді, өзіне өзі сенімділігі жоғарылайды. Ең алдымен балаға қауіпсіз, тыныш жағдай жасаңыз, баланың позитивті өсуі оның айналадағы жағдайына тікелей байланысты.

Пайдаланылған әдебиет:
Захаров А. И. Дневные и ночные страхи у детей. — СПб.: Издательство «Союз», 2004.

Leave A Reply