Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

2 117 қаралым

Ата-аналардың балалармен қарым-қатынас мәдениетін жетілдіру

0

Қыдырбаева Гүлхан Арынқызы
Республикалық балаларды оңалту орталығы АҚ Қызылорда филиалының психологы

Қазақ халқы бала тәрбиесіне үлкен мән беріп, оған ерекше көңіл бөлген. Себебі, ол баланы отбасының және өмірдің жалғасы мен болашағы деп санаған. Мысалы, отбасында баланың болуын және көп болуын тілеген. Оған халқымыздың мынадай сөздері дәлел «бесіксіз үйде береке жоқ», «балалы үй базар, баласыз үй қу мазар», «бір баласы бардың, шығар шықпас жаны бар, көп баласы бардың, үйінде жанған шамы бар»,- деуі баланы халқымыздың ерекше жақсы көргені.
Ана мен әке, әже мен ата отбасының басты тәлімгері. Өйткені ана балаға өмір сыйлаумен ғана жақын емес, ол өзінің бар мейірімділігімен жүрегінің жылуымен сүйіспеншілігімен оған өте жақын.
Ана баланың ең жақын қорғаушысы ақылшысы және тәлімгері.
Ана жер басып жүрген адам баласын жаратушыда, оның ұрпағын мәңгі жалғастырушы. Сондықтан бұл дүниеде анадан ардақты, анадан құрметті жан жоқ. Мұсылман халқының «анаңды меккеге 3 рет арқалап апарсаң да, ақ сүтін өтей алмайсың»,- деген даналық сөзі дәл айтылған.
Қазақта отбасындағы бала тәрбиесінде әкенің алатын орны мен рөлі ерекше болған. Себебі әке отбасының асыраушысы, тірегі, қамқоршысы және тәлімгері. Әкенің мінез-құлқы өзгелермен қарым-қатынасы, өнері, білімі баланың көз алдындағы үлгі өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Сондықтан әкеге қатысты өнегелі нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер көп-ақ, мысалы, «әке – бәйтерек, бала жапырақ», «әкеге қарап ұл өсер», «әке балаға сыншы».
Қазақта біреудің баласы жақсы, өнерлі азамат болып өссе, «оның әкесі жақсы кісі еді, өнегелі жерден шыққан ғой»,- дейді.
Бұған әкесі жақсылардың балалары да жақсы болмақ, ал әкесі жамандардың балалары сондай болмақ деген қорытындыдан аулақпыз. Баланың жақсы жаман болуы шыққан тегіне емес, ол оның тәрбиесіне тікелей байланысты. Осыны ерте сезген халқымыз:
«Баланың тентек болмағы үйінен
Жігіттің тентек болмағы биімен»;
«Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз.
Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз» деген.
Отбасы өмірінің әр түрлі кезеңдерінде кездесетін, міндеттер мен мәселелерді қарастырайық. Отбасы өмірінің циклі келесідей бөлінеді:
Кездесу кезеңі (некеге тұрғанға дейінгі кездесу кезеңі).
Жұбайлардың баланы дүниеге әкелгенге дейінгі өмірі (бірге өмір сүрудің басталуымен және некедегі алғашқы бала дүниеге келгенге дейінгі аралық).
Экспансия (алғашқы баланың келуі мен соңғысының дүниеге келуі. Кішкентай балалары бар отбасы).
Тұрақтану (стабилизация). Некенің кемеліне жету кезеңі (балаларды тәрбиелеу кезеңі және алғашқы бала ата-ана отбасынан бөлек және өз өмірін құру кезеңі).
Балалардың ата-ана отбасынан біртіндеп кету кезеңі.
«Бос ұя» (балалардың бөлек кетуінен кейін жұбайлардың жалғыз қалуы).
Неке серіктестерінің біреуінің қалу кезеңі.
