Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журнал

Барлық сұрақтарыңыз бойынша хабарласыңыз:
+7 777 1461414 +7 717 242 05 89
46 қаралым

Этника аралық қатынас сферасында жастар бойында жағымсыз көріністерді болдырмаудың психологиялық аспектілері

0

Болатбекова Назгүл Жоламанқызы,
«КАЗГЮУ УНИВЕРСИТЕТІ» АҚ, әлеуметтік-психологиялық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.м., Астана қаласы

Түйін
Мақалада этникалық толеранттылықтың мәні және этника аралық қатынас маңыздылығын атап көрсетіледі. Жастар бойында интолеранттылық тұлға қасиеттерін дарытпау жолдары айтылады. Этника аралық қатынас сферасында жастар бойында жағымсыз көріністерді болдырмаудың психологиялық алғышарттары атап көрсетіледі.

Кілт сөздер: Этникалық толеранттылық, этника аралық қатынас, этникалық мәдениеттілік, интолеранттылық.

Халықаралық ұйымдар мен әлемдік сарапшылардың пікірінше, Қазақстан әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға қомақты үлес қосуда. Оның бір айқын дәлелі – елімізде конфессияаралық және этносаралық қарым-қатынастардың нығайтылуы мен дамуына ықпал ету мақсатында құрылған – ассамблея. Ондағы мақсат этникалық толеранттылықты арттыру.
Этникалық толеранттылықтың мәні – басқа ұлт өкілдерінің сыртқы келбетін, ойлау жүйесін, өзіндік ұлттық, мәдени ерекшеліктерін, іс-әрекетін қабылдау болып табылады. Себебі, адам баласының бір-біріне деген сыйы мен құрметінің азаюы, бір-біріне деген сенімсіздіктердің ұлғаяы, бір-біріне деген алауыздық көзқарас нәтижесінде тұтас бір мемлекеттердің арасындағы қырғи-қабақ соғысқа ұласатын жағымсыз көріністердің туындауына жол бермеу.
Ол үшін этникалық мәдениетті, психологияны,өзіндік сананы – бір халықты екіншіден айыратын белгілер жиынтығы деп қарастырмай, оның тұрақтылығын, бірлігін қамтамасыз ететін ұлттық қауымдастық факторы деп қарастыру керек.

Этника аралық қатынас – бұл түрлі этностардың бірігуінен пайда болатын өзара әрекеттестіктердің жүйесі, түрлі ұлттардың ерекшеліктерінен, құндылықтарынан, бағдарларынан тұрады. Бұл мәселе кең ауқымда қарастырылуы керек.Көптеген этностар арасында қиыншылықтар, кедергілер, шиеленістер туындамауы үшін өзге ұлттардың да құндылықтарын қадірлеп, сыйлау керек.
Жер шарында 2 мыңнан астам ұлттар мен этностар бар. Олар 5 мыңнан астам диалектілерде сөйлейді. 330-ға жуық этностың 1 млн. жəне одан көп өкілдері бар. Ал қалған 1700-ден астамы 1 млн-ға жетпейтін адамы бар аз санды этностар қатарына жатады. Осыншама көп санды ұлттар мен этностар əлемде 200-ден астам мемлекет біріккен. Сондықтан əлем мемлекеттерінің 90%-ы көп ұлтты немесе көп этностық мемлекет болып табылады. Мақала барысында қолданылатын басты ұғымдар “Ұлт” пен “этнос” туыстас, бір-біріне жақын. Ұлт – қалыптасқан тілі, ортақ мəдениеті, біріктіруші салт дəстүрлері мен діні бар антропологиялық ортақ бет-бейнесі, белгілі бір территориялық кеңістікте топтасқан адамдардың тарихи қалыптасқан əлеуметтік бірлестігі. Ұлт пен этнос ұғымдарын бір-біріне жақын, қос ұғымды алмастыра пайдалану объективті шындықты бұрмалау болмайды, əлеуметтік шындықтан алыстатпайды. Этностан айырмашылығы сол ұлттар этникалық белгілерге қоса саяси, экономикалық жəне əлеуметтік белгілерге ие болады. Дегенмен, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор С.Борбасов пікірінше əлі де философиялық жəне саяси-əлеуметтік ой пікірде ұлт, этнос категориялары туралы бір арнаға тоғысқан түсінік қалыптаспаған [1, 22 б.].

