Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Барлық сұрақтарыңыз бойынша хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
120 қаралым

Құммен ойнаушы адам

0

Эль Галина

АЛҒЫСӨЗ

Мен, «Құммен ойнаушы адам» кітабының авторы Эль Галина психологиялық техникаларды қолдану арқылы мынадай қызық қорытындыға келдім, сонымен бөліскім келеді. Психолог жұмысында қандай парадокс орын алады. Психологиялық тәсілдер мен әдістерді игерген соң, психолог оларды практикада қолдана бастайды. Техникаларды қолдану үшін психологқа пациенттер, яғни көмекке мұқтаж, науқас адамдар керек. Бірнеше жыл өткен соң, мен сондай адамдарды іздейтінімді, NLP техникаларын қолданып, көмектесетін клиенттер керек екенін түсіндім. Мен әлсіз адамдарды іздейтінімді түсінгенде, психологиялық практиканы бір жылға доғарып, терең ойға шомдым. Психолог іс-әрекетін жалғастыру үшін, мен пациентке мұқтажбын деген сұраныс жіберемін және оны аламын,- яғни мен ұдайы науқас адамдарға мұқтажбын. Бұл ой маған маза бермеді. Мен өз іс-әрекетіммен адамдардың халінің нашар болуына итермелеймін, содан соң мен олардың бірегей, дені сау, өздеріне сенімді болуына көмектесемін. Мен өзіме қажетті адамдарды «тудырудың» әлемдік үдерісіне қатысып жатқанымды түсінетінмін.
Ой жүзеге асады және ғарыш ойға, сезімдер мен тілектерге жауап береді. Сондықтан да сауығып кетуі үшін науқас адамдар табылады. Мен бұл жерде бірнәрсенің дұрыс еместігін сезіндім. Маған мұндай арандату қажет емес еді. Ойлана келе, мен өзіме басқа нәрсе керек екенін түсіндім. Адамдар дүниеге өмірге қуануға, сезімдерді, ойлар мен әрекеттерді белсенді көрсетуге дайын, бірегей болып келеді.
Қазіргі мектептің партаға, дәстүрге, отбасылық иерархияға шыншырлап таңылған мұғалімдерімен және ата-аналармен қарым-қатынасу нәтижесінде балалар есейгенде оларға бастапқыда берілген күш пен даналықты жоғалтады.
Дәлірек айтсақ, жоғалтпайды: оны қоғам мен отбасында қалыптасқан өзара қарым-қатынас жүйесі басып кетеді. Ересек адамның міндеті – өзін-өзі табу.

Егер ол өзін жоғалтпаса, жақсы. Өзінің және баласының да біртұтастығын сақтап, жоғалтпаған ата-аналар жоғары марапаттарға лайық. Психологтың міндеті – адамның рухани күштерін босатып, басылған күш-қуат пен даналықты ашу. Санатүбімен байланысқа түсу тәжірибесі жоқ адам, даму жолын еркін ету үшін, өзі мен ұмтылыстары арасында қандай кедергі, жүрегінде қандай тас байланғанын, нені алып тастау керектігін білмейді.
Замани техникалар санатүбі қалай қалыптасқан, оның санамен өзара қарым-қатынасы қандай екендігіне бағытталған. Бұл кезеңде мен адамдарды NLP мен құм терапиясымен таныстыратын «Практикалық психология мектебін» аштым. Бұл бағыттар санаға үңілуге, сезімдерге терең бойлауға, одан да тереңірек – сезімге дейінгілерге, одан әрі санатүбіне, және адам дайындығына қарай одан да әріге бойлауға мүмкіндік береді.

1 БӨЛІМ, МҰНДА ӨМІРЛІК ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ ҮДЕРІСТЕР МЕТАФОРАСЫ РЕТІНДЕГІ ҚҰМ ТУРАЛЫ АЙТЫЛАДЫ

