Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

270 қаралым

Арман — алға жетелейді

0

Арман — алға жетелейді

Жолын қуып жаманның

Жұқтырмайтын арға шаң

Арманы үлкен Адамның

Өзі де үлкен әрқашан!

(Қадыр Мырза Әли)

Арман – адам көкейіндегі ізгі ниет, болашақтан күтер үміт, алға қойған мақсат. Ата-бабаларымыз «армансыз адам – қанатсыз бұлбұлмен тең», — деген. Шыныменде, мына өмірде армансыз адам жоқ шығар, сірә? Арман – әр адамның қиялы мен қалауынан туған биік шың. Ол адаммен бірге өзгеріп отыратын өміріміздегі ынталандырушы күш. Арман – қиялдың жетегінде кеткен орындалмас нәрсе деп ойласақ, қатты қателескеніміз. «Чемпион жаттығу залдарында пайда болмайды. Адамның ішіндегі құлшыныс, арман, мақсат чемпионды тудырады», – деген әлемді мойындатқан былғары қолғап шебері – Мұхаммед Әли. Мақсатымыз айқын болса, арманымыз орындалады.

Арман — адамды алға жетелейтін, орасан күш-қуат пен ерік жігер сыйлайтын құдіретті ұғым. Кез-келген адамзат баласы армандай алады, оған ештеңе де ешкім де шектеу немесе кедергі келтіре алмасы анық. Адам өзінің өмірін жандандырып, бақытқа кенелту үшін армандай білу шарт, және де тек армандап қана қоймай арман жолында алдына мақсаттар қойып, арманға қызмет ету керек. Сонымен қатар арманға жету үшін кез-келген жағдайға дайын болу қажет. Адам арманға жетер санқилы, ойлы-қырлы жолдарда көптеген қиындықтар мен келеңсіздіктерге ұшырауы мүмкін. Сол сәттерде еңсені еңкейтпей дер кезінде шешім қабылдап, қайта күш-қайрат жинап, қиындықтан жол тауып шыға білу керек. Және де сол қиындықтардан сабақ ала отырып, жаңа жоспарлар құрып, жаңа серпінмен іске кірісу қажет. Болашақтың жарқын болуы арманның орындалуымен тығыз байланысты. Арманы асқақ адамның өмірге деген көзқарасы, құлшынысы өзгеше. Ол әр күнін арман жолында кішігірім болса да бір қадам алға жылжуға жұмсары сөзсіз. Олардың өмірлері жақсылықтарға толы болары ақиқат.

Арман жолы адамның рухани құндылықтары мен адамгершілік қасиеттерін қажет етеді. Ол үшін жан-дүниені баға жетпес байлық — рухани азықтармен қоректендіру керек. Шыдамдылық, сенімділік, қайсарлық, шыншылдық, мейірімділік сынды ұлы қасиеттер арманды жүзеге асырудағы қажеттілердің тек санаулысы ғана. Бұлардан өзге де тұлғалық қасиеттерді бойымызға топтастыра білу — үлкен жетістік.

Арман — алға жетелейтін сәулелі жарық жұлдыз, адам адал еңбек етіп, қиындыққа мойымай, қажырлық танытқанда ғана өз мұратына жетеді, яғни көздеген арманы жүзеге асады. Әйтпесе, арман бос қиялға айналып, келешектің қамы болмай, ақиқат өмірден алыс, тек ойлап қана ұғатын адам санасындағы әлемге айналады.

Мен сіздерге арманға жету туралы бір мысалды ұсынғым келіп тұр.

«Баяғы өткен заманда, бір елді мекендегі сұрықсыз, жұпыны үйде екі баласымен жалғыз ана тіршілік етіпті. Ана өте өнерлі, ісмер болыпты. Ол үнемі кестелеп орамал тоқып, соны ас – суға айырбастап күндерін көріпті. Аналарының алып келген тамағына мәз болған балалар да уайымсыз өмір кешіпті.