Қазақстан әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі, этника аралық татулық пен этносаралық қарым-қатынастардың үлгісі ретінде Елбасымыз табысқа жетудің үш кілтін көрсетіп берген:

Бірінші – этностың басын біріктіретін қазақстандықтардың бірлігі – ғаламат құндылық.

Екінші – біздің табиғи қасиетімізге тән- тағаттылық. Біздің әралуандығымыз біздерді бөлмейді, қайта біріктіруші факторға айналуы керек.

Үшінші – тарихи тағдырымыздың ортақтығы. Сондықтан да басқа саяси көзқарастағы адамдардың пікіріне шыдамдылықпен қарау, басқа этникалық ерекшеліктерге, көзқарастарға сыйластықпен қарау.

Ол үшін ең алдымен, қоғам мен мемлекет дамуының ең негізгі тұтқасы- жастардың өмірлік ұстанымы басты назарда болу керек. Себебі, жас ұрпақтың ұстанған өмірлік бағыты, психикалық саулығы, жеке тұлғалық және қоғамдық өмір сүру барысындағы дүниетанымдық көзқарасы зайырлы мемлекетіміздің жетекші көріністері болып табылады.

Бүгінде Қазақстан халықтарының Ассамблеясы этносаралық қатынастарды үйлестіретін қоғамдық инстиут ретінде 471 өңірлік ұлттық мəдени орталықтар жұмысын реттеп отыр. Мемлекет 19 республикалық пен аймақтық этностық газетті, радио мен телебағдарламаларды, 6 этностық театрдың қызметің қолдауда. Республикада əр этностардың мəдениет күндері, діни мейрамдарымен қатар балалардың шығармашылық фестивальдеріде назардан тыс қалмайды [2].

Жастарды әлеуметтік- психологиялық тұрғыда басты көрсеткіш ретінде алу себебіміз, өмірлік іс әрекеттер барысында мысалы, саяси қабілеттілік, құқықтық қабілеттілік, діни- ұлттық құндылықтар мен кәсіби біліктілікті меңгеруде белсенді әрекет жасай отырып, жетістіктерге жете алатын тұлға. Этникалық қатынас сферасында жастар бойында жағымсыз көріністерді болдырмаудың алдын алу барысында психологиялық аспектілерге баса назар аударуымыз керек.

Этникалық мәдениеттілік пен этникалық толеранттылықты таныта білу қажет. Толеранттылық- жергілікті халықтың басқа ұлт өкіліне, басқа діндегі адамдарға түсіністікпен қарап, оларды қудаламаудың белгісі. Толеранттылық латын тілінен аударғанда tolerantia – шыдамдылық, өзге көзқарастарға, мінез-құлықтарға, әдеттерге төзімділік таныту, қолайсыз әсерлердің ықпалын бастан өткізе алушылық деген мағынаны білдіреді.

Толеранттылыққа қарама-қарсы қайшылықтардың (интолеранттылық) адамзат тарихының барлық кезеңінде де болғаны рас. Жастар бойында интолеранттылық тұлға қасиеттерін дарытпауымыз керек. Интолерантты тұлға- шыдамсыз, күйгелек, үрейлі адам, кінәні өзіне емес басқадан іздейді, психологиялық жағынан әлсіз тұлға ретінде өзін байқатады.Соның нәтижесінде қоғамда жастар арасында туындайтын өзекті мәселелер белең алып, түрлі кикілжіңді соғыстар, саяси – идеологиялық қақтығыстар, жанұя берекесіздігі, нашақорлық, маскүнемдік, тастанды балалардың көбеюі, суицидтік әрекеттердің де жиілеуі орын ала бастайды. Яғни, тарихи тағдырлары бір түрлі ұлт өкілдерінен құралған мемлекеттің азаматтары өзара түсіністікке негізделген, ынтымағы жарасқан, альтруистік көзқараста өмір сүруі шарт.