ҚҰММЕН ОЙНАУШЫ АДАМ

Құмның сиқыры, оның құпияны ашатындығында.
Құммен ойнау өзіңнің санатүбіңе көз салып, әлеуметтік тәрбиелі мидың мылжыңынсыз, жалғандық пен алдаусыратусыз өзіңнің жақсы да жаман жақтарыңды көруге мүмкіндік береді. Жақсыны арттырып, жаманды өзгертуге болады. Бұл ғажайып мүмкіндікте әлемдік сананың қазыналары жасырынған. Құм толқындары иілгіш әрі өзгергіш. Олар қол арқылы сана естімейтінді өткізеді.
Құм тілалғыш. Ол сіз қалаған қалыпқа түседі. Қолда ол сіздің ахуалыңызбен, сіздің қиялыңызбен үйлескенге дейін әрі-бері сусылдай береді. Ол Таро картасы болып кездейсоқ емес, қолмен таратылады. Сіз өзіңіздің өткеніңізді, қазіргіңізді және болашағыңызды көре аласыз. Содан соң сіз өзіңізді құруды, немесе ештеңені өзгертпей, құм алаңы көрсеткен қорларды сақтау жөнінде шешім қабылдайсыз.
Өзіңізді теңіз жағасындамын деп елестетіңіз. Жылы. Құмнан не тұрғызар едіңіз? Бұрын үйренгеніңізді,- сулы құм тамшыларынан сарай тұрғызасыз. Ал құрғағынан ше? Жол жасайсыз немесе жоғарыда тек басын ғана қалдырып, біреуді құмға көмесіз. Әлде гүл немесе ағашты бейнелейтін құрғақ таяқшалар отырғызарсыз. Көлденеңінен созылған мүсіндер немесе шеңберлер мен шиыршықтар, әлде басқа нәрселерді жасарсыз. Жебе қадалған жүрек немесе «мен + менің сүйікті адамым». Ешкім де «мен – (минус) менің сүйіксіз адамым» деп жазбайды. Сүйікті оқиғалары мен ахуалдарын салуға тырысады. Бәрі дұрыс. Ыстық құмның үстімен теңіздің жағасына дейін жүріңіз, сосын салқын құмды басып, естен кетпес әсер алыңыз. Құм терапиясынан одан да бетер естен кетпес әсер алуға болады.
«Мен сөредегі маған ұнайтын пішіндерді себетке жинадым, олардан құм елін құрмақ болдым. Бір сәтте мен өзіме тек қара пішіндер ұнайтынын байқадым. «Менің оным не? Түрлі-түстісін де алайын». Мен неге екенін білмеймін, сарыны алдым. Содан соң мен үйлерді, жануарларды, ағаштарды, кеме, ыдыстарды, тек содан соң ғана адамдарды алдым. Мүмкін, мен олардан көңілім қалған соң шығар?
Әлде өзімнен бе? Бірақ мені мына нәрсе қатты таңқалдырды. Үйлерді орналастырып болған соң, мен олардың менің балаларымның санымен бірдей екенін көрдім. Ал ол үйлердің иелерінің қолында мені қызықтыратын құрал-саймандар мен заттар, мысалы, гитара немесе кітап.
Бір үйге ешкімді орналастырмадым, тек мына сары жанды орналастырдым. «Бұл қандай үй? Неге онда ешкім тұрмайды?, — деп психологтан сұрадым. «Бұл ғибадатхана», — деп жауап берді ол, — онда жан тұрады». «Ал мына сары нәрсе не?» мен кішкентай жұмсақ пішінді алдым. Ол ара болып шықты. Ал ең таңқалдырғаны, мен қаланы салып болған соң, тұрғындарына ғибадатхана керек деп шешіп, көлдің биік жағалауына ғибадатхана тұрғыздым, ал ғибадатхана онсыз да бар еді. Ол менің балаларым болып шыққан тұрғындарға тиесілі үйшіктердің арасында тұрған. Мен оны байқамадым, мен оның көрмедім, бірақ санатүбі көрді. Ішімде уақыт ағып жатқанын көргендей, жаным жай тапты.
Құммен ойнау арқылы, адам, ойнай отырып өзінің ішкі жұмбақ санатүбіне енеді. Гипноз жоқ, психолог қоятын сұрақтардан қорқу да жоқ, алаңқай мен көптеген ойыншықтар бар, олардың әрқайсысы өз орнын табады. Өзімен өзі ойнауға елігу – өте маңызды сәті – әркімге қолжетімді болады. Әрбір адам қазіргі сәтте өзіне керекті табады. Бұл адамның сезімталдығының әмірімен өзімен өзі жүргізетін жоралғыға ұқсас.

