Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Барлық сұрақтарыңыз бойынша хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
112 қаралым

Үш жасар бала тәрбиесі

0

Дунканаева Р.

Маңгыстау обл, Жаңаөзен қаласы, №20 «Нұршуақ» балабақшасының психологы

«…Ақылды бала, кілең ақымақтардың ортасында тәрбиеленсе,
ол да ақымақ болады. Бірақ, адам баласының түзелуге де,
бұзылуға да қабілеті әбден жетеді.
Г.Лихтенберг.

Үш жастағы сәбидің сүйкімділігінде шек жоқ. Оның қиялдары- қызық, тілдері бал десе де болады. Он екі мүшесі түгелдей жетіліп, мың бұралып отырып- тұрғанын былай қойғанда, құлындай құлдыраңдап жүгіре алатын жағдайға жетеді. Бұл жастағы сәбилердің жүріс-тұрыстарының бәрі де сән! Айналасындағы табиғатты тануы – қандай тамаша болса, көрген-білгендерін айтып берер тілі де сондай шұрайлана бастайды. Оның психикасындағы аңғарғыштығы мен сезінгіштігі соншама нәзік күйге ауысады. Тәрбие үстінде, осынау бір ғажайып қасиетті барынша сәтті пайдаланса, оның берер жақсылығы көп-ақ. Айналасындағы бар құбылыстарды ойындары арқылы тануға тырысады. Сол арқылы танымы мен тілін жетілдіріп, ойлау қабілеті мен түсіну жүйелерін айқындай береді. Үш жастағы балалардың әлі де аяқ алыстары кажетінше ширай қоймағанымен, олардың қолдарының қимылдары мен саусақтарының ептілігі, өте нәзік әрекеттерді жасауға икемділікпен әжептәуір жетіле түседі. Әсіресе, саусақтарының епті қимылдарын дәл де еркін басқара алады. Сондықтан да, ұш жасар балалар өз бетімен киініп-шешініп, жуынып-шайынып сүртінуді едеуір игере бастайды. Үш жасарлардың соңғы айларында, аяқ киімдерінің бауларын өздері байлап, киімдерінің түймелерін өздері түймелей алады. Бұл шағында олар, саусақтарымен қарындашты оңтайлы ұстап жалықпай үнемі сурет салуды ұнатады. Үш жастағы балалардың сөздік корлары өте жылдам өседі. Бірақ, әрқайсыныкі әр түрлі мөлшерде болады. Ең ұғымтал алғыр бала 1227 сөз білсе, өте енжар, икемдері нашар жетілген балалардың сөздік қоры 45-тің төңірегінде болады. Мәселен, Ш.Бюлердің зерттеулері бойынша 3-жастағы балалардың кейбіреулері – 2346 сөз білсе, кейбіреулерінің бар-жоқ білетіндері – 598 ғана сөз. Мұндай деректерді келтіріп отырған себебіміз, осы жастағы балалардың тәрбиесіндегі ерекше көңіл аударатын қиындықтарды аңғарту еді. Балалардың қабілетіне қарай жаңа орынға үйреніп кету үшін тәрбиеші да баланы қабылдағанда, ата-анасына ұқсап жылулық беру керек. Тәрбиеші балаларға қосымша қөңіл бөліп, әсіресе, сезімдері сергек балалармен жақын ұстауға тырысқандары жөн. Қашанда балалар бірін-бірі тез түсініп, еліктей қызығып, жылдам жетіліп кетудің мүмкіншіліктері бар. Баланың сөздік қорлары көбейгеннен кейін, күрделі мазмұндарды бере алатын сөйлемдерді жиірек қолдана бастаған жөн. Бұл кездері көптеген дыбыстарды дұрыс айтқандарымен, әлі де «р», немесе «л» әріптерін, кейде «қ» әріптерін дұрыс дыбыстай алмай, тілдері келіңкіремей жатады. Осының әсерінен, олар көптеген тілі келмейтін сөздердің өздерінше баламаларын жасап алуға шебер-ақ. Міне, осындай кем-кетіктерден жылдам арылу үшін, балалармен үйде де, дүзде де, тіпті тәрбиешілер ойын үстінде де, үнемі ыңғайын тауып сөйлесе беру керек. Әсіресе, мазмұнға