«Этникалық толеранттылық» басқа ұлт өкілдерінің сыртқы түрін, ойлау жүйесін, өзіндік ұлттық, мәдени ерекшеліктерін, іс-әрекетін принципті түрде қабылдай алу қабілеті ретінде көрінеді. Яғни этникалық толеранттылық – ұлтаралық өзара сыйластық, ынтымақтастық деген ұғымды білдіреді.
Жетекші сарапшылардың пікіріне сүйенсек, қазақстандық қоғамдағы қалыптасқан толеранттылықтың негізінде бірнеше фактор жатыр.

Бірінші фактор – адамдардың елдің болашағына сеніммен қарауы. Қазақстанның 2030 жылға дейін даму Стратегиясы нақ өмірлік болашаққа деген сенімділікті, түсінушілікті арттырған құжатқа айналып, қоғамымыздың қарқынды түрде дамуын алға жетелеудің болжамды жоспарын ұсынды. Ал Стратегияда айтылған жоспарларды сатылай жүзеге асыру ел азаматтарының әлеуетін жүзеге асыруға зор мүмкіндіктер береді.

Екінші фактор – еліміздің өткен тарихы. Халқымыз бірде кең байтақ елінің ен даласынан көз алартқан сырт дұшпанға ұлтарақтай да жерін қимай, жауымен қасық қаны қалғанша шайқасатын қаһарлы қазақ болса, енді бірде табалдырығын аттаған қонағын құдайдай күтіп, оған дастархан боп жайылуға, төсек боп төселуге дайын дархан қазақ. Толеранттылық сөзінің бір синонимі “қазақы мінез” болар, сірә.

Үшінші фактор – мемлекет құраушы жергілікті халықтың өзіндік ерекшелігі. Қазақтар мыңдаған жылдар бойы сыртқы жағдайлардың өзгеріп тұруында өзіндік бейімделу мүмкіндіктерін көрсете алған ұлы көшпенділер мәдениетінің мұрагерлері. Қазақ жері арқылы өткен Ұлы Жібек жолы Батыс пен Шығыс өркениетін байланыстырушы алтын көпір іспеттес қызмет атқарып, керуен жолдары мәдениет және біліммен екі бағытты да сусындатты. Көне қазақ жеріне өзіндік зор ықпалын тигізді. Жалпы, Жібек жолының қазақ жерінен өтуінің өзі мәдениет әртүрлілігін, басқалар мәдениетіне, тіліне және діни көзқарасына деген түсінушілігін қалыптастырғаны белгілі.

Төртінші фактор – қазақтың ұрпағын кек сақтамайтын етіп тәрбиелей алу қасиеті. Қазақ басынан тағдырдың талай қатал сынын кешірді. Беріден қайырғанның өзінде, ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы Жоңғар шапқыншылығы, Ресей империясының езгісі мен кешегі Кеңес өкіметі заманындағы зобалаң аштықты басынан кешіріп, саяси қуғын-сүргіннің де құрбаны болған халық. Алайда, қылышынан қан тамған замандарда таңдары азаппен атса да, басқадан кек алу мақсатында қылышын қайрамаған, тағдырдың ауыртпалығына қайсарлық танытқан халық. Өткенге бой ұсынбай, келешекті аңсап ел бірлігі мен молшылығын бата тілегіне қосып ұрпағына аманат ретінде қалдырып отырған халық.

