Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Журналға жазылу үшін хабарласыңыз:

+7 777 1461414 +7 717 242 05 89

178 қаралым

Құлжабай Би Бекқұлыұлы (ХҮІІІ-ХІХ ғғ.)

0

Қазақ халқының орыс отаршылдығынан құтылуы үшін 30 жылдай уақыт (1773-1801 жылдары) күрескен ұлы күрескер Сырым бабаның сенімді серіктерінің бірі болған Құлжабай би Бекқұлыұлы Кіші жүздегі он екі ата Байұлының Таз деген руының Келдібай атасының ұрпағы болатын. Ардақты азаматтың есімі бүгінде тұтас бір арысқа – Құлжабай арысына негіз болып отыр. Ол да тегін емес. Парасатты басшы, ақылман аға, көреген көсем ретінде өз елін талай рет тағдыр соққысынан аман алып шықты, үнемі ел қамын жеп, оларды ұлттық азаттық көтеріліске көтерді. Бүкіл Таз руының бетке ұстар азаматы, сол кездегі білікті биі ретінде мемлекеттік маңызды істерге үлкен жігермен араласты.

Тарихи құжаттарды бағамдасақ, Құлжабай би өзінің тұрғыластары Тұрмәмбет, Көккөз, Сегізбай билер сияқты пәтуалы сөзімен, берік билігімен қозғалыстың бүкіл барысына өзіндік ықпал еткен ардақты ақсақалдардың бірі болғандығына көңіл тоғайтамыз. Қазақ елінің азаттығы үшін көппен бірге ұлы істерге араласқан абзал азаматтың тұлғасы ерекше көрінеді.

1783-1797 жылдары отаршылдыққа қарсы көтерілген  қазақ халқы Нұралы ханды отаршылармен сыбайлас деп түсінді. Олардың атынан орыс патшасына жазылған хатқа – “55-тің талапхатына” барлығы 55 батырлар, билер мен ақсақалдар қол қояды, бұл хат Кіші жүз ханы Нұралының тағдырын шешеді, ол хандықтан түсіріледі.

Көтерілісшілердің қозғалыстың алғашқы кезеңіндегі екінші бір ірі жеңісі – қазақтардың Жайық өзенінің оң жағалауына көшіп-қонуға рұқсат алуы еді. Патшаның 1756 жылғы жарлығымен әлгіндей өтуге тыйым салынған болатын. Өкімет орындарының жергілікті халыққа оң жағалауға еркін жүруге ризашылық берген 1787 жылғы 5-ші сәуірде құрастырылған ведомостісіне сенсек, Құлжабай би Бекқұлұлына 3000 шаңырақ бағынды, бұл осындай рұқсат алған барлық 45 мың шаңырақтың саны жағынан үшінші орын алатындарының бірі еді “ең көбі – 10 мың, одан кейінгісі – 7 мың шаңырақ болатын). Бидің ауылы өз руластары Күрті (Құртқа — ?) ұлы Есенбай бидің (орысша құжатта “Курткин” делінген –А.Ә.) және Мыңдәулет батырдың ауылдарымен бірге (олардың әрқайсысында бір мың шаңырақтан болды) Гурьев қалашығына қарсы Ақтөбе шатқалын жоғары өрлеген аумақта көшіп-қона алатын болды (Сонда, 87-бет).

Құлжабай бидің көтерілісшілер арасында беделді болғандығын тағы да мыналардан көреміз: ол 1785 жылдан кейін де көпшілік болып қабылдаған шешімдерге ризашылығын бүкіл ру атынан беріп отырды: 1792 жылы да, 1794 жылы да осылай болды.

Би көбінесе Сырым батырды қолдап жүрді. Бұл әсіресе, Ералының хандық таққа отыруына қазақтың игі жақсылары қарсы болған тұсында айқын аңғарылды.

