Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Барлық сұрақтарыңыз бойынша хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
139 қаралым

Өзіңе деген махаббат

0

Орынбаева Ханым Асанқызы,

Бейнеу ауданы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектебі ММ психологы

«Өзіңе деген махаббат – тамаша нәрсе,
өйткені ол – адамның өз қабілетін сезінгенінің белгісі»
Т. Гоббас

Сабақтың мақсаты:
Білімділік: оқушыларға сабақтың тақырыбы туралы мағлұмат беру. Махаббаттың жалпы құндылықтары арқылы адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ету.
Дамытушылық: оқушылардың өз бетінше ізденіп, түйін жасауға және сөйлеу, ойлау әрекеттерін дамыта отырып, шығармашылық тұлға ретінде дамуына ықпал жасау.
Тәрбиелік: оқушыларға елін, жерін сүю үшін өз бойындағы адами құндылықтарын жоғалтпай, қоршаған ортамен үйлесімділік табуға тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдері: Сын тұрғысынан ойлау технологиясы, тыныштық сәті, эпиграфпен жұмыс, әңгімелесу, талқылау жаттығулары, ойын, ән салу.
Сабақтың жабдықталуы: проектор, музыкалық сүйемелдеу, жұмыс дәптері, маркер, ақ қағаздар, дидактикалық материалдар, айна, суреттер.

Сабақтың барысы:
І. Қызығушылықтарын ояту (ұйымдастыру)
Мұғалім сөзі: Адам өзін-өзі қабылдай білсе, істеген іс-әрекеттерін бағалай алса, сонымен қатар өз бойындағы адами құндылықтарын жоғалтпаса, біздің өміріміз қоршаған ортамен қызықты болар еді. Өмірімізде қызыққа толы ғажайыптар көбірек болатын еді. Денсаулығымыз жақсарып, басқа адамдармен қарым-қатынасымыз нығая түсетін еді. Біз өзімізді шығармашылық тұлға ретінде қалыптастырған болар едік. Осының барлығы біздің әсер етуімізсіз-ақ болатын еді.

ІІ. Мағынаны ажырату
1. Жеке, жұпта, топта орындаймыз
Әрбір адамның жақсы қасиеттері болады, өз бойыңыздағы асыл қасиеттерді бағалаңыз және қабылдаңыз, сонымен қатар ол қасиеттеріңіз сіздің өз күшіңізге сенімділік береді және қиын сәттерді жеңе білуге көмектеседі. Ешқашан өз қабілеттеріңізді төмендетпеңіздер.
Ал, енді бойымыздағы жақсы қасиеттерді жазайық немесе суретпен салуға болады.
Мына төмендегі сызба бойынша тізім жасауға сіздерге 5 минут уақыт беріледі.

Маған өзімнің бойымнан не ұнайды? 1) Мақсатқа жету; 2) Ынта.

Өз бойымнан қандай қасиеттерді өзгерткім келеді? 1) Сенімсіздік; 2) Шамадан тыс қызбалық.

Маған кедергісі тиіп жүрген кейбір қасиеттерімді қандай жақсы қасиеттерге өзгерткім келеді? 1) Сенімділік; 2) Тыныштық.

2. Әңгімелесу
Үлкен шеңберге отырайық. Өздеріңіздің қалауларыңыз бойынша жазғандарыңызды оқуларыңызға болады.
Талдау үшін қойлатын сұрақтар:
1. Сұрақтарға жауап бергенде қандай сезімде болдыңыздар?
2. Сізге сенімділік қалай әсер етеді?
3. Бойыңызда қандай қасиеттердің болғанын қалайсыз?