Бесіншіден, жазба әдебиеті кешірек дамығанмен, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде жеткен, сарқылмас мол қазына болып табылатын ауыз әдебиеті, батырлар жырлары, Қазтуған, Шалкиіз толғаулары мен Доспамбет, Бұқар жырау, Дулат, Махамбет сынды жауынгер ақын-жыраулардың отаншыл шығармашылығы арқылы бүгінгі ұрпағына Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптеп, қазақ болып туғанын мақтанышпен ауыз толтыра айтуға мүмкіндік беріп отыр. Тарихы бар халық қана – ұлы халық.

Алтыншы– халықтың ұлылығын танытатын тағы бір белгі – оның тілі. Сонау ХІХ ғасырда қазақ мәдениеті мен тілін зерттеген Еуропа ғалымдары түркітанушылар В.Радлов, П.Мелиоранскийлер “түркі тілдерінің ішінде ең таза тіл – қазақ тілі” екенін атап кетеді. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы А.Байтұрсынов қазақ тілін былай деп бағалайды: “түркі тілін ХХ ғасырға дейін аздырмай, қаз-қалпында сақтап келген алғыс пен абырой қазаққа тиіс”. Тілге деген бұдан асқан баға болмаса керек. Қандай қиын кезеңдерді бастан кешірсе де, қиыннан қиыстыра алатын тілінің байлығын, оның тазалығын кейінгі ұрпағына жеткізе алған халық ұлы халық емес пе?!

Жетінші– жаугершілік замандарды басынан кешіріп, халық ретінде жойылудың аз-ақ алдында болған қазақ “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” заманды аңсап, бейбіт өмірді қалаған халық екенін танытып, бауырына сан ұлттың баласын басып, дастарқанын бөлісіп, талайға баспана беріп отыр. Бүгінгі көп этносты Қазақстандағы татулық пен келісімнің болуы да, ең алдымен қазақтың ұлылығын танытса керек [3].

Этника аралық қатынас сферасында жастар бойында жағымсыз көріністерді болдырмаудың психологиялық алғышарттары төмендегідей деп есептеймін:
1. Этникалық толеранттылықтың мәнін – халықтық психология мен халықтық педагогикаға негізделген жалпы адами құндылықтар, әлеуметтік және рухани қатынастар жүйесі, мәдени аралық қатынастарды саналы түрде сезіне білу сияқты тұлғаның адамгершілік- психологиялық сапалары анықтайды.

2. Жастарды этникалық толеранттылыққа тәрбиелеудің ғылыми психологиялық мазмұны дүниетанымдық, эмоциялық, іс-әрекеттік құрылымдарға негізделеді. Дүниетанымдық компонент тұлғаның гуманистік бағытында байқалады. Оның құрамдас бөліктері өзінің және басқа ұлттың мәдени ерекшеліктерін білу, ұлттың құндылықтарын түсіну, жалпы адами, адамгершілік құндылықтарға бағдарлануы, халықтардың этноұлттық ерекшеліктерін құрметтеу, жалпы алғанда толерантты пікір болуы. Эмоциялық аспектілердің болуы: түрлі жағдайларда мәдениаралық өзара әрекетті берік қылу, адамдарға деген сүйіспеншілік, көпшілдік, қарым-қатынасқа бейім, эмпатия, эмоциялық тұрақтылық.

3. Этникалық толреанттылықтың деңгейін өзінің және басқа ұлт өкілдерінің мәдени құндылықтары мен салт дәстүрлерін білуі арқылы өлшенеді. Полимәдени ортада өз білімін қолдана білуі, басқа да мәдени құндылықтарға деген жағымды көзқарас,тұлғаның рухани өзін өзі жетілдіруге деген қажеттілігінің болуы, зейін қою білу.