Ресейдің патша өкіметі демократиялық сипатта болған 1789 жылғы Ұлы француз буржуазиялық революциясының ықпалынан қорқып, Кіші жүзде хан өкіметін қайта орнатуға ұмтылды. Самсаған әскердің және қоқан-лоқының күшімен Ералы Әбілқайырұлы 1791 жылы хан болып “сайланған-ды”. Сырым бастаған азғантай топ оған бірден-ақ қарсы болды. Зеңбіректен қорыққан көпшілік ағаман келісімін алғашқыда берсе де, кейін Сырым бастаған көтерілісшілердің ықпалымен Ералыға қарсы шыға бастады. Олар 1972 жылдың 10-маусымында Орынбор шекаралық істер экспедициясына жолдаған хаттарында халық қалауын былайша жария етті: “…Егер патша ағзам Әбілқайыр әулетінен біреуді хан етіп сайлағысы келсе, біз оған қарсы болмас едік, бірақ біз, қырғыз-қайсақ (қазақ – А.Ә.) жұрты, Ералының хан болғанына қарсымыз, себебі, ол жасының едәуірге келгеніне байланысты бұл орынға лайық емес. Сондықтан, Ералы жүз ішіндегі айтыс-тартысты, тағы да басқа толып жатқан істерді шешуге шамасы келмейді. Осы себептерден оған халық риза емес…” (“Казахско-русские отношения в ХҮІІІ-ХІХ в.в.(1771-1867 г.г.). Сб. документов и материалов. А.-А., 1964, 135-137-беттер).

Хатқа қол қойған 14 ағаман (старшындар – А.Ә.) өздерінің қалаған басқа бір адамын халықтың сайлап қоюына рұқсат берілуін талап етті. Кейіннен олар сұлтан Есентайды өздеріне хан сайлап алады. Аталмыш хатқа Шекті Сегізбай, Ысық Сұлтанбек, Шеркеш Тұрмәмбет, Беріш Бөдене билермен қатар Құлжабай би де өз мөрін соқты. 14 ағаманның бұл ісі Сырым тобының азайып қалғанына қарамастан батыл әрекеттерден бас тартпаған өжеттігін, табандылығын әйгілейді.

“14-тің” тобының мұндай ісі нәтижесіз кеткен жоқ, көпшілік бірте-бірте олардың жағына шыға берді. Сөйтіп, патшаға тағы да хат жазылып, Ералыны өзгерту талабы қойылғанда, яғни, 4-қаңтар 1794 жылы олардың қатары 200-ге жуықтады.

Аталмыш деректер Құлжабай бидің ел өміріндегі аса маңызды оқиғаларға белсене араласып, өзіндік үлес қосқандығына, жұртшылықтың лайықты құрметіне бөленіп келгендігіне тура меңзейді.

Құлжабай бидің ұрпақтары да оның өзі сияқты отаншыл азаматтар, білікті билер болып өсті. Құлжабайұлы Қалыбайдан туған жеті баланың ең үлкені Масақбай да би атанды. 1824 жылы 3-қаңтарда Кіші жүз зиялылары Орынбордың генерал-губернаторы П.К. Эссеннен Жәңгір сұлтанды хан етіп бекітуді сұрап хат жазғанда ол өз мөрін басады (“Материалдар”, 461-бет).

Масақбай бидің төртінші інісі Қалмырзадан(Құлжабайұлы Қалыбайдың баласы) туған Дәден болыс(Қалмырзаның балаларыАймырза, Жолжан, Қауленнің інісі), би, батыр, әулие ретінде халық құрметіне ие болды.

Ал, Құлжабай бидің төртінші ұрпағы Бектұрлиев Байшығанның жерлесі Байжан Атағожиевпен бірге Атырау облысының Жылыой ауданы жерінде 1944 жылы неміс фашистерінің диверсант-десанттарына қарсы күресте жасаған ерлігі Республика Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдығына арналған мерекелік баяндамасында аталып өтті.

Атақты күрескер бидің, абзал азаматтың алтыншы бір ұрпағы Есенгелді Нұршаұлы Нұршаев Атырау облысы әкімінің орынбасары ретінде Отанына қызмет жасады.

Атырау облысының Жылыой ауданы мен Ақтөбе облысының Ойыл ауданында Құлжабай би ұрпақтары көптеп саналады.