1. Кездесу кезеңі. Бұл кезең некелік серіктес мәселерімен байланысты. Бұл кезең нәтижелі болу үшін жастардың өз жасының мәртебесіне сай келуі, ата-аналарының эмоциялық, материалдық тәуелсіз болуы және т.б.. Басты мәселеге қарым-қатынасқа түсу, танысу ұзақ қарым-қатынаста болған жастардың некеге тұрмауы болып табылады.
2. Бала дүниеге келгенге дейінгі жас жұбайлардың баласыз өмір кезеңі. Бұл кезеңде психологқа көбінен жас жұбайлардың келу себептері олардың түңілу сезімдерімен байланысты. Оларды некеге тұруымен шешілуі тиіс мәселелерінің қайта өрши түсетіндігі анықталды. Егер олардың некеге тұру себебі ата-ана отбасынан бөлек тұру болса, некеге тұрғаннан кейін, мақсаты орындалғаннан соң оның негізі жойылады. Оның көптеп кездесетін себептері: тұрмыста өзін ренжіткен ғашығына ерегісу, өзін төмен бағалау, 20 жасқа дейін тұрмыс құру жоспары, абырой, мәртебе және некені махаббатсыз құру болып табылады. Жаңадан некеге тұрған жұбайлар, көптеген мәселелерге кез болады, оларға отбасы иерархиясы мәселелерін және жауапкершілік өрісін шешу және жақындық алшақтың тиімді балансын орнатуы қажет. Бұл кезеңде кездесетін көптеген мәселелерді және құндылықтар мен әдеттерді көп талқылап олардың ортақ келісімдерін қалыптастыру қажет. Жұбайлар арасында пайда болуы мүмкін жыныстық мәселелер – тәжірибенің жоқтығы, тәрбиедегі айырмашылықтар, тілек, ықыластарының деңгейіне байланысты туындауы мүмкін. Отбасын құрғаннан кейін жұбайлардың бір-біріне сәйкес еместігі, араларындағы айырмашылықтары байқалады. Алғашқы кезде кемшіліктерге мән бермеуге, сын айтудан аулақ болуға тырысады. Отбасындағы жағымды атмосфераны сақтауға және жолдасын ренжітпеуге тырысқанымен, іштей туындаған қарама-қайшылықтар күннен күнге ұлғайып бір-біріне тез ашуланатын жағдайға келеді. Мұндай келіспеушіліктерді жеңудің түрі бұл басымдылық күрес. Жұбайлардың мәселеріне ата-аналардың араласу құқығы әсерін қарастыру. Кей жұбайлар өз тәуелсіздігін ата-аналармен қарым-қатынасын тоқтату арқылы шешуге тырысады. Мұның нәтиже бермеуі тәуелсіздікке туыстармен эмоциялық байланыстарды сақтау арқылы жетуі қажет. Бұл өмір цикліндегі кезеңнің маңызды мақсаты ата-ана бөлу мәселелерін реттеу.
3. Балалардың дүниеге келуі және олардың қарым-қатынасы. Жұбайлардың балаларының дүниеге келуіне дайын болмауы, қалаусыз баланың туылуы, оның тәрбиесі мәселенің күрделенуіне әкеледі, сәтсіз құрылған отбасындағы мәселелерді қиындатады. Кей аналардың жүктілік кезеңдегі өздеріне бөлінетін көңіл-күйді «сүйіспеншіліктің жетіспеушілігінің» орнын толтыру деп қабылдағанда, баланың туылуымен көп махаббатты алудың орнына көп беру тоқырауға (депрессия) әкеледі. Жұбайлар арасындағы қарым-қатынастарын қайта құру қажет болады.
Әкесінің немесе анасының баланы көбірек жақсы көруімен, кикілжіңді бала арқылы шешуге тырысады. Бұл кезеңде туындайтын мәселелер бала тәрбиесіне ата әжелердің араласуымен, анасының бала тәрбиесіне байланысты кәсіби жұмыспен айналыса алмауымен, баланың мектепке баруымен байланысты.
