Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Журналға жазылу үшін хабарласыңыз:

+7 777 1461414 +7 717 242 05 89

120 қаралым

Өнеге өзімізден

0

Бала адам баласына тән жақсы, не жаман қасиеттердің бәрін дерлік ең алдымен ата- анасынан, үйдегі басқа да ересек адамдардан қабылдайды. Олардың әрқайсысының өзіне тән қасиеті, еңбекке, өмірге өзге адамдарға көзқарасы, қай ортада болмасын өзін-өзі ұстауы бала үшін бірден-бір өнеге. Дүниетанымы, сана-сезімі, өмірге көзқарасы әлі қалыптасып болмаған сәби үшін күнде көріп жүрген өз жақындарының іс-әрекетін, жақсы-жаманын айырып жатпайды, көргенінің, естігенінің бәрін сол қалпында қабылдап, бойына сіңіре береді.
Егер әрбір отбасының өзіндік тіршілік дағдысы, қалыптасқан күнделікті әдеті барын ескерсек өзін айнытпай қайталайтын бала барына барынша мән беру керек. Алайда, өмірде өзіміз көріп жүргеніміздей, кейбір ата-аналар балаға сөз жүзінде ақыл – кеңес айтқан болғанымен күнделікті іс-әрекеті кезінде үйдегі тәрбие иесі екенін көп жағдайда ескере бермейді. Мәселен, үй иесі ер адам күнде жұмыстан келген соң жантая жатып теледидар көруден, газет-журнал оқудан басқа ешнәрсемен айналыспаса әсіресе, баламен шаруасы болмаса, оны көрген ұлының зердесіне ер адамның үйдегі міндеті осы екен деген ұғым қалыптаспай ма ?
Бір жолы қонақта отырғанымызда жиналған кішкентай балалардың ойын сырттай бақылағанда олардың әрқайсысы өзінің үйіндегі «тәртіпті» қайталағанның куәсі болдық. Бір қыз бала тұрып: «Папасы мен тамақ жасайын, сен үйді жинай бер» дегенде, оған үш жасар ер бала таңырқап: «Ой папалар үй жинамайды ғой, тамақ ішкен соң теледидар көріп жатады» демесі бар ма. «Балабақшаға апарайын» деп құлшынған әке болып ойнаған ер балаға екінші ұл «Ой қызықсың ғой, балабақшаға баланы мамалар апарады» деп жауап берді. Ойнап жүрген 3-4 отбасының бүлдіршіндерінің ойыны арқылы әрқайсысының үйдегі ата-анасының атқаратын қызметі мен орны жөніндегі пікірлері әртүрлі екенін аңғардық. Білуге, көруге, тануға ықыласының ең күшті дамитын кезеңі 3-5 жас аралығында десек, сол кезде қабылданған әдетінен кейіннен оны айыру өте қиынға соғатыны өмірде сан мәрте дәлелденіп жүр.
Атақты педагог-ғалым А.П. Макаренконың бес жасқа дейін дұрыс тәрбие көрмеген баланы қайта тәрбиелеудің қиынға түсетінін ескертуі де осы шындықты дәлелдейді. Халықта «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Ұлың өссе ұлы жақсымен қатынас бол» деген даналық сөзі бар. Демек, бала өскен ортасына, үлкендердің үлгі – өнегесіне қарап тәлім алады.
Әр отбасының қалыптасқан әдет-дағдысы, ережесі ұстанған үлгісі, көз-қарасы бір-біріне мүлде ұқсамайды. Бір үйде әкенің рөлі басымдау болса, екінші бір үйде шешенің айтқаны заң екені байқалады. Осындай әртүрлі жағдайда тәрбиеленген сәбилердің де мінез-құлық дағдылары түрлі болып келетіні мәлім. Бұған қарағанда ерлі-зайыптылар күнделікті тіршілігінде қарым-қатынасымен сыйласымында өздерінің бала өсіріп, оларға үлгі көрсетіп отырғанына онша мән бермейтініде байқалады. Негізінде отбасындағы ересектердің әрбір іс-әрекеті сөзі араласатынадамдармен қарым-қатынасы олар жайындағы пікірлері, бәрі балаға өнеге. Соған қарай баланың тәрбиесі, жалпы өмірге деген көзқарасы қалыптасады.