Сырым бабаның ұлы күрестегі бір серігі Құлжабай би Бекқұлұлы, міне, осындай азамат, билікті би, білікті ел басшысы болған адам еді.

Ақтөбе қаласынан бір көшенің атын, Ойыл ауданында бір ауылдың атын Құлжабай би атамызға беретін уақыт та болған сияқты.

Құлжабай бидің туған інісі Сапы батыр.

САПЫ (ШӘПИ) БАТЫР БЕКҚҰЛЫҰЛЫ

(ХҮІІІ-ХІХ ғ.ғ)

1. Қалың жұрттың қамы үшін

Бүгінгі күні еліміздің тәуелсіздігі мен азаттығы үшін күрескен ата-бабаларымыздың абзал да ардақты істеріне ерекше мән берген дұрыс. Осындай назар аударуды қажет ететін мәселенің бірі – ұлы Сырым бабамыз бастаған Кіші жүз халқының 1783-1797 жылдардағы отаршылдыққа қарсы күресі. Біресе бәсеңдеп, біресе өршіп, он төрт жыл бойына өрбіген аталмыш қозғалыс айта қаларлықтай айтулы оқиға болатын.

Өткен уақыт ішінде бұл қозғалыстың дана көсемі Сырым Датұлының тамсана айтар тағдырын талай ғалымдар мен әдебиетші қаламгерлер жазып келді. Ол үрдіс бүгінгі күні де жалғасын табуда. Төл тарихымыздың қазіргі талабы да солай. Ләйім жалғаса берсін. Бізді әсіресе, жазушы Қ. Мұқанбетқалиевтың “Сырым Датұлы.1742-1802” атты мақаласындағы (“Егемен Қазақстан”, 22 ақпан, 1992 жыл) парасатты пайымдаулары қызықтырады, “шындыққа ең жанасымды пікірлер” деп, осындағы түйінді ойларға көбірек ден қоямыз.

Алайда, бұл жерде қаперге алар бір маңызды мәселе бар, ол – Сырым баба серіктерінің – ұлы күрестің басқа да белді ұйымдастырушылары мен қаһармандарының бүгінге дейін назардан тыс қалып келуі. Олардың есімдері тіпті кезінде бірегей ғылыми еңбек болған Қазақ Совет Энциклопедиясының он төрт томында да көрсетілмей қалды.

Осы ретте көрші халықтардағы жағдайға еріксіз көз жібереміз. Мынау туысқан башқұрт халқының ұлттық батыры Салауат Юлаевтың жауынгер жолдастары туралы әлденеше кітаптар жазылған екен. Мұндай абзал істі бізде неге қолға алмасқа?

Біздің үлкен өкінішімізге орай, бүгінгі егеменді Қазақстанда сардар Сырымның серіктері хақында толық, тұщынып айтар дербес зерттеулер болмай келеді. Мұның бір себебі мынада деп түсінеміз: тарихшы ғалымдарымыздың “Қазақстан тарихы. Очерктер” атты ұжымдық еңбегінде жазылғандай: “Көтерілісті зерттеуде бір қатар талас туғызатын проблемалар, шешілмеген қарама-қайшылықты сәттер қалып қойып отыр. Ру басыларының көтерілістегі рөлі туралы мәселе даулы күйінде қалуда…” (Алматы, 1994, 211-ші бет).

Парасатпен пайымдар болсақ, шындығында да тарихи құжаттарды шолғанда кереғар деректерге көптеп кезігеміз. Аумалы-төкпелі кер заманның ағымдағыны дұрыс аңғара алмай дағдарған ел жақсыларын әр тарапқа шаптырғанын көреміз. Сондықтан да “С. Датов кейде шаруаларға да, ру ағамандарына да опасыздық жасап, аяғына дейін бір ізді болмады” дегендей, “көтеріліске қатысқан басқа билер мен ағамандар да бірте-бірте патша әкімшілігі жағына өтіп кетті” (көрсетілген кітап, 219-шы бет).

