Республикалық ғылыми-практикалық психологиялық журналының ресми сайты

1 642 қаралым

Темперамент

0

Садирова Гүлбахар Тохтасунқызы
Шетел тілдер педагогикалық колледжі психология пәнінің оқытушысы, Алматы қаласы

Пәні: Психология
Курс, топ: 2 курс, 201 топ
Сабақтың типі: аралас сабақ
Сабақтың мақсаты: Темперамент, темперамент түрлеріне түсінік беру, темпераменттің шығу тарихымен таныстыру, темперамент түрлеріне сипаттама беру; адамгершілікке, төзімділікке, шапшаңдыққа, тапқырлыққа тәрбиелеу; студенттерді оқу-тәрбие процесінде оқушылардың темперамент түрлерін анықтауға және олардың ерекшеліктерін ескеруге үйрету.

Ұйымдастыру кезеңі
Сергіту сәті
Үй тапсырмасын сұрау (жеке, өзіндік жұмыстарға арналған тапсырмалар)
Жоспар:
Темперамент туралы жалпы ұғым.
Темперамент түрлері.
Оқушы темпераментімен санасу.
Жаңа сабақты меңгерту
1 слайдтағы иллюстрацияны талдау.

Неге бірдей өмірлік жағдайларда адамдар өздерін түрлі қырларынан танытады? (студенттер жауабы)
Темперамент – 25 ғасырдан бері ғылыми ойды қызықтырған мәселелердің бірі. Оған деген қызығушылықтың төркіні – адамдар бойында болатын дара өзгешеліктер. Әр адамның, баланың жан дүниесі өз алдына бір болмыс. Оның қайталанбастығы, бір жағынан, адам тәнінің биологиялық және физиологиялық құрылымы мен дамуына байланысты болса, екіншіден – әлеуметтік ерекше байланыстар мен қатынастарға негіз бола алуында. Темперамент адамның биологиялық сипатынан көрінеді. Адамдар арасындағы көптеген психикалық айырмашылықтар: эмоция тереңдігі, қарқындылығы, тұрақтылығы, ауыспалы – қозғалғыштығы – бәрі осы темперамент табиғатымен түсіндіріледі. Темперамент көбіне адамға тума берілген әрекет – қылығының ұдайы қозғалыстағы сипатын белгілейді. Темперамент адамдардың ойлауында, сөйлеуінде, қарым-қатынас жасауында көрініс табады.
Сондықтан, темпераменттік қасиеттер басқа психикалық құбылыстарға қарағанда тұрақтанған, өзгеріске келе бермейді. Темперамент түрінің жақсы не жаманы болмайды. Олардың әрқайсысы өзінің ұнамды тараптарына ие, сондықтан басты назар темпераментті реттеп, түзетуге қаратылмай, нақты іс-әрекетте оның тиімді жақтарын саналы әрі өз орнымен пайдаланудың жолдарын табуға бағытталғаны жөн.
Темперамент туралы теориялар
Темперамент жөніндегі ғылымның іргетасын қалаған ежелгі грек дәрігері – Гиппократ. Оның тұжырымы бойынша, адамдар төрт «дене сұйықтықтары» қан, шырын, қара өт, өт обойынша ажыратылады.
Осы психологиялық тағылымды арқау ете отырып, ежелгі дүние дәрігері Клавдий Гален алғашқы рет темперамент түрлеріне ғылымдық сипат берді. Ол біздің заманымызға дейін жеткен темперамент атауларын белгіледі:
— сангвиник (sangius – қан);
— флегматик (phlegma – шырын);
— холерик (chole – өт);
— меланхолик (melaschole – қара өт).
Осыған орай темпераменттің көп түрлі типологиясы қалыптасты. Бұлардың ішінде назар саларлықтай тип – адамның дене құрылымына байланысты дараланып, тума темперамент қасиеттеріне негізделген – конституциялық типология (Э. Кречмер). Бұл теорияның мәні: әр адам өз дене құрылымына орай өзіндік психикалық ерекшелікке ие. Осыдан, дене мүшелерінің сырттай өлшемдеріне байланысты төрт конституционалды психикалық тип белгіленген:
1. Лептосоматик – бойшаң, нәзік денелі, тар иықты, қол-аяғы ұзын, сидыйған.
2. Пикник – мығым, сезімшең, кіші не орта бойлы, қарны қампиған, домалақ бас.
3. Атлетик – бұлшықеттері күшті дамыған, денесі мығым, берік, ұзынша не орта бойлы, кең иықты, жамбас сүйектері тартылған.
4. Диспластик – дене бітімі қисынсыз. Бұл адамдар әрқилы мүшелік зақымдарға ұшырағандар.
Жоғарыда баяндалған конституциялық типология теориясының негізін қалаған, неміс психиатры Э. Кречмер. Бұл теория Батыс Европада кең қолдауын тапты. Ал осы теорияны әрі қарай жалғастырған У. Шелдон болды. Сонымен, әр адамның темпераменті әртүрлі, соған байланысты адамдар да әртүрлі.
Темпераменттің физиологиялық негіздерін ғылыми тұрғыдан дәлелдеген орыс физиологы, академик И.П. Павлов болды. Жүйке жүйесінің ми қабығындағы қозу, тежелу үдерістерінің үш негізгі белгісін көрсетті.
Күші (жүйке жасушаларының жұмысына тәуелді);
Қозғалғыштығы (бірін-бірі алмастыра алу қабілеттілігі);
Тепе-теңдігі (арасындағы).
Жүйке жүйесінің типтері (И.П.Павловтың ілімі бойынша):
1) күшті, қозуы мен тежелуі тең, ширақ тип (сангвиник темпераменті);
2) күшті, қозуы мен тежелуі тең, инертті тип (флегматик темпераменті);
3) күшті, қозуы тежелуінен басым (холерик темпераменті);
4) әлсіз тип, қозуы мен тежелуі баяу (меланхолик темпераменті).

