Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Барлық сұрақтарыңыз бойынша хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89

«Әке – отбасының тірегі» әкелерге арналған конференция сценарийі

0

Жаканова Разиха Карбайқызы,
Психолог, №2 Ленинград орта мектебі, Ақжар ауданы, СҚО

 

«Ана – өсiредi, Әке – үйретедi»
Аристотель

«Өмірге ұрпақ келтіріп, оны асырау арқылы әке өз міндетінің үштен бірін ғана орындайды. Ол адамзатқа адам, қоғамға қызметкер, мемлекетке азамат беруге міндетті. Осынау үш міндетті орындауға қабілетті бола тұра кімде-кім оны орындамаса айыпты». Жан Жак Руссо.

Конференцияны өткізуге дайындық:
1. Конференция өтетін бөлмені безендендіру (психологиялық акциялардың жиынтығы, отбасы, әке, тұған үй туралы нақыл сөздер). Мысалы: «Ана – өсiредi, Әке – үйретедi» т.б.
2. Мүмкіндік болса: Абай Бегей Нұрмұхамед «Әке ана» бейнеролик, «Әке мен бала» (Мультфильм), «Әке, мен сенің 1 сағат уақытыңды сатып алайыншы», «Әке, мені вальсқа шақыр!», Мектеп оқушыларының жауабы және «Зорлық-зомбылықтың алдын алу» атты бейнеролик дайындау.
3. Әкеге арналған кеңес парақтарын дайындау.
Мақсаты:
— Мектеп пен отбасының өзара байланысын, қарым-қатынасын нығайту;
— Отбасының қарым-қатынасындағы сенімділікті және сыйластықты қалыптастыру;
— Бала тәрбиесінде Әкенiң рөлі ерекше екендігін түсіндіру.
Көрнекілігі: қанатты сөздер «Әке көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер», шарлар, презентация «Ана – өсiредi, Әке – үйретедi».
Шақырылған қонақтар: әкелерi, мектеп директоры, психолог, мұғалімдер.
Арнайы безендірілген кабинетке «Әкелер» атты өлеңмен әкелерді қарсы алу.
Әкежаным менің асқар тауым, тірегім,
Бәрінен де сен қымбатсың білемін.
Қанат қағып кетсем алыс қияға,
Сен деп соғар жұдырықтай жүрегім.
Психолог: Сәлеметсіздер ме, ардақты әкелер, құрметті қонақтар! Бүгінгі біздің кездесуімізде, Әкелер, сіздер туралы әңгіме қозғағымыз келеді. Әке… Бұл үш әріпті сөзде не бар? Әке деген сөз – мейірімділік, ержүректік, әдептілік деген ұғымдармен іспеттес. Әкенің бала дүние есігін ашқаннан бастап, оның өсіп дамуына тигізетін әсері маңызды екені баршаңызға мәлім.
— Қадірменді әкелер! Сіздің осы кездесуге үй шаруларыңызды тастап, бас тартпай келуіңіздің өзі – бала бақыты сіз үшін маңызды екенін көрсетеді.
Тренинг: «Мен үшін әке болу – бұл …»
Сөз басында мына ойыншықты (жұмсақ қонжық) бір-бірімізге жалғай отырып, мына фразаны аяқтайық! «Мен үшін әке болу – бұл… » (бақыт, жетістік, байлық, арман, дәреже, мәртебе, өмір, жауапкершілік … т.с.с.)

Психолог: Керемет! Ой бөліскеніңізге рақмет! Олай болса, жалғастырайық!
№1 «Әке, мені вальсқа шақыр!» бейнеролигі
– «Әке – отбасының тірегі», «Әке – асқар тау», деп теңестіреді халық даналығы. Әр бала Әкесі мен анасының махаббатының жемісі болғысы келеді. Бақытты бала тек бақытты ата-анада ғана болады. Бала тәрбиесінде Әкенiң рөлі ерекше. Психологтардың зерттеуі бойынша, егер әкелер балаларымен тығыз байланыста болып, тәрбиелеу міндетінің жүктемесін мойындарына алатын болса – анаға қарағанда тигізетін әсері басым болатынын айтады.
Ер бала әкені тыңдағысы келеді, оған ұқсас болғысы келеді. Ерекше әсер, әрине – бірігіп ойын ойнау. Көптеген зерттеулер нәтижесі бойынша, мысалы, ана баламен ойын ойнаса, ол әкеге қарағанда, ойнай отырып, баланы күтуді жалғастырады (мысалы: ойнаса да, ол бала құлап қалмаса екен, немесе бір жерін ауыртып алмаса екен, киімін ластап тастамаса екен т.с.с.) Ал әке керісінше, күш, қозғалыс ойындарын таңдайды. Осының салдарынан баланың даму белсенділігі арта түседі. Бұған дәлел, ұлы Аристотель « Ана – өсiредi, Әке – үйретедi» деп бекер айтпаған.