САНАТҮБІМЕН КОММУНИКАЦИЯ

Адам өзіне қаншалықты көңілі толатынын түсіну маңызды. Олимпиада чемпионы бола тұрып өзіңе риза болмауға, өмір бойы бәліш пісіріп жүріп, әлемдегі ең бақытты адам болуға болады. Классиктер айтпақшы, үшінші сортты өлеңнен гөрі, бірінші сортты түскі ас жақсы. Өз үніңе құлақ салсаң, көз алдыңда өтіп жатқан есіңе түскен оқиғаларға қарап көңіл-күйіңді сезінсең, өз өмірің туралы ойларыңа қаншалықты адекватты екеніңді түсінесің.
Құм алаңындағы жұмыс арқылы өз санатүбімен қарым-қатынасқа түсіп, адам өз ахуалының себептерін түйсінеді, өзінің аралға шығарылып және бұрышқа ысырылған тілектерін көреді. Алаңда балалық шақтың мәселелері көрініс табады. Құмды саусақ арасынан өткізу арқылы, тұлғаның қалыптасуына ықпал еткен психикалық жарақаттың қайда жатқанын, жанды не жарақаттағанын сезінуге болады. Құммен жұмыс жасау және композиция құрастрыру арқасында психоэмоциялық қысым төмендейді, басқамен бүркемеленген мүмкіндіктерге жол ашылады. Мәселелерімен бетпе-бет кездескенде, оларға сыртынан қарап әрі құм алаңында немесе белгілі бір форматта жұмыс жасау арқылы адам жоғалтқан қорларына қол жеткізіп, жаңа позитивті ахуалды қалыптастырады.
Құмарлықтар мен жанды күйретудің орнына ізденгіштік пен қарапайымдылық келеді.
Оң жақ төменгі бұрышында төмен қаратып гүлдер отырғызылған, ал сол жақ жоғарғы бұрышына төбешіктерді төккен. Гүлдерді ол тұрғызылып жатқан композиция жағына емес, құм алаңының басқа жағында түрегеп тұрып отырғызды, яғни егер бейнені теріс аударатын болсақ, онда жерге гүл болып отырғызылған өсімдіктер төбешік үстінен бірақ шығады.
Біз оны мола деп болжамдадық, ақырында солай болып шықты да. Таспен көмкерілген жол аса ауыр әсер қалдырады. Мен одан «Қай жеріңіз ауырады?» деп сұрадым. Ол «Ештеңе» деп жауап қатты. Сосын бірақ, аяғының буындары ауыратынын айтты.
Ол әйел өмірінің көп бөлігін психологиялық жарақатпен өткізгендіктен, өмірді сезіммен тану тілегін тұншықтырып тастағандықтан, жанын жегідей жейтін жағымсыз эмоциялардан басқа ештеңені сезбеген. Жұмысын ол «Қажылық» деп деп атады. Сөйтіп ол жансыз ағаштай болып, құдайға, көлге, дельфиндерге, сезімге, махаббатқа бара жатыр еді. Қосымша форматтарды жүргізген соң «Махаббат» композициясын жасау ұсынылды. Бұл тапсырма оның қуатын арттырғаны соншалық, ол балалар немесе өмірлік позициясы белсенді адамдар тәрізді алаңды пішіндермен толтырып тастады.
Құм алаңқайында адам ұсынылған жүйеге белсенді қатысу арқылы шындықты түйсіне отырып, көлемді танымдық кеңістік құрады, бұл болса оқиғалар мен үдерістерді үлгілеуге мүмкіндік береді. Адам алаңқайға шынайы өмірдің нысандарын кодтап шығарады. Алаңқайға шығарылған пішіндер, және алаңқайдың өзі де оқиғалардың ақпараттық эквивалентіне жатады. Бұл кеңістікті адам табиғи шындықпен бетпе-бет келгендей сезінеді. Клиент тікелей дененің түйсігімен байланысты, бірақ өзі оны тікелей сезе алмайтын өзекті жағдайды тудырады. Психолог клиенттің белсенділігін қоса отырып, ақпаратты зерттейді. Жасанды әлемге толық және бөлшектей ену клиентке өзінің сезім мүшелерінің көмегімен ақпарат (визуалдық, аудиалдық, кинестетикалық) алуға мүмкіндік береді. Құм алаңқайында жұмыс істегенде санатүбінің құрылымдарына тереңдей енеді, сол сәтте адамның санасы кеңейіп, ол көрегендік пен білімге ие болады, олар болса адамға ақпаратты түйсініп, оны зерттеп және оны игеруге жол ашады. Адамның ортамен өзара әрекет сипатына қарай құм алаңқайында болып жатқандарға түрлі қатынасты байқауға болады. Клиент көрермен ретінде ақпарат алады, бірақ оны басқармайды. Мұндай типті клиент бірдеңені өзгертуге батылы бармайды және сеанста білгендерін ой елегінен өткізуге мұқтаж. Клиенттің басқа типі алаңқай ішіндегі пішіндерді зерттей отырып ауыстырып, өзара әрекеттің жаңа типін тудыра отырып, оларға жаңа орын, жаңа өзара әрекет тауып береді, бірақ сонымен қоса алаңқайға орналастырылған заттардың жалпы тепе-теңдігін сақтайды. Үшінші типті клиенттер мақсатқа қарай жаңа жүйе құрастыра отырып, түзетіп, алып, қосады,пішіндер мен ландшафтты өзгертеді. Қай жағдайда болмасын, адам өзінің жасырын тереңдегі үдерістерімен байланысқа түседі, алған ақпаратты қалай қолданады, ол клиенттің құзырында.

2 БӨЛІМ,
Мұнда ішкі ахуал қатпарлары ретіндегі кішкентай пішіндер семантикасы, ландшафт, символикалық бөліктерге бөлінген құм алаңқайы туралы, символдарды кодтау мен шешу туралы сөз болады.