«Темперамент типін анықтау» практикалық тапсырмасы
Темпераментті сыныптастырыңыздың мінез-құлқынан сабақта және үзілісте зерттеуге болады. Олардың әрекеттерінен бірден байқауға болады (біреулері асықпай дұрыс әрекеттер жасаса, ал екіншілер болса тез қимыл қозғалыстар жасайды).
Тапсырма: топтағы студенттердің темперамент түрін көрсетіңіз. Дәптеріңізге темпераменттің 4 түрін жазып, тұсына топтағы студенттерді сіздің ойыңызша қай түрге жататынын көрсетіңіз.
Қанеки, қаншалықты дұрыс көрсеткеніңізді тексерейік. Эксперименттік түрде анықтайық.

Топтық өзіндік жұмыс
Әрбір топқа психологиялық тапсырманы шешуге тапсырмалар беріледі.
Дәптерде кестені толтыру (Ағабек А., Жақсыбаева Б., Келменбетова Б., Құралбаева Н., Серіккызы С.)

Темперамент типі     Жағымды жақтары     Кемшіліктері
Сангвиник
Холерик
Флегматик
Меланхолик

Атақты ұлы тұлғалар және темперамент. Қай атақты тұлғаларды тізімге қосқыңыз келеді? (Әбдікұл А., Қазбекова А., Құрманғалиева Д., Харезова М., Нысанбаева Н.)
Сүйікті көркем фильм немесе мультфильміңіздің кейіпкерінің темпераментін талдап көріңіз. (Асаділдаева Е., Жақсылық А., Кожамбергенова Ж., Назарбаева М., Нұрбекова Д., Шаяхмет Б.)
Әрбір топ жауаптарын оқиды, түсіндіреді.
Қалған студенттердің тапсырмасы: тыңдау, тексеру, толықтыруға, қатесін түзеуге дайын болу.

Қорытынды: Сонымен біз оқу-тәрбие үдерісінде темперамент түрлерімен жұмыс атқаруды үйрендік. Демек тапсырмалар:
1. Педагогикалық практикада бір оқушыға диагностика жүргізу
2. Алынған нәтижелерге сүйеніп мұғалімге нұсқаулар беру.
Мамандық таңдау түрлі факторларға байланысты: қызығушылыққа, қабілетке, сұранысқа. Ең маңыздысы – әр мамандық әрбір маман иесіне талап қояды. Сонымен темперамент мамандық таңдауға да әсерін тигізеді. Слайд.
Студенттер білімін бағалау
Үй тапсырмасын беру: 2 бөлім, §4, 42-72 беттер негізгі мәтінді мәтінді оқып талдау, тапсырмаларды орындау
Әрбір топқа бланкте жазылған тапсырма беріледі.
қандай темперамент түрі туралы айтылып тұрғанын анықтау.
тапсырманың қасына темперамент түрінің бас әріпін жазу.
Қорытындылау.
Рефлексия. Көңіл-күй шоғы – студенттер таратылған түрлі-түсті гүлдерді таңдап сабақты бағалайды.

Share.

Leave A Reply