Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
178 қаралым

Өз мамандығың – өз қалауың

0

Satylgankyzy S.Тіршілікте адам екі нәрседен жаңылыспауы тиіс. “Біріншісі жар таңдау болса, екіншісі мамандық таңдау” дейді дана халқымыз. Жар таңдау өз алдына бөлек мәселе болса, мамандық таңдау да ат үсті қарауға болмайтын дүниеге айналды. Ендеше, осы мақаланың өзегі, айтар ойы мамандық таңдауға арналмақ. Өйткені, мамандық таңдаудағы салғырттықтың әсерінен елімізде жұмыссыздар саны көбейсе, ең назар аударарлығы, дұрыс таңдалмаған мамандық қоғамда орын алып жатқан актуальды проблемаларға да өзінің кері әсерін тигізуде.

Дәл қазіргі уақытта мектеп бітіруші талапкерлер мамандықтары мен оқу орнын қызу таңдау үстінде болар. Бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі, дұрыс таңдалған мамандық өмір жолының сәттілігінің негізі. Осы тұрғыда арнайы маманның көмегі керек болар деген оймен орта мектептерге барып, психологиялық тренингтер өткізіп, сауалнама алған болатынмын. Сауалнама барысында “Мен кім боламын?” деген сұраққа 12-15% ғана қай мамандық иесі болатынын айтты. Ал, қалған 85%-ның “білмеймін әлі” дегеннен басқа нақты жауабы жоқ.
Неліктен? Оның себебі бізде жастайынан баланың бойындағы қарым қабілетін, бейімділігін анықтап, дұрыс бағыт-бағдар беру әлі жолға қойылмағаннан шығар. Әрине, әр нәрсенің екі жағы болатыны секілді, мұның да өз себебі бар деп ойлаймын… Негізі, мамандықты көпшіліктің айтуы бойынша емес, арнайы психолог маманмен кеңесіп таңдаған абзал.
Жалпы, қазіргі заманның заманалы жастары болашақ кәсібін қалай таңдайды? Соны сараптап көрсек. Жастар мамандық таңдауда төмендегідей критерийлерге сүйенуі мүмкін. Бір қызығы, өзінің бейімділігіне қарай мамандық таңдау ең соңғы орында.
Ата анасының ықпалынан аса алмай, солардың нұсқауымен таңдау;
Мамандықтың беделіне қарай таңдау;
“Мамандық таңдау – күн көріс қамы” деген қағиданы ұстана отырып таңдау;
Алға қойған өзге мақсаттарына жету үшін “көпір” ретінде таңдау. Яғни, “диплом алу” деген оймен ғана;
Бейімділікке қарай таңдау;
Мынау сан салалы өмірде мамандық атаулысы өте көп. Таңдау жасау да оңай емес. Қандай мамандықты таңдасаң да, ең бастысы, тірі жан иесіне еш зияныңды тигізбейтіндей етіп еңбек ету. Өз қоршаған ортаңа, айналаңдағы адамдарға пайдаңнан бұрын, зияныңды тигізбеуге тырысу. Адам бойындағы рухани құндылықтардың ең негізісі болып табылатын адамгершілік қасиетті сақтап қалудың өзі үлкен өнер. “Ең қиын мамандық – тұлғалық дәрежедегі Мен мәртебесін сақтап, болмысын бағалау” деген сөз бекер айтылмаса керек-ті.
Кейде өзі қалап тұрса да, ата-анасының көңілін жықпай, солардың таңдаған мамандығын жөн санайтындар да баршылық. Әрине, ата-ананың да пікірімен санасу керек-ақ, алайда олар мамандықты өз тұрғысынан таңдайтынын ескерген жөн. Сол үшін де өз қалауыңды жасырмай, ашық оймен айтқан дұрыс. Өйткені, ата-ана таңдаған мамандық бала табиғатына мүлдем сай келмеуі мүмкін. Мен тек өз тәжірибемді өзге адамдарға сабақ ретінде ұсынғым келеді. Мен медицинаға, кейіннен психология саласына біреудің айтуымен немесе ата-анамның қалауымен келген болсам, өз-өзіме түбегейлі қарсы шыққан болар едім. Кезінде “Мамандық таңдау” деген мәселе болмағандықтан анам мені өзі секілді сауда-саттыққа араластырғысы келді. Бірақ мен ата-анамның сөздерін негізге ала отырып, өткен мен болашақты саралай келе үлкен үмітпен өзім қалаған мамандыққа бет бұрғанымды, яғни ақ халатты абзал жан болатынымды ата анама жеткіздім. Егер сол уақытта жүрек қалауымды ысырып қойып, күнкөріс амалын ойлаған болсам, дәл осы уақытта фундаменті дұрыс құйылмаған үй секілді, қоғамнан да өзім қалаған орынды таппас едім.
Сонан соң, тағы бір айтар жайт, біз баламыз міндетті түрде жоғарғы білімді маман болу керек деп жанталасамыз. Барымызды сатып болса да, университетте оқытуға тырысамыз. Баланың пікірін ескермейміз. Салдарынан қолында дипломы бар біліксіз мамандар көбейеді. Одан балаға да, қоғамға да пайда жоқ екенін ескермейміз. Ата-ананың баланың жоғарғы білімді маман атануы міндет емес екенін түсінуі қажет. Қарапайым көлік жүргізушісі, не болмаса аспаз, үй күтуші, ағаш ұстасы, бағбан болса да өз мамандығынан ләззат ала білсе және сол мамандықты толыққанды игере алса соның өзі ғанибет емес пе? Ең бастысы, білікті маман болу керек екенін ұғынатын кез жетті.
Мен осы өмір жолында медицина саласын таңдау арқылы бір нәрсені ұғындым. Ол мамандығыма деген шын сүйіспеншілігім. Осы дәрігер ретінде адам жанының сақшысы бола білгеніме 20 жыл, кейіннен жан дүниелері құлазып, қиындықтан шығудың шешімін таппай жүрген жандарға “Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу” қайнар көзін ашуға арналған тренингтер мен семинарлар өткізіп жүргеніме де 10 жылдан астам уақыт болды. Осындай ұзақ уақыт аралығында өз кәсібімнен шабыт алып, қуаттанып жүргенім мен үшін үлкен мәртебе. Сондықтан да кез-келген үлкен өмірдің алдында тұрған жастарды өзіңе шын шабыт сыйлай алатын жүрек қалауларын ұмытпауға шақырамын.

Қазақстан психологтар қауымдастығының мүшесі,
жоғарғы дәрежелі дәрігер-терапевт, психотерапевт,
психология пәнінің аға оқытушысы
Салима Сатылғанқызы

Share.

Leave A Reply