Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Барлық сұрақтарыңыз бойынша хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89

Қорқыт ата

1

Баят руында Қорқыт ата деген білікті, сәуегей адам болыпты. Тәңірі зердесіне салған соң, оның барлық болжамдары қатесіз болған. Оғыз тайпаларында Қорқыт ата ең қиын деген мәселелерді шешкен. Қандай қиын іс болмасын, Қорқыттың кеңесін алмай, ел ешбір жұмысқа қол ұрмаған. Ел оның барлық өсиетін (билігін) бұлжытпай орындаған.

Қорқыттың нақыл сөздері

Тасқа жазылған дастандардың тәлім-тәрбиелік идеясымен астарлас рухани мұраның бірі – Қорқыт ата тағылымдары. VIII-IX ғғ. Төңірегінде Сырдарияның орта және төменгі бойын жайлаған Оғыз-қыпшақ тайпаларының мемлекеті болды. Оғыздар арасынан шыққан әйгілі күйші, музыкант, жыр алыбы, аңыз кейіпкері ұзақ өмір сүріп, жазмышқа қарсы күресіп, адамның мәңгі жасауын афрман етіп өткен кемеңгер ғұлама Қорқыт еді. Өлім қатері, одан құтылу туралы өзінің асыл ойлары мен тебіреністерін қобыздың зарлы әуеніне қосқан Қорқыт туралы аңыз-жырлар, бізге жеткен «Қорқыт ата кітабы» — Орта Азия, Қазақстан мен Әзірбайжан халықтарының аса көрнекті жазба ескерткіші. Қорқыттың музыкалық-этнографиялық мұрасы бұрынғы Кеңес Одағын мекендейтін түркі тілдес халықтардың барлығының ортақ рухани игілігі. Қорқыт ата тағылымдарында тәлімдік мәні күшті афоризмдер, қанатты сөздер, ұстаздық ұлағаттар көптеп кездеседі. Бұлар тек тарихи-этнографиялық тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге осы аймақтағы халықтардың ілкі орта ғасырлардағы тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерінің өзіндік ерекшелігін бейнелейді.

Қорқыт атадан қалған бір сөз мынадай: «Тәңіріге сиынбаған адамның тілегі қабыл болмайды. Тәңірісі құрамаса, ешкімнің бірі екеу болмайды. Тәңірі пендесінің маңдайына не жазса – сол болады. Оның жазуынсыз адам жамандық көрмейді, ажал келіп өлмейді, өлген тірілмейді, кеудеңнен жаның кетсе – ол қайтып келмейді. Жігіт тірісінде Қаратаудай қылып, бір күн тыным көрмей дүние жияды, байиды. Бірақ соның ішінен ол өзіне тиісті үлесін ғана жейді. Су тарам-тарам болып қаншама тасып аққанымен, теңіздерді толтыра алмайды. Менмен, тәкаппар адамды тәңірі сүймейді. Басқалардан өзін жоғары ұстаған адамдарға тәңірі бақ бермейді. Өзіңнен тумаса ұл өгей: қаншама бағып, қаққанмен, ол саған ұл болмайды. Ер жігіт, ат жалын тартып мінген соң өз жөніне кетеді, бәлки, ол тәрбиелеген адамға көрдім-білдім деген сөзді де айтпас. Күлді қанша үйгенмен — төбе болмас. Қара есектің басына жүген таққанмен – тұлпар болмас. Күңге сары пай шапан жаққанмен – бәйбіше болмас. Қар қаншама қалың жауғанмен – жазға бармас. Гүлденіп өскен бәйшешек күзге бармас. Тозған мақта бөз болмас, ежелгі жау ел (дос) болмас. Ат қиналмай жол шалмас. Қайыспас қара балтасыз жау алынбас. Мыңғырған мал жиғанмен, адам жомарт атанбас. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге де жарамайды. Ананың көңілі балада болар. Жақсы ана үшін бала – екі көздің сыңары. Ұлың өсіп жетілсе, ол от басының мерейі, бас-көзі. Атадан қалған малы болмаса, баланың күні қараң. Ақылсыз балаға ата дәулетінен қайран жоқ. Уа, хан ием, сізді тәңірім сондай ісінің сәті түспегендерден сақтасын».

Қорқыт ата өзінің ел-жұртына тағы мынадай өсиет айтқан: «Жол қиындығын көрмеген, жабы мінген жігітке Кавказ арғымағын мінгізуден келер пайда жоқ. Қолына өткір қылыш алып, соны жұмсай білмеген қорқаққа қылыш сермеп, күшіңді сарп етпе. Батыр туған жігіттің садағының оғы да қылыштай кесіп түседі. Қонағы жоқ қараша үйден құлазыған түз артық. Ат жемейтін ащы шөптің гүлденіп өспегені жақсы. Адам ішпес ащы судың жылға қуып ақпағаны жақсы. Атаның атын былғаған ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағында шырланып тумағаны жақсы. Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді. Өтірік сөз өрге баспайды. Өтірікші болғаннан жарық көріп, өмір сүрмеген көп артық. Сөзіне берік, шыншыл адамға бұл дүниеде отыз жылды үшке көбейтіп, өмір сүрген де аз. Хан ием, сізге сансыз ұзақ ғұмыр тілеймін. Тәңірі сізді жамандықтан сақтап, бақ-дәулетіңіз арта берсін».