3. Мәтінмен жұмыс
Гүлдің сыры (Аңыз аңгіме)
Бір күні хан бақты аралап жүрген кезінде қурап бара жатқан талдарды, бұталарды және гүлдерді байқайды. Таңданған хан еменге қарап мән-жайды сұрайды, сонда емен айтады: «мен қарағай секілді ұзын бола алмадым, сол себепті мен құса болып қурап бара жатырмын»,- дейді. Хан қарағайға қарап еді, ол: «жүзім ағаштары сияқты жеміс бере алмағандықтан қурап бара жатырмын»,- деді. Ал, жүзім ағашы болса өзінің раушан гүлі секілді құлпыра алмағандығына өкінді. Тек бір ғана ырғай гүлі жайқалып өсіп тұрды. Таң-тамаша болған ханға ырғай гүлінің айтқаны: «Сен мені отырғызған кезде менен ырғай гүлінің өскенін қаладың. Сен егер менің орнымда еменді, қарағайды, раушан гүлін өсіргің келсе, соларды отырғызушы едің. Сондықтан мен өзімнң ырғай гүлінен басқа ешкім бола алмайтынымды білгендіктен мені отырғызған адам маған қарап ләззат алсын деп, әдемі болып гүлдеуге тырыстым»,- дейді.
Ой қозғау
Әрбір адамның, яғни сіздің бұл өмірге келуіңіз кездейсоқ емес, демек әлемге сіз керексіз, әйтпесе сіздің орныңызға басқа адам келер еді. Әр адам өмірге келген соң өзіне лайықты міндеттелген борышын атқаруы тиіс.
Не үшін сіз басқа адам сияқты болуыңыз керек, басқа біреуге еліктеуіңіз керек? Сіз бұл өмірге өз үлесіңізді қосу үшін келдіңіз және бұл сіздің ғана қолыңыздан келеді. Өзіңізге мұқият қарасаңыз сіз сияқты адам бұл өмірде жоқ екенін байқайсыз. Сондықтан басқа адам болудың қажеті жоқ. Демек, адам өзі ғана өз өміріне қуаныш, жарық нұр сыйлай алады.

4. Тренинг «Шоколад»
3 қатардан 3 оқушы шығып мына шоколадтардың ішінен өзіне ұнағанын таңдап алсын. (1-ші шоколад өте әдемі қызғылт қағазға оралған, 2-щі шоколад орташа қағазға оралған, 3-ші шоколад жай дәптер бетіне оралған).
1-ші жылтыр қағаз ішінен пластилин, екіншісінен – жарты шоколад, үшіншісінен – бүтін шоколад шығады.
Сұрақтар: — Оқушылар, қағазды ашпай тұрып не ойладыңыздар?
— Ашқан соң қандай сезімде болдыңыздар?
— Бұл тренингтен қандай қорытынды шығарамыз? (Оқушылар жауаптары)
— Әрине, бұл тренингті ойын үшін жасап отырған жоқпыз, бұл жаттығу арқылы өмірде кездескен қызылдың бәрі бағалы нәрсе емес екендігіне көзімізді жеткіздік. «Жылтырағанның бәрі алтын емес» деген мақал да осыны меңзейді.
Оқушылар, шаршаған болсақ, енді бір сәт тыныштық сәтін жасасақ:
Тыныштық сәті (баяу әуен орындалады)
Ыңғайланып отырыңыздар, көзіңізді жұмыңыз,денеңізді босатып тынышталыңыз. Көз алдыңызға енді атып келе жатқан шуақты таңды елестетіңіз. Сіз тауға алып барар жалғыз аяқ жолмен келе жатырсыз. Таза ауа, сылдырлаған мөлдір бұлақ суы, құстардың сайраған дауысы, сіз жеңіл дем алудасыз, сіз күш-қуатқа толысыз. Жер анаға, табиғатқа деген махаббат, сүйіспеншілік барлығы өзіңе деген махаббатпен тығыз байланысты. Күн шуағы сіздің теріңізге сауле шашуда, самал жел сіздің шашыңызды тербетіп, сізге көрік беруде. Бүкіл табиғат күші сізге өз махаббатын сыйлап, сізді таң нұрымен қарсы алады. Ал, енді бұл күш сіздің бүкіл денеңізге сіңіп, қуат беріп тұрғанын сезініңіз. Бұл күшпен өзіңізге жақын адамдармен, достарыңызбен бөлісіп жатқаныңызды елестетіңіз. Бұл қуат сіздің өміріңізбен тығыз байланысты. Сіз әлемдегі ең бақытты жансыз.
Енді, оқушылар, көздерімізді ашып, сыныпқа оралайық.