ҚҰМ АЛАҢҚАЙЫНЫҢ МИФТЕРІ МЕН СИМВОЛДАРЫ

Құм алаңқайы – алдын-ала дайын символ. Ол санатүбінің метафорасы. Ақпарат мағынасының бөліну тәжірибесіне сүйеніп, құм алаңқайы белгілі бір семантикадан тұратын бөлімдерге бөлінеді. Ежелгі жорамалшылардың, көріпкелдердің, Таро картасының түсуі және ақпараттың орналасуы туралы замани көзқарастар, NLP-уақыт, арт-терапевтердің психологиялық тәжірибесі – мұның барлығы құм алаңқайының жұмысы мен оның мағынасын ашуды біріктірді. Алаңқайдың сол жағы өткен шаққа, оң жағы – болашаққа, алдындағысы – қазіргі уақытқа жатады. Пішіндерді алаңқайдың белгілі бір бөлігіне орналастыру арқылы, адам ақпарат қатпарларынан өзінің естеліктері мен болашаққа жоспарларын бетке шығарады. Осылайша, ең қарапайым және қолжетер ақпарат өткеннің, қазіргінің және болашақтың өзара қарым-қатынасы арқылы белгілі болады. Пішіндерді орналастыруынан адамды неге баса назар аударып, не толғандыратынын, мақсатқа жету үшін не кедергі болатынын, неліктен ол қалаған нәрселер орындалмайтынын көруге болады. Оң жаққа қойылғандар, өздігінен орындалатын сәуегейлік. Бірақ егер оң жаққа өткеннің оқиғалары қойылса, онда олар автоматты түрде мақсатқа жетуге кедергі болады, себебі қандай да бір оқиға немесе ой маза бермесе, онда санатүбі: кешірейін бе – кешірмейін бе, ұмытайын ба – ұмытпайын ба, өзгертетйін бе – өзгертпейін бе деп үнемі сонымен әуре болады. Барлық күш-қуат өткен мәселелерді шешуге жұмсалып, жаңа мақсаттарға күш те, қуат та, жігер де қалмайды.
Керісінше, егер болашақ көріністері сол жақта орналасса – олар ешқашан орындалмайды, тек арман, қиял болып қалады. Өйткені, сол жақта орналасқан, өмірде болмаған оқиғаларды да санатүбі өткен шақ деп қабылдап, болған оқиға деп бұғаттайды. Бүгінгі күннің метафорасы болып есептелетін ортаңғы бөлігінің бос болуы, адам арман-тілектерін орындап, мақсаттарына жету үшін ештеңе жасамайтындығын мәлімдейді. Көлденеңінен құм алаңқайы шартты түрде үіш бөлікке бөлінген. Жоғарғы бөлігі сананы, ойлау іс-әрекетін, қиялды, армандарды – ойлау мен талдауға қатыстының барлығын білдіреді. Ортаңғы бөлігі – эмоцияларды, сезімдерді білдіреді, өзіне, айналасындағы адамдарға қатысты аса сезімтал тұстар да осында. Көбіне түйткілді мәселенің барлығы осы жерде, себебі адам өзінің тұтастығын оқиғалар арқылы емес, сезімдер арқылы жоғалтады. Алаңқайдың төменгі бөлігі бізге орындалған немесе орындалмаған әрекеттерді көрсетеді. Олар арқылы адам өзінің қателіктері мен мүмкіндіктерін, өмірінің сәтті және сәтсіз оқиғаларын көре алады. Ортаңғы бөлігі анағұрлым маңыздысы, бар сыр сонда; ортасы бізге адамның өзі, оның өзіне эмоциялық қатынасы жайлы хабар береді. Ортада орналастырылған пішін, — сол композицияны құрастырған адамның өзі. Орталық бөліктің бостығы, адамның өзекті міндеті – өзін, өзінің шынайы әлемде барлығын көру. Алаңқайда және бұрыштар бар – шешілмеген негізгі мәселелер мен комплекстер сонда жасырылған. Тіпті ол бұрышта жасырылған пішіндер ол мәселелер шешілмейтінін меңзейді. Адам шешу жолдарын көрмейінше, бірнәрсе түрткі болып, өзінің санатүбін өзгертпейінше, басын тауға да, тасқа ұрып қиналатын болады. Мәселе бұрышқа тығылып тұрғанда ол көрінбейді де, естілмейді де. «Алдымен біз мәселені, соңынан ол бізді бұрышқа тығады».
Мәселені бұрыштан шығарғанда оны қалай шешудің жолдарын түсінуге болады немесе ол өздігінен шешіледі, себебі оған мән беріліп, қаралды.
Өз санатүбін құм алаңқайы арқылы сырттан немесе самғау биіктен көргенде, адам әрі қарайғы әрекеттер туралы шешім қабылдау уақыты жеткендігін сезінеді. Мүмкін, ол ойланып қалар, мүмкін, әрекет ете бастар, мүмкін ештеңе де өзгертпес. Жол сілтеуші «тек суды көрсетеді, оны ішуге зорламайды». Ежелгі даналық осыны меңзейді, психотерапевт те солай етеді. Құм алаңқайы негізгі кедергіні көрсетті, адам өзінің жолы қай жерден жабылғанын көрді. Адам ол жолды тазартып әрі қарай жылжуына, айналасындағы кеңістікті жақсартуына немесе отбасымен, әріптестерімен және өзімен қарым-қатынасын жақсартуына болады. Ол үшін композицияны серігі жетістік болуы, жұмсалған күш-жігер уайым-қайғыға емес, өмірлік міндеттерді орындауға бағытталатындай етіп өзгертеді. Құм алаңқайындағы сол бөліктің ортаңғы шаршысы аталмыш адам өз өмірінде не нәрсеге сүйенетінін көрсетеді. Бос кеңістіктер адам әлі нені қолданбағанын, оның қосымша қорлары қайда екенін білдіреді. Оң бөлігі санатүбін бойлай жасырылған қандай міндеттер барлығын, шындығында оның не нәрсеге ұмтылатынын және өмірден және өзінен нені күтетінін көрсетеді. Құм алайқайында адам жан-дүниесінің бірлігіне жетіп, өзін біртұтас етіп жинақтайды.
Төменде келтірілген сызбада құм алаңқайындағы кеңістік мағынасы қалай орналасатындығы көрсетілген.

El.G.kum-terapiasy

 

 

 

 