4. Тұрақтану (стабилизация) кезеңі. Некенің кемеліне жету кезеңінің қиындықтары. Бұл кезеңдегі дағдарыс жұбайлардың ортасында кездеседі. Бұл кездегі қиындықтар қартайған ата-аналарын күту мен олардың өлімінің қайғысын бастан кешу, орта жастағы ер адамдардың әлеуметтік мәртебесінің жоғарылауымен, жас қыздардың арасындағы беделінің өсуімен отбасындағы туындайтын қиындықтар, әйел адамның үлкен жетістіктерге жетуі, жоғары табыс табуы – ер адамнан жоғары тұруы, отбасындағы ер адамның ішімдікке берілуі және т.б кездеседі. Бұл кезеңдегі мәселелерді шешу некенің бастапқы кезімен салыстырғанда да өте қиынға соғады.
5. Балалардың ата-ана отбасынан біртіндеп бөлек кету кезеңі. Отбасында балалардың ер жетіп, өз отбасын құрып, ата-ана отбасынан бөлек жеке өмір сүре бастауымен қиындықтар туындайды.
6. Өмір сүруінің (циклінің) соңғы кезеңі. Бұл кезең зейнеткерлікке шығу мен сәйкес келетін, бұған дейінгі белсенді өмірінің орнын бос уақыт өткізумен және де отбасындағы жақындарынан, жарынан айырылу қиындықтарымен байланысты болады. Отбасы өмірінің әрбір кезеңі үшін жас шамасына сәйкес әрбір мәдениетке тән шегі болады. Терапевтер қалыптасқан норма жағдайынан отбасы мүшелерінің жас айырмашылықтары тым көп болатын болса, ондағы туындайтын қиындықтар өтпелі кезеңге байланысты кездеседі деп тұжырымдайды. Мысалы: егер алғашқы некеге тұру ата-аналарының қазасынан кейін 40 жасында болса, онда туындайтын мәселелер ата-ана отбасынан бөлек тұру мен қарама-қарсы жыныстағы адамдармен өзара жақын қарым-қатынастарды орнатумен байланысты туындайды. Отбасы өмірі циклінің мәселелерін талдай келе, ең бастысы тым ерте және кеш құрылған некелерді және баланы дүниеге әкелу жасының ерте және ұлғайған жас айырмашылығын, жұбайлардың жас айырмашылығын, танысу мен некеге отырудың және некелердің арасының айырмашылықтарын анықтау маңызды. Егер бірінші мен екінші некенің арасы тым жақын болса, ол бірінші некедегі аяқталмаған мәселелердің келесі некедегі қиындықтарының туындауына себепші болады. Отбасы мәселерін шешу сол кездегі кездесетін мәселелерге сәйкес қарастырылуы керек.
Отбасы – бұл ұжым. Отбасы ұжымдық белгілерін жоғалтса, өзінің тәрбиелік рөлінің көп бөлігінен айырылады. Үш немесе одан да көп баласы бар отбасында баланың тәрбиеленуі мен дамуына жақсы жағдай қалыптасады. Бұл жерде бала өзінің тілегі және жанұяның басқа балалары мен мүшелерінің талаптары, қажеттіліктері мен ара қатынасын белгілеуге үйренеді. Үлкен жанұяның өмірі балаға адамдық қатынастардың әр түрінің мүмкіндіктерін көрсетеді. Көп балалы жанұяда өскен балалар қоғамның белсенді мүшелері болып оңай қалыптасады. Ал, бала жалғыз болып өссе, ол өзіне үнемі зейін аударғанға үйреніп, өзімшіл болып өседі.
Жастар арасында заң бұзушы әрекеттердің деңгейі ата-аналардың білімі мен мәдениет деңгейіне тікелей байланысты. Мәдениеті төмен жанұяларда балалар қылмысы мәдениеті жоғары жанұялармен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Балалар үлкендерге, ең алдымен өз ата-аналарына еліктейді, сондықтан олардың мінез-құлық тәртібі балалардың тәртібін қалыптастыратын маңызды фактор.