«Хан ием, сайдың шөбін жеген білер, түздің шөбін бөкен білер. Күн мен түннің келгенін бозторғай білер. Ұлдың кімнен туғанын ана білер. Иесінің иісін ат білер. Жүктің ауырлығын есек білер. Беліне қай жерден арқан түскенін тең білер. Қолына қобыз ұстаған ұлан елден елге, бектен бекке барады. Кімнің батыр, кімнің бақыл екенін жырау білер, қобызын сарнатқан жырауға думан керек. Уа, хан ием, мынау жарық дүниеде тәңірім (сіз бен бізді) адастырып, жарты жолда қалдырмасын».

Тыңдап көрелік, хан ием, Қорқыт тағы не айтқан екен: «Аузымды ашсам, тіліме кәлима келеді. Аллаға – шексіз құрмет! Алланың досы, дініміздің егесі Мұхаммедке – құрмет! Сол Мұхаммедтің оңында тұрып, дұға оқыған Әбубәкірдің аты өлмесін! Құранның соңғы сүресі «Амманы» оқығандарға құрмет! Сол Ғалидың балалары, пайғамбардың жиендері Кербала шөлінде Язит қолынан шейіт болған, ағайынды екі мүсін – Хасан мен Хұсайынға – құрмет! Сөзі құранға түскен, ретімен тізіліп, тілімізді кәлимаға келтірген құранға – құрмет!»

«Ғұламалардың көзін ашамын» деп құран сөзін жанған от ішінде ретке келтіріп, кітап еткен Аффан ұлы Оспанға құрмет! Аласа жерге салынған Алланың үйі – Меккеге – құрмет! Сауында сапар шегіп, аман-есен еліне жеткен, шындық іздеп, Меккеге тәубе еткендерге – құрмет! Күндердің жақсысы – жұма өлмесін! Жұма күндері хұтба оқығандарға құрмет! Сол хұтбаға мүлгіп, құлағын салған мешіт қауымдарына – құрмет! Мұнараға шығып азан оқығандарға — құрмет! Тізелерін бүгіп, намаз оқыған ерлі-зайыпты жұбайларға – құрмет! Талай жылды басынан кешіріп, шашы аппақ қудай болған қарт-қарияларға – құрмет! Кеудесіндегі ақ сүтін бөбегіне емізіп тойғызған асыл аналарға – құрмет! Солар үшін ақ отау тіккен аға-інілерге құрмет! Некелі сағатта куәлік еткендерге, жаңа туған ұлға – құрмет!

Бүкіл ғаламды жаратқан, теңдесі жоқ Аллаға – құрмет! Хан ием, көкте тұрған сол Алла бізге рақым етіп, жар болсын!

«Әйел төрт түрлі болады, — депті Қорқыт. – Оның бірі — ниеті»                           құрыған әйел, екіншісі – ынсапсыз әйел, үшіншісі – үйдің құты болған әйел, төртіншісі – кесір әйел. Әйел біткеннің ең жаманы – осы.

От басының құты болған әйел даладан бір қонақ келсе, үйінде ері болмаса да, оған сусын беріп, бар дәмін алдына қояды, сыйлап аттандырып саладыю бұлар – Айша мен Фатимадан бата алған әйелдер. Хан ием, мұндай әйелдер мыңдап өссе де көп емес, бәлки аз. Сіздің ошағыңызға сондай әйел кез болсын.

Одан соңғысы – ынсапсыз, қанағатсыз әйел. Ондай әйел таңертең төсегінен тұрып, беті-қолын жумастан, тоғыз тоқаштың бәрін аударыстырып, ең тәуірін таңдап жейді, аузын томпайтады, бір шелек айранды басына көтеріп, қарынды қампитады, содан соң маңдайын сабалап, жылан бастайды да: «Қараң қалғыр, осы үйге мен қайдан душар болдым. Бір күн қарным тойып тамақ ішпедім, жүзіме күлкі келмеді, аяғыма ілген башпағым болмады».

Ең соңғысы – адам тілін алмайтын кесір (қырсық) әйел. Үйге түзден бір ұятты қоанқ келіп, ері оған: «Орныңнан тұрып, нан әкел, желік, қонағың да жесін», — десе, әйелі еріне: «Үйде піскен нан жоқ, — дейді. «Барыңды бер», — десе, әйелі: «Не сандалып отырсың, үйіңнің әлдеқашан қу молаға айналғанын білмейсің бе? Үйде нан жоқ, диірменге кеткен түйе қайтқан жоқ, оның не әкелері белгісіз. Дастарқанымды жемесе – берерім жоқ», — деп бармағын көрсетеді, еріне сыртын беріп, дастарқанды кісі алдына лақтырып тастайды. Ондай әйелге мың сөз айтсаң, соның бәріне де жауап қатады, бірақ ерінің айтқанын құлаққа ілмейді. Ондай әйелді Нұх пайғамбардың көз жасынан пайда болғандар дейміз. Хан ием, сізді Алла осындай әйелдерден сақтасын, ондай әйел сіздің ошағыңызға кез болмасын».

 

Әдебиет

Психология. Адамзат ақыл-ойының қазынасы. 10 томдық: Қазақтың психологиялық ой-пікірлері. 10-том/Жетекшіс – акад. Ә.Н.Нысанбаев. – Алматы: «Баспалар Үйі», 2006. – 480 б.

Share.

1 комментарий

Leave A Reply