ЛАНДШАФТ

Құм кеңістігінде тұрғызылған ландшафт сыртқа көрінетін адам психикасының ішкі ахуалының сипатын бейнелейді. Шыңдары әлеуметтік және рухани шыңдарға жетуге ұмтылуды білдіреді. Философиялық ұғымдар жолы немесе мансаптық өсу. Шыңдар немесе көптеген белестер мақсатқа жетелейтін қиын жолдарды, олардан өтуді немесе алдындағы кедергілерді көрсетуі мүмкін. Мұнымен қоса, биіктіктер алаңқайдың қандай да бір бөлігін көрсетпей тастауы мүмкін, алайда шыңға шығу арқылы адам төменде тани алмағанды әлдеқайда жақсы көріп, түсініп әрі сезінуі ғажап емес.
Шыңдар жаратушыға жақындауды немесе өзінің құдай болғысы келетінін білдіруі мүмкін. Шыңдарды бағындыру және кедергілерді жеңу әсіресе ер адамның санатүбіне тән. Егер бәрі жақсы болса, онда олар кедергілерді өздері ойлап табады, сосын оларды өздері жеңеді. Жеңген соң, олар рақат сезімге бөленеді, дегенмен олар аз жұмысқа көп шығын мен күш жұмсайды. Құм алаңқайында тұрғызылған таулар адам сұраныстарының жоғары екендігін білдіреді. Оған жету жолы. Шыңдар мен тауларда үңгірлер болуы мүмкін. Олар бір мезетте өздеріне тартады әрі үрейлендіреді. Оларға міндетті түрде мән беру керек, өйткені оларда ең сырлы құпия жасырылған. Ол барлық адамнан жасырын тек өзіне ғана рұқсат ететін жасырулы дүние болуы ғажап емес. Әйелдерде ол жасырғысы келетін гинекологиялық аурулармен немесе жыныстық тәжірибемен байланысты болуы мүмкін. Үңгірде жасырылған адам басқаларды немесе әлемді сырттан бақылауы мүмкін, бірақ оны ешкім көрмейді де, естімейді. Үңгірге адамды қорқыныш пен қорғансыздық тығуы мүмкін. Үңгірде болғанда әрбір қыбырға қалшылдап, ерте ме, кеш пе сыртқа шығу керек деген ойдан селк етесіз. Араласуға құлықсыздық, өмірден баз кешу, өз ойлары мен сезімдеріне бойлап ену. Үңгірде не жасырылғанын, ішіндегі пішіннен, және оның құм алаңқайының контекстімен байланысынан тануға болады. Ондай терең күйзелістер барлық сәтсіздіктердің қайдан туындағанын ашатын кілт болуы мүмкін. Барлық қуыстарды, құмға тығылып, тыртық қалдыратын оқиға тудырады. Жасырылған мәселелер сыртқа шығуға ұмтылады, ол ауру, жаны күю немесе қызба, ашушаң әрекетпен көрінуі мүмкін.
Егер құм алаңқайында шұңқыр пайда болса, онда ол тұзақты білдіреді, сонымен бірге шұңқырлар өзімен өзі терең оңашалану орны болуы мүмкін; ол жатырға ұқсас жайлы жерге жасырыну тілегі. Ананың құрсағында болу – адамзат баласы басынан кешіретін ең жақсы жер. Сондықтан да әлемнен жасырынуға ұмсынып тұратын адамға сыртқы әлемге шығу, мінез көрсету мен әрекет ету қауіпті болып көрінеді. Қауіп оның өзінде, өмірде қарекет етіп, өсуге дайын еместігінен туындайды. Сондай-ақ егер адам әрекет етіп, өскісі келмеген жерде де қауіп бар, оны өмір өзі кез-келген тәсілмен, бәлкім қасірет арқылы жасауы мүмкін. Қалай болғанда да адам есейеді және өзінің есеюіне сәйкес болғысы келеді, дамудың қазіргі сәтінде болып жатқандарды түйсіну, адамның басты мақсатына айналады. Шұңқырдың, үңгірдің немесе басқа да бір қалқаның ішінде болу, адам өзін көрсетуді, алға жылжуды білмейді дегенді білдіреді. Жан-дүниесінің ұмтылыстары мен өмірдегі жолы да жасырын. Мұндай адам өзімен-өзі оқшауланып, сезімдерін жасырады, депрессия мен апатияға шалдығады. Сезінуге рұқсат болмаған соң, сезімдер де көрінбейді, ол адамның басынан өтіп жатқан өзгертуге тиіс жағдай осы.
Ландшафт тегіс болуы мүмкін. Белесі де, еңісі де жоқ. Бұл депрессиялық ахуалға немесе қарым-қатынасқа түскісі келмеуді де білдіруі мүмкін. Бәлкім адам бір жағдайдан енді ғана шығуы немесе алдағы өткен кезеңді аяқтап, ал келесі жаңа кезеңді әлі анықтап үлгермеген. Бірқалыпты ахуал – ол бірқалыпты дегенді білдіреді. жан-дүниесінде де, сыртында да. Ол әлі ештеңе шығып үлгермеген, жыртылған тегіс, немесе тіпті ешнәрсе егілмеген жер.
Жазықтықтар үйлесімді тегістікті білдіреді, және жалпы тегіс жазықтықты тұлғалық өсудің жоғары рухани деңгейіне жеткен адам құрастыруы мүмкін.
Өзен, теңіз бен мұхиттар эмоцияға толы, махаббаты мол адам туралы айтады. Сусыз өмір жоқ, ол оның бір құрамдас бөлігі. Құм алаңқайындағы су кеңістігі сүйіпеншілік көрсету қажеттілігін білдіруі мүмкін. Мұнымен қоса, көлдер мен теңіздерді салу әрекеті санатүбінің тереңіне жасырынғанды көруге ұмтылу жатыр, өйткені құм қатпарыдағы көгілдір түп – санатүбінде жасырынған метафораның өзі.
Ландшафт құрғанда адам жолды да салады. Егерде композиция алаңқайдың жалпы кеңістігімен біріктірілген болса, мұндай композицияны тұрғызушы адам өз ішкі кеңістігінің бар бөлігіне қол жеткізе алады. Жолдар, соқпақтар, көпірлер, қосымша іздер бірнәрсе бөлініп қалғанын және оны жалғау керек болғанда пайда болатынын білдіреді. Басында адам белгілі бір оқиғаны немесе мәселені бөлектеп тастауға күш салады, содан соң оған жол табуға немесе көпір салуға тырысады, содан кейін бөлінген кеңістікке баруға күш-қуат жұмсайды.
Однай бөлектенген кеңістік арал болуы мүмкін. Аралға мүлдем жол салынбаған. Егер қайық болса, жақсы. Арал алдындағы су кеңістігіндегі қайық, арал – ол оңашалану, жеке кеңістік орнын білдіруі мүмкін. Байланысу құралдарының болмауы, аралға адам шешкісі келмейтін мәселені қоныстандырған деуге болады. Қалай болғанда да арал – ол жалпы бейнемен үйлеспейтін, бөлектенген, оқшауланған нәрсе.
Құм алаңқайындағы орман әлеумет деп қабылданады. Тоғай неғұрлым көп болса, соғұрлым әлеуметпен, қоршаған адамдармен, отбасымен қарым-қатынасы күрделі екенін білдіреді. Жемістері бар ағаштар адамның өз іс-әрекетінен нәтиже алып мен қоғамның мойындауына ие болғысы келетіндігін хабарлайды. Тікенді әлеумет адамның өзін қоғамда көрсетуге қорқатынын; ландшафтта ағаштардың болмауы адамның өз жеке мәселелеріне терең бойлағанын көрсетеді.
Ландшафтқа немесе ландшафты жоқ (кей адамдар құмға мүлдем жақындамайды) құм алаңқайына қарап, жан-дүниесінде не болып жатқанын бажайлауға болады, өйткені ландшафт оқиғаның және сенсорлық тәжірибенің бейнеленуі. Ландшафт адамның өзіне қандай жол салып алғанын, одан қалай өтетіндігін көрсетеді.
Құмдағы ою-өрнек адамның өте қатты қорғанатынын білдіреді: ондай адаммен араласуды бастау үшін, онымен байланысқа түсуге біраз күш салу қажет; ондай адамға бірнәрсені құрастыру үшін, бірдеңені құрту керек, өзінен өзі аттау керек. Мұндай адамдар өз тіршілігінің қасіретін және қарым-қатынасқа түсу алдындағы қобалжуды сезінеді. Оларға адамдармен емес, құдайлармен қарым-қатынасқа түскен жеңілірек.