4. Этникалық толеранттылыққа тәрбиелеудегі халықтық педагогика мен халықтық психологияның аспектілерін қамту:
— халықтық педагогика, халықтық психология құндылықтарын қолдану (этникалық салт дәстүрлер, ана тілі, халық даналығы, мінез бітістерінің маңыздылығы: үлкендерге құрмет, кішіге ізет, қонақжайлық, өзара көмек, шыдамдылық т.б.)
— дүниетанымды кеңейту әдістерін кешенді қолдану (әңгіме, сұхбат, ой пікір) эмоциялық сапаларды қалыптастыру мен мінез құлықты жетілдіру әдістері (өзін өзі тану арқылы эмоциялық байланыстарды түрлі жағдайларда қолдана білу) мәдениаралық өзара әрекеттестік тәжіриебе әдісі:
— басқа этностраға деген адамгершілік қатынас;
— әлеуметтік құндылықтар халықтық тарихи дәстүрлері мен мәдениетіне негізделген түсінік;
— жалпы адами құндылықтарға бағдарлану (отанға, елге, отбасына деген махббат, альтруистік көзқарас).

Бүгінгі уақытта жастарымыздың арасында ұлттық көңіл күй деңгейі төмендеп кетті. Осыған тән жағымсыз көріністерді атап айтсақ үлкендерге қарсы шығу, қоршаған орта жағдайына деген қатыгездікті байқауға болады. Қылмыстық оқиғалардың да жасаруы да қарқынды белең алуда. Көптеген жастар тәрбие беру ортасының аймағынан сырт қалуда, нәтижесінде тәрбие барысын өмірдің қатал жағдайларында меңгеріп жатыр (нашақорлық, құмар ойындар, қылмыстық топтар, діни ұйымдар, қарақшы топтар айта берсе саны шексіз). Егер олармен уақытында отбасы, қоғам, әлеуметтік орта болып тәрбие беру жұмысын психо- педагогикалық тұрғыда сіңдіретін болсақ, мемлекетіміздің мақтанышы болатын этномәдениеттілікке негізделген патриоттық ұрпақ тәрбиелеуге болар еді [4].

Этника аралық қатынас сферасында жастар бойында жағымсыз көріністерді болдырмаудың психологиялық аспектілері ретінде:
1) этника аралық өзара әрекеттесуді жетілдіру бойынша бағдарламалар жасау;
2) этностардың ұлттық – психологиялық ерекшеліктерінің спецификасын анықтау;
3) көп ұлтты ұжымдарда жағымды психологиялық климатты қалыптастыру.
Сонымен бірге этнопсихологтардың назарында этникалық аспектілердің жалпылануы мен анализі негізгі орталықта болуы керек, оларға халықтың өмірлік іс- әрекет сферасындағы білім беру, мораль, отбасы және діни – нанымдары жатады.

Жүзден аса ұлт мекендейтін Қазақстан Республикасында қоғам мен мемлекет өмірін анықтауда этникалық фактор үлкен маңызға ие болғандықтан психологиялық ерекшеліктерін және олардың ұлтаралық қарым-қатынастарда көрініс беруін зерттейтін этнопсихология ілімін терең меңгерудің маңыздылығы зор. Ол үшін этнопсихологияның психология, педагогика, философия, тарих, әлеуметтану, саясаттану, этнография сияқты ғылымдармен байланыстыра зерттеу қажет. Осы жағдайларды ескергенде ғана біз этникааралық қатынас барысын бұрынғыдан да үйлесімді етудің жолдарын таба аламыз.

Әдебиеттер
1. Бромлей Ю.В. Очерки теории этноса, (1999), М.: Наука, 234 с.
2. Қазақстан халықтары Ассамблеясының ресми сайты http://www.assembly.kz
3. Сартбаева А.Б. http://sabaq.kz/ «Жас ұрпақтың толеранттылық пен ұлтаралық мәдениетін тәрбиелеу жолдары».
4. Крысько В. Г. Этническая психология: Учеб.пособие для студ. высш. учеб. заведений. М.: Издательский центр «Академия», 2002. — 320 с.

Share.

Leave A Reply