Дейтұрғанмен, бұл тарих та өз тарихымыз ғой. Оны жасаған да өзіміздің ата-бабаларымыз емес пе? Ащы да болса, шындық қымбат. Ендеше, қаншама қайшылықты болса да мұндай тарихи оқиғаларды терең түсінбеске, олардың тарихын жазбасқа ешбір қақымыз жоқ. Тағы да варягтардың келіп, тарихымызды бұрмалауын күту өзімізге қиянат болмақ. Сондай-ақ, тарих тағлымы өскелең ұрпаққа болашағын мейлінше кінәратсыз құру үшін де керек деп ойлаймыз. Яғни, “өткенді терең пайымдап, дұрысын ғана игілігіне жаратсын, бұрынғы қателіктерді қайталамасын” деген абзал тілектің аумағына сыйғыздық.

Аталмыш деректер әртүрлі кезеңдерде қозғалыс көсемінің төңірегінде аса көп үзеңгілес серіктері болғандығын дәлелдейді. Олардың бәрі де ұлт қамы үшін, ар-намыс жетегімен белдескен күреске бел түре шыққан атпал азаматтар болатын. Халықтың бақытты болашағын ойлағандардың, тәуелсіздік үшін күрескендердің қатарында батыр да, би де, бай да, кедей де бар-ды. Солардың біразын бүгін атап өтелік, бір аударылып түсер жарықтықтар. Біз жоғарыда атаған ғылыми еңбекте: “…Көтерілістің басынан аяғына дейін ру ағамандары оны басқаруға қатысты…” делінген (219-шы бет). Олар Сегізбай, Басығара, Қаратау, Тұрмамбет, Көккөз, Қаракөбек, Сыпыра, Құлжабай, Тілеу сияқты билер мен Барақ, Асау, Атағозы, Тіленші, Қара, Шәпи (Сапы), Мыңбай сынды батырлар еді.

2. Халықтың хан туралы қатаң ұйғарымы

“Материалдар” кітабындағы бір дерек көтеріліске шыққан қазақ халқының Нұралы ханға деген ашу-ызасының кемерден асып төгілгендігін дәлелдейді. Алдында 10 жыл бұрын Ресейде болып өткен Е. Пугачев бастаған көтерілісте де азатшыл рухтағы қазақтарды алдап соққан хан Кіші жүз шаруаларының Сырым Датұлының бастауымен орыс отаршылдарына қарсы жүргізген көтерілісінде де халық мүддесін сатып кетті, патша әкімдерінен әскер сұрап, көтерілісшілерді жазалауын тіледі.

1785 жылы шілдеде жиналып, бас қосқан қазақтың игі жақсылары Нұралы ханның екіжүзділігін айтып, сол кездегі Ресейдің патша әйелі ІІ Екатеринаға хат жазды. “Біз, қырғыз-қазақ жұртының Кіші жүздегі қарапайым халқы, — деп баяндалды онда, — ресейлік жұртқа шапқыншылық жасап отырған хан мен басшылардан басқа, оның ресейлік жұртқа деген қара ниетіне орай Нұралы ханға қатты ашуланған және шапқыншылық жасамайтын күллі адамдар – барлығы бірдей жағдайда және бірауыздылық ынтымаққа тең жағдайда бірауыздан мынаны уәде етеміз: егер хандықтан Әбілқайыр ханның балалары тайдырылатын және Нұралы ханның барлық хаттары қаперге алынбайтын болса, онда ұлы мәртебелі падишахтың әмірі мен жарлықтарына қарсы болмаймыз және оларды тәрк етпейміз. Осындай жағдайда ғана біз, Кіші жүздің барлық ақсақалдары мен бүкіл халқы, бағынуға уәде береміз және солай болса ғана ұлы мәртебелі патшайым жұртының ұлылығын танимыз және оның еркін орындайтын боламыз, ал падишахты, оның мәртебесін қамқоршылық пен мейірбандық деп танимыз. Осы уақытқа дейін бізде сіздермен арада болып өткен алма-кезек атыстардың және шапқыншылықтардың Нұралы ханның бүлдіргіштік әрекетінің кесірінен, оның атаққұмарлығы мен ашкөздігінен туғандығын мойындаймыз. Ол қырғыз-қазақ жұртына қылғаны сияқты Ресей жұртына да шексіз және сансыз оңбағандықты жасады. Ұлы мәртебелі падишах оның осындай сатқындықтары туралы біле ме екен? Осындай опасызды хандыққа және билеушілікке көтеру қайдан үйлесімді болмақшы…” (“Материалдар”, 53-бет).