ҚҰМ АЛАҢЫ

Переведи меня через майдан…
Виталий Короп. ауд. Юнна Мориц

Құм алаңы – көлемін кіші, кіші емес деуге де болады. Бастысы, ол алаңды біртұтас көруге болса, және жиектерінде кеңістікке орын қалса болды. Құм алаңын қолданушы психологтар солай дейді.
Менің ұсынысым, ол құм алаңын тепе-тең етіп екіге бөлу принципімен ұйымдастырылуы керек. Сонда тепе-теп пропорциясы сақталады. Тепе-тең етіп екіге бөлу ережесі мынадай. Егер АВ кесіндісін С нүктесімен бөлсек, онда барлық кесінді үлкен кесінді кші кесіндіге тиесілі болғаны тәрізді, үлкен кесіндіге тиісті болып 1,618. АВ:СВ = СВ:АС (1,618) санына сәйкес болады. Немесе керісінше, үлкен кесінді басқа кесінділерге қалай қатысты болса, кіші кесінді де үлкен кесіндіге солай қатысты болып, 0,618 құрайды. Бұл тепе-тең пропорцияны білдіреді. АС:СВ = СВ:АВ (0,618).
Тепе-тең кесу несімен тиімді? Ғаламның дамуының шартты түрдегі саны болғандықтан, ол адамға ықпал етеді, сол алаңмен қатынасқа түсуі арқылы адам өзінің табиғи біртұтастығымен үйлесімге келеді, себебі адамның өзі– оның дене бөліктерінің физикалық өзара қатынасы, жүрек қағысы, тыныс алуы, жүруі тепе-теңдік қағидасы бойынша құрылған. Өсімдіктер, жануарлар да, планеталар арасындашы арақашықтық та сол қағида бойынша құрылған – олай болса ғаламның өзі ұсынып тұрғанда, оны неге қолданбасқа? Тепе-теңдік пропорциясы туралы ғаламтордан немесе кітапханадан қарауға болады. «Фибоначчи көжектерімен»¹ де танысуға болады. Сандар мәнін Фибоначчи қатарынан алуға болады, онда алдыңғы екі санның қосындысы келесі санға тең немесе жәшіктің қырларының бір-біріне қатысы 0,618-ге немесе 1,618-ге тең белгілі пропорция бойынша өзіңіз есептесеңіз болады. Біз солай еттік. 55 х 89 өлшемі жеке-дара да, отбасылық немесе топтық жұмысқа да жарайды. Топтық жұмысқа Фибоначчи қатарымен сәйкес келетін және тепе-тең пропорцияға жататын 89 х 144 өлшемі де сәйкес келеді. Жоғарыда айтылғандай, алаңды бір қарағанан көзбен шолу үшін, 70 х 43,3 өлшемі де жақсы келеді. Мәлімет үшін, бұрындары жарияланған ақпарат көздеріндегі – 50 х 77, бүйірінің биіктігі – 10 см, немесе 50 х 70, бүйірінің биіктігі – 8 см; 60 х 75 х 10 өлшемдер де бар екенін айта кету керек. Егер жәшіктің бір қырын 77 см етіп алса, онда екіншісі 47,6 (77 х 0,618 = 47,586) болады. Егер жәшіктің бір қыры 50 см болса, онда екіншісі 80,9 (50 х 0,618 = 47,586) болады. Тепе-теңдік пропорциясы бойынша жасалған құм алаңы адамға үйлесімді әсер етіп, оның біртұтастығына ықпал жасайды. «Тепе-тең» кесу немесе «жаратушы» пропорциясы туралы кітаптар мен мақалалар математикалық дәлдігімен және ғаламдық ауқымымен тәнті етеді. Ғалымдар табиғаттағы пішіннің қалыптасу принциптері туралы айтқанда, барлық тірі табиғат пайда болып, өсіп, кеңістікте қандай да бір пішінге енуге ұмтылып және өзін сақтауға тырысатынын байқап, соны сипаттады. Ол ұмтылыс әдетте екі нұсқада жүзеге асады – жоғары немесе жер бетіне жайыла және орала өсу. Пішін қалыптастырудағы тепе-теңдік принципі жәндіктердің, сүтқоректілердің, құстардың, моллюскілердің және т.