құрылған «сұрақ-жауап» ойындарының атқарар қызметі мол. Бұл жасында балалардың өздері де- «бұл кім?», «анау не?» дейтін сұрақтарды өте көп қолданады. Олар осы кезде, қысқа-қысқа ертегілер мен аңыздарды ынтыға тыңдайды. Кейде өздері қайталап айтып беруге де талпынады. Осы сәтте оны аса дұрыстап тыңдаған жөн. Мұндай кезде балалар жарыса сөйлеуге әуес келеді. Олардың бұл сияқты белсенділіктерін жіті қолдай отырып, кезектесіп сөйлеуге қалыптастырап отырып, аса тартымды да қызықты етіп айтқандарына кедергі жасамауға тырысу кажет. Жалпы сәбідің үш жасындағы көңіл-күйлері өте сезімтал да әсершіл келеді. Сондықтан да болар, әрбір ұсақ-түйек жайсыз қылықтардан оның ыңғайсыз мінездері қалыптасады. Неғұрлым жағымды жағдайлар жасап, баланы жақсылығы мол сезімдермен тәрбиелеуге тырысу кажет. Бала жастайынан «рұқсат етілетін және рұқсат етілмейтін» екі ұғымды жақсы игеруі керек. Егер үлкендердің айтқандарын тыңдап, «рұқсат етілмейтін» әрекеттерден тыйыла алса, онда оның жігері жетіліп, өзін-өзі меңгере алатынын байқатады. Бұл кезеңдегі бала игерген аса үлкен касиеттің бірі деп бағалағанымыз жөн. Осы сәттен бастап, ол өзінің және өзгенің іс-әрекеттерін бағалай алатындай жаңа баспалдаққа көтеріледі. Өзгелердің жайсыз қылықтарын өзі қайталамаса, оған өзі ашықтан-ашық мақтаныш сезімдерге бөленіп:- «Мен су кешкем жоқ!» деп, аяқ киімін тәрбиешісіне көрсетеді. Міне, осы сәтте тәрбиеші арнайы көңіл аударып, барлық балалардың қөзінше алғысын айту керек. Батпақ суды кешкен сәбилер үшін, мұнан үлкен әсерлі де, пәрменді тәрбиенің үлгісі жоқ. Олар мұны көпке дейін ұмытпайды. Баланың алуан түрлі ойындары – оның қызықты да қиын еңбегі! Ол өзін ойындары арқылы еңбекке баулиды және еңбеқ етуге жаттығады. Ойыншықтарын күтуі, қуыршағын киіндіріп және шешіндіруі, ойнап болған соң, ойыншықтарын жинап орын-орнына қоюы, тәрбиешісінің айтқандарын істеп өз істерін ретіне қарай тәртіпті жасауға тырысады. Олар бұл кезде «еңбек» деген сөзді түсінеді. Сондықтан да, өздерінің әрбір іс-әрекеттерін «еңбек еттік» деп жариялайды. Үш жасынан бастап-ақ ұл бала – әкесіне, қыз бала – шешесіне көмектесуге дайын тұрады. Қалайда олардың талаптарын қайтармау керек.
Балабақшада тәрбиеленіп жүрген балаларға арнайы сабақтар өткізу жоспарланады. Оның көпшілігі ойнайтын бөлмеде жүргізілсе, біразы далаға шыққанда ұйымдастырылады. Барлық тәрбие сабақтарының мақсаты біреу-ақ, ол баланың байқағыштығын жетілдіріп, сезімдері мен ойлану әсерлерін тереңдетуді көздейді. Мысалы:
— байқаған заттарынан және жеке құбылыстардан ой қорыту;
— айналасындағы кеңістік пен уақытты бағдарлау;
— оның өрнек салу мен өзінше жаңа форма құрастыру қабілеттері;
— балалардың өз тобындағы сәбілермен қарым-қатынастары;
— өзара мейірімділік көзқарастарын жетілдіру.
Міне, осы айтылғандардың барлығы күнделікті тәрбие жұмыстарынан өз орындарын алумен бірге, белгілі бір уақыт өткен соң берген әсерлерінің жемістерін да көруге болады. Осыдан кейін жас балалардың ұғымталдығы артып, зердесі мен еске ұстау қабілеттері жетіле түседі.

Қолданылған әдебиет
Ғаббасов С. Халық педогикасының негіздері: монография. Алматы, 1995, 462 б.

Share.

Leave A Reply