Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

445 қаралым

Тұлғаның әлеуметтену мәселесі

0

«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата,

жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады».

А. Құнанбаев

Адам баласының өміріндегі ең қымбаттысы, ең асылы, көз қуанышы – бала. Бала бойындағы табиғи қасиеттер, адамгершілік құндылықтары отбасында, мектепте, әлеуметтік ортада нәрленеді, толысып, әрленеді. «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген А. Құнанбаевтың сөзінде қанша мән-мағына жатыр.

Олай болса, бала тәрбиесі кезек күттірмейтін, күнделікті өмірде күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе болып қала бермек. Қоршаған ортаға белсенді ықпал етіп, тіршілік сырын танып білу иесіне айналған тұлға мәселесі, оның даму ерекшеліктері қазіргі ғылымда көкейтесті мәселелердің бірі болып табылады. Қазіргі таңда әлеуметтік және психологиялық ғылым аймақтарының негізгі зерттеу мәселелерінің бірі – тұлғаның әлеуметтік психологиялық ерекшеліктері. Әлеуметтену процесі, жеке тұлғаның қоғам мүшесі ретінде өмір сүруіне мүмкіндік тудыратын құндылықтар мен нормалар жүйелерінен игеруіне қажет бүкіл әлемдік процестерінің жиынтығы.

Әлеуметтенудің мәнісі, ол – екі жақты процесс екендігінде, біріншіден, әлеуметтік ортаға кірудің арқасында индивидтің әлеуметтік тәжірбиені игеруі, екіншіден, индивидтің осы әлеуметтік байланыстар әлеуметтік ортаға белсенді араласуының арқасында, сол әлеуметтік байланыстар жүйесін белсенді түрде қайта жасау процесі. Біріншісі- әлеуметтік тәжірбиені игеру ортаның адамға әсерін сипаттаса, екіншісі, адамның өз іс-әрекетінің арқасында ортаға әсер етуін көрсетеді.

Әлеуметтену процесінің мазмұны: тұлғаның қалыптасуы тұрғысынан қарағанда, негізінен үш сферада; іс-әрекетте, қарым-қатынаста, өзіндік сананың қалыптасуында іске асырылады. Әлеуметтену процесінің барысында индивид іс-әрекет «каталогының» молаюымен (А.Н. Леонтьев) айналысады, яғни неғұрлым жаңа іс-әрекет түрлерін игерумен болады. Осы жағдайда өте маңызды тағы да үш түрлі процестер іске асырылады.

Біріншіден, әрбір іс-әрекет түрлері мен оның әртүрінің арсында байланыстар жүйесінде бағдарлану. Ол әрбір жеке тұлға үшін маңызды іс-әрекет аспектілерін айқындаумен қатар, оны игеру арқылы іске асырылады, немесе мұндай бағдарлануды – іс-әрекеттің жеке тұлғалық таңдалуы деп атауға болар еді.

Осыдан туындайтын екінші процесс – жетекші, таңдалынған іс-әрекетке баса назар аудара отырып, басқаларын соған бағындыру.

Және үшінші процесс, барысында жеке тұлғаның жаңа рөлдерді игеруі мен олардың маңыздылығын түсіну. Осының бәрін индивидтің іс-әрекет субъектісі ретіндегі мүмкіндіктерінің кеңею процесі деп тұжырымдауға болады. Бұл бағытта жүргізілетін эксперименттік зерттеулер, негізінен әлеуметтік және жас ерекшілігі психологиясының ара жігінде іске асырылады.

Екінші – қарым-қатынас сферасы іс-әрекетпен тығыз байланысты болғандықтан, оның кеңею және тереңдету бағытында қарастырады. Қарым-қатынастың кеңеюін, адамның басқалармен контактілерінің көбеюі, әрбір жас кезеңіндегі осы контактілер ерекшеліктері тұрғысынан түсіну қажет. Қарым-қатынастың тереңдеуін, ең алдымен монологтық қарым-қатынастан диалогтыққа көшуі, оны неғұрлым дәл қабылдаумен байланысты. Мұндай зерттеулер де пәнаралық болып келеді, себебі жас ерекшелігі психологиясы үшін де, әлеуметтік психология үшін де бірдей маңызды.

Әлеуметтенудің үшінші аймағы – тұлғаның өзіндік сана-сезімінің дамуы. Бұл мәселе тұлғаның «Мен» бейнесінің қалыптасуымен байланысты. Әлеуметтенудің барлық сатыларында қоғамның тұлғаға әсері не тікелей, не топ арқылы, Ж.Пиаже көрінетін әдет-ғұрып, дәстүрлер, дағдылар, өмір сүру бейнесі де өзінің әсерін тигізеді.

Жас ерекшелік дағдарысы адам дамуында белгілі бір жас кезеңінен, екінші жас кезеңінде өтудегі күйзелісі немесе өтпелі кезеңі деп қарастырылады. Бұл дағдарыс екі жас кезеңінің қосылуы деп те қарастырылады, оның сипатына бірінде даму кезеңі бойынша аяқталу процесі болса, екінші кезеңнің басталу белгісі болып табылады. Жас ерекшелік дағдарыс кезеңінің айырмашылығы: адамның темпераментіне қатысты, мінез-құлқына, биологиялық және әлеуметтік қатынасына байланысты өзгерістердің көрінуі.

Сонымен, адам баласы тұлға ретінде өмір сүру барысында өзінің қоғамдық мәнін сипаттайтын көптеген әлеуметтік сапалар мен қасиеттерді қалыптастырады, әрі дамытады. Міне, осыдан ол ғылымда биоәлеуметтік тұлға, субъект, яғни тарихи-қоғамдық қызмет пен таным иесі деп танылады. Ал «жеке тұлға» түсінігін алатн болсақ, ол тек қана әлеуметтік сапа мен қасиеттерді игерген тұлғаны танумен байланысты.

Л.С.Выготскийдің айтуы бойынша: «Жеке тұлғаның негізгі функциялары қоғамдық тәжірбиені шығармашылықпен меңгеру және қоғамдық қатынас жүйесіне қосылу». Бұл тұлға қоғамдық тіршілік иесі сипатында көрініп, тіл игеруі, сананы, әртүрлі әдеттермен ерекшеленеді. Жеке адамдық қасиетке ие болу, оның табиғи биологиялық болмысына емес, қоғамдық қасиеттерге тікелей байланысты.

Әдебиеттер
1. Шармуханбетова Ж.А. Оқушы тұлғасын әлеуметтендіруде педагог-психологтың ықпалы. – Астана, 2011. 72 б.
2. Көкебаева Ә. Ұлттық психология. — Көкшетау, 2010. -219 б.
3. «Мектептегі психология» журналы. -№ 1. 2006.

Шамбилева Ж.Б.
КММ «Ильинка ОМ», Есіл ауданы

Share.

Leave A Reply