5. Топтық жұмыс
1-топ жаттығуы: «Мен кіммін?»
Айнаны алып, көзімізге мұқият қараймыз, одан соң атымызды атап, мына сөздерді айтамыз: «Мен өзімді жақсы көремін және өзімнің бойымдағы барлық кемшіліктерімді қабылдай аламын». Осы сөздерді шын жүректен айтуға тырысыңыз.
Талқылау:
Өз көзіңізге қарағанда қандай сезімде болдыңыз?
Өміріңізде өзіңізді қабылдай алмаған сәттеріңіз болды ма?
Оған не кедергі болды?
2-топ жаттығуы:
Қолдарыңызға қағаз алып, сіз туралы туысқандардың, мұғалімдердің, достарыңыздың айтқан жағымсыз көзқарастарын жазуға тырысыңыз. Олар сіздің дене бітіміңіз туралы не айтты? Сіздің басқа адамдармен қарым-қатынасыңыз туралы ше? Сіздің қабілеттеріңіз туралы не дейді? Жаңа қағаз алып тағы басқа өз тарапыңызға айтылған, жиі еститін сыни көзқарастарды толықтырып жазыңыз. Осы тапсырмаларды орындап жатқан кезіңізде қандай сезімде болғаныңызға көңіл бөліңіз. Осы қағазға жазылған ойлардан, пікірлерден сіз жылдам құтылу керексіз, себебі бұл ойлар сіздің өмір сүруіңізге кедергі келтіріп жүр.
3-топ жаттығуы:
— Қолдарыңызға айнаны алып, өзіңізге: «мен өзгергім келеді»,- деп айтыңыз. Осы уақытта қандай сезімде болдыңыз, соған көңіл бөліңіз. Сіз осы сөздерді айтқан кезде қорқыныш сезімі пайда болған болса, өзіңізге неліктен деген сұрақ қойыңыз. Демек, ол қорқынышты жоюыңыз керек. Содан соң айнаны алып, көзіңізге мұқият қарап, даусыңызды қатты шығарып: «Мен барлық сенімсіздік пен үрейден арылғым келеді»,- деп 10 рет қайталаңыз.
Жалпы айнамен жұмыс жасау өте пайдалы. Адам өз көзіне қарап өзі жайлы көптеген мәлімет алуына болады. Сонымен қатар, бұл әдіс арқылы жақсы нәтиже шығаруға болады. Ал, енді топта өз ойларын ортаға салғысы келетіндер бар ма?

ІІІ. Ой-толғаныс сатысы
Жүректен жүрекке
Махаббат аралына хат жазу
Бүгінгі сабағымызды қорытындылай келе түйгенімізді ортаға салып, әрқасысымыз өз жүрегімізге деген тілегімізді және махаббатымызды білдіру үшін тілек кемесі арқылы хат жазамыз. Немесе, қиналамын десеңіз, бүгінгі сабақ туралы ойларыңызды, алған әсерлеріңізді мына жүррекшелерге жазып тапсыруларыңызға болады. (жүрекшелер таратылады).

Талқылау
— Сөз соңында айтарым, ең бастысы өзіңе деген махаббатты менмендікпен шатастырып алуға болмайды. Барлық іс-әрекет тіршілікпен негізделсе, демек адам өзін адам ретінде сезінуі үшін де өзіне деген сый-құрметі мен махаббаты болу керек.

«Сіз басқа адам бола алмайсыз, тек қана өзіңіз ғана бола аласыз. Сол себепті сабыр сақтаңыз. Қоршаған орта сізді дәл осы қалпыңызда қабылдайды». Шығыс даналығы

Share.

Leave A Reply