Хатқа Кіші жүздегі 25 рудың 21-інің өкілдері қол қойды, олардың жалпы саны 55 болатын. Осы 55-тің бірі болып, Таздар руының атынан қол қойған Құлжабай би жеке-дара тұрды. Батырлар мен билердің қойған қолдарын растап, хат соңына Сырым батыр өзінің мөрін соғады.

Халықтың өршіл талабы патша өкіметін хатты сескендірді де, ол 1786 жылы Нұралыны хандықтан тайдыруға мәжбүр болады, оны Үпіге (Уфаға) жер аударады. Хан сонда жүріп, 1790 жылы қайтыс болады.

3. Халықтың еркін білдіріп

Көтерілістің Нұралы ханды тақтан түсіруімен аяқталған осы бірінші кезеңінде Сапы (Шәпи) батыр ерекше көзге түсті.

Байұлының Таз руынан шыққан бұл батыр Сырым мен ақсақалдардың сеніміне ие болып, бес кісіден құрылған делегацияның басшысы ретінде жоғарыда аталған 55 би-батырлардың Екінші Екатерина патшадан Нұралыны тақтан тайдыруды талап еткен талапхатын барон О. Игельстромға тапсыру үшін Орынборға сапар шегеді. Оны орыс құжаттарында “Шафибахадур”, “тазларец Шафей” , “Шафи” деп көрсетеді.

Ол дұрысында Таздың Келдібай атасындағы Берсүгір тайпасынан шыға-тын Бекқұлының жеті баласының бірі – САПЫ болатын, яғни көтерілістің беделді басшыларының бірі Құлжабай Бекқұлыұлының туған інісі-тін.

1785 жылы жазылған аталмыш хатта былай деп айқын көрсетілген: “Осы хатпен бірге біз халық атынан баратын бес адамды: Шәпи баһадүрді, Әбділләтип Бұхариды, Ескендірбайды, Мәжен баһадүрді және Жәңкібайды жіберіп отырмыз” (“Материалдар”, 53-бет; жазу жолын ерекшелеген – біз – А.Ә.).

Сырым мен оның серіктері жасаған бұл батыл әрекет Нұралы ханның сарайында үлкен дүрлігуді туғызды. Хан халық қаһарынан құтылуға тырысып, жанталасады. Бұған оның барон О. Игельстромға Сырым мен оның серіктерінің үстінен шағым жасап, 1785 жылғы 30 тамызда жазған хаты дәлел бола алады. Сырымды “өтірікші және зұлым” деп атай отырып, Нұралы хан “Шекті Шүкірәліні тұтқыннан босату үшін маған ол бастаған өсекшілер әртүрлі жаланы жауып отыр” дегенді баян қылады. “Сіздерге барып алып, — деп жазады хан, — Таз Шәпи солардың атынан, бізге естіліп жатқанындай, менің үстімнен ойдан шығарылған және жеккөрінішті жаланы боратуда, сөйтіп, Сіз жоғары мәртебеңізбен сол мүттәйім Сырымның көзқарастарын мақұлдап отырсыз, олармен өзара хат жазысып отырсыз және олардан келген барлық мақтау сөздерге сенесіздер, ал соған қоса оларды — менің өшпенділерімді өзіңізге дос санап отырсыз” (“Материалдар”, 58-59-беттер; жазу жолын ерекшелеген – біз – А.Ә. ).

Бұдан әрі Нұралы хан бароннан бір жаққа шығуды – иә өзі жағына, иә Сырым жағына шығуды талап етеді.