Айталық, үйде ата-ана уақытты мазмұнсыз бос сөз, біреулерді сыртынан жеңіл-желпі әңгіме етумен немесе өзара бірін-бірі іліп-қағып, кекетіп сөйлеп, өзгелер туралы ғайбат сөздер айтумен өткізсе бұның бәрі баланың мінезіне кері әсер етеді. Еріншек, босбелбеу ешнарсеге қырсыз балалар осындай ортадан өсіп шығады. Ерлі-зайыптылардың бірін-бірі сыйлауы, әрқайсысы өз орнын білуі, татулығы бір сөзділігі өнегелі бала тәрбиелеуге көп септігін тигізеді. Әсіресе отбасы иесі ер адамның орны бөлек. Өз басын дұрыс алып жүретін мәдениетті, білімді, ұсамды ер адамдар үйде де түзде де сыйлы, құрметті. Оның беделінің өзі баланың үйде тәртіпке бағынуына үлкен себеп. Осыны ескермей кейде әйелдер баланы, бөгде адамның көзінше ер адамның беделіне нұқсан келтіретіндей «Әй, осы сен жайыңа отыршы. Сені басқалар білмеседе мен білемін ғой» дегендей есеп бермей сөйлей салу, жігерін құм ету әдеті кездеседі. Немесе керісінше ері әйелін тұрпайы сөзбен жұрттың көзінше жасыта жазғырады. Қонақта өздерін осылай көрсеткен ерлі-зайыптылар үйлерінде не демейді десеңізші. Әкесінің үй ішіне беделі жоқ болса, сөзі өрге баспай үнемі ұнжырғасы түсіп жүрсе, оны көрген балалары әкені сыйлап, сөзін тыңдай қоя ма? Әрине өмірде бұған мүлде керісінше бірін-бірі сыйлап, қолдап қолпаштап, көтермелеп, демеу болып жүретін ата-аналар да баршылық. Мұндай ортадан тәрбие көрген балалары да аққудың көгілдіріндей әсем, әдепті де байсалды, биязы, еркін болып өседі.
Демек, ерлі зайыптылардың өздерін сыйласып үндесуі, түсінісе өмір кешуі, бала өсіруде үлкен тәрбие бесігі. Кейде баланың кейбір оғаш қылықтарына анасы кейіп, ескерту жасаса әкесі оған қарсы шығып, баланы жақтайтын кездер болады. Әкеден қолдай көрген бала сол әдетін қайталамайды деуге бола ма? Кейбір отбасында бір үйдегі балаларын ата-анасының мынау менің балам, мынау сенің балаң деп бөліп алатын кездер болады. Олар өздерінің «жеке меншік» балаларына екінші біреуінің ұрсып, ескерту жасап, жұмысқа жұмсауына рұқсат етпейді.
«Менің баламда жұмысың болмасын, оқымаса оқымай-ақ қойсын, өзім асыраймын»- деп әкесі шықса, «Әй, осы менің қызымда не шаруаларың бар. Бұл не істеседе жарасады. Сен қоқаңдамай жөніңе отыр»- деп шешесі қарсы шығады. Осындай әрқайсысы «жеке мемлекет» болып отырған мықтылардан қандай тәрбие алуға болады. Енді бір отбасыларында балаларын ерлі-зайыптылар жабыла жазғырып жарыса ұрсып жатады. Меніңше, бұл да дұрыс емес. Біреуі ұрсып ескерту жасап жатқанда, екіншісі араласпаса да болады. Немесе өзінің ойы мен пікірін дұрыс жолын өзара оңашада бөлісуге болады.
Жалпы ересек адамдар бала отырған жерде айтпақшы ойына да, пікіріне де абай болғаны жақсы. Әсіресе өздері араласатын туған-туыс, жора-жолдас, құда-жекжат, көрші-қолаңдары жөніндегі пікірлерін балалардың көзінше қалай болса солай айта беруден сақ болған жөн. Пікір орынды болмаса балада ол адамдар жөнінде теріс ұғым қалыптасады. Кейіннен «балалы үйдің ұрлығы жатпайды» демекші аңғал сәби «аға сізді жұмыстан қуып жіберді ме немесе тәте сіздер жан баға алмай отырсыздар ма, аға арақ іше бере ме» деп айтып қалғанда әке-шешесі өздедері ұяттан қызара төмен қауға мәжбүр болады.
Ата-ана балаға сөзден гөрі ісімен, күнделікті жақсы әдет-ғұрып өнегесімен күшті әсер ететінін ескеруі керек. Айтқан ақылыңыз қаншалықты дұрыс блғанымен, өзь өнегеңіз, өз әдет қылығыңыз керісінше болып жатса, жалаң ақылдан ешнәрсе шықпақ емес. Сондықтан кейін опық жеп, бармақ тістемес үшін, ата-ана баланың қаршадайынан дұрыс өнегеге тәрбиелеуге, бала бақытының шынайы бағбаны болуға ерекше мән бергенде ғана болашақ ұрпақ алдындағы азаматтық, адамгершілік парызын өтей алады.

Сартымбетова Б.М.,
Педагог-психолог, «Айғыз жалпы білім беретін орта мектеп» КММ, ШҚО

 

Share.

Leave A Reply