б. дене пропорциялары мен қимыл-әрекеттерінен байқалады. Бұл заңдылықты өрмекшінің торынан, күнбағыс дәндерінің орналасуынан, қарағай бүршіктерінен, ананастан, кактус құрылысынан байқауға болады. Құйын шиыршықтала оратылады, бұғылар үйірі де шиыршықтала жүгіреді; мұндайда тепе-тең кесу динамикалық заңы байқалады. Кесірткеден де көзге тартымды пропорцияны көруге болады: құйрығының ұшынан мұрнына дейін денесінің әр бөлшегінің өзара қатынасының пропорциясы сақталады. Құс жұмыртқасының тігінен және көлденеңінен өлшемі, және қанаттары мен денесінің арақатынасы да «жаратушы» пропорциясына сәйкес келеді. Өсімдіктер жапырағының өсуі де, бұтақтарда орналасуы да тепе-тең кесу бойынша дамиды. Тепе-тең кесу динамикалық симметрия заңдылығы қарапайым бөлшектердің энергетикалық ауысуында да, кейбір химиялық қосылыстардың түзілуінде, Күн жүйесі планеталарының арақашықтығында, тірі ағзалардың гендік құрылымдарында байқалады. Тепе-тең бөлу құпиясы тек арнайы мәртебеге ие адамдарға ғана белгілі болып, аса құпия түрде сақталған. Бұл құпия жөнінде Мысыр және Бабыр тәрізді ежелгі Өркениеттерге белгілі болған. Тепе-тең кесу туралы трактат жазған Лука Пачоли «жаратушы» пропорциясы немесе тепе-тең кесу әке-құдай, бала-құдай, рух-құдай, олардың үштігі деп жазды.
Адам денесі тепе-тең бөлуде бел бойымен, және жамбасқа түсірілген қолдың саусақтарымен, беттің төменгі бөлігі – ауызбен, жоғарғысы – көзбен және т.б. бөлінеді. Адам дене бөліктерінің арқатынасы, систола мен диастола, дем алу мен дем шығару, жоғары және төмен қысым және басқа да үдерістері тепе-тең кесуге жатады. Адам ағзасындағы тепе-тең бөлу бұзылған жағдайда, адам ауырып, бұзыла бастайды (әйелдер артық салмақпен күрескенде, өздеріне тепе-теңдік қатынасты қайтарғысы келеді). Сондықтан да бұл ғарыштық принципті құм алаңына қолданып, адамды өзімен және айналадағы қоршаған ортамен үйлесімге келтіру үшін қолданған жөн.
Теңіз, көл немесе өзен жағалауларынан әкелінген құм үккіштен өткізіліп, жуылады және қуырылады, сонда ол тазаланып, тартымды болып және түрлі қосындылардан арылады. Құм құйылған жәшік ағаштан жасалады, себебі ағаш – жағымды әсер ететін табиғи материал ғана емес; сондай-ақ ол Жердегінің бәрі жаратылған pra materia-ның символы. Пластмасса емес, ағаш қолданылады, себебі санатүбімен жұмыстың мистикалық-терапиялық әсері ежелгі ағашқа табынумен, оның табиғатқа жататындығымен және табиғи экологияны кинестетикалық түйсіну мен сезіну, ағаш ие табиғи материал қуатын сезінумен арта түседі.
Жәшіктің ішкі беті – көгілдір түсті. Жәшіктегі құмның астынан судың, өзеннің, көлдің, немесе бұлақтың символын қазып көруге, яғни түбіне дейін жетуге болады. Көгілдір немесе көк түс санатүбінің тереңдігімен теңестіріледі. Жәшіктің құмнан жоғары көгілдір бүйірі – ол аспан. Міне осындай түпсіз кең аспаны бар, тұңғиық санатүбі және жылжымалы құмы бар бос кеңістікте адам өзін, өзінің елін, өзінің ертегісін, өзінің тарихын, өзінің өмірін қалай түсінетіндігін жасайды. Мүмкіндігінше екі жәшік жасаған дұрыс: біреуі құрғақ құм, екіншісі дымқыл құм үшін. Адамда өзіне сәйкес құмды таңдауға мүмкіндік болуы қажет. Жәшіктегі құмды адам көбейте де, азайта да алады. Құмның қатпарлары сана мен санатүбінің арасындағы шек болып табылады. Кейбір адамдарға көгілдір түп көбірек керек, ал кейбіреулеріне оны көбрек жауып тастаған ұнайды. Сонымен, санатүбімен қарым-қатынасқа түсу инструментарийі – құм алаңы – дайын. Енді өте кішкентай пішіндер жинағын құру қажет.
El.G.kum-terapiasy2             El.G.kum-terapiasy3