Балалардың қараусыз қалуына жеткізетін негізі себеп ата-аналардың жұмысбастылығы. Олар жұмыстарына толықтай берілгендігі сонша, балаларының тәрбиесіне көңіл бөлмейді, үйден тыс немен айналысатынына бақылау жасай алмайды. Мұндай ата-аналардың балаларымен байланысы әлсіз болады.
Жанұяның балалардың жеке тұлғасына әсер етуінің маңызды факторы туыстық байланыс. Жанұя мүшелерінің бір-бірімен сезімдік байланысы болып табылады. Ең бастысы, баланың ата-анасымен, басқа да жанұя мүшелерімен қарым-қатынасы оның бойында махаббат сияқты сезімнің қалыптасуына әкеледі.
Дегенмен, жанұяның әсері балаға үнемі жағымды бола бермейді. Жанұялық қарым қатынастары қаталдыққа ұрыс-керіске құрылған жанұяларда аз емес. Кейбір жанұяларда ішімдікке салыну, жалпы жұрт қабылдаған адамгершілік құндылықтарын құрметтеу орын алған болса, басқа бір жанұялар балаларға қоғамға қарсы мінез-құлық үлгілерін көрсетіп, оларды заң бұзушылыққа, әлеуметке қарсы іс-әрекетке тартады. Жасөспірімдерді осындай жанұялардың ықпалынан бөліп алу өте күрделі мәселе.
Отбасында тиімді тәрбиеленудің белгілі ережелері қалыптасқан.
•    Баланы бар қалпында сүю, құрметтеу қажет;
•    Балаға әсер ететін құрғақ сөз емес, оның қалай айтылғаны, шын көңілден шыққандығы мәнді;
•    Баламен қарым-қатынас оның жас ерекшелігіне сәйкес болуы шарт, сонда ғана үлкендер мен кішілер арасындағы дау-дамай туындамайды да, ең қонымды тәрбие әдісін таңдап қолдануға болады;
•    Баланың не айтқысы келетінін түсініп алған жөн, асығыс қорытынды жасаудан сақтанған дұрыс;
•    Жазаны істеген келеңсіз әрекеті үшін қолдануға үйренген жөн, баланы намысына тиіп, қорламаңыз (ешуақытта бала жаман емес, оның қылығы жаман);
•    Бала жөнінде басқалар (мұғалімдер, көршілер) айтылған сын пікірлерден қорытынды жасаудан бұрын, баланың өзімен әңгімелесіп әрекетінің себебін анықтап, кейін шешім қабылдаған жөн. Жұрт алдында беделімді жоғалтамын деп шошынудың қажеті шамалы, өз балаңның сенімінен айырылып қалмаған дұрыстау;
•    Балаға үйрететінді алдымен өзің үйреніп ал;
•    Өз балаңызға қаншама рет «жоқ» деп бетін қайтаратыныңызға мән беріп көріңіз содан қорытынды шығарыңыз;
•    Бала ата-анасына түгелдей тәуелді. Бала жасына қарамай, басыбайлы қадағалуды жек көреді. Ата-анасының өз өміріне шын ықыласпен араласқанын ғана ұнатады;
•    Бала табиғатынан ата-анасын сүйеді;
•    Баламен өмір, тұрмыс жөнінде жиі сұхбаттасып тұрған жөн, себебі қателіктен ешбір адам қашып құтыла алмайды;
•    Баланы қиындықтар құрсауында жападан жалғыз қалдыруға болмайды.
Мейірімді жанұялық қарым-қатынасқа және мәдени, рухани өмірді қалпына келтіруге, ұрпақтар сабақтастығына, жеке тұлғаның және қоғамның үйлесімді дамуына негізделген қазақтың жанұялық тәрбие дәстүрін жандандыру ең маңызды міндет болып табылады.

Leave A Reply