№2 Бейнеролик «Әке мен бала» (Мультфильм)
Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу келе жатса, жолда аттың ескі тағасын көріп, баласына:
— Балам, анау тағаны ала жүр! — дейді. Бала әкесіне:
— Әке, сынып қалған ескі таға ғой, пайдасы жоқ, не қыламыз оны, — дейді. Әкесі үндемейді. Тағаны өзі иіліп жерден алады да, жүре береді.
Олар қалаға жақындайды. Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, әкесі жолда тапқан ескі тағаны сол ұсталарға үш тиынға сатады.
Одан біраз жер өткен соң, саудагерлерден үш тиынға шие сатып алады. Әкесі шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бір-бірден жеп, баласына қарамай, жүре береді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Соңынан ілесіп келе жатқан бала жерге түскен шиені жерден алып, аузына салады. Біраздан соң әкесінің қолынан тағы бір шие түсіп кетеді. Содан кейін тағы бір шие жерге түседі. Сонымен бала әр жерде әкесінің қолынан түскен шиені он рет иіліп, жерден алып жейді. Ең соңында әкесі тұрып:
— Көрдің бе, тағаны жарамсыз деп жерден бір ғана иіліп көтеріп алуға ерініп едің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Бұдан былай есіңде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң — көп жұмысқа тап боласың, азға қанағат ете алмасаң — көптен де құр қаласың, — дейді.
Бала ұялып, әкесінің сөзін түсініп, өмір бойы ұмытпапты.

Психолог: Шынымен де, әкенің бала өміріндегі рөлі зор. Жастайынан баланы еңбекке баулу – анаға қарағанда, әкенің рөлі зор. Тіпті мамандық таңдауда да, әсіресе ер балалар әкенің ақыл-кеңесіне құлақ түре отырып, өз болашақ мамандығын айқындайды. Сондықтан да, құрметті ер жүрек әкелер, сіздер балаларыңыз үшін ең беделді жандардың бірісіз.
Өз мектебіміздегі балалардан «Сенің өміріндегі әкенің рөлі қандай?» деген сауал қойылды. Ендеше, балалардың жауаптарын тамашалайық. (немесе оқушылардың әке туралы ойларын, шығармаларын қағаз бетіне түсіріп, слайд арқылы көрсетуге болады; оқушылардан сауалнама алып, нәтижесін слайд арқылы таныстырамыз).

№3 Мектеп оқушыларының жауабы (бейнеролик)
Психолог: Осындай балалардың әкесі жайлы жылы лебіздері бізді және сіздерді қуантады. Ақылды балаларымыз көп болсын!
«Ана – сая болар бағың болса, Әке – асқар тауың» дейді қазақта.
Бір күн бар, жылатар күн, жұбатар күн,
Бір күн бар, мұңайтар күн, қуантар күн.
Мейлі ол шаңырақ сәтті болсын, сәтсіз болсын,
«Әке» деген сезімді ұмытар кім,- дей отырып құрметті әкелерімізге «Әке –ана» атты бейнероликті ұсынымыз.

№4 Абай Бегей Нұрмұхамед «Әке ана» бейнеролик
«Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз. Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз» дейді халқымыз. Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Отбасының пейіл -береке, ынтымағы үшін отағасының әділ, ұстамды болуы орасан маңызға ие. Оның тәрбиелік рөлі де зор. Ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен сырласады. Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің атқарар еңбегі ерекше. Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір -шапағат көзі – әке. Әкенің бұл рөлі бала-шағаның әкеге, анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас-қабағынан, жанарынан танығыштықпен нығая биіктей береді.

№5 «Әке, мен сенің 1 сағат уақытыңды сатып алайыншы» бейнеролик көрсету.
Қазіргі кезде бәріміз де жұмыстың арбауында жүрген адамдардың біріміз. Сондықтан да болар кейде балаларымызға уақыт бөлмейміз де, балалардан алыстаймыз.
Құрметті әкелер, балаларыңызға уақыт бөліп, оның өмірдегі бағыттарын біле отырып, ақыл қоссаңыздар, балаларыңыз мейірімге толы, адамгершілігі мол ұрпақ болып өсетініне кәміл сенеміз.
Келесі мына бейнероликке назар аударыңыздар.
№6 «Зорлық-зомбылықты алдын алу» бейнеролигі
Өкінішке орай, бақытты отбасылармен қатар зорлық-зомбылық көріп жүрген отбасылар да баршылық. Сондықтан да бір-бірімізге мейірімді, қамқор болайық.
Психолог: Сіздерге арналған шағын кеңес.

ӘКЕГЕ КЕҢЕС (кеңес парақтарын тарату)
Егер баланы үнемі Сынап отырса, оның өмірге деген Құлқы болмайды.
Балаға үнемі күлсе ол Бұйығы болып кетеді.
Бала үйде үнемі Төзімділікте өссе, ол – басқаларды түсінуге үйренеді.
Бала Адалдықта өссе, ол Адал болып өседі.
Бала Қауіпсіз жағдайда өссе, ол адамдарға – үнемі Сеніммен қарайды.
Бала Кекшілдікте өссе, ол Қатыгез болып өседі.
Бала Түсіністікте және Сүйіспеншілікте – өссе, ол бұл әлемнен Махаббат табуды үйренеді.

№7 «Әке туралы монолог» Дәрібаевтар отбасы
Құрметті әкелерімізге зор денсаулық, жанұяларыңа мол бақыт, еңбектеріңе жеміс тілей отыра осымен біздің конференциямыз жабық деп жариялаймыз.
Келесі кездескенше аман – сау болыңыздар!

Share.

Leave A Reply