“Айтылған Сырым мүттәйім, — дейді одан әрі Нұралы хан, — бізге естіліп жатқанындай, менен жіберілген хаттардың оның атынан Орынборға барып отырған Шәпиге көрсетілетіндігін, ал оның жіберген хаттарының менің жіберген адамдарымнан жасырылатындығы туралы және менің хаттарымның қабылдан-байтындығы және онда мені менсінбейтіндігі, ал керісінше, оның, Сырымның хаттары қабылданатындығы және ілтипатқа алынатындығы туралы бөсіп жүрген көрінеді. Сондай-ақ, сонда жүрген Шәпи айырбас саудаға барған қырғыздарға (қазақтарға – А.Ә.) маған қарағанда оларға көбірек құрмет көрсетілетіндігі туралы жариялап жүрген көрінеді, сөйтіп, әртүрлі қажетсіз сөздерді боратып, маған қастық жасап жүр…” (Сонда; жазу жолын ерекшелеген – біз – А.Ә.).

Алайда, хан қанша тырысқанымен баронның халық өкілдерінің ұсынысына, қойған дәлелдеріне деген сенімін әлсірете алмады. Керісінше, ол бароннан сол жылғы 12 қыркүйекте жазылған, өзін Ордадағы толқулар үшін кінәлаған хат алды: “Сіз, — деп жазды О.А. Игельстром, — өз бетімен кетушілікті, ұрлықты және шапқыншылықты тоқтатудың орнына, оларды көбейттіріп алдыңыз, сөйтіп, іс бұрын жасырын жүргізілген ұрлықтың форпостарға қарсы нақты шабуылдарға айналуына дейін барды” (Сонда).

Осылайша, халықтың қуатты үні патша әкімшілігінің құлағына толық күшімен жете білді, әкімшілік озбырлық істерден амалсыздан бас тартуға мәжбүр болды. Мейманасы тасыған, отаршыларға “жағына қызмет етемін” деп, өз халқын аяусыз тонаған, өзінің қаза-қылық бейнесін, адамдық түрін жоғалтып алып, қара басқан, сөйтіп, халықтық зор билікке – әділетті үкімге ұшыраған хан – отаршылардың қуыршақ құралы тоңқалаң асып, тарихтың тағынан құлады. Бұл жолда, яғни халық аманатын орындауда шебер дипломат бола алған, ханның зұлымдығына патша әкімшілігінің көзін жеткізе білген Сапы (Шәпи) сияқты азаматтың да еңбегі ерекше еді. Ол халық аманатын толық және абыроймен орындап шықты.

4. Аты арысқа берілген

Сапы батыр бұдан соң да халық қызметінде мінсіз жұмыс жасады. Ол бүгінде өніп-өскен іргелі бір рудың, өзінің атымен аталатын бөлек бір арыстың түп атасы болып есептелінеді. Сапы атаның ұрпақтары да елге елеулі, халқына қалаулы азаматтар болып келеді. Бұлардың санатында ағасы Құлжабай биден алғыс бата алған батырдың өз ұлы Төлек батыр, ХІХ ғасырдың атақты діни қайраткері, Жылой өңіріндегі ең үлкен және сәулеттігі жағынан ерекшеленген, бүгінге дейін жеткен Дүйсеке мешітін тұрғызып, онда мұсылман дінін уағыздаған Дүйсенбай (Дүйсеке) қажы Дәндіғұлұлы, белгілі ахундар Берді Құлыбайұлы мен Әлпешбай Қазанбайұлы, Кеңес кезеңіндегі еңбек майталмандары – атақты мұнайшы-бұрғышылар Социалистік Еңбек Ерлері Ақаш Мұқамбаев пен Зинел Балкенжиев, ұлағатты ұстаз және ақын Сабырғали Бапаев, автокөлік саласының ардагері Мұсалам Алтаев және тағы басқалары бар. Мұның ұлағатты істің өркен жайғаны деп түсінген жөн.

Нұрлан Ізденұлы Есенғазы,

Ақтөбе медицина колледжінің оқытушысы, дәрігер 

e-mail: yessengazy@mail.ru

Share.

Leave A Reply