ӨТЕ КІШКЕНТАЙ ПІШІНДЕР

Гулливер өте танымал тұлға

Қазіргі заман адамына, әсіресе іскер адамға тоқтап, жан-жағына қарау, ал өзінің тереңіне үңілу – тіпті қиын. Мүмкін қараудың да қажеті жоқ шығар – онсыз да жақсы. Ал егер бәрі жақсы болса, онда жақсы өмір сүре бер. Ал егер сен мазасызданып, өзіңді жайсыз сезінсең, — құммен ойнап көр. Теңіз жағасында балаларыңмен ғана емес, кәсіби түрде. Таптаурынға салынып, дымқыл тамшылардан үйшіктер жасау емес, санатүбіне үңіліп жасау. Көгілдір түпті және қыры аспан түсті құм жәшігінде сен өзіңнің қайталанбас бейнеңді көресің. Сен өзіңді және өз ахуалыңды танисың. Нені қалдырып, нені өзгерту және немен қоштасуды түсінесің. Біз күн санап емес, сағат санап өзгереміз ғой. Және көбіне біз өлшем бойынша киімімізді ғана емес, өз әдеттерімізді де, реакцияларымызды да өзгертеміз, үлкен адамға бала сияқты ренжу жараспайды ғой, ал енді сіз айырып көріңіз, қайсысы баланыкі, қайсысы ересектікі.
Психотерапиялық мәдениет қазір Ресейде де жетіліп келеді. Өзін құрметтейтін фирмаларда психологтар бар және психологиялық тренингтер өткізеді, психологиялық босаңсу кабинеттері де танымал болып келеді, отбасылық психологтар мен психотерапевтердің уақыты келді. Құм терапиясы отбасы бар адамдар жүрегіне жол табады. Құм терапиясы арт-терапияға жатады, оның тек бір үлкен артықшылығы мұнда сурет салып үйренудің немесе шығарма жазудың қажеті жоқ. Ішінен ең сәйкес келетінін таңдап алатын, дайын кішкене пішіндер сені өзіңнің жеке-дара шығармаңды тудыратын асқан шебер етеді. Сен Гулливер тәріздісің, ал сенің елің ғарыштан қарағандағы кіп-кішкентай Жер тәрізді. Құм әрекеті мен құм ықпалының барлық тамашасы да осында, өйткені сен үнемі өз әдеттер, тілектер, армандар мен әрекеттер әлемінен сәл үлкен болып тұрасың.
Көп кішкене пішіндер керек. Ондаған, жүздеген. Тақырыптар бойынша және әр тақырыптың түрлі нұсқаларына қарай. Мысалы, адам. Түрлі эмоциялық жағдайдағы, түрлі мамандық иелері, түрлі тарихи дәуір, әртүрлі жас, түрлі қалып, түрлі әлеуметтік жік.
Белсенді және енжар, агрессиялы және икемді, жабайы және үй, өмірде бар, өмірде жоқ, шынайы және мультфильмдегі, ширақ және инфантилді жануарлар. Көбіне көп жануарларда түрлі символдық, мәдени мағына мен мифологиялық жад жинақталған.
Қытайдың европа мәдениетіне ықпалын да ескеру керек. Құм терапиясында жұлдызнама белгілері де, нэцке, фэн-шуй да қолданылады. Осы жерден-ақ сіз психологтың асқан ақылды, дана болуы керектігін түсініп отырған шығарсыз.
Құм терапиясында қажет болатын кішкене пішіндердің мысал ретіндегі тізімі мынадай:
1. Адамдар
2. Жануарлар
3. Аңдар
4. Үйлер
5. Көлік – теңіз, әуе, жерде жүретін
6. Қару
7. Фантастикалық пішіндер
8. Ертегі кейіпкерлері
9. Тұрмыс заттары: жиһаз, ыдыс және т.б.
10. Символикалық: құдайлар, нэцке, тұмар және т.б.
11. Жәндіктер
12. Барлық дәуірдің діни символдары
13. Жойылып кеткен жануарлар
14. Геометриялық заттар: шар, пирамида және т.б.
15. Ғарыш аппараттары
16. Басқа планеталықтар
17. Мультфильм кейіпкерлері
18. Барлық көлемді ағаштар
19. Бақалшық, тастар, бұтанақ, мүк, қанаттар, яғни табиғи материалдар.
20. Кішкене тірі өсімдіктер: кактус, шегіргүл және т.б.
21. Жасанды гүлдер.
22. Тарихи ғимараттар мен костюмдер.
23. Символдық конструкциялар: Эйфель мұнарасы, Кремль, Биг-Бэн және т.б.
24. Құстар.
25. Балықтар және су жануарлары.
26. Экзотикалық пішіндер: үндістер, батырлар, сәуегейлер және т.б.
27. Жемістер, көкөністер.
28. Ұлттық костюмдер.
29. Дуалдар, қабырғалар, қоршаулар.
30. Шаршылар.
31. Бижутерия.
32. Жауынгерлер.
33. Әскери техника.
34. Балалардың барлық жастағы кішкене пішіндері.
35. Ақша.
36. Сиқырлы заттар мен кейіпкерлер.
37. Кітаптар.
38. Спорт, ғылым, өнер атрибуттары.
Көп емес пе? Мүмкін аз шығар? Жаңа белестерге, жаңа символ, жаңа музыкалық құрал табуға тырысыңыз, әлде өзіңіз қолдан жасайсыз ба. Мүмкін компьютер. Біздің заманымыздың символдары көптеген жинақтарда жоқ. Есіңізде болсын, жинақ құрастырғанда пішіндердің көлемі 1-12 см-ден аспауы керек. Олардың сапасы мен саны өзінің түйсінбеген әлемін құрушы адамға кең мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, құм әлемінің қойылымы адамның қалыптасуына ықпал етеді. Сізде қанша пішін болса да, клиент өзі қалаған пішіндер таппай отырғанын, олар онша жақсы емес, түстері де келмейді, көлемі де сәйкес емес деумен болады. Олай болса не істейміз!? Мұның барлығы шартты түрде ғана, бұлар тек символдар.

Эль Г. Человек играющий в песок. Изд-во «Речь», 2007
Орыс тілінен аударған: Ж.Қайырова.
Басы. Жалғасы бар.

Share.

Leave A Reply