Балалар да ер жетеді. Ана қартаяды, кестелеуге қолдары илікпей, көз жанары да тамып, қалжырай бастағаны болатын. Күндегі әдетінше кестелеп тіккен орамалын алып базарға келеді. Бұйымын қажетті заттарға айырбастамақ боп, базар аралап жүріп, бір кісінің сурет салып отырғанын көреді. Суреттегі әдемі бау – бақшалы, шатырлы әсем үйлер, ғимараттар жанында ерекше сымбатты киініп, қолдарына кітап ұстаған адамдар анаға үлкен әсер қалдырады. Суретке әлсін-әлсін қарап таңданады. Суретшінің қиялына дән риза болады. Өмірді де осы суреттегідей әлемнің болатынына сеніммен қарап, оны өзінің бұйымына айырбастап алады. Жолда келе жатып, осындай зәулім үйде өзінің шеберханасының болуын, онда әдемі, асыл бұйымдарды әрі көп, әрі жылдам дайындауды, балаларының да суреттегі адамдардай оқымысты болып, ұқыпты да әдемі киініп, көліктермен жүруін қиялдайды. Ана қиялдарын ұлдарынан жасырмайды.

— Бізде сондай күнге жетер ме екенбіз? – деп балаларына күрсіне қарады.

— Егер бәріміз бірлесіп, жұмыс істеп, тіршілік жасасақ, ол күнге де жету қиын болмас, — деп балалары аналарын жұбатқандай болды. Анасының қиялын шындық өмірге айналдыруға екі ұлын бар күштерін жұмсайды. Ертемен тұрып, жер жыртып, астық егіп қаржы жинайды. Осылайша балалар анасының арманын орындайды. Олар зәлім үйде тұрып, анасына жеке шеберхана ашып беріп, оған анасына қолғабыс болатын қызметкелерді орналастырып, анасын бақытты жасайды. Анасы балаларына күлімсіреп қарап, ризашылығын білдіреді».

Осы мысалдың негізгі ойы-қиял адамның шексіз ойы екенін жеткізу. Қиялсыз өмір болмайды. Адам өзінің талабы, еңбегі, білімі арқылы қиялындағы арман – ойларын іс жүзіне асыра алады. Адам қиялының жақсы ниеттен туындауы, оның рухани дүниесінің тазалығына байланысты.

Менің де алдыма қойған мақсаттарым, қиялымда тамырын кеңге жайған асқақ арманым бар. Менің қазіргі арманым ҰБТ — дан жоғары бал жинап, армандаған маман иесі атану. Армандап жүрген мамандық-жаһандық аренада танымал қазақ журналист болу. Дүние жүзі журналистерінің ең ірі бірлестігі, яғни Халықаралық Журналистер Федерациясының мүшесі болып, қазақ еліндегі журналистика саласының беделін әлемдік деңгейдегі елдермен теңесуіне өз үлесімді қосу. Бұл ой маған ғайыптан, не болмаса, ата-анамның қалауынан келген жоқ. Бұл менің өз таңдауым, мен бұл арманым Алланың қалауымен орындалатынына сенемін. Мен бұл арманыма жету үшін маған ізденіс, талпыныс, жігерлік, жақындарымның қолдауы қажет.

Біздің арманымыздың орындалмауына өзгелердің ой пікірі кедергі болуы мүмкін. Ондай жағдай болмас үшін мақсатымыз айқын болу керек сонда бізді ешкім тоқтата алмайды. Біз тек қана армандап бір орында тоқтап қалмаумыз керек, алға қарай қадам жасап, барлық кедергіне жеңе білуіміз керек. Біз жетістіктерге жай ғана жете салмаймыз, біздің жолымызда түрлі қиындықтар болады біз оған шыдап жеңе білуміз керек. Сенім, мақсат, арман болса алынбайтын қамал жоқ. Біз өзіміздің арманымызды биік шың деп алып, оның аспанмен тірескен ұшына жетпейінше тоқтамаумыз керек. Кім біледі, менің бүгінгі арманым – ертеңгі болашағым болар?! Бүгінгі қиялымдағы ойым – ертеңгі күнімнің еңбекпен тауып жейтін азығым болар?! Мен бұл арманымды міндетті түрде орындаймын! Қай арманыма қолым жетіп, қай арман мені өмір бойы жетелейтінін білмеймін. Бірақ, бір білетінім – арманымның орындалуы өз қолымда. ол үшін жақсы оқып, алға ұмтылу керек. бір орында отыра берген адамның арманы түгіл, ісі де алға баспайды. Сондықтан, менің өмірлік ұстанымым – «Тек алға!!!».

 

11 сынып оқушысы Мейрамбекқызы Динара

Б. Атыханұлы атындағы №36 гимназия

Алматы қаласы, Алмалы ауданы

 

 

 

 

Leave A Reply